ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 25.08.2026 бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақы, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақы тағайындау және төлеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 9 маусымдағы № 215 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32851 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Мүгедектігі бар баланы (мүгедектігі бар балаларды) тәрбиелеп отырған анаға немесе әкеге, бала асырап алушыға, қорғаншыға (қамқоршыға) тағайындалатын және төленетін мемлекеттік жәрдемақыны, бірінші топтағы мүгедектігі бар адамға күтім жасайтын адамдарға берілетін мемлекеттік жәрдемақыны тағайындау және төлеу қағидаларында:
8-тармақ мынадай мазмұндағы төртінші бөлікпен толықтырылсын:
"Егер бірінші топтағы мүгедектігі бар адам ес-түссіз күйде болуына байланысты келісім беруге қабілетсіз болса, күтімді жүзеге асыратын адамға жәрдемақы тағайындау үшін жақын туысының немесе жұбайының (зайыбының) өтініші негіз болып табылады.";
реттік нөмірі 10-жолдың 3-бағаны мынадай мазмұндағы 2-1) тармақшамен толықтырылсын:
"2-1) ес-түссіз күйде болуына байланысты келісімін беруге қабілетсіз бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның жақын туысы немесе жұбайы (зайыбы) өтініш берген кезде, қызмет көрсетуші мемлекеттік қызмет көрсету үшін пайдаланылатын мемлекеттік цифрлық жүйелерден немесе цифрлық құжаттар қызметінен:
туыстық дәрежесін растайтын құжатты;
медициналық ұйым берген ес-түссіз күйде екенін растайтын құжатты алады.
Егер мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінде немесе цифрлық құжаттар қызметінде болмаған жағдайда, мәліметтерді бірінші топтағы мүгедектігі бар адамның жақын туысы немесе жұбайы (зайыбы) ұсынады;".
2. "Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің 2023 жылғы 29 маусымдағы № 260 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32922 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидаларында:
9-тармақтың бірінші бөлігінде:
бірінші абзацы мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Сырттай проактивті куәландыруды (қайта куәландыруды) қоспағанда, куәландыру (қайта куәландыру) Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша МӘС жүргізуге өтініш (бұдан әрі – өтініш) бойынша куәландырылатын адамның, ес-түссіз күйде болуына байланысты келісім беруге қабілетсіз адамның жақын туысының немесе жұбайының (зайыбының), өтініш берген кезде заңды тұлғаның жеке басын куәландыратын құжатты не цифрлық құжаттар сервисінен электрондық құжатты (сәйкестендіру үшін) ұсына отырып және "цифрлық үкімет" шлюзі арқылы мемлекеттік цифрлық жүйелерден электрондық-цифрлық қолтаңбамен (бұдан әрі – ЭЦҚ) куәландырылған электрондық құжаттар түрінде алынатын мәліметтер негізінде жүргізіледі:";
мынадай мазмұндағы 14) тармақшамен толықтырылсын:
"14) ес-түссіз күйде болуына байланысты келісім беруге қабілетсіз адамның жақын туыстары немесе жұбайы (зайыбы) өтініш берген кезде "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес туыстық дережесін растайтын мәліметтер (туу туралы куәлік, неке (ерлі-зайыптылықты) қию туралы куәлік) талап етіледі.";
21-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"21. Көзбе-көз куәландыру (қайта куәландыру) куәландырылатын адамның немесе заңды өкілінің, ес-түссіз күйде болуына байланысты келісім беруге қабілетсіз адамның жақын туысының немесе жұбайының (зайыбының), келісуімен үйде, стационарда, ал куәландырылатын адам тасымалдауға келмейтін және (немесе) қызмет көрсетілетін өңірден тыс жерлерде стационарлық емделуде жүрген кезде сырттай, № 031/е нысаны бойынша ДКК ұсынысы негізінде жүргізіледі. Сырттай куәландырылған (қайта куәландырылған) кезде №031/е нысанды куәландырылатын адамның орналасқан жері бойынша өңірдің медициналық ұйымы ресімдейді.
Сырттай мүгедектік және (немесе) еңбек ету қабілетінен айырылу дәрежесі бір жылдан аспайтын мерзімге бір рет айқындалады.
Жақын туысы немесе жұбайы (зайыбы) өтініш берген кезде мүгедектік бір жылдан аспайтын мерзімге белгіленеді.";
реттік нөмірі 10-жолдың 3-бағаны мынадай мазмұндағы 15) тармақшамен толықтырылсын:
"15) ес-түссіз күйде болуына байланысты келісім беруге қабілетсіз адамның жақын туыстары немесе жұбайы (зайыбы) өтініш берген кезде "Неке (ерлі-зайыптылық) және отбасы туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес туыстық дережесін растайтын мәліметтер (туу туралы куәлік, неке (ерлі-зайыптылықты) қию туралы куәлік) талап етіледі.".
3. Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Әдістеме және медициналық-әлеуметтік сараптаманы жетілдіру және Әлеуметтік көмек департаменттері заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Заң қызметі департаментіне олардың орындалуы туралы ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2026 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі |
А. Ертаев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
