Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 68-бабының 3-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
1. Осы бұйрықтың 1-қосымшасына сәйкес қоса беріліп отырған Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингілеу қағидалары бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 2 қосымшаға сәйкес кейбір бұйрықтардың күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Цифрлық трансформация архитектурасы және саясаты департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі |
Ж. Мадиев |
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі 2026 жылғы 23 шілдедегі № 433/НҚ Бұйрығына 1 қосымша |
Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының Цифрлық кодексінің 68-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) ақпараттық өзара іс-қимыл – дардың құрылымдық бөлімшелері арасында, мемлекеттік органдар мен ведомстволық бағынысты ұйымдар арасында, басқа мемлекеттік органдармен, жеке және заңды тұлғалармен мәліметтер мен ақпарат алмасу процесі;
2) архитектуралық-үйлестіруші орталық – мемлекеттік органдардың, мемлекеттік заңды тұлғалардың, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі заңды тұлғалардың, сондай-ақ мемлекеттік басқару процестеріне қатысатын өзге де ұйымдардың цифрлық архитектурасының тұтастығын, үйлесімділігін және тиімділігін қамтамасыз ететін, Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын заңды тұлға;
3) деректер архитектурасы – цифрлық объектілердің, оларда қамтылған деректердің, ақпараттық өзара іс-қимылдың, оның ішінде деректерді басқару тәсілдері мен құралдарының сипаттамасын білдіретін мемлекеттің цифрлық архитектурасы қабаты;
4) жоспарланатын цифрлық объект – қаржыландырылуы бюджет қаражаты, оның ішінде Қазақстан Республикасының цифрландыру саласындағы заңнамасында тыйым салынбаған өзге де қаржыландыру көздері есебінен жүзеге асырылатын, "цифрлық мемлекет" цифрлық объектілерін құру және дамыту, платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлеу және орналастыру жөніндегі жоба;
5) клиентке бағдарланған архитектура – қызметтерді алушылардың қажеттіліктерінің төңірегінде құрылған, доменнің (бірнеше доменнің) көрсетілетін қызметтерін алушыларда туындайтын клиенттік жолдардың жиынтығын жобалау арқылы клиентке бағдарланған тәсілді қолдана отырып қалыптастырылған архитектура;
6) клиентке бағдарланған тәсіл – қызмет алушының жеке сипаттамаларын ескере отырып, бизнес-процестерді жобалау және реинжинирингтеу кезінде оларды барынша бейімдеуге бағытталған тәсіл;
7) компонент – белгілі бір функцияны орындайтын және мемлекеттің цифрлық архитектурасын талдау, жобалау және дамыту кезінде жүйенің дербес бөлігі ретінде қарастырылатын мемлекеттің цифрлық архитектурасының құрылымдық жағынан бөлінген элементі
8) қызмет архитектурасы – мемлекеттің цифрлық архитектурасының қабаты болып табылатын, тиісті домендер бөлінісінде стратегиялық басымдықтарды, мақсаттарды, міндеттерді, функционалдық мүмкіндіктерді (функциялар топтарын), функцияларды, бизнес-процестерді және қызметтерді сипаттайтын жиынтық;
9) қызмет домені (домен) – клиенттік жолдарды ескере отырып қалыптастырылатын, жеке немесе заңды тұлғалардың ортақ сегменттері (профильдері) бар, экономиканың және әлеуметтік саланың бір саласына жататын мемлекеттік органдар қызметінің саласы. Домен бір қызмет саласында әртүрлі функцияларды орындайтын қатысушыларды (мемлекеттік органдарды, заңды тұлғаларды және азаматтарға қызмет көрсететін ұйымдарды) біріктіреді.
10) мемлекеттік орган (бұдан әрі – МО) – Қазақстан Республикасының Президентіне тікелей бағынысты және есеп беретін орталық мемлекеттік орган, сондай-ақ облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органдары;
11) мемлекеттің цифрлық архитектурасы – мемлекеттің жұмыс істеу мақсаттарына қол жеткізу үшін жасалатын және пайдаланылатын цифрлық объектілердің, цифрлық деректердің, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың салалар (аялар) бойынша міндеттерінің, функциялары мен процестерінің келісілген дамуын, интеграциялануын және цифрлық шешімдерді стандарттауды қамтамасыз ету мақсатында ресімделген және цифрлық форматта ұсынылған кешенді сипаттамасы;
12) мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыруды, дамытуды және мониторингтеуді әдіснамалық қамтамасыз ету (бұдан әрі – әдіснамалық қамтамасыз ету) – Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 72-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес архитектуралық - үйлестіруші орталық әзірлеген және қолданысқа енгізген мемлекеттің ағымдағы және нысаналы цифрлық архитектурасын жобалау және бекіту жөніндегі әдістемелік ұсынымдар;
13) мемлекеттің цифрлық архитектурасының және цифрлық технологиялар саласындағы жобаның мүдделі тарапы (бұдан әрі – мүдделі тарап) – қызметіне мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру әсер ететін, цифрлық объектілер мен платформалық бағдарламалық өнімдерге қатысты күтулері мен мүдделері бар заңды тұлға (мемлекеттік заңды тұлға, қазыналық кәсіпорын, шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік кәсіпорын, квазимемлекеттік сектор субъектісі);
14) мемлекеттің цифрлық архитектурасының контексі – мемлекеттің цифрлық архитектурасы қалыптастырылатын цифрлық мемлекеттің жұмыс істеуінің ішкі ортасы мен сыртқы жағдайлары;
15) мемлекеттің цифрлық архитектурасының қабаты – қызметті, деректерді, цифрлық жүйелерді және цифрлық инфрақұрылым объектілерін сипаттайтын бір перспективадан "цифрлық үкіметтің" жай-күйін сипаттайтын мемлекеттің цифрлық архитектурасының құрамдас бөлігі;
16) мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталы (бұдан әрі – архитектуралық портал) – мемлекеттің цифрлық объектілері, мемлекеттің цифрлық архитектурасы, платформалық бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтерді цифрландыру саласында мониторинг, талдау және жоспарлау үшін МО-дардың одан әрі пайдалануы мақсатында есепке алуды, сақтауды және жүйелеуді жүзеге асыруға арналған цифрлық объект;
17) "смарт-қалалар" және "смарт-өңірлер" – цифрлық объектілер арқылы цифрлық деректер мен жасанды интеллект негізінде басқару, инфрақұрылым және қызметтер көрсету ұйымдастырылған қалалар мен өңірлер;
18) техникалық құжаттама – оның негізінде цифрлық объектіні құру және дамыту, сондай-ақ оны тәжірибелік және өнеркәсіптік пайдалану жүзеге асырылатын цифрлық объектіге арналған құжаттама жиынтығы;
19) цифрландыру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – цифрландыру саласында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
20) цифрлық жүйелердің архитектурасы – мемлекеттің цифрлық архитектурасының қабаты болып табылатын, МО-дардың цифрлық жүйелерін (қолданбалы бағдарламалық қамтамасыз етуді), мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруды, олардың өзара іс-қимыл процестерін, сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиісті салаларының (аяларының) функционалдық мүмкіндіктерімен байланысын сипаттайтын жиынтық;
21) цифрлық инфрақұрылым архитектурасы – мемлекеттің цифрлық архитектурасының қабаты болып табылатын, жалпы жүйелік бағдарламалық қамтамасыз етуді, аппараттық-бағдарламалық кешендерді, телекоммуникация желілерін, киберқауіпсіздік құралдарын және инженерлік инфрақұрылымды сипаттайтын жиынтық;
22) цифрлық объект – цифрлық технологиялар арқылы құрылған, пайдаланылатын немесе берілетін, бірегей цифрлық сипаттамалары бар және цифрлық орта субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көлемде иелену, пайдалану не билік ету өкілеттіктерін жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық ортаның оқшауланған элементі;
23) цифрлық объектінің, платформалық бағдарламалық өнімнің есептік коды – есебі мемлекеттің цифрлық объектілерінің архитектуралық порталында жүргізілетін әрбір цифрлық объектіге, платформалық бағдарламалық өнімге берілетін бірегей сәйкестендіру нөмірі;
24) "цифрлық үкімет" платформасы (бұдан әрі – ЦҮП) – платформалық бағдарламалық өнімдерді әзірлеуге, дамытуға, орналастыруға, интеграциялауға және (немесе) цифрлық объектілерді орналастыруға арналған "цифрлық үкімет" операторының цифрлық платформасы;
25) "цифрлық үкімет" платформасының бағдарламалық өнімі (бұдан әрі – платформалық бағдарламалық өнім) – "цифрлық үкімет" платформасында әзірленген және орналастырылған бағдарламалық қамтамасыз ету;
3. Мемлекеттің цифрлық архитектурасы жоспарланатын цифрлық объектілерді, оның ішінде ЦҮП-те іске асыруды тиімді басқару мақсатында домендік модель негізінде мемлекеттің нысаналы клиентке бағдарланған архитектурасын қалыптастыруға арналған.
4. Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру қағидаттары.
Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру және дамыту мынадай қағидаттар негізінде жүзеге асырылады:
1) цифрлық объектілердің архитектуралық тұтастығы және эволюциялық даму қағидаты
Цифрлық жүйелер мен цифрлық платформалар мемлекеттің цифрлық инфрақұрылымының үйлесімділігін, ауқымдалуын, технологиялық орнықтылығын және кезең-кезеңімен дамуын қамтамасыз ететін бірыңғай архитектуралық тәсілдер негізінде жобаланады және дамытылады.
2) цифрлық жүйелердің интероперабельдігі және үйлесімділігі қағидаты
Цифрлық жүйелер стандартталған интерфейстер, хаттамалар және деректер форматтары арқылы өзара іс-қимылды және деректер алмасуды қамтамасыз ете отырып, "цифрлық үкіметтің" бірыңғай цифрлық кеңістігін қалыптастырады;
3) архитектуралық шешімдердің бұлттық дайындық қағидаты
Цифрлық жүйелердің архитектурасы бұлттық инфрақұрылымда орналастыру және пайдалану мүмкіндігін ескере отырып жобаланады, бұл ауқымдаудың икемділігін, істен шығуға төзімділікті және есептеу ресурстарын пайдалануды оңтайландыруды қамтамасыз етеді.
4) сервистік және модульдік архитектура қағидаты
Цифрлық шешімдер модульділікті, компоненттерді қайта пайдалануды, сервистердің ең аз өзара байланысын, сондай-ақ мемлекеттік цифрлық көрсетілетін қызметтерді қалыптастыру үшін оларды икемді түрде құрастыру мүмкіндігін көздейтін сервистік тәсіл негізінде іске асырылады;
5) цифрлық деректердің басқарылуы және сапасы қағидаты
Цифрлық деректер архитектурасы деректердің тұтастығын, анықтығын, үйлесімділігін, қорғалуын және ұтымды пайдаланылуын, сондай-ақ эталондық дереккөздерді айқындауды және ақпаратты өңдеудің бірыңғай стандарттарын қамтамасыз етеді.
6) цифрлық инфрақұрылымның архитектуралық қауіпсіздігі және орнықтылығы қағидаты
Мемлекеттің цифрлық архитектурасы киберқауіпсіздік, деректерді қорғау, киберқатерлерге орнықтылық және аса маңызды цифрлық сервистердің үздіксіз жұмыс істеуін қамтамасыз ету талаптары ескеріле отырып қалыптастырылады.
2-тарау. Мемлекеттік цифрлық архитектураны қалыптастыру, дамыту және мониторинг жүргізу қағидалары
1-параграф. Мемлекеттік цифрлық архитектураны қалыптастыру тәртібі
4.
5. Архитектуралық-үйлестіруші орталық Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 72-бабы 2-тармағының 2) тармақшасына сәйкес осы Қағидаларға сәйкес мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыруды, дамытуды және іске асырылуын мониторингтеуді жүзеге асырады.
6. Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және іске асырылуын мониторингтеу цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
7. Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру архитектура қабаттарын мынадай ретпен дәйекті түрде құру арқылы жүзеге асырылады:
1) қызмет архитектурасын қалыптастыру;
2) деректер архитектурасын қалыптастыру;
3) цифрлық объектілер архитектурасын қалыптастыру;
4) цифрлық инфрақұрылым архитектурасын қалыптастыру.
8. Мемлекеттік цифрлық архитектурасын қалыптастыру және дамыту процесі келесі кезеңдерді қамтиды:
1) ағымдағы мемлекеттік цифрлық архитектураны анықтау;
2) тиісті домендер (мемлекеттік басқару салалары) бөлінісінде стратегиялық мақсаттарды, нысаналы индикаторларды, міндеттерді, мемлекеттік басқару көрсеткіштерін сипаттау;
3) мемлекеттің нысаналы цифрлық архитектурасын қалыптастыру.
9. Ағымдағы мемлекеттік цифрлық архитектура аясында архитектуралық-үйлестіруші орталық мемлекеттік цифрлық объектілердің архитектуралық порталында:
1) мемлекеттік басқарудың қызмет домендерін және олардың шеңберінде жүзеге асырылатын ерекшелікті мемлекеттік функцияларды, олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді, домендерге кіретін қызмет бағыттары мен қатысушы МО-дарды көрсете отырып айқындайды және сипаттайды. Бір доменнің қатысушылары бірнеше МО болуы мүмкін. Бұл ретте бір МО "цифрлық үкіметтің" бір немесе бірнеше қызмет доменіне кіре алады;
2) МО ұйымдық құрылымдарын, ережелерін және мемлекеттік функцияларын талдайды, нәтижелері бойынша мемлекеттік функциялар мен көрсетілетін қызметтерді тиісті домендердің (мемлекеттік басқару салаларының) функционалдық мүмкіндіктері (функциялар топтары) тізбесіне топтастырады;
3) функционалдық мүмкіндіктер тізбесінен "цифрлық үкіметтің" функционалдық моделін қалыптастырады;
10. Домендік модель негізінде мемлекеттің нысаналы цифрлық архитектурасын құру мынадай қағидаттарға негізделеді:
1) азаматтар мен ұйымдардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға бағытталған клиентке бағдарланған процестер негізінде мемлекеттің цифрлық архитектурасын құру;
2) бір доменге кіретін бірнеше билік органы шеңберінде негізгі деректердің қайталануын жою;
3) "цифрлық мемлекеттің" негізгі (мастер) деректерін цифрлық форматқа көшіру;
4) Архитектуралық-үйлестіруші орталық қамтамасыз ететін бірыңғай архитектуралық бақылау (қадағалау).
11. Мемлекеттің цифрлық архитектурасының барлық қабаттары бойынша жұмыстар аяқталғаннан кейін Архитектуралық-үйлестіруші орталық жұмыстардың нәтижелерін өзінің әдіснамалық қамтамасыз етуіне сәйкес цифрлық нысанда ресімдейді және келісу үшін уәкілетті органға ұсынады.
Уәкілетті орган мемлекеттің цифрлық архитектурасы жобасын алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірмей оны келіседі, дәлелді ескертулер мен ұсыныстар болған жағдайда келісуден бас тартады.
Бұл ретте дәлелді ескертулер мен ұсыныстар деп уәкілетті органның мынадай мәліметтерді қамтитын негізделген қорытындысы түсініледі:
1) осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген цифрлық архитектураны қалыптастыру қағидаттарына (тұтастық, интероперабельділік, бұлттық дайындық және басқалар) мемлекеттік цифрлық архитектура жобасының нақты сәйкессіздіктерін көрсету;
2) бұрыннан бар немесе жоспарланып отырған цифрлық объектілермен функционалдың және (немесе) деректердің қайталану фактілерінің құжатпен расталғаны;
3) мемлекеттік цифрлық архитектура жобасы талаптарына сәйкес келмейтін нормативтік құқықтық актілердің немесе мемлекеттік стандарттардың нақты тармақтарына сілтемелер.
Архитектуралық-үйлестіруші орталық уәкілетті органның ескертулері мен ұсыныстары бойынша мемлекеттің цифрлық архитектурасы жобасын пысықтайды және оған қажетті өзгерістер енгізеді. Архитектуралық-үйлестіруші орталықтың ескертулерді жою мерзімі уәжді бас тарту алынған күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайды. Пысықталған жобаны уәкілетті органның қайта қарауы 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады. Қайта қарау кезінде бастапқы бас тартуда бұрын көрсетілмеген жаңа ескертулерді ұсынуға жол берілмейді.
Пысықталған мемлекеттің цифрлық архитектурасы архитектуралық порталда цифрлық нысанда орналастырылады.
12. Архитектуралық-үйлестіруші орталық мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру кезінде цифрландыру саласындағы заңнаманың сақталуын қамтамасыз етеді.
13. МО қалыптастырылған мемлекеттің цифрлық архитектурасы негізінде МО цифрлық трансформациялау картасына және алтыншы деңгейдегі Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына онда мемлекеттің цифрлық архитектурасының жоспарланатын цифрлық объектілерін, мемлекеттік басқару салаларында (аяларында) айқындалған мақсаттар мен міндеттерге қол жеткізуге бағытталған мемлекеттің цифрлық архитектурасын іске асыру жөніндегі шаралар мен іс-шараларды көрсету мақсатында өзгерістер енгізеді.
3-параграф . Мемлекеттің цифрлық архитектурасын дамыту
14. Мемлекеттің цифрлық архитектурасын дамытудың негіздері:
1) мемлекеттік басқару органдарын қайта ұйымдастыру;
2) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2017 жылғы 29 қарашадағы № 790 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік жоспарлау жүйесінде айқындалған жаңа нормативтік құқықтық актілер мен құжаттарды қабылдау, қолданыстағыларына өзгерістер мен толықтырулар енгізу (бұдан әрі – Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттары);
3) Қазақстан Республикасы Цифрлық кодексінің 85-бабына сәйкес жүргізілетін, оның шеңберінде бизнес-процестің нысаналы нұсқасын іске асыру МО-ның қызметін, оның ішінде мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматтандыруды көздейтін МО бизнес-процестерін реинжинирингтеу;
4) құрылатын, дамытылатын цифрлық объектілердің, платформалық бағдарламалық өнімдердің мемлекеттің цифрлық архитектурасына сәйкес келмеуі;
5) Архитектуралық-үйлестіруші орталықтың мемлекеттің цифрлық архитектурасы мониторингі шеңберінде тиісті домен архитектурасын, мемлекеттің цифрлық архитектурасын өзгерту және қайта өңдеу қажеттілігін айқындауы. Домен архитектурасына қызмет архитектурасы, цифрлық жүйелер архитектурасы, деректер архитектурасы және цифрлық инфрақұрылым архитектурасы кіреді;
6) Архитектуралық-үйлестіруші орталықтың ұсынымдары.
3-параграф. Мемлекеттік цифрлық архитектураның мониторингін жүргізу қағидалары
15. МО-дар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері, дауыс беретін акцияларының (қатысу үлестерінің) елу және одан көп пайызы тікелей немесе жанама түрде квазимемлекеттік сектор субъектілеріне тиесілі заңды тұлғалар, сондай-ақ мемлекеттік функцияларды іске асыруға және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді көрсетуге қатысатын өзге де ұйымдар Цифрлық кодекстің 68-бабының 3-тармағына және "цифрлық үкіметтің" ағымдағы және нысаналы архитектурасын жобалау және бекіту жөніндегі әдістемелік ұсынымдарға сәйкес, мемлекеттің цифрлық архитектурасын іске асыруды қамтамасыз етеді.
16. МО қызметін, оның ішінде мемлекеттік функцияларды және олардан туындайтын мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді цифрландыру бекітілген мемлекеттің цифрлық архитектурасына сәйкес және жүргізілген реинжинирингті ескере отырып, мемлекеттің цифрлық объектілерін құру және дамыту, не мемлекеттің цифрлық объектілерін және цифрлық көрсетілетін қызметтерді, платформалық бағдарламалық өнімдерді сатып алу арқылы жүзеге асырылады.
17. МО мемлекеттің цифрлық архитектурасын МО цифрлық трансформациялау картасының және алтыншы деңгейдегі Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының іс-шараларын орындау, оның ішінде жоспарланатын цифрлық объектілерді, пайдаланудан шығару, теңгерімге қою, ЦҮП-ке көшіру, "цифрлық мемлекет" цифрлық объектілері, платформалық бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтерді есепке алу және өзектендіру, оның ішінде цифрлық объектілерді, платформалық бағдарламалық өнімдерді есептен шығару жөніндегі ұсынымдарды іске асыру арқылы қамтамасыз етеді.
18. МО мемлекеттің цифрлық архитектурасында айқындалған жоспарланатын цифрлық объектілерді "цифрлық үкімет" цифрлық объектісінің өмірлік цикл кезеңдерін іске асыру қағидаларына сәйкес іске асырады.
19. Мемлекеттің цифрлық архитектурасын және жекелеген жоспарланатын цифрлық объектілерді іске асырудың тиімділігіне, нәтижелілігіне және тәуекелдеріне анық және объективті бағалау жүргізу мақсатында МО осы Қағидаларға сәйкес архитектуралық порталда цифрлық объектілер, платформалық бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтердің есебін жүргізуді қамтамасыз етеді.
20. МО-дар, жергілікті атқарушы органдар және мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері цифрлық объектілерді, платформалық бағдарламалық өнімдерді есепке алу және мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру мақсатында осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес архитектуралық порталда цифрлық объектілер, платформалық бағдарламалық өнімдер және цифрлық объектілердің техникалық құжаттамасы туралы мәліметтерді тұрақты негізде есепке алуды және өзектендіруді жүзеге асырады.
21. Архитектуралық порталда цифрлық объектілер, платформалық бағдарламалық өнімдер және цифрлық объектілердің техникалық құжаттамасы туралы мәліметтерді есепке алу үшін МО-дар, жергілікті атқарушы органдар, мемлекеттік заңды тұлғалар, квазимемлекеттік сектор субъектілері осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес архитектуралық порталдың пайдаланушысының есептік жазбасын ұсынуға арналған өтінімді архитектуралық портал арқылы Архитектуралық-үйлестіру орталығына береді.
22. Архитектуралық-үйлестіруші орталықөтінім келіп түскен күннен бастап бір жұмыс күні ішінде архитектуралық порталда пайдаланушының есептік жазбасын ұсынады, есептік жазба архитектуралық портал сервистеріне және мемлекеттің цифрлық архитектурасына қолжетімділікті қамтамасыз етеді.
23. Архитектуралық-үйлестіруші орталық "цифрлық мемлекет" цифрлық объектілері, платформалық бағдарламалық өнімдер және "цифрлық мемлекет" цифрлық объектілерінің техникалық құжаттамасы туралы мәліметтер толық ұсынылған жағдайда, екі жұмыс күні ішінде деректердің анықтығы мен дұрыстығын тексереді, "цифрлық мемлекет" цифрлық объектісіне, платформалық бағдарламалық өнімге есептік код береді.
24. Енгізілген деректер толық болмаған не дұрыс болмаған жағдайда, Архитектуралық-үйлестіруші орталықархитектуралық портал арқылы "цифрлық мемлекет" цифрлық объектілерінің, платформалық бағдарламалық өнімнің иесіне ұсынылған мәліметтер мен техникалық құжаттаманы толықтыру не өзгерту қажеттігі туралы хабарлайды.
25. Құрылатын (дамытылатын) немесе сатып алынған "цифрлық мемлекет" цифрлық объектісі, платформалық бағдарламалық өнім туралы мәліметтерді ұсыну және өзектендіруді МО цифрлық объектінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде жүзеге асырады.
26. "Цифрлық мемлекет" цифрлық объектілерінің, платформалық бағдарламалық өнімдердің иесі цифрлық объектілер, платформалық бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтер өзгерген немесе олардың болмауы анықталған кезден бастап бес жұмыс күнінен кешіктірмей архитектуралық порталда "цифрлық мемлекет" цифрлық объектілері, платформалық бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтердің өзектендірілуін қамтамасыз етеді.
| Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидаларына 1-қосымша |
Цифрлық объектілер және платформалық бағдарламалық өнімдер туралы Архитектуралық порталында мәліметтер
1. Мемлекеттің цифрлық объектілері туралы архитектуралық порталда есепке алынатын мәліметтер:
1) цифрландыру және киберқауіпсіздікті қамтамасыз ету салаларындағы бірыңғай талаптарда айқындалған киберқауіпсіздік жөніндегі техникалық құжаттама;
2) "цифрлық мемлекет" цифрлық объектілерінің киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу туралы мәліметтер (киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақ хаттамалары);
3) мемлекеттің цифрлық объектілерін бухгалтерлік есепке қою фактісін растайтын құжат;
4) "цифрлық мемлекет" цифрлық объектісін өнеркәсіптік пайдалануды тоқтатуды растайтын құжат;
5) цифрландыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу туралы мәліметтер;
6) құрамына мыналар кіретін пайдалану құжаттары:
пайдаланушы нұсқаулығы;
әкімші нұсқаулығы;
7) құрамына мыналар кіретін техникалық-жұмыс жобасы:
ерекшелік (ГОСТ 19.202-78 "Спецификация. Мазмұны мен безендірілуіне қойылатын талаптар");
бағдарламаның сипаттамасы (ГОСТ 19.402-2000 "Бағдарламаның сипаттамасы. Мазмұны, безендірілуі және сапаны бақылауына қойылатын талаптар");
түсіндірме жазба (ГОСТ 19.404-79 "Түсіндірме жазба. Мазмұны мен безендірілуіне қойылатын талаптар").
8) сынақ бағдарламасы мен әдістемесі, сынақ хаттамалары (МЕМСТ 34.603-92 "Ақпараттық технология. Автоматтандырылған жүйелерді сынау түрлері");
9) тәжірибелік, өнеркәсіптік пайдалануға енгізу актісі;
10) техникалық және жобалау құжаттамасын бекіту және оған өзгерістер енгізу туралы мәліметтер;
11) техникалық тапсырма (ҚР СТ 34.015-2002 "Ақпараттық технология. Автоматтандырылған жүйелерге арналған стандарттар кешені. Автоматтандырылған жүйені құруға арналған техникалық тапсырма");
12) "цифрлық мемлекет" цифрлық объектісін сатып алуға, құруға, дамытуға, сүйемелдеуге арналған шарт;
13) "цифрлық мемлекет" цифрлық объектісінің түгендеу тізбесі мен сипаттамалары;
14) құрылатын немесе тәжірибелік пайдалануға енгізілетін "цифрлық мемлекет" цифрлық объектісі туралы жалпы мәліметтер;
15) сақталатын деректер, инсталляциялар, енгізу, шығындар, автоматтандыру, бастапқы код және сыныптауыштар туралы мәліметтер.
2. Архитектуралық порталда есепке алынуға жататын платформалық бағдарламалық өнімдер туралы мәліметтер:
1) платформалық бағдарламалық өнімдердің киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сынақтар жүргізу туралы мәліметтер (киберқауіпсіздік талаптарына сәйкестікке сынақ хаттамалары);
2) платформалық бағдарламалық өнімдерді бухгалтерлік есепке қою фактісін растайтын құжат;
3) платформалық бағдарламалық өнімді өнеркәсіптік пайдалануды тоқтатуды растайтын құжат;
4) цифрландыру саласындағы тауарларды, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алу туралы шарттар жасасу туралы мәліметтер;
5) құрамына мыналар кіретін пайдалану құжаттары:
пайдаланушы нұсқаулығы;
әкімші нұсқаулығы;
6) сынақ бағдарламасы мен әдістемесі, сынақ хаттамалары (МЕМСТ 34.603-92 "Ақпараттық технология. Автоматтандырылған жүйелерді сынау түрлері");
7) тәжірибелік, өнеркәсіптік пайдалануға беру актісі;
8) платформалық бағдарламалық өнімге қойылатын талаптардың ерекшелігі;
9) платформалық бағдарламалық өнімді әзірлеуге және орналастыруға арналған шарт;
10) платформалық бағдарламалық өнімнің түгендеу тізбесі мен сипаттамалары;
11) құрылатын немесе тәжірибелік пайдалануға енгізілетін платформалық бағдарламалық өнім туралы жалпы мәліметтер;
12) сақталатын деректер, инсталляциялар, енгізу, шығындар, автоматтандыру, бастапқы код және сыныптауыштар туралы мәліметтер.
| Мемлекеттің цифрлық архитектурасын қалыптастыру, дамыту және мониторингтеу қағидаларына 2-қосымша |
Архитектуралық портал пайдаланушысының есептік жазбасын ұсынуға өтінім
Ұйымның толық атауы | Құрылымдық бөлімше | Тегі, Аты, Әкесінің аты (бар болса) жауапты тұлға | Лауазымы | Байланыс телефон нөмірі; Пайдаланушының электрондық жұмыс поштасының мекенжайы (логин) | Қол жеткізу (қандай мақсаттар үшін көрсету) |
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі 2026 жылғы 23 шілдедегі № 433/НҚ бұйрығына 2 қосымша |
Күші жойылған кейбір бұйрықтардың тізбесі:
1. "Электрондық үкіметтің" архитектурасын қалыптастыру және іске асырылуын мониторингілеу қағидаларын бекіту туралы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 12 тамыздағы № 193/НҚ бұйрығы (Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігінде 2019 жылға 15 тамызда №19249 болып тіркелген);
2. "Мемлекеттік органдардың архитектураларын әзірлеу, іске асыру, іске асырылуын қолдап отыру, мониторингтеу және дамыту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2019 жылғы 12 тамыздағы № 193/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2022 жылғы 28 қарашадағы № 464/НҚ бұйрығы (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тізілімде №174455 болып тіркелген);
3. "Кейбір бұйрықтарға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2024 жылғы 30 қыркүйектегі № 611/НҚ бұйрығына 2-ші тармағы (Қазақстан Республикасының Әділет Министрлігі 2024 жылға 30 қыркүйекте №35162 болып тіркелген).
