"Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 45 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2026 жылғы 15 шілдедегі № 195-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 17 шілдеде № 39330 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) қатысушылар құрамын қалыптастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 19 қаңтардағы № 45 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13088 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 65) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) қатысушылардың құрамын қалыптастыру қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықтың 2-тармағының 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне орындау туралы ақпарат беруді қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы
Ш. Акпарова

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
міндетін атқарушы
2026 жылғы 15 шілдедегі
№ 195-НҚ бұйрығына
қосымша
Қазақстан Республикасының
Білім және ғылым министрінің
2016 жылғы 19 қаңтардағы
№ 45 бұйрығымен
бекітілген

Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамын қалыптастыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарының (ғылыми жарыстардың) қатысушылардың құрамын қалыптастыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 581 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 65) тармақшасына сәйкес әзірленді және жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жоба конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамын қалыптастыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ғылыми жобалардың халықаралық конкурстары (ғылыми жарыстар) – зерттеу, эксперимент жүргізу процесінде білім алушылардың ғылыми білімдерін анықтауға бағытталған, ғылыми жобаларды қорғау форматында өтетін халықаралық зияткерлік жарыстар;

      2) жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар – қатысушылар күрделілігі жоғары теориялық және практикалық тапсырмаларды орындау арқылы жекелеген жалпы білім беретін пәндер бойынша тереңдетілген білім, білік және дағды деңгейлерін көрсететін халықаралық зияткерлік жарыстар;

      3) жеңімпаздар – жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың және (немесе) ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) бірінші дәрежелі, екінші немесе үшінші дәрежелі дипломдармен марапатталған қатысушылары;

      4) Қазақстан Республикасының құрама командасы – олимпиадалық резерв мүшелерінен, команда жетекшілерінен, қажет болған жағдайда ғылыми жетекшілерден, бақылаушылардан, олимпиадалардың халықаралық комитеттерінің мүшелерінен қалыптастырылатын, жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылар құрамы;

      5) Қазақстан Республикасы құрама командасы құрамының жетекшілері – халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушыларды алып жүруді, олардың жарыс өткізілетін жерге бару және кейін қайту жолындағы қауіпсіздігін, сондай-ақ қатысушылардың жарыстардағы дайындық деңгейін қамтамасыз ететін адамдар;

      6) оқу-жаттығу жиындары – Қазақстан Республикасы құрама командасының құрамын іріктеу және қалыптастыру, сондай-ақ Қазақстан Республикасының құрама командасын халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысуға мақсатты түрде дайындау мақсатында олимпиадалық резервке кіретін білім алушылар үшін өткізілетін ұйымдастырылған білім беру іс-шараларының кешені (бұдан әрі – ОЖЖ);

      7) олимпиадалық резерв – халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысу үшін Қазақстан Республикасының құрамасы құрамына оларды бұдан әрі мақсатты түрде дайындау және іріктеу мақсатында қалыптастырылатын, республикалық және (немесе) халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) жеңімпаздары мен жүлдегерлері, Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын білім алушылардың тобы;

      3. Құрама команданың сандық құрамы тиісті олимпиадалар мен конкурстардың (жарыстардың) халықаралық ұйымдастыру комитеттері белгілеген талаптар негізінде айқындалады.

      4. Халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстары (ғылыми жарыстар) күндізгі немесе қашықтық режимде өткізіледі.

2-тарау. Күндізгі режимде өткізілетін халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарына қатысушылар құрамын қалыптастыру тәртібі

1-параграф. Күндізгі режимде өткізілетін халықаралық олимпиадаларға қатысушылар құрамын қалыптастыру тәртібі

      5. Күндізгі өткізу режимінде жүргізілетін халықаралық олимпиадаларға Қазақстан Республикасы құрама командасының құрамы нақты олимпиаданың талаптары ескеріле отырып, 8-11 (12) сыныптардың олимпиадалық резерві қатарынан, жасөспірімдер арасындағы халықаралық олимпиадалар үшін 7-9 сыныптардың олимпиадалық резерві қатарынан қалыптастырылады.

      6. Халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы құрама командасының құрамын қалыптастыру мақсатында Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің "Дарын" республикалық ғылыми-практикалық орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының (бұдан әрі – "Дарын" РҒПО) базасында, сондай-ақ Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының базасында олимпиадалық резерв үшін ОЖЖ өткізіледі.

      ОЖЖ ұйымдастыруды "Дарын" РҒПО жүзеге асырады.

      7. Әрбір пән бойынша олимпиадалық резервтің сандық құрамының саны тиісті халықаралық олимпиада қатысушыларының бекітілген құрамына пропорционалды түрде үш еселі мөлшерде белгіленеді.

      8. ОЖЖ қатысу үшін олимпиадалық резервтің құрамын республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінің қазылар алқасының мүшелері мыналардың қатарынан анықтайды:

      1) ең көп балл жинаған, 8-11 (12) сыныптарға арналған республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері;

      2) ең көп балл жинаған, 7-8 сыныптарға арналған жасөспірімдер республикалық олимпиадасының қорытынды кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлері;

      3) өткен жылғы ОЖЖ жоғары нәтижелер көрсеткен қатысушылар;

      4) өткен және ағымдағы жылғы халықаралық олимпиадалардың жүлдегерлері.

      9. Әрбір тиісті пән бойынша ОЖЖ ұзақтығы 12-ден бастап 30 күнтізбелік күнді құрайды және жылына кемінде үш рет (кезең) өткізіледі:

      1) ОЖЖ іріктеу кезеңі;

      2) ОЖЖ оқу-дайындық кезеңі;

      3) ОЖЖ бақылау-қорытынды кезеңі.

      10. Олимпиадалық резервті халықаралық олимпиадаларға дайындауға арналған ОЖЖ мыналарды қамтиды:

      1) теориялық материалды тереңдетіп оқыту бойынша дәрістік және семинарлық сабақтар;

      2) практикалық сабақтар мен зертханалық жұмыстар (пән бойынша практикалық құрамдауыш болған жағдайда);

      3) қатысушылардың дайындық деңгейін бағалау үшін бақылау тапсырмаларын орындау.

      Бақылау жұмыстары тиісті пәндер бойынша халықаралық олимпиадалардың форматтары мен талаптары ескеріле отырып жасалады.

      11. ОЖЖ өткізуді олимпиадалық тапсырмаларды құрастыру және шешу тәжірибесі бар отандық және шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жаттықтырушылары, сондай-ақ тиісті пәндер бойынша өткен республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері жүзеге асырады.

      12. Тиісті пәндер бойынша ОЖЖ жетекшілері болып халықаралық олимпиадаларға қатысу тәжірибесі және олимпиадалық тапсырмаларды құрастыруда құзыреттілігі бар отандық және шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының оқытушылары, жаттықтырушылары қатарындағы адамдар, сондай-ақ тиісті пәндер бойынша өткен республикалық және халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздары мен жүлдегерлері тағайындалады.

      13. Ұлттық құрама команданың құрамына іріктеу мыналардың негізінде қалыптастырылады:

      1) ОЖЖ жетекшісі ұсынған ОЖЖ бақылау-қорытынды кезеңінің хаттамасы;

      2) республикалық олимпиаданың қорытынды кезеңінің қорытындылары;

      3) өткен және ағымдағы жылғы халықаралық олимпиадалардың нәтижелері. Қазақстан Республикасы құрамасының құрамы мен жетекшілерін "Дарын" РҒПО бекітеді.

      14. Халықаралық олимпиадаларға қатысу үшін Қазақстан Республикасы құрама командасының құрамын қалыптастыру кезінде, ОЖЖ қорытындысы бойынша жиналған балдар тең болған жағдайда, басым құқық тиісті пән бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалардың қорытындысы бойынша рейтингтік позициясы жоғары білім алушыға беріледі.

2-параграф. Күндізгі режимде өткізілетін ғылыми жобалардың халықаралық конкурстарына қатысушылар құрамын қалыптастыру тәртібі

      15. Күндізгі режимде өткізілетін халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) олимпиадалық резерв құрамы мыналардың негізінде қалыптастырылады:

      1) ағымдағы оқу жылының 15 қыркүйегіне дейін www.daryn.kz сайтында ғылыми жоба тақырыбы тіркелген конкурстық жұмыстар;

      2) 7-11 (12) сыныптарда білім алушылар қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурстарының қорытынды кезеңінің қорытынды хаттамасы;

      3) ең көп балл жинаған, 7-11 (12) сыныптарда білім алушылар қатарынан республикалық ғылыми жобалар конкурсының қорытынды кезеңінің қорытынды хаттамаларына сәйкес қазылар алқасы мүшелерінің ұсынымдары.

      Халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) олимпиадалық резерв құрамын "Дарын" РҒПО бекітеді.

      16. Ғылыми жобалардың тақырыптарын www.daryn.kz ресми интернет-ресурсында тіркеу облыстардың, Астана, Алматы және Шымкент қалаларының білім беру басқармалары, автономиялы, республикалық, жекеменшік білім беру ұйымдары, сондай-ақ халықаралық мектептер ресми түрде ұсынған өтінімдер негізінде, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш қоса беріле отырып жүзеге асырылады.

      17. Қазақстан Республикасы құрама командасының құрамын қалыптастыру мақсатында халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) олимпиадалық резерв құрамы үшін ОЖЖ "Дарын" РҒПО, Қазақстан Республикасының жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының, шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының және дарынды балаларға арналған оқу-жаттығу орталықтарының базасында өткізіледі.

      ОЖЖ "Дарын" РҒПО ұйымдастырады.

      18. Халықаралық ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың) олимпиадалық резерв құрамы үшін ОЖЖ ұзақтығы 12-ден 30 күнтізбелік күнді құрайды және жылына кемінде бір рет (кезең) өткізіледі.

      19. Олимпиадалық резервті халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) дайындауға арналған ОЖЖ жұмыстың мынадай негізгі бағыттарын қамтиды:

      1) ғылыми-зерттеу жұмысы;

      2) практикумдар мен шеберлік сыныптары;

      3) презентациялық дағдылар тренингі;

      4) психологиялық сүйемелдеу;

      5) сараптамалық бағалау;

      6) қорытынды аттестаттау.

      20. ОЖЖ өткізуді ғылыми-зерттеу қызметі тәжірибесі бар отандық және шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жаттықтырушылары жүзеге асырады.

      21. ОЖЖ жетекшісі болып халықаралық ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысу тәжірибесі және ғылыми зерттеулер саласында құзыреттілігі бар отандық және шетелдік жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының жаттықтырушылары қатарындағы адамдар тағайындалады.

      22. Қазақстан Республикасының құрама командасының құрамы халықаралық ғылыми жобалар конкурстарында (ғылыми жарыстарда) жоғары нәтижелерге қол жеткізуге ықпал ететін ғылыми жобалардың республикалық конкурсы қорытынды кезеңінің нәтижелері бойынша оқу-жаттығу жиынының (ОЖЖ) жетекшісі ұсынған ОЖЖ-ның сараптамалық бағалау хаттамасы мен қорытынды аттестаттауы негізінде қалыптастырылады. Қазақстан Республикасы құрама командасының құрамын "Дарын" РҒПО бекітеді.

3-тарау. Қашықтықтан өткізілетін халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысушылардың құрамын қалыптастыру тәртібі

      23. Қашықтық режимінде өткізілетін халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарына (ғылыми жарыстарға) қатысушылардың құрамы нақты халықаралық жарыстың талаптары ескеріле отырып, жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадалардың, республикалық ғылыми жобалар конкурстарының үшінші (облыстық) кезеңінің жеңімпаздары, олимпиадалық резерв қатарынан немесе халықаралық олимпиаданың ресми сайтында өз бетінше тіркелген және іріктеу кезеңінен жекелей немесе командалық құрамда өткен орта білім беру ұйымдарының 7-11(12) сынып білім алушыларынан қалыптастырылады.

      24. Қашықтықтан өткізілетін халықаралық зияткерлік жарыстардың іріктеу кезеңіне өз бетінше қатысатын білім алушылардың немесе командалардың саны шектелмейді.

      25. Іріктеу кезеңінің қорытындылары бойынша қашықтық режимінде өткізілетін халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысушылардың құрамы ең көп балл санын жинаған білім алушылар немесе командалар қатарынан қалыптастырылады.

      26. Қашықтық режимінде өткізілетін халықаралық зияткерлік жарыстарға қатысушылардың құрамы "Дарын" РҒПО бұйрығымен бекітіледі.

  Жалпы білім беретін пәндер
бойынша халықаралық
олимпиадаларға мен ғылыми
жобалар конкурстарына
(ғылыми
жарыстарға) қатысушылардың
құрамын қалыптастыру
қағидаларына қосымша
Нысан
Қазақстан Республикасы Оқу-
ағарту
министрлігінің "Дарын"
республикалық
ғылыми-практикалық орталығы"
республикалық
мемлекеттік қазыналық
кәсіпорнының
Кімнен _____________________
(жетекшінің аты, жөні,
тегі) (ол болған жағдайда)
___________________________
___________________________
___________________________
(мекен жайы, телефон,
электрондық почта)

20___-20___ оқу жылында Республикалық ғылыми жобалар конкурсына қатысу үшін оқушылардың ғылыми жобалар тақырыптарын тіркеуге өтінім

Облыс /
қала

Қатысушының ЖСН

Қатысушының АЖТ (ол болған жағдайда)

Секция

Жобаның атауы

Жеке /командалық жұмыс

Сынып

Оқыту тілі



















Білім беру ұйымының толық атауы

Қалалық/ ауылдық

Қатысушының Жетекшінің АЖТ (толық)
(ол болған жағдайда

Жетекшінің ЖСН

Жоба жұмысының басталу жылы.

Қатысушылардың байланыс деректері: электрондық пошта, ұялы телефон, пошталық мекенжайы

бағыты















      Ұсынылған деректердің дұрыстығын растаймын және заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға, сондай-ақ "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес дербес деректерді жинауға және өңдеуге келісім беремін.

      Ескертпе: Он сегіз жасқа толмаған тұлғалар туралы деректердің дұрыстығы білім беру ұйымы басшысының, ата-аналарының немесе өзге де заңды өкілдерінің қолдарымен расталады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады