"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 52 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 3 шiлдедегi № 391/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 8 шiлдеде № 39257 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4 т. Қараңыз

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2016 жылғы 22 қаңтардағы № 52 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13248 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықтың кіріспесі мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік жəне əлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 1) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:"

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметі қағидаларында:

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Осы "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының қызметі қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік жəне əлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-1-бабы 1-тармақшасына сәйкес әзірленді және "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы" (бұдан әрі – Мемлекеттік корпорация) қызметінің тәртібін айқындайды.";

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Мемлекеттік қызметтерді көрсетуді және жеке және заңды тұлғалардың өтініштерінің барлық түрін қабылдауды қамтамасыз ету мақсатында мемлекеттік қызметтерді көрсету үшін қажетті мәліметтерді қамтитын, цифрлық жүйелерден мәліметтер бар болған кезде, оларды алады.

      Мемлекеттік корпорацияның қызметкерлері мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, цифрлық жүйелерде қамтылған, заңмен қорғалатын құпияны құрайтын мәліметтерді пайдалануға көрсетілетін қызметті алушының келісімін алуға міндетті.";

      11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Мемлекеттік корпорция өзіне-өзі қызмет көрсету секторының жұмыс істеуін қамтамасыз етеді, онда "цифрлық үкіметтің" веб-порталы сервистерін пайдалану және электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалану мәселелері бойынша консультация беру жүзеге асырылады, сондай-ақ Қазақстан Республикасының азаматтарына "цифрлық үкіметтің" веб-порталы арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызметтерді өздігінен алу мүмкіндігі беріледі.";

      15-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "15. Мемлекеттік корпорация қызметкері мемлекеттік қызмет алуға жүгінген кезде:

      мемлекеттік қызметтер бойынша өтініштердің, нысандардың толық толтырылуын тексереді;

      қызмет алушының немесе оның өкілінің жеке басын сәйкестендіреді, оның ішінде техникалық құралдарды пайдалана отырып сәйкестендіреді;

      қызметтер көрсетудің тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актілерде белгіленген төлем туралы құжаттардың болуын және олардың деректемелерін, тиісті міндетті төлемдерді есептеудің дұрыстығын тексереді;

      цифрлық жүйеге алдын ала толтыру (өтініштерді автоматты түрде қалыптастыру) іске асырылған Мемлекеттік қызметтерді қоспағанда, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінде белгіленген талаптарға сәйкес көрсетілетін қызметті алушы туралы тиісті мемлекеттік қызметті көрсету үшін қажетті ұсынылған материалдарды, объектілерді, деректерді және мәліметтерді енгізеді;

      өтініш берушіден қабылданған құжаттардың тізбесі, өтінішті қабылдаған қызметкердің тегі, аты және әкесінің аты (бар болған кезде), өтініш беру күні мен уақыты, сондай-ақ дайын құжаттарды беру күні көрсетілетін тиісті құжаттарды қабылдау туралы электрондық қолхат береді, өтініш берушінің өтініші бойынша қолхат қағаз түрінде беріледі;

      көрсетілетін қызметті алушы мемлекеттік қызмет көрсету тәртібін айқындайтын нормативтік құқықтық актілерде көзделген тізбеге сәйкес құжаттар пакеті толық ұсынылмаған жағдайда, Мемлекеттік корпорация қызметкері құжатты қабылдаудан бас тартады және жоқ құжатты көрсете отырып қолхат береді;

      қолхаттарда көрсетілген мерзімде өтініш берушілерге құжаттарды береді;

      Мемлекеттік корпорация басшылығын өзіне белгілі болған Мемлекеттік корпорацияның тиісті филиалдарының аумағындағы барлық тәртіп пен заң бұзушылықтар туралы хабардар етеді;

      көрсетілетін қызметті берушілерге құжаттарды тапсыру, көрсетілетін қызметті берушілерден қабылдау, құжаттарды беру секторына тапсыру және құжаттарды өтініш берушіге беру бойынша іс-қимылдарды (штрих-кодты сканерлеу әдісімен) белгілейді.";

      21, 22, 23-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "21. Мемлекеттік корпорация кызметкерінің мемлекеттік қызметті көрсетуге өтініштерді қабылдауға және дайын құжаттарды беруге байланысты (оның ішінде өтініштерді қабылдау бойынша) әрекеттері цифрлық жүйеде тіркеледі.

      22. Мемлекеттік қызметтер көрсету кезінде көрсетілетін қызметті алушылардан:

      1) цифрлық жүйелерден алынуы мүмкін құжаттарды, мәліметтерді;

      2) Қазақстан Республикасының әлеуметтік қорғау туралы заңнамасында көзделген жағдайларды қоспағанда, көрсетілетін қызметті берушінің Мемлекеттік корпорацияның салыстырып-тексеруі үшін түпнұсқалары ұсынылған құжаттардың нотариат куәландырған көшірмелерін талап етуге жол берілмейді.

      23. Мемлекеттік корпорацияның мемлекеттік қызметті көрсетуі процесінде белгілі болған азаматтарының дербес деректерін "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес үшінші тұлғаларға жария етуге рұқсат етілмейді".".

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер көрсету комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің ресми интернет-ресурсында оның ресми жарияланғаннан кейін орналастырылуын қамтамасыз ету.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін 1-тармақтың жетінші, сегізінші, тоғызыншы, оныншы, он бірінші, он жетінші, жиырма төртінші және жиырма алтыншы абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады