"Проактивті қызмет көрсету қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 155/НҚ бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрінің 2026 жылғы 1 шiлдедегi № 371/НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 2 шiлдеде № 39212 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 12.07.2026 бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Проактивті қызмет көрсету қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрінің 2020 жылғы 24 сәуірдегі № 155/НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20495 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Проактивті қызметтерді көрсету қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес" БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Проактивті қызметтерді көрсету қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің орынбасары –
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі
Ж. Мадиев

  Қазақстан Республикасы
Премьер-Министрінің
орынбасары – Жасанды
интеллект және цифрлық даму
министрі
2026 жылғы 1 шілдедегі
№ 371/НҚ бұйрыққа қосымша
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар
және аэроғарыш өнеркәсібі
министрінің
20 жылғы 24 сәуірдегі
  № 155/НҚ бұйрығымен
  бекітілген

Проактивті қызметтерді көрсету қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы проактивті қызметтерді көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 13-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және проактивті қызметтерді көрсету тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) көрсетілетін қызметті алушы – мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алуға өтініш беруге құқығы және (немесе) ниеті бар немесе мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметті алатын не өз құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін іске асыру үшін оларға тиісті материалдық немесе материалдық емес игіліктер бере отырып, мемлекеттік немесе әлеуметтік жауапкершілігі бар қызмет көрсету нәтижесін алған жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалардың филиалдары мен өкілдіктері;

      2) проактивті қызмет – көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша көрсетілетін мемлекеттік қызмет;

      3) ұялы байланыстың абоненттік құрылғысы – абонент берген ақпаратты беру немесе қабылдау үшін электр байланысы сигналдарын қалыптастыратын және ұялы байланыс операторының желісіне қосылатын, қызмет көрсетілетін аумақ шеңберінде географиялық тұрғыдан айқындалатын тұрақты орналасқан жері жоқ, ұялы байланыс желілерінде жұмыс істейтін жеке пайдаланылатын байланыс құралы.

2-тарау. Проактивті қызметтерді көрсету тәртібі

      3. Проактивті қызметтер көрсету "цифрлық үкімет" веб-порталында көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысы абоненттік құрылғысының телефон нөмірі тіркелген кезде мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері арқылы көрсетілетін қызметті алушының өтінішінсіз, көрсетілетін қызметті берушінің бастамасы бойынша жүзеге асырылады және мыналарды:

      1) көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік қызмет көрсетуге сұрау салуы бар хабарламалар жіберуді;

      2) көрсетілетін қызметті алушының проактивті қызмет көрсетуге келісімін, сондай-ақ көрсетілетін қызметті алушыдан өзге де қажетті мәліметтерді, оның ішінде қолжетімділігі шектелген мәліметтерді көрсетілетін қызметті алушының ұялы байланысының абоненттік құрылғысы арқылы алуды қамтиды.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда көрсетілетін қызметті алушыға проактивті қызмет көрсетуге сұрау салуы бар хабарламаны жіберу талап етілмейді, бұл ретте көрсетілетін қызметті алушыларды қызмет көрсету туралы міндетті түрде хабардар ету "цифрлық үкімет" веб-порталында тіркелген ұялы байланыстың абоненттік нөміріне немесе "цифрлық үкімет" веб-порталындағы пайдаланушының кабинетіне мәтіндік хабарлама жіберу арқылы жүзеге асырылады.

      4. Проактивті қызметтерді көрсету көрсетілетін қызметті алушының дербес деректерге қол жеткізуді бақылаудың мемлекеттік сервисі арқылы алынған дербес деректерді жинауға, өңдеуге, сақтауға және пайдалануға келісімі болған жағдайда көрсетіледі.

      5. Проактивті қызметті көрсетуге Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген оқиғаның туындауы, сондай-ақ тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету үшін қажетті мәліметтердің мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінде болуы негіз болып табылады.

      6. Тиісті оқиға туындаған кезде көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік көрсетілетін қызметті проактивті форматта алу туралы ұсынысы бар автоматты хабарлама жіберіледі.

      7. Көрсетілетін қызметті алушы проактивті қызметті алуға келісімін жауап хабарламасын жіберу арқылы не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де тәсілмен растайды.

      8. Көрсетілетін қызметті алушыдан жауап күту мерзімі сұрау салу алынған сәттен бастап жиырма төрт сағатты құрайды. Көрсетілген мерзім өткеннен кейін сұрау салу күшін жояды, ал көрсетілетін қызметті алушыға Қазақстан Республикасының заңнамасында және тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде белгіленген тәртіппен мемлекеттік көрсетілетін қызметті алу үшін жүгіну қажеттігі туралы хабарлама жіберіледі.

      9. Көрсетілетін қызметті алушының келісімін алғаннан кейін мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерін интеграциялау арқылы мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету үшін қажетті мәліметтерге автоматтандырылған тексеру жүргізіледі.

      10. Проактивті қызметті көрсету кезінде мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерінде бар құжаттар мен мәліметтерді көрсетілетін қызметті алушыдан талап етуге жол берілмейді.

      11. Қажетті мәліметтер болмаған не проактивті қызметті көрсетуге кедергі келтіретін мән-жайлар анықталған жағдайда, көрсетілетін қызметті алушыға проактивті қызметті көрсетудің мүмкін еместігінің себептері көрсетілген хабарлама жіберіледі.

      12. Барлық қажетті мәліметтер болған кезде проактивті қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасында және тиісті мемлекеттік көрсетілетін қызметті көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде көзделген мерзімде көрсетіледі.

      13. Проактивті көрсетілетін қызметтің нәтижесі көрсетілетін қызметті алушыға мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелері арқылы тиісті мемлекеттік қызметті көрсету тәртібін айқындайтын заңға тәуелді нормативтік құқықтық актіде көзделген нысанда жіберіледі.

      14. Проактивті қызмет көрсетілетін цифрлық жүйенің иесі болып табылатын мемлекеттік орган көрсетілетін қызметті алушыдан алынған ақпараттың толықтығын, анықтығын және жаңартылуын, рұқсатсыз қол жеткізуден қорғалуын, сондай-ақ ақпараттың уақтылы берілуін және өзгеріссіз сақталуын қамтамасыз етеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады