Киік дериваттарының бағасын айқындау әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің 2026 жылғы 26 маусымдағы № 124 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 29 маусымда № 39128 болып тіркелді

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Киік дериваттарының бағасын айқындаудың әдістемесі бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақтың 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне олардың орындалуы туралы ақпаратты ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи ресурстар министрі
Е. Нысанбаев

  Қазақстан Республикасының
Экология және табиғи
ресурстар министрі
2026 жылғы 26 маусымдағы
№ 124 бұйрығымен
бекітілген

Киік дериваттарының бағасын анықтау әдістемесі

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Киік дериваттарының бағасын анықтау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) баға белгілеудің ашықтығын қамтамасыз ету, бағаны төмендетуді және (немесе) өсіруді болдырмау және әділ нарықтық құнды қалыптастыру мақсатында уәкілетті органның киік дериваттарын өткізу бағасын анықтауы үшін қолданылады.

      2. Әдістеме уәкілетті органның өткізу бағасын анықтау алгоритмін және уәкілетті орган киік дериваттарын өткізу бағасын анықтау үшін қолданатын, консультанттың киік дериваттарын өткізу бағасын есептеу алгоритмін айқындайды.

      3. Осы Әдістемеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) киік дериваттары – киік мүйіздері және олардан және (немесе) олардың туындыларынан өндірілген өнімдер;

      2) сатушы – акцияларының жүз пайызы мемлекетке тиесілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімі бойынша киік дериваттарын өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын "Жасыл даму" акционерлік қоғамы;

      3) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі;

      4) ведомстволық бағынысты ұйым – уәкілетті органның қарамағындағы және киік дериваттарын таңбалауды және сақтауды жүзеге асыратын "Охотзоопром" өндірістік бірлестігі" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорны;

      5) консультант – акцияларының жүз пайызы мемлекетке тиесілі, Қазақстан Республикасы Үкіметінің шешімімен шикізаттық емес экспортты дамыту және ілгерілету саласындағы ұлттық даму институты болып айқындалған "QazTrade" сауда саясатын дамыту орталығы" акционерлік қоғамы.

2-тарау. Консультанттың киік дериваттарын өткізу бағасын есептеу алгоритмі

1.

Көрсеткішті анықтау

Киік дериваттарын өткізу бағасы – киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін белгіленетін баға.

2.

Мерзімділігі мен мерзімдері

Киік дериваттарын өткізу кезінде, уәкілетті орган ведомстволық бағынысты ұйымның оның қоймасында және (немесе) базасында сақтаулы тұрған таңбаланған киік дериваттарының көлемі мен номенклатурасы туралы мәліметтерін алғаннан кейін.

3.

Ақпарат көздері

Ақпарат көздері мыналар болып табылады:
1) Ведомстволық бағынысты ұйымның таңбаланған киік дериваттарының көлемі мен номенклатурасы туралы мәліметтері;
2) Консультант алған әлеуетті сатып алушылардың жауаптары;
3) Киік дериваттарына және ұқсас тауарларға нарықтық бағалар туралы деректерді қамтитын ресми ақпарат көздері;
4) Мүдделі мемлекеттік органдардың деректері (олар бар болған жағдайда);
5) Есептеу күніне Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми бағамы.

4.

Өлшем бірлігі көрсетілген, есептеудің егжей-тегжейлі және нақты жүйелілігін көрсететін көрсеткіш алгоритмі

Бастапқы өткізу кезіндегі ұсынылатын баға мынадай формула бойынша анықталады:
В = (P1 + P2 + P3) / 3,
мұндағы:
В – консультанттың есебінде көрсетілген, киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін ұсынылатын баға, теңге;
P1, P2, P3 – есептеу кезінде ескерілетін, ең жоғары бағаны ұсынған үш әлеуетті сатып алушының салыстырмалы ұсынылған бағалары, теңге.
Әлеуетті сатып алушылардың екі ұсынысы немесе бағалық ұсыныстары болған кезде бастапқы өткізудің ұсынылатын бағасы мынадай формула бойынша анықталады:
В = (P1 + P2) / 2,
мұндағы:
В – консультанттың есебінде көрсетілген, киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін ұсынылатын баға, теңге;
P1, P2 – есептеу кезінде ескерілетін, ең жоғары бағаны ұсынған екі әлеуетті сатып алушының салыстырмалы ұсынылған бағалары, теңге.
Әлеуетті сатып алушылардың жоғарыда көрсетілген талаптарға жауап бермейтін ұсыныстары немесе бағалық ұсыныстары болған кезде бастапқы өткізудің ұсынылатын бағасы:
В = барлық P мен K-ны есепке алу,
мұндағы:
В – консультанттың есебінде көрсетілген, киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін ұсынылатын баға, теңге;
P – есептеу кезінде ескерілетін барлық әлеуетті сатып алушылардың салыстырмалы ұсынылған бағалары, теңге;
К – барлық ресми көздерді талдау.

5.

Киік дериваттарын өткізудің ұсынылатын бағасын есептеу үшін консультант

1) Әлеуетті сатып алушыларға көлемі, номенклатурасы, өткізу мерзімі, өлшем бірлігі, есеп айырысу валютасы және киік дериваттарын өткізудің бағаға әсер ететін өзге де шарттары туралы мәліметтерді қамтитын сұратулар жібереді;
2) Әлеуетті сатып алушылардың жауаптарын киік дериваттарының бірлігі үшін ұсынылатын баға, сатып алудың ұсынылатын көлемі, ұсыныстың қолданылу мерзімі, төлем және жеткізу шарттары немесе ұсынысты салыстырмалы түрге келтіруге мүмкіндік беретін өзге де мәліметтер болған жағдайда ескереді;
3) Әлеуетті сатып алушылардың ұсыныстарын бағаны бірыңғай өлшем бірлігіне қайта есептеу, салыстырмалы төлем шарттарын ескеру, сондай-ақ киік дериваттарының бағасына тікелей қатысы жоқ шарттарды алып тастау арқылы салыстырмалы түрге келтіреді;
4) Әлеуетті сатып алушылардың ұсынылған бағасы жоқ, анық емес немесе толық емес мәліметтерді қамтитын жауаптарын, сондай-ақ шарттары оларды салыстырмалы түрге келтіруге мүмкіндік бермейтін ұсыныстарды алып тастайды;
5) Өткізудің ұсынылатын бағасының төмендетілуіне жол бермеу үшін есептеуге ең жоғары бағаны ұсынған үш әлеуетті сатып алушының ұсыныстарын қабылдайды. Бұл ретте ең жоғары және ең төменгі бағалар арасындағы айырмашылық жиырма пайыздан аспауға тиіс.

3-тарау. Уәкілетті органның өткізу бағасын анықтау алгоритмі

1.

Консультанттың есебін алу

Уәкілетті орган сатушыдан киік дериваттарын өткізу бағасы бойынша ұсынымдарды дайындау кезінде пайдаланылған растаушы материалдар қоса берілген консультанттың есебін алады.

2.

Бастапқы өткізу бағасын анықтау

Консультанттың есебі осы Әдістеменің талаптарына сәйкес келген жағдайда, киік дериваттарын бастапқы өткізу бағасы консультанттың есебінде көрсетілген ұсынылатын баға ескеріле отырып анықталады.

3.

Материалдарды пысықтауға қайтару

Консультант есебінің осы Әдістеме талаптарына сәйкес келмеуі анықталған жағдайда, уәкілетті орган ескертулерді көрсете отырып, материалдарды пысықтау үшін сатушыға қайтарады.

4.

Кейінгі өткізу бағасын анықтау

Киік дериваттарын кейінгі өткізу бағасы өткізілген алдыңғы конкурстардың қорытындысы бойынша қалыптасқан баға негізінде анықталады.
B1= I1,
мұндағы:
B1 – кейінгі өткізудегі (алдағы конкурстардағы) киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін баға, теңге;
I1 – алдыңғы конкурстардың қорытындысы бойынша қалыптасқан киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін баға, теңге.
Конкурстар өтпеді деп танылған жағдайда, киік дериваттарын өткізу бағасына түзету коэффициенті қолданылады.
B2= I2*0,8,
мұндағы:
B2 – киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін баға, теңге;
I2 – уәкілетті органның алдыңғы шешімімен анықталған киік дериваттарының 1 (бір) килограмы үшін баға, теңге;
0,8 – түзету коэффициенті.
Түзету коэффициенті қолданылғаннан кейін конкурстар өтпеді деп танылған жағдайда, уәкілетті орган сатушыға осы Әдістеменің 2-тарауында белгіленген тәртіппен киік дериваттарын өткізу бағасын есептеу үшін консультантты тартуды тапсырады.

5.

Шешімді ресімдеу және сатушыға жіберу

Киік дериваттарын өткізу бағасы уәкілетті органның шешімімен ресімделеді және киік дериваттарын өткізуді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен ұйымдастыру үшін сатушының назарына жеткізіледі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады