ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексі 144-бабының 2 -тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Құрылыс обьектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату тәртібін айқындау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрі |
Е. Нагаспаев |
Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату тәртібін айқындау қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату тәртібін айқындау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің (бұдан әрі – Кодекс) 144-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және күрделі құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
1) құрылыс объектісін кейіннен кәдеге жарату –қайта қалпына келтірілетін элементтерді (конструкцияларды, материалдарды, жабдықтарды) бiр мезгiлде қалпына келтiре және қайтадан пайдалана отырып, сондай-ақ қалпына келтіруге жатпайтын элементтер мен қалдықтарды қайта өңдей отырып, құрылыс объектісін пайдалануды (пайдалануды, қолдануды) тоқтатқаннан кейін оны бөлшектеу және бұзу жөнiндегi жұмыстар кешенi;
2) ғимараттар мен құрылыстарды бұзу – ғимараттар мен құрылыстарды немесе олардың элементтерін бөлшектеу немесе бұзу жолымен толық немесе ішінара жою.
2. Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату тәртібі
3. Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2019 жылғы 13 тамыздағы № 73 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19242 болып тіркелген) бекітілген табиғи монополиялар субъектілерінің қызметін жүзеге асыру қағидаларымен белгіленген тиісті ресурсты беруді (тұтынуды) тоқтату тәртібін сақтай отырып жүзеге асырылады.
4. Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату шарттарын инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерін пайдалануды жүзеге асыратын ұйымдар, мердігерден (бас мердігерден), уәкілетті мемлекеттік органнан немесе жергілікті атқарушы органнан осындай шарттарды беру туралы өтініш келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде береді.
5. Кейіннен кәдеге жаратылуына (бұзылуына) байланысты құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату, егер құрылыс объектісінің меншік иесінің шешімі негізінде не Кодексте көзделген жағдайларда, егер осы Қағидалардың 6-тармағында өзгеше көзделмесе, , заңды күшіне енген сот актісі немесе жергілікті атқарушы органның шешімі негізінде жүзеге асырылады.
6. Бұзуға жататын құрылыс объектілерінің тізбесіне енгізілген құрылыс объектісін бұзу үшін елді мекендерді дамыту мен құрылысын салудың қала құрылысы жобалары негіз болып табылады.
7. Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату үшін мердігер (бас мердігер), уәкілетті мемлекеттік орган немесе жергілікті атқарушы орган (бұдан әрі – ЖАО) инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерін пайдалануды жүзеге асыратын ұйымға (бұдан әрі – пайдалану ұйымы) Кодекстің 144-бабының 2-тармағында көзделген құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату шарттарын беру туралы өтініш жолдайды.
8. Өтініште мыналар көрсетіледі:
ажырату бастамашысының тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) (егер ажырату бастамашысы – жеке тұлға болып табылатын құрылыс салушы болса), оның пошталық мекенжайы;
ажырату бастамашысының атауы (егер ажырату бастамашысы – ЖАО, заңды тұлға болып табылатын құрылыс салушы болса), орналасқан жерінің мекенжайы;
кәдеге жаратуға (бұзуға) жататын құрылыс объектісі орналасқан жер учаскесінің орналасқан жері туралы мәліметтер;
құрылыс объектісін ажыратуды жүзеге асыру жоспарланатын инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінің түрлері;
құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажыратудың жоспарланған күні;
құрылыс объектісі меншік иесінің шешімдері, заңды күшіне енген сот актілері немесе жергілікті атқарушы органның шешімдері.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
өтінішке қол қойған тұлғаның өкілеттігін растайтын құжаттар (мұндай өтінішке жеке тұлға болып табылатын құрылыс салушы немесе заңды тұлға болып табылатын құрылыс салушының атынан сенімхатсыз әрекет етуге құқығы бар тұлға қол қойған жағдайды қоспағанда);
құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажыратуға жоспарланған құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері және (немесе) осындай объект орналасқан жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттардың көшірмелері;
сот немесе ЖАО-ның құрылыс объектісін кейіннен кәдеге жарату (бұзу) туралы, Кодекстің ережелеріне сәйкес өз бетінше құрылысты бұзу туралы шешімінің көшірмесі (болған жағдайда).
9. Өтініш келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күнінен аспайтын мерзім ішінде пайдалану ұйымы ажырату шарттарын анықтайды және ақы алмай береді.
Пайдалану ұйымының ажырату шарттарын беруден бас тартуы үшін осы Қағидалардың 8-тармағына сәйкес өтінішке қоса берілетін құжаттарды өшіруді бастамашының ұсынбауы негіз болып табылады.
Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажыратуды пайдалану ұйымы осындай ұйым ажырату шарттарын берген күннен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен аспайтын, бірақ ажырату бастамашысы өтініште көрсеткен құрылыс объектісін ажырату жоспарланған күннен ерте болмайтын мерзімде жүзеге асырады.
10. Ажырату шарттары мыналарды қамтуы тиіс:
құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату орындалуы тиіс, құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосу нүктесі туралы мәліметтер;
құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажыратуды жүзеге асыру күні мен уақыты;
оларды пайдалану ұйымы жүзеге асыруы тиіс және (немесе) оларды орындауды (орындауды қамтамасыз етуді) ажырату бастамашысы жүзеге асыруы тиіс құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату жөніндегі іс-шаралардың тізбесі мен орындалу мерзімдері ;
егер мұндай шығыстар тиісті ресурсты сатып алу-сату (жеткізу) шартын бұзу талаптарында көзделмеген жағдайда, пайдалану ұйымының осындай ұйымның құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату жөніндегі іс-шараларды орындауына байланысты шығыстарының өтемақы мөлшері туралы мәліметтер.
11. Құрылыс объектісін ажырату жөніндегі жұмыстар осындай жұмыстар процесінде қауіпсіздік техникасы жөніндегі ережелер сақталған кезде ажырату шарттарына сәйкес жүзеге асырылады.
12. Пайдалану ұйымы құрылыс объектісін ажырату жөніндегі жұмыстарды орындау күніне дейін 3 жұмыс күнінен кешіктірмей ажырату бастамашысын олардың орындалуы туралы жазбаша нысанда хабардар етеді.
13. Ажырату бастамашысы ажырату шарттарында көрсетілген мерзімде пайдалану ұйымы өкілдерінің құрылыс объектісін ажырату жөніндегі жұмыстарды орындау орнына қол жеткізуін қамтамасыз етеді.
14. Құрылыс объектісін ажырату жөніндегі жұмыстар, егер ажырату бастамашысы пайдалану ұйымына көрсетілген жұмыстарды орындау күнін ажырату шарттарында белгіленгенге дейін мұндай мүмкіндік туралы жазбаша хабарлаған жағдайда, ажырату бастамашысы немесе оның өкілі болмаған кезде орындалады.
15. Құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату пайдаланушы ұйым қол қойған құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілерінен ажырату туралы актімен (бұдан әрі -Акт) расталады.
16. Ажырату шарттарында көзделген құрылыс объектісін ажырату жөніндегі жұмыстарды орындау аяқталған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде пайдалану ұйымы ажырату бастамашысына және тиісті ресурстарды берушіге қол қойылған актіні жібереді.
18. Акт келесі ақпараттарды қамтиды:
1) пайдалану ұйымының атауы;
2) осы Қағидалардың 8-тармағының екінші немесе үшінші абзацтарында тиісінше көрсетілген ажырату бастамашысы туралы мәліметтер;
3) пайдалану ұйымының атынан актіге қол қойған адамның лауазымы, осы адамның актіге қол қоюға өкілеттігін растайтын құжаттың атауы мен деректемелері;
4) пайдалану ұйымының күрделі құрылыс объектісін ажырату жөніндегі жұмыстарды ажырату шарттарына сәйкес толық көлемде орындауы туралы мәліметтер;
5) пайдалану ұйымының ажырату шарттарына сәйкес құрылыс объектісін толық көлемде ажырату жөніндегі жұмыстарды орындауы туралы мәліметтер;
6) құрылыс объектісін ажырату орындалған құрылыс объектісін инженерлік-техникалық қамтамасыз ету желілеріне қосу нүктесі туралы мәліметтер.
