"Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 213 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 16 маусымдағы № 304 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 18 маусымда № 38988 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 213 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38632 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Қала құрылысы жобаларын (елді мекендердің бас жоспарлары, егжей-тегжейлі жоспарлау жобалары) әзірлеу, келісу және бекіту қағидаларында:

      6, 7, 10 және 11-тармақтардың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді;

      13-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Қоғамдық талқылау астананы, республикалық маңызы бар қалаларды және облыс орталықтарын дамыту тұжырымдамасының (мастер-жоспарының), елді мекендердің бас жоспарларының, дамыту мен оларда құрылыс салу схемаларының, ЕТЖЖ әзірленген/ түзетілген жобалары бойынша ашық жиналыс арқылы өткізіледі.";

      17-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "17. Жеке және заңды тұлғалар ЖАО-ға қоғамдық талқылауға шығарылатын жобаларға дәлелді ескертулер мен ұсыныстарды жазбаша нысанда (қағаз немесе цифрлық тасығыштарда) қоғамдық талқылаулар өткізу басталғанға дейін үш жұмыс күнінен кешіктірмей жібереді.";

      18-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді;

      24, 25 және 26-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Қоғамдық талқылаулар тіркелген және оларға кемінде елу жеке және заңды тұлға қатысқан кезде өткізілген болып есептеледі.

      25. Осы Қағидалардың 24-тармағында көрсетілген жеке және заңды тұлғалардың қажетті саны болмаған кезде қоғамдық талқылаулар өткізілмеген болып есептеледі.

      26. Қоғамдық талқылаулар өткізілмеген болып танылған кезде ЖАО үш жұмыс күні ішінде бұл туралы хабарламаны ЖАО-ның ресми интернет-ресурстарында құрылған Айдарда орналастырады.";

      32-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "32. Елді мекендердің бекітілген бас жоспарлары, дамыту мен оларда құрылыс салу схемалары, ЕТЖЖ осы Қағидалардың 30-тармағының талаптарын ескере отырып "Мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 17 сәуірдегі № 184 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 38470 болып тіркелген) мемлекеттік қала құрылысы кадастрының автоматтандырылған цифрлық жүйесінде қала құрылысы жобаларын, жобалау алдындағы және жобалау-сметалық құжаттаманы, сондай-ақ сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі объектілерін тіркеу қағидаларында айқындалатын тәртіппен мемлекеттік қала құрылысы кадастрында есепке алуға жатады.";

      35-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді;

      38, 39 және 40-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "38. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың, облыс орталықтарының бас жоспарлары екі кезеңде әзірленеді және мыналарды қамтиды:

      бірінші кезең (елді мекенді дамытудың ұзақ мерзімді болжамы (тұжырымдамасы (мастер-жоспар) – 30 жылға дейінгі стратегиялық қала құрылысын дамытудың негізгі қағидаттары мен бағыттарын әзірлей отырып, аумақтар мен елді мекендерді қала құрылысы аймақтарына бөлу жөніндегі тұжырымдамалық ережелерін әзірлеу;

      екінші кезең (бас жоспар) – құрылыстың негізгі кезеңдерін қамтитын жоспарлау құрылымының элементтерін егжей-тегжейлі пысықтау арқылы стратегиялық қала құрылысын дамытудың негізгі қағидаттары мен бағыттарын егжей-тегжейлеу (бірінші кезең – 5 жыл, есептік кезең – 20 жылға дейін).

      39. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және облыс орталықтарын дамытудың ұзақ мерзiмдi болжамы (тұжырымдамасы (мастер-жоспар) қала құрылысы жағдайлары мен ресурстық әлеуетті кешенді талдауға, кезең-кезеңімен іске асыруға сүйене отырып, елді мекенді шаруашылық-экономикалық, әлеуметтік-мәдени және аумақтық-функционалдық дамыту бағыттарының оңтайлы нұсқасын анықтау мақсатында әзiрленедi және мыналарды қамтиды:

      1) қаланың жоспарлау құрылымының тарихи даму ерекшеліктерін талдау;

      2) аумақтарды кешенді қала құрылыстық бағалау;

      3) қала кеңістігін композициялық ұйымдастыру бағыттары.

      Тұжырымдама кезеңі (мастер-жоспар) үшін масштабтары ҚР ҚН 3.01-00-2011 Қазақстан Республикасының Құрылыс нормалары (бұдан әрі – ҚР ҚН 3.01-00-2011) сәйкес қолданылатын жобалау материалдарының мынадай құрамы көзделеді:

      1) қоныстандыру жүйесіндегі елді мекеннің орналасу схемасы (қала маңындағы және жасыл аймақтары бар);

      2) аумақты қазіргі заманғы пайдалану жоспары (тірек жоспар);

      3) қаланың жоспарлау құрылымын дамытудың ретроспективті схемалары;

      4) кешенді қала құрылысы аумағы;

      5) ерікті масштабта аумақтарды дамыту нұсқалары;

      6) қаланың аумақтық даму тұжырымдамасы (құрылымдық жоспар);

      7) нұсқалық зерттеулер негізінде қабылданатын әлеуметтік-экономикалық және құрылымдық-жоспарлау шешімдерінің негіздемесі бар түсіндірме жазба.

      40. Астананы, республикалық маңызы бар қалаларды және облыс орталықтарын дамыту тұжырымдамасының (мастер-жоспар) графикалық материалдары 1:10000 масшатбта орындалады.

      Графикалық материалдардың көрсетілген масштабтарын тапсырыс беруші нақты қала құрылысы жағдайына қарай әзірлеушімен келісу бойынша нақтылайды.";

      55 және 56-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "55. Астананың, республикалық маңызы бар қалалардың және халқының есептік саны жүз мыңнан асатын облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларын Кодекстің 23-бабының 4) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасының Үкіметі бекітеді.

      56. Халқының есептік саны жүз мың адамға дейінгі облыстық маңызы бар қалалардың бас жоспарларының жобаларын Кодекстің 25-бабы 1-тармағының 3) тармақшасына сәйкес жергілікті өкілеттік органдар бекітеді.";

      61-тармақтың мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді;

      63-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "63. ЕТЖЖ:

      1) аумақтарды аймақтарға бөле отырып, аумақтарды жоспарлы ұйымдастырудың негізгі бағыттарын;

      2) қызыл, сары сызықтарды және құрылыс салуды реттеу сызықтарын, су қорғау аймақтары мен белдеулерін;

      3) әлеуметтік (ауруханалар, жалпы білім беретін мектептер, мектепке дейінгі ұйымдар, саябақтар, желекжолдар, шағын бақтар және басқа да қоғамдық пайдалану объектілері), халыққа мәдени және коммуналдық қызмет көрсету объектілерін орналастыру, электр зарядтау станцияларын орналастыруды қоса алғанда, көше-жол желісі мен көліктік қызмет көрсетуді ұйымдастыру және инженерлік коммуникацияларды трассалау үшін аумақты резервтеуді;

      4) көшелердің көлденең пішіндерін;

      5) аумақты абаттандыру мен көгалдандыруды;

      6) қала құрылысының шектеулерін;

      7) инженерлік коммуникациялар жоспарын;

      8) жол инфрақұрылымын дамыту жоспарын;

      9) байланыс құрылысжайларын, байланыс желілерін және инженерлік инфрақұрылымның басқа да объектілерін салу жоспарларын, сондай-ақ байланыс мұқтаждары үшін аумақты резервтеуді белгілейді.";

      10-қосымшаның мемлекеттік тілдегі мәтіні өзгермейді.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады