ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 144-1-бабының 4-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысы мен тиісті саланың орталық уәкілетті органының салалық қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау және қорғау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында бекітілген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны алғаш ресми жариялаған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі |
С. Жумангарин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
| Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі 2026 жылғы 22 мамырдағы № 52 Бұйрықпен бекітілген |
Жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысы мен тиісті саланың орталық уәкілетті органының салалық қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысы мен тиісті саланың орталық уәкілетті органының салалық қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) Қазақстан Республикасының Бюджет кодексі 144-1-бабының 4-тармағына сәйкес әзірленді және жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысы мен тиісті саланың орталық уәкілетті органының салалық қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптарды айқындайды.
2. Осы Талаптарда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) Қазақстан Республикасының жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдігі (бұдан әрі – мемлекеттік кепілдік) – Қазақстан Республикасы Үкіметінің кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорының алдындағы жеке кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі кепілдік шартының талаптарына сәйкес қаржыландыру сомасы жеті миллиард теңгеден асатын инвестициялық жобалар бойынша оларға берілген кепілдіктер жөніндегі міндеттемелерді орындау үшін кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорының қаражаты жеткіліксіз болғанда оның қаржы және өзге де ұйымдар алдындағы берешегінің сомасын толық немесе ішінара өтеу бойынша міндеттемесі;
2) жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысы (бұдан әрі – экономикалық қорытынды) – кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорына жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер берудің орындылығы (оның ел экономикасына әсері және тиісті саланың уәкілетті органының оң салалық қорытындысы негізінде дайындалған стратегиялық және (немесе) бағдарламалық құжаттарға сәйкестігі) тұрғысынан бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы;
3) тиісті саланың уәкілетті органының салалық қорытындысы (бұдан әрі – салалық қорытынды) – жеке кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдікті алуға үміткер тиісті кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорына жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру арқылы саланы дамыту басымдықтарына сәйкестігі тұрғысынан тиісті саланың уәкілетті органының қорытындысы.
2-тарау. Жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысы мен тиісті саланың орталық уәкілетті органының салалық қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптар
3. Экономикалық қорытынды кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры бюджет саясаты жөніндегі уәкілетті органға қағаз және электрондық жеткізгіштерде ұсынған мынадай құжаттардың негізінде, мыналарды:
1) мемлекеттік кепілдік сомасын, оның қолданылу мерзімін, мемлекеттік кепілдікті пайдаланудың институционалдық схемасын (процестің барлық қатысушылары туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылы) қамтитын мемлекеттік кепілдік бойынша ақпаратты;
2) құрылтай құжаттарының, сондай-ақ кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорының мәртебесін растайтын құжаттардың көшірмелерін, компанияның даму стратегиясын, рейтингтік есепті қамтитын кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры туралы ақпаратты;
3) мынадай ақпаратты:
жеке кәсіпкерлікті осындай мемлекеттік қолдау шарасын берудің мүмкіндігі мен орындылығын;
саланың жағдайы және оның дамуына әсер ететін мәселелерді;
жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру мақсаттарының салада орын алып отырған мәселелерді шешуге сәйкес келуін;
кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорына жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер берудің және жетекшілік ететін сала мен экономиканың сабақтас салаларындағы (аяларындағы) болжамды әсердің негізділігін (негізгі қатысушылар, олардың өзара іс-қимыл схемасы, жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдік жөніндегі міндеттемелерді орындауға бөлінген қаражатты пайдалану және қайтару схемасы);
жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер бойынша міндеттемелердің орындалуын талап етуі мүмкін болжамды тәуекелдерді (сақтандыру, саяси, қаржылық тұрақтылық тәуекелдері) және оларды барынша азайту жөніндегі іс-шараларды;
кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры жүзеге асыратын қызметтің Қазақстан Республикасының Мемлекеттік жоспарлау жүйесі құжаттарының мақсаттарына, оның ішінде тиісті салада қызметтерді көрсету қажеттіліктеріне, сондай-ақ жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беруден болатын болжамды түпкілікті нәтижеге сәйкестігін, жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер берудің Қазақстан Республикасы Президентінің, Қазақстан Республикасы Үкіметінің тапсырмаларына не актілеріне сәйкестігін;
жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктің мөлшері мен қолданылу мерзімінің негізділігін;
жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті қолданудан түсетін пайданың бөлінуін;
экономиканың сабақтас салаларына (аяларына) жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдікті қолданудың болжамды мультипликативтік әсерін бағалаудың оң нәтижелерін қамтитын тиісті саланың уәкілетті органының оң қорытындысын қоса бере отырып әзірленеді.
Салалық қорытындыға уәкілетті органның бірінші басшысы не оны алмастыратын адам қол қояды.
4. Бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті орган осы Талаптардың 3-тармағында көрсетілген құжаттарды кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға ұсынған күнінен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен кешіктірмейтін мерзімде осы Талаптарға Қосымшаға сәйкес нысан бойынша жеке кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктерді ұсыну үшін қорытынды дайындайды, онда мыналар:
осы Талаптардың 3-тармағында көзделген ұсынылған құжаттаманың болуын талдау;
кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қорына сәйкес мемлекеттік кепілдік беру негіздемесін талдау (тиісті саланың уәкілетті органының қорытындысына сәйкес);
Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігін талдау;
қорытындылар мен ұсынымдар қамтылуға тиіс.
5. Егер қорытынды ұсынылғаннан кейін 3 (үш) жыл ішінде бюджеттік саясат жөніндегі орталық уәкілетті орган кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына мемлекеттік кепілдік бермеген жағдайда, осы қорытынды түзетуге жатады.
6. Экономикалық қорытынды түзетілген жағдайда кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға осы Талаптардың 3-тармағына сәйкес құжаттарды ұсынады.
Бұл ретте бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындыны түзетуі кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органға құжаттарды ұсынған күнінен бастап 30 (отыз) жұмыс күнінен кешіктірілмей ұсынылады.
Нысан
Жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның қорытындысы
1. | Мемлекеттік кепілдіктер бойынша жалпы ақпарат |
2. | Мемлекеттік кепілдік сомасы |
3. | Мемлекеттік кепілдіктің қолданылу мерзімі |
4. | Мемлекеттік кепілдікті пайдаланудың институционалдық схемасы (барлық процеске қатысушылар туралы ақпарат, олардың өзара іс-қимылы) |
5. | Кәсіпкерлікті дамытудың арнаулы қоры туралы ақпарат |
6. | Жеке кәсіпкерлікті қолдау бойынша мемлекеттік кепілдіктер беру үшін бюджет саясаты жөніндегі орталық уәкілетті органның экономикалық қорытындысы мен тиісті саланың орталық уәкілетті органының салалық қорытындысын әзірлеуге немесе түзетуге қойылатын талаптардың 3-тармағында көзделген ұсынылған құжаттаманың болуы |
7. | Кәсіпкерлікті дамытудың арнайы қорына мемлекеттік кепілдік беру негіздемесі (тиісті саланың уәкілетті органының қорытындысына сәйкес) |
8. | Мемлекеттік жоспарлау жүйесінің құжаттарына сәйкестігін талдау (құжаттың деректемелерін көрсету) |
9. | Қорытындылар мен ұсынымдар |
