"Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 459 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің м.а. 2026 жылғы 15 мамырдағы № 129-НҚ бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 19 мамырда № 38743 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2014 жылғы 12 қарашадағы № 459 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9940 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.

      4.  Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қағидалардың 2-тармағының 1), 2) және 9) тармақшалары, 6-тармағының екінші абзацы, 8, 9, 10 және 11-тармақтары, 12-тармағының екінші абзацы 2026 жылғы 12 шілдеден бастап мынадай редакцияда қолданылады деп белгіленсін:

      "1) цифрлық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған цифрлық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      2) цифрлық объектілер – цифрлық технологиялар арқылы құрылған, пайдаланылатын немесе берілетін, бірегей цифрлық сипаттамаларға ие және цифрлық орта субъектілеріне Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген көлемде иелену, пайдалану не билік ету құқықтарын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін цифрлық ортаның негізделген элементі;";

      "9) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңбаның жабық кілті мен электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып жасалған, электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын цифрлық жазба (цифрлық деректер жиынтығы).";

      "уәкілетті органның цифрлық объектілерінде ақпаратты жинау, жүйелі есепке алу, өңдеу, сондай-ақ сақтау, жаңарту және жинақтау арқылы білім беру ұйымдарының қызметін жүйелі түрде бақылау;";

      "8. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті органның цифрлық объектілеріндегі ақпаратты жинауды, жүйелі түрде есепке алуды, өңдеуді, сондай-ақ сақтауды, жаңартуды, жинақтауды және қорғауды ұйымдастыру тәртібі мыналарды қамтиды:

      1) білім беру мониторингін жүзеге асыратын субъектілердің уәкілетті органның цифрлық объектілеріндегі әкімшілік деректерді енгізуі және (немесе) өзектендіруі;

      2) осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мерзімдерде білім беру мониторингін жүзеге асыратын субъектілердің уәкілетті органның цифрлық объектілеріндегі әкімшілік деректердің толықтығын, дұрыстығын және уақтылы жаңартылуын қамтамасыз етуін бақылауды жүзеге асыру;

      3) білім беру мониторингін жүзеге асыратын субъект басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен әкімшілік деректерді растауы;

      4) уәкілетті органның цифрлық жүйелерінің архивінде сақтау үшін әкімшілік деректерді жыл сайын бір күнге бекіту.";

      "9. Білім беру мониторингін жүзеге асыратын субъектілер уәкілетті органның цифрлық объектілеріндегі әкімшілік деректерді олардың өзгеруі туындаған сәттен бастап тұрақты түрде, бірақ өзгерістер пайда болған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жаңартады.";

      "10. Уәкілетті орган жыл сайын қазанда жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын қоспағанда, білім берудің барлық деңгейлері бойынша әкімшілік деректерді қалыптастыру үшін уәкілетті органның цифрлық объектілерінде әкімшілік деректерді тіркеуді қамтамасыз етеді. Осы кезеңде уәкілетті органның цифрлық объектілерінде әкімшілік деректерді өзектендіру 10 (он) жұмыс күніне дейінгі мерзімге тоқтатылады. Әкімшілік деректерді тіркеу және оларды өзектендіруді тоқтата тұру мерзімдері туралы пайдаланушылар цифрлық объектілерде 3 (үш) жұмыс күні бұрын хабардар етіледі.";

      "11. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы органдар, меншік нысаны мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан, мектепке дейінгі ұйымдардың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары уәкілетті органның цифрлық объектілерінде немесе онымен интеграцияланған басқа да цифрлық жүйелерде әкімшілік деректерді ұсынады және олардың толық, дұрыс және уақтылы толтырылуын қамтамасыз етеді.";

      "уәкілетті органның цифрлық объектілерінің параметрлеріне түзетулер енгізеді;".

      Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің міндетін атқарушы
М. Мелдебекова

  Қазақстан Республикасы
Оқу-ағарту министрінің
міндетін атқарушы
2026 жылғы 15 мамырдағы
№ 129-НҚ бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2014 жылғы 12 қарашадағы
№ 459 бұйрығымен бекітілген

Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Білім беру мониторингін жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді және жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарын (бұдан әрі – білім беру ұйымдары) қоспағанда, білім беру ұйымдарында білім беру мониторингін жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) ақпараттық жүйе – ақпараттық өзара іс-қимыл арқылы белгілі бір технологиялық әрекеттерді іске асыратын және нақты функционалдық міндеттерді шешуге арналған ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың, қызмет көрсетуші персоналдың және техникалық құжаттаманың ұйымдастырылып ретке келтірілген жиынтығы;

      2) ақпараттандыру объектілері – электрондық ақпараттық ресурстар, бағдарламалық қамтылым, интернет-ресурс және ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылым;

      3) әкімшілік деректер – бастапқы статистикалық және балама деректерді қоспағанда, әкімшілік дереккөздер қалыптастыратын жеке немесе заңды тұлға жөніндегі жеке-дара сандық (сандар көмегімен өлшенетін) және (немесе) сапалық (белгілі бар қағидат және (немесе) белгі бойынша құрылған) деректер және шаруашылық бойынша есепке алу деректері;

      4) білім беру мониторингі – білім беру процестерін жүзеге асырудың жай-күйін және нәтижелері мен шарттары өзгеруінің серпінін, білім алушылар контингентін, білім беру ұйымдарының желісін, сондай-ақ олардың қызметі жетістіктерінің рейтингтік көрсеткіштерін жүйелі түрде байқау, талдау, бағалау және болжау;

      5) білім беру саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі және қосымша білім беру салаларында басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;

      6) білім беру сапасы – білім беру қызметі тиімділігінің кешенді сипаттамасы, сондай-ақ білім алушы мен тәрбиеленуші даярлығының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарының талаптарына, жеке адамның, қоғам мен мемлекеттің қажеттіліктеріне сәйкестігі;

      7) мектепке дейінгі, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі, қосымша білім берудің даму жай-күйі туралы ұлттық баяндама (бұдан әрі – Ұлттық баяндама) – мемлекеттік статистика және әкімшілік деректер негізінде өткен жылдың қорытындылары бойынша білім беру жүйесінің жай-күйі мен дамуын сипаттайтын талдамалық жария құжат;

      8) ұлттық статистикалық жинақ – әкімшілік деректер негізінде өңірлер бөлінісінде өткен жылдың қорытындылары бойынша деректердің білім беру жүйесінің статистикалық ақпаратын қамтитын ақпараттық-статистикалық жария құжат;

      9) электрондық цифрлық қолтаңба – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың анықтығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар жиынтығы.

      3. Білім беру мониторингін жүзеге асыру субъектілері мыналар болып табылады:

      1) білім беру ұйымдары;

      2) аудандық (қалалық) білім бөлімдері (бұдан әрі – білім бөлімдері);

      3) облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармалары (бұдан әрі – білім басқармалары).

      4. Білім беру мониторингін жүзеге асырудың объектісі жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беруді қоспағанда, білім беру жүйесі болып табылады.

2-тарау. Білім беру мониторингін жүзеге асыру тәртібі

      5. Білім беру мониторингі:

      білім беру деңгейлері бойынша (мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі);

      қамту бойынша (аудандық/қалалық, облыстық, республикалық, халықаралық);

      ұйым нысаны бойынша (қашықтан, тікелей) жүзеге асырылады.

      6. Білім беру мониторингі келесі түрде жүзеге асыралады:

      уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде ақпаратты жинау, жүйелі есепке алу, өңдеу, сондай-ақ сақтау, жаңарту және жинақтау арқылы білім беру ұйымдарының қызметін жүйелі түрде бақылау;

      орта білім беру ұйымдарындағы оқу процесін талдау және әдістемелік тұрғыдан түзету, педагогикалық қауымдастыққа практикалық көмек көрсету үшін білім басқармалары мен білім бөлімдерінің әдістемелік күндерді ұйымдастыруы және өткізуі;

      әлеуметтік немесе мониторингтік зерттеулер ұйымдастыру (оның ішінде халықаралық салыстырмалы және ұлттық зерттеулер үшін);

      білім беру қызметінің нәтижелерін талдау (ұлттық бірыңғай тестілеу, оқушылардың қорытынды бағаларын, халықаралық салыстырмалы және ұлттық зерттеулер нәтижелерін талдау және салыстыру) түрінде жүзеге асырылады.

      7. Құжаттар мен материалдарды жинау:

      уәкілетті органның әкімшілік деректерінің;

      мемлекеттік статистикалық есептіліктің;

      білім беру сапасының динамикасына әсер ететін факторларға салыстырмалы талдау жүргізудің;

      білім беру ұйымдарын лицензиялау, мемлекеттік аттестаттау және аккредиттеу рәсімдері нәтижелерінің;

      білім беру саласындағы мемлекеттік саясаттың іске асырылуына мемлекеттік бақылауды жүзеге асыратын органдардың білім беру мониторингін жүзеге асыратын субъектілер қызметін тексеру нәтижелері;

      білім алушыларды мемлекеттік қорытынды аттестаттау нәтижелерінің;

      ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелерінің;

      кешенді тестілеу нәтижелерінің;

      педагог қызметкерлердің біліктілігін арттыру және оларды аттестаттау туралы деректердің;

      халықаралық салыстырмалы және ұлттық зерттеулер нәтижелерінің;

      мониторингтік зерттеулер нәтижелерінің;

      әлеуметтік зерттеулер нәтижелерінің негізінде жүзеге асырылады.

      8. Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйелеріндегі ақпаратты жинақтау, жүйелі түрде есепке алу, өңдеу, сондай-ақ сақтау, жаңарту және жинақтау және қорғауды ұйымдастыру тәртібі мыналарды қамтиды:

      1) білім беру мониторингін жүзеге асыру субъектілерінің уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде әкімшілік деректерді енгізуі және/немесе өзектендіруі;

      2) толықтығын, дұрыстығын қамтамасыз етуге бақылауды жүзеге асыру білім беру ұйымдарының, аудандық (қалалық) білім бөлімдерінің және облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың білім басқармаларының осы Қағидалардың 9-тармағында көрсетілген мерзімде уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде мәліметті уақытылы толтыруы;

      3) әкімшілік деректерді білім беру мониторингін жүзеге асыру субъектісі басшысының электрондық цифрлық қолтаңбасымен растау;

      4) уәкілетті органның жүйе мұрағатында сақтау үшін жыл сайын бір күнге әкімшілік деректерді тіркеуі.

      9. Білім берудің бірыңғай ақпараттық жүйелеріндегі немесе білім беру мониторингі субъектілерінің ақпараттық жүйесіндегі әкімшілік деректерді өзектендіру өзгерістердің туындау фактісі бойынша, бірақ олар туындаған сәттен бастап 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей үнемі жүзеге асырылады.

      10. Уәкілетті орган жыл сайын қазан айында білім берудің барлық деңгейлері бойынша әкімшілік есептілікті қалыптастыру үшін білім уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде әкімшілік деректерді тіркеуді қамтамасыз етеді. Осы кезеңде уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде әкімшілік деректерді өзектендіру 10 (он) жұмыс күнге дейінгі мерзімге тоқтатылады. Әкімшілік деректерді тіркеу және өзектілендіруді тоқтата тұру мерзімдері туралы пайдаланушылар ақпараттандыру объектілерінде 3 (үш) жұмыс күн бұрын хабардар етіледі.

      11. Білім беру саласындағы жергілікті атқарушы орган, меншік нысанына және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан мектепке дейінгі ұйымдардың, орта, техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының басшылары уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінде немесе онымен интеграцияланған басқа ақпараттық жүйелерде деректерді толық, дұрыс және уақтылы толтыруды ұсынады және қамтамасыз етеді.

      12. Білім беру мониторингінің нәтижелері бойынша уәкілетті орган:

      уәкілетті органның ақпараттандыру объектілерінің параметрлеріне түзетулер енгізеді;

      жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі 1 желтоқсанға дейін Ұлттық баяндаманы жариялайды;

      жыл сайын, есепті кезеңнен кейінгі 1 наурызға дейін ұлттық статистикалық жинақты жариялайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады