Сертификаттау орталығының үлгілік жарғысын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 214 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 4 мамырда № 38644 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексінің 24-бабының 44) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған сертификаттау орталығының үлгілік жарғысы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп
және құрылыс министрінің
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 214 Бұйрыққа
  1-қосымша

Сертификаттау орталығының үлгілік жарғысы

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Сертификаттау орталығының жарғысы (бұдан әрі – Орталық) Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексіне, "Коммерциялық емес ұйымдар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және 20 жылғы " " ________ құрылтайшының (құрылтайшылардың) шешімімен бекітілді.

      2. Сертификаттау орталығы деп сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау үшін жеке және (немесе) заңды тұлғаларды біріктіру нысанындағы заңды тұлға сертификаттау орталығы болып танылады.

      3. Орталықтың толық атауы:

      мемлекеттік тілде: _______________________________________________

      ресми тілде: ____________________________________________________

      Қысқартылған атауы:

      мемлекеттік тілде: _______________________________________________

      ресми тілде: ____________________________________________________

      4. Орталықтың орналасқан жері: __________________________________

      5. Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы жұмыс мен көрсетілетін қызметтер бағыты: (жобалау / техникалық қадағалау / авторлық қадағалау / іздестіру қызметі / ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеу / жобалардың сараптамасы / құрылыс-монтаж жұмыстары).

      (Орталықтың бағытының түрін таңдау қажет)

2-тарау. Орталық қызметінің мәні мен мақсаттары

      6. Орталық қызметінің мәні:

      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттау;

      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) тізілімін жүргізу;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған және жарғылық мақсаттарға сәйкес келетін өзге де қызмет түрлері.

      7. Орталық қызметінің мақсаты:

      сертификаттаудан өтуге үміткер кандидаттыңсәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен кәсіптік стандарттардың талаптарына сәйкестігін бағалау;

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандардың (сарапшылардың) құқықтары мен заңды мүдделерін қорғау;

      кандидаттардыңсертификаттау нәтижелерімен келіспейтін шағымдарын қарау;

      сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) қызметіне мониторинг жүргізу.

3-тарау. Орталықтың құқықтары мен міндеттері

      8. Сертификаттау орталығы құқылы:

      1) мемлекеттік органдарға ұсыныстар енгізу арқылы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы мамандарды (сарапшыларды) сертификаттауға байланысты нормативтік құқықтық актілерді жетілдіру жөніндегі жұмысқа қатысуға;

      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) құқықтары мен заңды мүдделерін білдіруге және қорғауға;

      3) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де құқықтарды жүзеге асыруға.

      9. сертификаттау орталығы:

      1) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті орган айқындаған тәртіппен сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі мамандарды (сарапшыларды) сертификаттауды жүргізуге;

      2) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) тізіліміне деректерді енгізе отырып, сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы маман (сарапшы) сертификатын беруге;

      3) сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органмен келісім бойынша сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) қызметін ішкі бақылау (мониторинг) тәртібін әзірлеуге және бекітуге;

      4) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандар (сарапшылар) үшін біліктілікті арттыру кестесін бекітуге;

      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) тізіліміне бұзушылықтар анықталған кезден бастап сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) анықталған бұзушылықтары туралы мәліметтерді енгізуге және сәулет, қала құрылысы және құрылыс істері жөніндегі уәкілетті органды хабардар етуге;

      6) Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы заңнамасын бұзғаны үшін сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған маманға (сарапшыға) шаралар қолдануға, оның ішінде сертификаттың қолданысын тоқтатуға;;

      7) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) қызметіне мониторингті жүзеге асыруға;

      8) Қазақстан Республикасының заңдарында көзделген өзге де міндеттерді жүзеге асыруға міндетті.

4-тарау. Орталықтың басқару органдары және оларды қалыптастыру тәртібі

      10. Орталықтың басқару органдары:

      1) жоғары орган – құрылтайшылардың жалпы жиналысы (немесе құрылтайшы) (бұдан әрі – Құрылтайшылар жиналысы) болып табылады.

      Құрылтайшылар жиналысының құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

      1) Орталықтың құрылтай құжаттарын қабылдау, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу;

      2) Орталықты ерікті түрде қайта ұйымдастыру және тарату;

      3) Орталық басқару органдарының құзыретін, ұйымдық құрылымын, өкілеттіктерін қалыптастыру және тоқтату тәртібін айқындау;

      4) атқарушы органдардың қаржылық есептілігін ұсыну тәртібі мен кезеңділігін, сондай-ақ бақылау органының тексеру жүргізу және олардың нәтижелерін бекіту тәртібін айқындау;

      5) заңнамалық актілерде белгіленген шектерде Орталықтың басқа заңды тұлғаларды, өз филиалдары мен өкілдіктерін құруға немесе олардың қызметіне қатысуы туралы шешім қабылдау.

      Құрылтайшылар жиналысы өз мiндеттерiн өтеусiз негiзде немесе Құрылтайшылар жиналысының шешiмi бойынша ақы төлеп орындайды.

      Құрылтайшылардың жиналысы күнтізбелік жыл ішінде кемінде бір рет өткізіледі.

      Құрылтайшылар жиналысының мүшелері үш жыл мерзімге сайланады.

      Құрылтайшылардың кезектен тыс жиналысы Құрылтайшылар жиналысы мүшелерінің, Орталық директорының және Тексеру комиссиясы мүшелерінің талап етуі бойынша шақырылады.

      Құрылтайшылар жиналысының өз құзыретіне кіретін мәселелер бойынша шешімі оның отырысына қатысқан Құрылтайшылар жиналысы мүшелерінің жай көпшілік дауысымен қабылданады, хаттамамен ресімделеді, оған отырысқа қатысқан Құрылтайшылар жиналысының мүшелері қол қояды. Құрылтайшылар жиналысының шешімі Орталықтың барлық басқару органдары үшін міндетті болып табылады.

      Құрылтайшылар жиналысы, егер оған Құрылтайшылар жиналысы мүшелерінің жалпы санының кемінде жартысы қатысса, заңды деп танылады;

      2) атқарушы орган – Құрылтайшылар жиналысының шешімімен тағайындалатын Орталық директоры.

      Орталық директорының құзыретіне мынадай мәселелер жатады:

      1) орталықтың құрылтай құжаттарымен жоғары басқару органының айрықша құзыретіне жатқызылған мәселелерді қоспағанда, орталықтың қызметіне ағымдағы басшылықты жүзеге асыру, осы органға есеп береді;

      2) орталықтың қаржы-шаруашылық қызметін ұйымдастыру;

      3) құрылтайшылар жиналысының шешімі негізінде шарт жасасу;

      4) барлық соттарда, мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда сенімхатсыз және Құрылтайшылар жиналысының шешімінсіз Орталықты ұсыну;

      5) сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы сертификатталған мамандардың (сарапшылардың) мониторингін және тізілімін жүргізу;

      6) Орталық қызметінің жариялылығы мен ашықтығын қамтамасыз ету.

      Орталықтың директоры Құрылтайшылар жиналысының шешімімен құрылтайшылар арасынан үш жыл мерзімге сайланады және Орталық қызметінің нәтижелері үшін жауапты болады;

      3)бақылау органы –Құрылтайшылар жиналысының мүшелері сайлайтын тексеру комиссиясы (ревизор).

      Тексеру комиссиясының (тексерушінің) құзыретіне Орталықтың қаржылық құжаттамасын тексеруді жылына кемінде бір рет жүзеге асыру мәселелері жатады. Орталықтың қаржылық құжаттамасын тексеру нәтижелері бойынша тексеру комиссиясының (тексерушінің) есебі Құрылтайшылар жиналысында қаралады.

      Тексеру комиссиясының мүшелері (ревизор) Құрылтайшылар жиналысының шешімімен кемінде 3 адамнан тұратын құрамда үш жыл мерзімге сайланады. Тексеру комиссиясының мүшелері Орталықтың атқарушы және жоғары басқару органының міндеттерін бір мезгілде атқара алмайды.

      11. Орталықтың еңбек шарты бойынша жұмыс істейтін штаттағы қызметкерлеріне Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасы қолданылады.

5-тарау. Орталықтың мүлкі

      12. Орталықтың мүлкі:

      1) құрылтайшылардың жарналары;

      2) жарғылық қызметтен түсетін кірістер;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      13. Орталықтың мүлкі бөлінбейтін болып табылады және тек жарғылық мақсаттар үшін пайдаланылады.

6-тарау. Жарғыға өзгерістер енгізу

      14. Осы Жарғыға өзгерістер мен толықтырулар Құрылтайшылар жиналысының шешімімен ғана енгізілуі мүмкін.

      15. Орталықтың Жарғысына өзгерістер мен толықтырулар, егер олар үшін Құрылтай жиналысына қатысып отырғандардың жалпы санының жартысынан астамы дауыс берсе, енгізіледі.

      16. Барлық өзгерістер мемлекеттік тіркеуге жатады.

7-тарау. Қайта ұйымдастыру және тарату

      17. Орталық Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен қайта ұйымдастырылуы немесе таратылуы мүмкін.

      18. Таратылғаннан кейін қалған мүлік, егер заңда өзгеше көзделмесе, жарғылық қызметке сәйкес келетін мақсаттарға бағытталады. Қалған мүлікті жөнелту туралы шешімді тарату комиссиясының ұсынуы бойынша құрылтайшылардың жалпы жиналысы берілген қаражатты мақсатты пайдалану туралы есепті міндетті түрде жариялау қажет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады