Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің 2026 жылғы 30 сәуірдегі № 219 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 4 мамырда № 38637 болып тіркелді

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің 71-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Геология комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрі
Е. Нагаспаев

  Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің
2026 жылғы 30 сәуірдегі
№ 219 бұйрығымен бекітілген

Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу қағидалары (бұдан әрі - Қағида) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (әрі қарай - Кодекс) 71-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және аккредиттелген ғылыми ұйымдарды тарта отырып, геология саласындағы ұлттық оператордың мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу тәртібін айқындайды.

      2. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде жүзеге асырылады.

      3. Осы Қағидаларға сәйкес аккредиттелген ғылыми ұйымдар орындайтын жұмыстар геология саласындағы ұлттық оператордың тапсырмасымен жүзеге асырылады.

2-тарау. Мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу тәртібі

      4. Аккредиттелген ғылыми ұйымдарды тарта отырып, мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеуді жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде геология саласының ұлттық операторы жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның жоспары негізінде жүзеге асырады.

      5. Аккредиттелген ғылыми ұйымдар геология саласындағы ұлттық оператордың тапсырысы бойынша тартылады.

      6. Аккредиттелген ғылыми ұйымдарды тарту кешенді ғылыми сүйемелдеуді қамтамасыз ету және сараптамалық-талдамалық қолдау көрсету мақсатында жүзеге асырылады.

      7. Аккредиттелген ғылыми ұйымдарды тарту мынадай бағыттар бойынша жүзеге асырылады.

      1) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу:

      қазіргі заманғы геологиялық модельдерді, цифрлық деректерді және бұрынғы жүргізілген жұмыстардың нәтижелерін ескере отырып, аумақтардың минералдық-шикізаттық әлеуетін болжамды және перспективалық бағалауды дайындау;

      зерттеу объектілері мен әдістерін таңдау негіздемесін қоса алғанда, жер қойнауын геологиялық зерттеудің басым бағыттары бойынша ғылыми-талдамалық ұсыныстар әзірлеу;

      жобалық шешімдердің ғылыми сараптамасын қоса алғанда, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу бағдарламалары мен жобаларын қалыптастыруға қатысу;

      пайдалы қазбалар кен орындарын іздеу, бағалау және барлау әдістерін жетілдіруге бағытталған ғылыми зерттеулер жүргізу;

      2) жер қойнауының мемлекеттік мониторингі:

      жер қойнауының жай-күйін мониторингілеудің ғылыми негізделген әдістемелері мен тәсілдерін әзірлеу;

      жер қойнауының жай-күйінің өзгеруінің ғылыми-талдамалық қорытындылары мен болжамдарын дайындау;

      геологиялық ақпаратты өңдеу мен түсіндірудің заманауи әдістерін қолдана отырып, мониторинг деректерін талдау.

      3) мемлекеттік жер қойнауы қорының бірыңғай кадастрын жүргізу:

      пайдалы қазбалардың түрлері бойынша минералды-шикізат базасын өңдеуге және жағдайына ғылыми негізделген бағалауды жүргізу;

      игеруге тартылмаған кен орындарын олардың инвестициялық тартымдылығын айқындауды қоса алғанда кешенді ғылыми бағалауды жүзеге асыру;

      жер қойнауы қорын басқару және мемлекеттік жоспарлау мақсаттарына ғылыми-талдамалық материалдар дайындау.

      4) жер қойнауын мемлекеттік мониторингілеу, жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерделеу және жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялар нәтижесінде алынатын геологиялық ақпаратты жинау, жүйелеу, қорыту және талдау:

      уәкілетті органдар үшін ғылыми негізделген қорытындылар, талдамалық деректер мен ұсынымдар дайындау;

      цифрлық және мұрағаттық жинақтармен қоса алғанда, әртүрлі геологиялық деректерге интеграциялық талдау жүргізу;

      геологиялық ақпараттың салыстырмалылығы мен дұрыстығын қамтамасыз ету.

      5) мемлекеттің меншігіндегі, иелігіндегі немесе пайдалануындағы геологиялық ақпаратты сақтау, талдау және беру жөніндегі инфрақұрылымды құру, пайдалану және дамыту:

      геологиялық ақпаратты сақтау инфрақұрылымын қалыптастыру және дамыту тәсілдерінің ғылыми негіздемесі;

      қазіргі заманғы технологиялар мен жабдықтарды енгізумен қоса, зертханалық-талдамалық базаны жаңғырту бойынша ұсыныстар әзірлеу;

      ғылыми негіздеме және геологиялық ақпаратқа талдау жүргізу.

      8. Мемлекеттік жер қойнауы қорын зерттеу шеңберінде аккредиттелген ғылыми ұйымдар:

      1) жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу нәтижелерін ғылыми сараптауды;

      2) талдамалық материалдар мен ғылыми негізделген ұсыныстарды дайындауды орындайды.

      9. Орындалған жұмыстардың нәтижелері бойынша аккредиттелген ғылыми ұйым қорытындылар мен ұсынымдарды қамтитын, жазбаша нысанда ресімделетін сараптамалық қорытындыны дайындайды және геология саласындағы ұлттық операторға ұсынылады.

      10. Ғылыми ұйымдар орындаған ғылыми зерттеулер мен сараптамалардың нәтижелері мемлекеттік жер қойнауы қорын зерттеу нәтижелері туралы есепке енгізіледі.

      11. Геология саласындағы ұлттық оператор жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның жоспары бойынша жұмыстың орныдалуын қамтамасыз етеді.

      12. Аяқталған жұмыс бойынша жер қойнауын мемлекеттік геологиялық зерттеу шеңберінде мемлекеттік жер қойнауы қорының жай-күйін зерттеу нәтижелері туралы есеп жасалады.

      13. Есеп орындалған жұмыстың сипаттамасын, зерттеу нәтижелерін, геологиялық қорытындылар мен ұсынымдарды, графикалық және картографиялық материалдарды қамтиды.

      14. Есеп жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органға және/немесе оның аумақтық бөлімшелеріне кезең-кезеңімен және түпкілікті қабылдау үшін ұсынылады.

      15. Есеп республикалық және аумақтық геологиялық қорларға электрондық және қағаз тасығышта беруге жатады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады