Цифрлық қаржы активтері нарығындағы іс-әрекеттерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану қағидалары мен шарттарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 28 сәуірдегі № 88 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 30 сәуірде № 38596 тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.05.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Цифрлық қаржы активтері нарығындағы іс-әрекеттерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану қағидалары мен шарттары бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу
және дамыту Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің Басқармасының
2026 жылғы 28 сәуірдегі
№ 88 каулысымен
бекітілген

Цифрлық қаржы активтері нарығындағы іс-әрекеттерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану қағидалары мен шарттары

1-Тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Цифрлық қаржы активтері нарығындағы іс-әрекеттерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану қағидалары мен шарттары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Цифрлық активтер туралы заң) 4-бабы 2-тармағының 8) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      2. Қағидаларда пайдаланылатын ұғымдар Цифрлық активтер туралы заңда және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мәндерде қолданылады.

      Қағидалардың мақсаттары үшін:

      цифрлық қаржы активтері нарығында айла-шарғы жасау ретінде цифрлық қаржы активтері нарығы субъектінің және өзге де тұлғалардың цифрлық қаржы активтерінің бағаларын ұсыныс пен сұраныстың объективті арақатынасы нәтижесінде белгіленген бағадан жоғары немесе төмен белгілеуге және (немесе) ұстап тұруға, цифрлық қаржы активімен сауданың көрінуін жасауға бағытталған іс-әрекеттері түсініледі.

      цифрлық қаржы активтері нарығының субъектісі деп цифрлық қаржы активтері платформасының операторлары, цифрлық активтердің сауда платформасының операторлары, цифрлық қаржы активтерінің эмитенттері түсініледі.

      3. Цифрлық қаржы активтері нарығында айла-шарғы жасауды анықтау мәніне мониторинг пен талдауға цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің және өзге де тұлғалардың (мәмілелер жасауды және цифрлық активтердің сауда платформасында және (немесе) цифрлық қаржы активтері платформасында өтінімдер жариялауды, ақпаратты таратуды қоса алғанда) құрылуы мен жұмыс істеуі цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының ішкі құжаттарымен реттелетін цифрлық қаржы активтері платформаларында және сауда платформаларында айналысқа түсетін цифрлық қаржы активтеріне қатысты әрекеттері жатады.

2-Тарау. Цифрлық қаржы активтері нарығындағы іс-әрекеттерді айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп танудың тәртібі мен шарттары

      4. Цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің және өзге де тұлғалардың айла-шарғы жасау мақсатында жасалған іс-әрекеттерін анықтау мәніне мониторинг пен талдауға мынадай іс-әрекеттер (Қағидалардың 6-тармағының ережелерін ескере отырып) жатады:

      1) цифрлық активтердің сауда платформасының екі немесе одан көп операторы арқылы бір клиент берген бір шығарылымдағы цифрлық қаржы активтерін сатуға және сатып алуға қарсы өтінімдер (тапсырыстар) негізінде мәміле жасау;

      2) цифрлық қаржы активі сауда-саттығының бағасы, сұранысы, ұсынысы және (немесе) көлемі осындай мәміле жасалмай қалыптасатын деңгейден айтарлықтай өзгеше деңгейде ауытқыған және (немесе) қолдау тапқан цифрлық қаржы активімен мәміле жасау;

      3) мынадай әрекеттерді жасау арқылы цифрлық қаржы активінің өтімділігі және (немесе) оның бағасы туралы жалған және (немесе) жаңылыстыратын түсінік қалыптастыру:

      цифрлық қаржы активін сатуға немесе сатып алуға өтінімді кейіннен жоюмен (алып тастаумен) беру;

      цифрлық қаржы активін сатуға немесе сатып алуға өтінімдер санының экономикалық мәні тұрғысынан негізсіз беру;

      цифрлық қаржы активіне қатысты дәйексіз және (немесе) жаңылыстыратын ақпаратты тарату;

      4) жеке және (немесе) заңды тұлғалардың масс-медиа арқылы цифрлық қаржы активтері, олардың эмитенттері туралы мәліметтерді жарнамада ұсынылған ақпаратты қоса таратуы;

      5) егер көрсетілген әрекеттер клиенттің көрсетілген өтінімі орындалғанға дейін осы цифрлық қаржы активінің бағасының өзгеруіне себеп болса, цифрлық қаржы активтері платформасы операторының осы оператордың клиентінің осындай цифрлық қаржы активін сатуға немесе сатып алуға берген не беруге жататын өтінімі туралы ақпаратты пайдалана отырып, цифрлық қаржы активімен мәміле жасауы;

      6) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтер сауда платформасы операторының ішкі құжаттарында айқындалған қосымша шарттарға сәйкес келетін цифрлық қаржы активімен мәміле жасау.

      5. Қағидалардың 4-тармағында көзделген іс-әрекеттер цифрлық қаржы активімен сауда-саттық бағасының, сұранысының, ұсынысының және көлемінің ауытқуын айқындаудың мынадай өлшемшарттарының біріне сәйкес келеді:

      1) мониторинг және талдау кезеңі ішінде сауда-саттық бағасының, сұранысының, ұсынысының немесе көлемінің қалыптасқан деңгейін растайтын цифрлық қаржы активі сауда-саттығына тәуелсіз қатысушылар арасында мәмілелердің болмауы;

      2) осы цифрлық қаржы активін сатып алуға және сатуға өтінімдер құрылымын бір мезгілде өзгерткен кезде цифрлық қаржы активімен сауда-саттық көлемінің өзгеруі;

      3) осы цифрлық қаржы активін шығару немесе айналысқа шығару шарттары өзгермеген кезде цифрлық қаржы активін сатып алуға және сатуға өтінімдердің арақатынасын өзгерту;

      4) цифрлық қаржы активін сатып алуға және сатуға арналған өтінімдер бағасының деңгейлерін өзгерту;

      5) әр түрлі сауда алаңдарындағы бірдей цифрлық қаржы активінің баға деңгейлерінің айырмашылығы;

      6) мониторинг және талдау кезеңі ішінде кейінгі мәмілелермен белгіленген баға деңгейлерін растаудың болмауы;

      7) осы цифрлық қаржы активімен сауда-саттыққа қатысушылардың шектеулі тобында жеке цифрлық қаржы активіне қатысты сауда белсенділігінің шоғырлануы;

      8) тиісті нарықтық факторлар болмаған кезде цифрлық қаржы активімен сауда-саттық бағасының, сұранысының, ұсынысының және (немесе) көлемінің бірнеше рет өзгеруі.

      Егер Қағидаларда өзгеше белгіленбесе, жоғарыда көрсетілген өлшемшарттарды қолдану үшін пайдаланылатын өлшемдер (бұдан әрі – өлшемдер) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторының ішкі құжаттарында цифрлық қаржы активтерінің түріне, өтімділігіне және нарықтық бағасына байланысты айқындалады:

      1) өлшемдерді есептеу әдістемесі белгіленеді, онда мыналар қамтылған:

      цифрлық қаржы активінің нарықтық бағасы, сұранысы, ұсынысы, сауда-саттық көлемі;

      цифрлық қаржы активі бағасының, сұранысының, ұсынысының, сауда-саттық көлемінің ауытқуы;

      цифрлық қаржы активінің өтімділігі;

      2) цифрлық қаржы активтерімен сауда-саттықтың барлық қатысушыларына қатысты өлшемдерді бірыңғай қолдану қамтамасыз етіледі.

      6. Цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің немесе өзге де тұлғалардың іс- әрекеттерін цифрлық қаржы активтері нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп анықтау тұрғысынан мынадай шарттарға сәйкес келетін іс әрекеттер мониторинг пен талдауға жатпайды:

      цифрлық қаржы активі бағасының өзгеруі акциялар бойынша бөлу (сплит) жүргізу және (немесе) осы цифрлық қаржы активінің базалық активі болып табылатын акциялар санын қайта қарау нәтижесінде қалыптасқан;

      осы цифрлық қаржы активтерінің бағасына айтарлықтай әсер етуі мүмкін, оларды жаңа баға бойынша орналастыру және (немесе) оларды шығару шарттарына түзетулер енгізу (енгізілген) туралы эмитенттің уәкілетті органның қабылданған шешімінің ықпалымен қалыптасқан баға бойынша цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасау;

      базалық активі ақша болып табылатын цифрлық қаржы активтерімен жасалған іс-әрекеттер.

      7. Олардың орындалуы осы мәмілелердің тараптарында болатын осындай цифрлық қаржы активтері санының айтарлықтай өзгеруіне әкеп соқпаған цифрлық қаржы активтерін сатып алу-сатудың мынадай мәмілелері айла-шарғы жасау мақсатында жасалған болып табылмайды:

      1) сол бір цифрлық қаржы активтерімен сол бір көлемдегі екі мәміле, олардың ішіндегі екіншісі цифрлық қаржы активтері нарығында осы мәмілелердің біріншісін жасасу кезінде жіберілген техникалық қатені түзету мақсатында жасалған;

      2) оны жасау талаптары цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының ішкі құжаттарында айқындалған өлшемшарттар негізінде елеусіз деп танылған мәміле.

      8. Цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің және өзге де тұлғалардың іс-әрекеттерін цифрлық қаржы активтері нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп анықтауды:

      1) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының және цифрлық қаржы активтерімен операцияларды жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың есептерінде, цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің, мемлекеттік органдардың және өзге де жеке және заңды тұлғалардың жолданымдарында (өтініштерінде, шағымдарында), бұқаралық ақпарат құралдарының жарияланымдарында, цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің қызметін тексеру нәтижелерінде қамтылған ақпарат негізінде қаржы нарығын ме қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган);

      2) цифрлық қаржы активтері платформасы операторларына және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторларына жасалатын цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің іс-әрекеттерін қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының құрылымдық бөлімшелері жүзеге асырады.

      9. Құрылымдық бөлімшелер Қағидалардың 6 және 7-тармақтарында көзделген ережелерді ескере отырып, Қағидалардың 4-тармағына сәйкес келетін цифрлық қаржы активтері платформасының операторларына және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасы операторларына жасалатын цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің іс-әрекеттерін қадағалау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын цифрлық қаржы активтері платформасы операторларын және (немесе) цифрлық қаржы активтерінің сауда платформасы операторларын анықтаған кезде, мұндай әрекеттер туралы есеп уәкілетті органға цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының және цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының ішкі құжаттарында белгіленген мерзімде, бірақ мұндай әрекеттер анықталған күннен кейінгі күннен бастап 15 (он бес) жұмыс күнінен кешіктірмей жіберіледі.

      10. Цифрлық қаржы активтері нарығы субъектісінің және өзге де тұлғалардың іс-әрекеттерін цифрлық қаржы активтері нарығында айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тануды уәкілетті орган бағалы қағаздар нарығы субъектісінің және өзге де тұлғалардың іс-әрекеттерін айла-шарғы жасау мақсатында жасалған деп тану мәселелерін қарауды жүзеге асыратын сараптама комитетінің қорытындысын қарау қорытындылары бойынша жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады