Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты мемлекеттік аттестаттауды өткізу қағидаларын бекiту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 22 сәуірдегі № 206 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 24 сәуірде № 38536 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 55-1-бабы 3-тармағының 2) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 85-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты мемлекеттік аттестаттауды өткізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым және жоғары білім саласында сапаны қамтамасыз ету комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Бас прокуратурасы


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық қауіпсіздік комитеті


      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2026 жылғы 22 сәуірдегі
№ 206 бұйрықпен
бекітілген

Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты мемлекеттік аттестаттауды өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына қатысты мемлекеттік аттестаттауды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 55-1 бабының 3-тармағының 2) тармақшасына, "Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2022 жылғы 19 тамыздағы № 580 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігі туралы ереженің 15-тармағының 85-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын әскери, арнаулы оқу орындарына (бұдан әрі – ӘАОО) қатысты мемлекеттік аттестаттауды өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) білім беру бағдарламасы – оқытудың мақсатын, нәтижелері мен мазмұнын, білім беру процесін ұйымдастыруды және оларды іске асыру тәсілдері мен әдістерін, оқыту нәтижелерін бағалау өлшемшарттарын қамтитын білім берудің негізгі сипаттамаларының біртұтас кешені;

      2) білім алушылардың білім бағалау – білім алушылардың оқу жетістіктерін бағалау;

      3) оқыту нәтижелері – білім алушылардың білім беру бағдарламасын меңгеру бойынша алған, көрсететін білімінің, машықтарының, дағдыларының бағалаумен расталған көлемі және қалыптасқан құндылықтар мен қарым-қатынастар.

2-тарау. Мемлекеттік аттестаттауды өткізу тәртібі

      3. Ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы (бұдан әрі – Уәкілетті орган) ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламаларын іске асыратын ӘАОО-на қатысты мемлекеттік аттестаттауды бес жылда бір рет Заңға және осы Қағидаларға сәйкес жүргізеді.

      Мемлекеттік аттестаттауға жататын ӘАОО-ның тізбесін аттестаттау мерзімдерін көрсете отырып, Уәкілетті орган бекітеді және оның ресми интернет-ресурсында орналастырылады.

      Бірінші мемлекеттік аттестаттау жаңадан құрылған ӘАОО жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарында мамандардың алғашқы бітіру кезінен бастап бір жылдан кешіктірілмей өткізіледі.

      4. Мемлекеттік аттестаттауды жүргізу кезіндегі негізгі бағыттары мен зерделеу объектілері:

      1) білім алушылар контингенті;

      2) кадрлық әлеует;

      3) білім беру бағдарламаларын іске асыру үшін кажетті материалдық активтер (оқу ғимараттары, оқу/ғылым/арнайы зертханалық база, оқытудың техникалық құралдары, бағдарламалық жасақтама, білім алушылар үшін жағдайлар (тамақтану, тұруына арналған үй-жайлар, медициналық қызмет көрсету);

      4) кітапхана қоры;

      5) оқу, оқу-әдістемелік, тәрбие жұмысы;

      6) кәсіптік практика (тағылымдама);

      7) ғылыми-зерттеу жұмыстары болып табылады.

      5. Мемлекеттік аттестаттау рәсімінің негізгі мәні ӘАОО-ның Заңның, "Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 20 шілдедегі № 2 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 28916 болып тіркелген) бекітілген жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің мемлекеттік жалпыға міндетті стандарттарының (бұдан әрі – МЖМС) талаптарына сәйкестігін айқындау болып табылады.

      6. Мемлекеттік аттестаттаудың басталғаны туралы хабарлама мемлекеттік аттестаттау басталғанға дейін бір ай бұрын ӘАОО-ға жіберіледі.

      Мемлекеттік аттестаттау 7 (жеті) жұмыс күнінен аспайтын мерзімде жүргізіледі.

      7. Уәкілетті орган мемлекеттік аттестаттау жүргізу үшін ӘАОО-ның білім беру қызметіне объективті бағалау жүргізу жөніндегі комиссияны құрайды (бұдан әрі – Комиссия). Комиссия құрамы, ведомстволық бағыныстылығында аттестатталатын ӘАОО-ны бар мемлекеттік органның өкілдерін және аттестатталатын ӘАОО-ның өкілдерін қоспағанда, Уәкілетті органның лауазымды адамдары, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының, мемлекеттік органдар мен білім беру ұйымдарының өкілдері қатарынан қалыптастырылады.

      Уәкілетті органның бұйрығы негізінде Уәкілетті органның лауазымды адамы Комиссия төрағасы болып тағайындалады.

      МЖМС талаптарының негізінде Комиссия төрағасы Комиссия мүшелері арасында осы Қағидалардың 4-тармағында келтірілген ӘАОО қызметінің бағыттарын зерделеу жөніндегі тапсырмаларды бөледі.

      8. Комиссия өз қызметінде МЖМС талаптарын және ведомстволық бағыныстылығына қарай ӘАОО-ның қызметін регламенттейтін Қазақстан Республикасының заңнамасын басшылыққа алады.

      9. МЖМС талаптарында көзделген білім беру бағдарламаларын меңгеру бойынша білім алушылардың даярлық деңгейінің сәйкестігін айқындау үшін бакалавриат пен магистратураның бітіруші курстарының білім алушыларының білімін бағалау арқылы оқыту нәтижелерін бағалау жүргізіледі.

      Бағалаудың ұйымдастыру және өткізу тәртібі Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 8 қарашадағы № 569 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33622 болып тіркелген) бекітілген Білім алушылардың білімін бағалауды жүргізу үшін қағидалар мен талаптармен айқындалады.

      Бағалау нәтижелері білім алушылардың даярлық деңгейін бағалау өлшемшарттарының бірі болып табылады және мемлекеттік аттестаттау материалдарына қоса тіркеледі.

      10. Комиссия мемлекеттік аттестаттауды өткізу кезінде барлық зерделеу объектілері бойынша бақылау нәтижелерін жинақтайды және мемлекеттік аттестаттау нәтижелері туралы қорытынды (бұдан әрі – Қорытынды) қалыптастырады.

      Қорытынды осы Қағидалардың 4-тармағында келтірілген мемлекеттік аттестаттау кезіндегі зерделеу объектілері жөніндегі мәліметтерден тұрады, сондай-ақ қорытындылар мен ұсыныстарды қамтиды.

      11. ӘАОО-ның мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша Комиссияның алқалы шешімімен мынадай шешімдердің бірі қабылданады:

      1) ӘАОО-ның білім беру қызметі МЖМС-ның талаптарына толық сәйкес келген жағдайда, аттестатталды;

      2) ӘАОО-ның білім беру қызметі МЖМС-ның талаптарына сәйкес келмеген жағдайда, аттестатталмады.

      12. Қорытындының екі данасына Комиссия қол қояды.

      Қорытындының көрсетілген даналарына танысқаны және даналардың біреуін алғаны туралы белгімен ӘАОО-ның басшысы қол қояды, және ӘАОО-ның мөрімен расталады.

      ӘАОО-ның басшысы Қорытынды даналарына қол қоюдан бас тартқан жағдайда Комиссия тиісті актіні жасайды және Қорытындының бір данасы ӘАОО-ға енгізіледі.

      13. Мемлекеттік аттестаттаудың соңғы күні Комиссия төрағасы ӘАОО-ға Қорытынды туралы хабарлайды.

      ӘАОО басшылығы Комиссия Қорытындысымен келіспеген жағдайда, Қорытынды ресми жария етілгеннен кейін күнтізбелік 3 (үш) күн ішінде жазбаша негіздемемен Уәкілетті органға жүгінеді.

      14. Қорытындының (ӘАОО-ның қорытындымен келіспеу туралы өтінішін қарау нәтижелері – бар болған кезде) негізінде Уәкілетті органның ӘАОО-ны мемлекеттік аттестаттаудан өткен немесе өтпеген деп тану туралы бұйрығы күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмей шығарылады.

      15. ӘАОО мемлекеттік аттестаттаудан өтпеген деп танылған жағдайда, Уәкілетті органның бұйрығында анықталған МЖМС бұзушылықтарын жою мерзімі көрсетіледі.

      Уәкілетті органның бұйрығымен белгіленген мерзім ішінде ӘАОО анықталған бұзушылықтарды жоюды қамтамасыз етеді және Уәкілетті органға растайтын материалдарымен ақпаратты ұсынады.

      16. Осы Қағидалардың 15-тармағына сәйкес ӘАОО ұсынған материалдарды талдау негізінде Уәкілетті орган комиссия қалыптастырады және ұзақтығы 5 (бес) жұмыс күнінен аспайтын қайта мемлекеттік аттестаттау өткізеді.

      Қайта мемлекеттік аттестаттау нәтижелері ӘАОО-ны мемлекеттік аттестаттаудан өтті немесе өтпеді деп тану туралы Уәкілетті органның бұйрығымен ресімделеді.

      Қайта мемлекеттік аттестаттау нәтижелері бойынша ӘАОО-ның аттестаттамау фактісі Қазақстан Республикасының Кәсіпкерлік кодексіне сәйкес ӘАОО-ға бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізу үшін негізі болып табылады.

      17. Мемлекеттік аттестаттау қорытындыларымен келіспеген жағдайда ӘАОО оларға Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен шағымдануға құқылы.

      18. ӘАОО-ны мемлекеттік аттестаттаудан өткен немесе өтпеген деп тану туралы ақпарат Уәкілетті органның ресми сайтына орналастырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады