Құрылыс объектісін паспорттау қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрінің м.а. 2026 жылғы 22 сәуірдегі № 196 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 23 сәуірде № 38527 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы Құрылыс Кодексінің 128-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Құрылыс объектісін паспорттау қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасының Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің Құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық іcтepі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Өнеркәсіп және құрылыс жетекшілік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.

      Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс министрінің
міндетін атқарушы
К. Кажкенов

  Қазақстан Республикасы
Өнеркәсіп және құрылыс
министрінің міндетін атқарушы
2026 жылғы 22 сәуірдегі
№ 196 Бұйрығына
қосымша

Құрылыс объектісін паспорттау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Құрылыс объектісін паспорттау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Құрылыс кодексінің 128-бабының 3-тармағына (бұдан әрі – Кодекс) сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының сейсмикалық қауіптілігі жоғары сейсмикалық аудандарында (аймақтарында) орналасқан елді мекендердің құрылыс объектілерін паспорттау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібін регламенттейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар қолданылады:

      1) ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық қауіпсіздігі – ғимараттар мен құрылыстардың адамдардың қауіпсіздігіне тікелей қауіп төндіретін зақымданусыз және қиратусыз сейсмикалық әсерге төзімділік қабілеті. Сейсмикалық қауіпсіз ғимараттарға жөндеуге жарамдылығы, одан әрі пайдалану мүмкіндігі, жабдықтың сақталуын қамтамасыз ету және т. б. бойынша талаптар қойылмауы мүмкін;

      2) ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық төзімділігі – қолданыстағы нормалардың ережелерінде көзделген шектерде өзінің пайдалану сапасын сақтай отырып, ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық әсерлерге төзімділігі;

      3) құрылыс алаңының сейсмикалығы – жергілікті сейсмотектоникалық, инженерлік-геологиялық жағдайлардың және топографиялық әсерлердің сейсмикалық әсер ету параметрлеріне ықпалын ескере отырып, берілген асып кету ықтималдығымен болжанатын, сейсмикалық қарқындылық шкаласы бойынша бүтінсанды баллдармен көрсетілген құрылыс алаңының сейсмикалық қауіптілігі;

      4) құрылыс объектілерін паспорттау – құрылыс объектісінің конструкциялық шешімін, физикалық және пайдалану жай-күйін сипаттай отырып және түгендеу процесінде олардың сейсмикалық төзімділігі мен конструкциялық осалдығын бағалай отырып, сейсмикалық белсенді аймақта орналасқан урбанизацияланған аумақта бұрыннан бар құрылысты түгендеудің техникалық рәсімі;

      5) құрылыс объектісінің паспорты – осы Қағидалардың қосымшасында келтірілген объектінің сәйкестендіру, көлемдік-жоспарлау, конструктивтік, техникалық және сейсмикалық сипаттамаларын қамтитын құжат;

      6) мамандандырылған ғылыми-зерттеу ұйымдары – қызмет саласына сейсмикалық төзімді құрылыс, сейсмология және сейсмикалық шағын аймақтандыру саласындағы тиісті теориялық және эксперименттік жұмыстарды жүргізу үшін қажетті жабдықтары мен мамандары бар ғылыми-зерттеу жұмыстары болып табылатын ұйымдар;

      7) сейсмикалық әсер – табиғи немесе техногендік факторлардан (жер сілкінісі, жарылыстар, көлік қозғалысы, өнеркәсіптік жабдықтардың жұмысы) туындаған, құрылыс және табиғи объектілердің қозғалысына, деформациясына, зақымдануына немесе бұзылуына себепші болатын топырақ қозғалысы;

      8) сейсмикалық осалдық – берілген қарқындылықтың сейсмикалық әсері кезінде ғимараттың немесе құрылыстың зақымдануға ұшырау дәрежесі;

      9) сейсмикалық тәуекел – аумақтардың сейсмикалық қауіптілігіне және ғимараттар мен құрылыстардың осалдығына сәйкес ықтимал жер сілкіністерінен болатын әлеуметтік-экономикалық залал ықтималдығы;

      10) тектоникалық жарылу – тектоникалық қозғалыстар мен тау жыныстарының деформациялары кезінде пайда болған жер қабығындағы үзілімдер, жарықшақтар.

      3. Барлық ғимараттар мен құрылыстарды паспорттау құрылыс объектілерінің сейсмикалық төзімділігінің әлеуметтік қажетті және экономикалық жағынан тиімді деңгейін қамтамасыз ету жөніндегі жұмыстың негізгі кезеңі болып табылады.

      4. Осы Қағидалар меншік нысанына қарамастан, сейсмикалық аймақтарда орналасқан ғимараттар мен құрылыстарға қолданылады.

      5. Паспорттандырудың негізгі мақсаттары:

      1) құрылыс объектілерінің нақты сейсмикалық төзімділігін анықтау;

      2) құрылыс объектісінің мақсатын немесе оны пайдалану деңгейін күшейтуді, өзгертуді қоса алғанда, олар бойынша бірінші кезекте шаралар қабылдауды талап ететін неғұрлым сейсмикалық қауіпті объектілерді анықтау.

2-тарау. Құрылыс объектісін паспорттау тәртібі

1-параграф. Құрылыс объектісін паспорттауды жүзеге асыру

      6. Құрылыс объектісін паспорттау мынадай мақсаттарда жүргізіледі:

      1) әлеуметтік инфрақұрылымның негізгі объектілерінің, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерінің және тұрғын үй қорының тұрақты жұмыс істеуі үшін жағдайлар жасау;

      2) ғимараттар мен құрылыстардың сейсмикалық қауіпсіздігінің қолайлы деңгейіне қол жеткізу;

      3) сейсмикалық тәуекелді есепке алу жөніндегі бірінші дәрежелі іс-шараларды іске асыру қажеттігін айқындау;

      4) халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын арттыру, орнықты әлеуметтік-экономикалық даму үшін әлеуметтік-экономикалық шығындардың алдын алу;

      5) сейсмикалық әсерлерден болуы мүмкін экономикалық, әлеуметтік және экологиялық залалды азайту;

      6) паспорттау материалдары бойынша тәуекел картасын жасау;

      7) сейсмикалық осал объектілерді анықтау, оларға қатысты бірінші кезекте оларды одан әрі пайдаланудың сейсмикалық тәуекелін жол берілетін деңгейге дейін төмендету жөніндегі шаралар әзірленуге тиіс;

      8) бірінші кезекте бұзуды немесе күшейтуді талап ететін неғұрлым сейсмикалық қауіпті объектілерді анықтау;

      9) объектіні одан әрі пайдалану, сейсмикалық күшейту немесе бұзу жөнінде ұсынымдар әзірлеу;

      10) ғимараттар мен құрылыстардың ең жоғары сейсмикалық әсер ету кезінде олардың құрылымдық шешімдеріне, тозуы мен сейсмикалық жарақтандырылуына байланысты зақымдануының күтілетін дәрежесін бағалау;

      11) ықтимал жер сілкіністерің зардаптарынан экономикалық және әлеуметтік залалды бағалау, ықтимал есептік жер сілкіністері кезінде ғимараттардың зақымдану дәрежесінің көрсеткіштері бойынша сейсмикалық күшейтуге арналған экономикалық шығындарды бағалау.

      7. Құрылыс объектісін паспорттау Тапсырыс берушінің техникалық тапсырмасына сәйкес паспорттауды жүзеге асыруға арналған келісімшартқа (бұдан әрі – келісімшарт) сәйкес жүзеге асырылады.

      8. Тапсырыс беруші ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігі мен орнықтылығын техникалық зерртеп-қарауды жүзеге асыру бойынша аккредиттелген ұйымды тартқан кезде осы Қағидаларды Қазақстан Республикасының сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерін, сондай-ақ шарт талаптарын басшылыққа алады.

      9. Құрылыс объектісін паспорттау олардың конструкцияларының нақты жай-күйін ескере отырып, сейсмикалық тәуекелдерді, сейсмикаға төзімділікті және құрылыс объектісінің конструктивтік осалдығын бағалауды орындау үшін қажетті толық ақпаратты алу мақсатында алдын ала көзбен шолып тексеру жүргізу жолымен жүзеге асырылады, белгілі бір белгілер (ақаулар, тозу) анықталған кезде белгіленген критерийлер бойынша қосымша аспаптық зерттеулер тағайындалады.

      10. Дайындық кезеңі:

      1) бастапқы жобалау және атқарушылық құжаттамасын жинау және талдау;

      2) құрылыс объектісінің көлемдік-жоспарлау және құрылымдық схемасын айқындау;

      3) құрылыс алаңының сейсмикалығын анықтау.

      11. Объектіні тексеру:

      1) тіреу және қоршау конструкцияларына көзбен шолып тексеру жүргізу;

      2) көтергіш қабілетінің ақауларларын, зақымдануларын және төмендеу белгілерін анықтау;

      3) фототіркеу, ғимарат пен құрылымның жалпы түрі;

      4) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес паспортты толтыру, оған тексеру жүргізген ұйым, орындаушылар қол қояды және электрондық форматқа ауыстырылады.

      12. Инженерлік талдау:

      1) құрылыс объектісінің құрылымдық схемасын талдау;

      2) нақты жай-күйінің сейсмикалық төзімділік жөніндегі нормалар талаптарына сәйкестігін бағалау;

      3) объектінің сейсмикалық осалдығының деңгейін анықтау.

      13. Құрылыс объектісінің сейсмикалық осалдығын бағалау қорытындылары бойынша нормативтік-техникалық құжаттардың талаптарына сәйкес:

      1) сейсмикалық төзімді;

      2) сейсмикалық төзімді емес деп танылады.

      14. Есеп жасау:

      1) көзбен шолып тексеру нәтижелері мен толтырылған паспорттар (Қағидаларға қосымшалар) негізінде зерттелген объектілердің сейсмикалық осалдығын бағалаумен жалпы ғылыми-техникалық есеп жасалады;

      2) сейсмикалық күшейтуге арналған шығындарды бағалай отырып, болжамды жер сілкіністерінен ғимараттар зақымданған кездегі әлеуметтік шығындардың тікелей экономикалық залалының есебі жасалады.

      15. Құрылыс объектісін паспорттау жөніндегі жұмыстардың тапсырыс берушілері жергілікті атқарушы органдар болып табылады, ал орындаушы Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес конкурстық негізде айқындалады.

      16. Тапсырыс беруші сарапшыға немесе ұйымға құрылыс объектісін паспорттауды жүзеге асыру кезінде толық техникалық көмек көрсетеді.

      17. Құрылыс объектісін паспорттау жөніндегі сараптамалық жұмыстарды орындау мерзімі шартпен айқындалады.

2-параграф. Құрылыс объектісін паспорттау жөніндегі ғылыми-техникалық есеп

      18. Ғылыми-техникалық есеп мыналарды қамтуы тиіс:

      1) негізгі бет (орындаушы ұйымның атауы, объектінің атауы, кім бекітеді, тіркеу нөмірі);

      2) есептің мазмұны;

      3) кіріспе;

      4) жалпы деректер (құрылыс объектісін паспорттау үшін негіздеме (шарттың нөмірі мен күні, мақсаттары мен міндеттері, жұмыстың өзектілігі); 5) паспорттау жөніндегі жұмыстарды жүргізу әдістемесі;

      6) ауданның сейсмикалық жағдайлары (аумақтың сейсмикалық ахуалы, жер сілкіністеріне шолу);

      7) паспорттау аумағындағы жер сілкінісінің салдарын инженерлік талдау;

      8) объектілердің орналасу алаңының жалпы сипаттамасы (алаңның орналасуының, климаттық жағдайларының, алаңның инженерлік-геологиялық жағдайларының сипаттамасы);

      9) көлемдік-жоспарлау және конструктивтік шешімдер (қабылданған көлемдік-жоспарлау және конструктивтік шешімдердің сипаттамасы);

      10) ғимарат түрлері бойынша жіктеу (конструктивтік схемаға сәйкес, бар болған жағдайда үлгілік серияларға бөлу);

      11) барлық алынған деректерді инженерлік талдау;

      12) конструктивтік схема бойынша сейсмикалық осалдықты бағалау;

      13) сейсмикалық күшейтуге арналған шығындарды бағалай отырып, болжамды жер сілкіністерінен ғимараттар зақымданған кезде әлеуметтік шығындардың тікелей экономикалық залалын бағалау;

      14) қорытынды;

      15) қосымшалар (паспорттау объектілерінің тізбесі, объектіні тексерудің бекітілген паспорты, фотоматериалдар, объектілердің толтырылған паспорттары).

      19. Ұйым беретін құрылыс объектісін паспорттау жөніндегі ғылыми-техникалық есепке паспорттауды жүргізген барлық орындаушылар қол қояды және оны ұйымның бірінші басшысы бекітеді.

      20. Құрылыс объектісін паспорттау жөніндегі ғылыми-техникалық есеп, егер осы құжатта "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес таратылуын мемлекет шектейтін мемлекеттік және қызметтік құпияларды құрайтын, мемлекеттік қорғайтын мәліметтер болмаса, күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде барлық мүдделі тұлғалармен танысуға жатады.

      21. Құрылыс объектісін паспорттау жөніндегі ғылыми-техникалық есепке мүдделі тұлғалар Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінде көзделген тәртіппен және мерзімде шағымдана алады.

  Құрылыс объектісін
паспорттау қағидаларына
қосымша

Құрылыс объектісін тексеру жөніндегі ПАСПОРТ №

1

Облыс


2

Аудан


3

Елді мекен


4

Мекенжайы


5

Объектінің атауы


6

Объектінің мақсаты


7

Салынған жылы


8

Сериясы (бар болса)


9

Геометриялық параметрлері, нысаны


10

Сейсмикалық қасиеттері бойынша топырақ санаты


11

Ауданның сейсмикалығы, құрылыс алаңдары


12

Күндізгі бетінде тектоникалық жарылымдар байқалуы мүмкін аймақтарда орналасуы


13

Көлемдік-жоспарлау шешімдері:



- қабаттылығы



- ғимараттың биіктігі (метр)



- ғимараттың ұзындығы (метр)



- ғимараттың ені (метр)



- қабаттың биіктігі (метр)



- құрылыс көлемі (м3)


14

Конструктивтік шешім:



- қабырға материалы (конструкция)



- іргетас



- жабу



- жабын



- қабырға қоршауы



- шатыр конструкциялары


15

Газдандыру (иә/жоқ)


16

Сейсмикаға қарсы жіктердің болуы (иә/жоқ)


17

Сейсмикаға қарсы іс-шаралардың болуы (күйшейтілген/күшейтілмеген)


18

Конструкциялардың жай-күйі туралы қысқаша қорытынды


19

Сейсмикалық осалдықты бағалау (сейсмикаға төзімді/сейсмикалық қауіпті, қосымша зерттеулерді талап етеді)





      Тексерді _________________________________ (Т.А.Ә., лауазымы)

      Күні "____" _________________202 ж. ___________________(қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады