Цифрлық қаржы активтердің эмитенттері мен инвесторларына және цифрлық қаржы активтердің шығарылымы туралы шешіміне, жеке тұлғаларды цифрлық қаржы активтермен мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында білікті инвесторлар деп танудың қағидалары мен шарттарына талаптарды, сондай-ақ Білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтердің тізбесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 20 сәуірдегі № 76 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 22 сәуірде № 38514 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.05.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 2-тармағының 3)-тармақшасына және 6-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған:

      1) Цифрлық қаржы активтердің эмитенттері мен инвесторларына және цифрлық қаржы активтердің шығарылымы туралы шешіміне, жеке тұлғаларды цифрлық қаржы активтермен мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында білікті инвесторлар деп танудың қағидалары мен шарттарына талаптары;

      2) Білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтердің тізбесі бекітілсін.

      2. Бағалы қағаздар нарығы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2)-тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы 2026 жылғы 1 мамырынан қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2026 жылғы 20 сәуірдегі № 76
қаулысымен бекітілген

Цифрлық қаржы активтердің эмитенттері мен инвесторларына және цифрлық қаржы активтердің шығарылымы туралы шешіміне, жеке тұлғаларды цифрлық қаржы активтермен мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында білікті инвесторлар деп танудың қағидалары мен шарттарына талаптар

      Осы Цифрлық қаржы активтердің эмитенттері мен инвесторларына және цифрлық қаржы активтердің шығарылымы туралы шешіміне, жеке тұлғаларды цифрлық қаржы активтермен мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында білікті инвесторлар деп танудың қағидалары мен шарттарына талаптар (бұдан әрі - Талаптар) "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабының 2-тармағының 3)-тармақшасына және 6-бабының 1-тармағының екінші бөлігіне сәйкес әзірленген және базалық активі қаржы құралдар (оның ішінде бағалы қағаздар, оған қоса алғанда туынды бағалы қағаздар, туынды қаржы құралдар, басқа цифрлық қаржы актив), қаржы актив, мүліктік құқықтар (талаптар), тауарлар және (немесе), ақшаны қоспағанда, басқа мүлік болып табылатын, сондай-ақ цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасында электрондық-цифрлық нысанда шығарылатын қаржы құралдары түріндегі цифрлық қаржы активтердің эмитенттері мен инвесторларына және көрсетілген цифрлық қаржы активтердің шығарылымы туралы шешіміне, жеке тұлғаларды көрсетілген цифрлық қаржы активтермен мәмілелерді жүзеге асыру мақсатында білікті инвесторлар деп танудың тәртібі мен шарттарына талаптарын белгілейді.

1-тарау. Эмитенттерге қойылатын талаптар

      1. Эмитенттер оларға қатысты заңды күшіне енген оларды банкрот деп тану немесе тарату туралы сот актілері, сондай-ақ құрылтай құжаттарында көзделген органдарды қоса алғанда, мүлік иесінің (иелерінің) немесе уәкілетті органдардың, осындай заңды тұлғаларды тарату туралы шешімдері жоқ Қазақстан Республикасының резидент-заңды тұлғалары эмитенттер болып табылады.

      2. Эмитент "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының Заңының 102-бабымен белгіленген ақпаратты ашу жөніндегі талаптарды сақтайды.

      3. Егер цифрлық қаржы активтерінің базалық активі тауарлар, мүліктік құқықтар немесе өзге мүлік болған жағдайда, мұндай активтің нарықтық құнын бағалаушы "Қазақстан Республикасындағы бағалау қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2-тарауымен белгіленген тәртібімен айқындайды.

2-тарау. Цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешімге қойылатын талаптар

      4. Цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешім эмитенттің атқарушы органымен (атқарушы органның функцияларын жеке-дара жүзеге асыратын лауазымды тұлғасымен) қабылданады.

      5. Цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешім мыналарды қамтиды:

      1) эмитент туралы мәліметтер, оның толық атауы, орналасқан жері, мемлекеттік тіркеу туралы деректер;

      2) орналастырылатын цифрлық қаржы активтерінің саны мен номиналды құны туралы мәліметтер;

      3) цифрлық қаржы активінің базалық активі туралы, оның ішінде оның құны немесе шамасы туралы мәліметтер;

      4) цифрлық қаржы активтері шығарылатын цифрлық қаржы активтері платформасының операторы туралы ақпаратты;

      5) цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым туралы ақпарат;

      6) цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналым, өтеу үшін пайдаланылатын деректер платформасы туралы ақпаратты;

      7) өткен тоқсанның соңындағы жағдай бойынша эмитенттің қаржылық есептілігінің деректері негізінде меншікті капиталдың мөлшері туралы мәліметтер;

      8) цифрлық қаржы активтерін шығару орын алған (аяқталған) деп танылатын жағдайлар;

      9) шығарылатын цифрлық қаржы активтерін оларды сатып алу туралы шарт жасасу жолымен орналастырудың басталу күні;

      10) шығарылатын цифрлық қаржы активтеріне ақы төлеу тәсілі (ақшалай қаражатпен және (немесе) өзге мүлікті және (немесе) мүліктік құқықтарды берумен);

      11) эмитенттің үлестес тұлғалары туралы ақпарат.

      6. Эмитент цифрлық қаржы активтерін шығару туралы шешім қабылданған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мұндай шешімді уәкілетті органға жібереді.

3-тарау. Инвесторларға қойылатын талаптар

      7. Цифрлық қаржы активтерінің инвесторлары жеке және заңды тұлғалар бола алады.

      8. Цифрлық қаржы активтерінің инвесторлары цифрлық қаржы активтерін сатып алу бойынша мәмілелерді өз бетінше немесе брокердің және (немесе) дилердің немесе инвестициялық портфельді басқарушының қызметтерін пайдалана отырып жасасайды.

      9. Жеке тұлғалар осы Талаптардың 4 және 5-тарауларында көзделген талаптар мен ерекшеліктерді ескере отырып, цифрлық қаржы активтерімен операцияларды жүзеге асырады.

4-тарау. Жеке тұлғаны білікті инвестор деп тану тәртібі

      10. Брокер және (немесе) дилер немесе цифрлық қаржы активтері платформасының операторы жеке тұлға мынадай талаптардың біріне немесе бірнешеуіне сәйкес келген жағдайда оны білікті инвестор деп таниды:

      1) қаржы құралдарымен, цифрлық қаржы активтерімен мәмілелер жасасуға, инвестициялық ұсынымдар дайындауға, инвестициялық шешімдер қабылдауға және (немесе) қаржы құралдарымен, цифрлық қаржы активтерімен операциялар жасасумен байланысты тәуекелдерді басқару саласында тікелей байланысты салаларда кемінде үш жыл еңбек өтілі бар;

      2) бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында және өзге де қор биржаларында білікті инвестор деп тану туралы өтініш берілген күннің алдындағы қатарынан он екі ай ішінде жасалған қаржы құралдарымен кемінде елу мәміле;

      3) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының платформасында білікті инвестор деп тану туралы өтініш берілген күннің алдындағы қатарынан он екі ай ішінде жасалған цифрлық қаржы активтерімен кемінде елу мәміле;

      4) тиісті қаржы жылына арналған республикалық бюджет туралы Қазақстан Республикасының Заңында белгіленген сегіз мың бес жүз айлық есептік көрсеткіштен асатын сомаға қаржы активтерінің болуы;

      5) осы Талаптардың 5-тарауына сәйкес тестілеуден өтті.

      11. Білікті инвестор деп танылуға ниеті бар жеке тұлға брокерге және (немесе) дилерге немесе цифрлық қаржы активтері платформасының операторына мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) мыналарды қамтитын өтініш:

      өтініш беруші туралы мәліметтер – тегі, аты, әкесінің аты (ол бар болған жағдайда), жеке басын куәландыратын құжаттың атауы мен деректемелері;

      жеке тұлға өзіне қатысты білікті инвестор болып танылуға ниеттенетін цифрлық қаржы активтерінің түрлерін көрсету;

      2) жеке тұлғаның осы Талаптардың 10-тармағында белгіленген білікті инвестор деп тану туралы талаптарға сәйкестігін растайтын құжаттар.

      12. Брокер және (немесе) дилер немесе цифрлық қаржы активтері платформасының операторы өтініш беруші мәліметтерді ұсынған күннен бастап жеті жұмыс күнінен аспайтын мерзімде оларды осы Талаптардың 10-тармағында белгіленген талаптардың сақталу мәніне тексеруді жүзеге асырады.

      Өтініш беруші осы Талаптардың 10-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, брокер және (немесе) дилер, цифрлық платформа операторы өтініш берушіге білікті инвестор деп танудан бас тартады және оны бас тарту негіздері туралы жазбаша хабарлайды.

      13. Жеке тұлғаны білікті инвестор деп тану туралы шешім өзіне қатысты осы жеке тұлғаны білікті инвестор деп таныған цифрлық қаржы активтерінің түрлерін көрсетуді қамтиды.

5-тарау. Білікті инвестор деп тану үшін жеке тұлғаны тестілеуді өткізу тәртібі

      14. Брокер және (немесе) дилер немесе цифрлық қаржы активтері платформасының операторы жеке тұлғаның кәсіби тәжірибесі мен білімін инвестициялық тәуекел-профилін және инвестициялық көкжиегін бағалау мақсатында тестілеуді тегін негізде жүргізеді.

      15. Тестілеудің оң нәтижесін алған кезде жеке тұлға цифрлық қаржы активтерінің барлық немесе белгілі бір түрлеріне қатысты білікті инвестор болып танылады.

      16. Тестілеуге арналған сұрақтардың тізбесін жеке тұлғаның өздеріне қатысты білікті инвестор деп танылуға ниеті бар цифрлық қаржы активтерінің түрлеріне сүйене отырып, брокер және (немесе) дилер, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы қалыптастырады.

      17. Тестілеу нәтижесі тестіленушінің сұрақтардың кемінде тоқсан пайызына дұрыс жауабы болған кезде оң деп бағаланады. Тестілеу нәтижелерін жеке тұлғаның назарына брокер және (немесе) дилер немесе цифрлық қаржы активтері платформасының операторы тестілеу өткізілген күннен бастап үш жұмыс күні ішінде жеткізеді.

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі Басқармасының
2026 жылғы 20 сәуірдегі
№ 76 қаулысымен бекітілген

Білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтердің тізбесі

      Білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтері мынадай базалық активтер:

      1) халықаралық қаржы ұйымдарының бағалы қағаздары;

      2) акцияларды, борыштық бағалы қағаздарды, инфрақұрылымдық облигацияларды қоса алғанда, мемлекеттік емес бағалы қағаздар;

      3) туынды бағалы қағаздар;

      4) туынды қаржы құралдар;

      5) басқарушы компаниясы Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес құрылған заңды тұлға болып табылатын аралық инвестициялық пай қорларының пайлары;

      6) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес тіркелген жауапкершілігі шектеулі серіктестіктегі қатысу үлесі;

      7) Exchange Traded Funds (ETF) (Эксчейндж Трэйдэд Фандс), Exchange Traded Commodities (ETC) (Эксчейндж Трэйдэд Коммодитис), Exchange Traded Notes (ETN) (Эксчейндж Трэйдэд Ноутс);

      8) банктік депозиттік сертификат;

      9) қарыз шарттары бойынша талап ету құқықтары;

      10) ақшалай міндеттемелерді (дебиторлық берешек) орындау жөніндегі, оның ішінде факторинг шарттарынан туындайтын талап ету құқықтары;

      11) мөлшері активтер құнының көрсеткіштеріне (индекстеріне) немесе жоба қызметінің нәтижелеріне байланысты ақшалай төлемдерді алуға талап ету құқығы;

      12) азаматтық-құқықтық шарттар негізінде мүлікті (жылжымайтын және жылжымалы) жалға беру немесе өзге де коммерциялық пайдалануға беру нәтижесінде туындайтын ақшалай төлемдерді (кірістерді) алуға талап ету құқығы;

      13) тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы шарттар бойынша талап ету құқықтары;

      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарылған астық қолхаттары;

      15) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес айқындалған биржалық тауарлар болып табылатын цифрлық қаржы активтері болып табылады;

      16) бағалы металдар;

      17) жылжымайтын мүлік құқығы.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады