Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары қызметінің қағидаларын және олардың ынтымақтастығының нысандарын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2026 жылғы 16 сәуірдегі № 191 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 20 сәуірде № 38479 болып тіркелді

      "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-3-бабының 17-1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары қызметінің қағидаларын және олардың ынтымақтастығының нысандары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Халықаралық ынтымақтастық департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2026 жылғы 16 сәуірдегі
№ 191 бұйрығымен
бекітілген

Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары қызметінің қағидалары және олардың ынтымақтастығының нысандары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары қызметінің қағидалары және олардың ынтымақтастығының нысандары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 5-3-бабының 17-1) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары қызметінің тәртібін және олардың ынтымақтастығының нысандарын айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) халықаралық оқу орны – екі және одан да көп мемлекеттердің Үкіметтерінің бастамасы бойынша құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметін жүзеге асыратын, мемлекеттердің аумақтарында танылатын өз үлгісіндегі білім туралы құжат беретін жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы;

      2) халықаралық оқу орнының филиалы – Қазақстан Республикасының аумағында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметін жүзеге асыратын, халықаралық оқу орнының білім туралы құжатын беретін, мемлекеттер аумағында танылатын халықаралық оқу орнының оқшауланған құрылымдық бөлімшесі;

      3) шетелдік оқу орны – шетелдік оқу орнының бастамасымен құрылған және Қазақстан Республикасының аумағында жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру саласында білім беру қызметін жүзеге асыратын, шетелдік оқу орнының білім туралы құжатын беретін, Қазақстан Республикасының аумағында және шетел мемлекетінің аумағында танылатын жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымы;

      4) шетелдік оқу орнының филиалы – Қазақстан Республикасының аумағында дербес немесе қазақстандық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымымен (бұдан әрі – Қазақстандық ЖЖОКБҰ) бірлесіп білім беру қызметін жүзеге асыратын, шетелдік оқу орнының білім туралы құжатын немесе екі білім туралы құжатты (шетелдік оқу орнының және Қазақстандық ЖЖОКБҰ) беретін, Қазақстан Республикасының аумағында және шетел мемлекетінің аумағында танылатын шетелдік оқу орнының оқшауланған құрылымдық бөлімшесі.

2-тарау. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары қызметінің тәртібі

      3. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындарын және (немесе) олардың филиалдарын басқару егер халықаралық шарттарда, уәкілетті органның шешімдерінде өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      4. Білім беру қызметін ұйымдастыру, оқуға қабылдау және білім сапасын басқару тәртібі Қазақстан Республикасының заңнамасына, сондай-ақ Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындарының және (немесе) олардың филиалдарының ішкі құжаттарына сәйкес реттеледі, бұл құжаттар білім сапасының халықаралық және шетелдік оқу орындарындағы деңгейінен төмен болмауын қамтамасыз етеді.

      5. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындарын және (немесе) олардың филиалдарын қаржыландыру өз қаражаттары есебінен, инвестициялық қаражаттардан, білім алушылардан түскен оқу ақысы есебінен, заңды және жеке тұлғалардың қайырымдылық жарналарынан, Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен жүзеге асырылады.

      Республикалық бюджеттен мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісі тиісті кезеңге арналған республикалық бюджет туралы заң жобасын қабылдағаннан кейін жүзеге асырылады және бюджет заңнамасының нормаларына сәйкес келуге тиіс.

      6. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары өздерінің даму стратегияларын және (немесе) даму бағдарламаларын және (немесе) даму жоспарларын әзірлейді және олардың тиімді іске асырылуын қамтамасыз етеді.

      7. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындарының және (немесе) олардың филиалдарының тәрбиелік қызметі білім беру процесінің құрамдас бөлігі болып табылады және патриотизмді, азаматтылықты, интернационализмді, жоғары мораль мен адамгершілікті, құқықтық мәдениетті, конфессияаралық төзімділікті қалыптастыруға, сондай-ақ білім алушылардың жан-жақты қызығушылықтары мен қабілеттерін дамытуға бағытталады.

      8. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары өз жұмысының ерекшеліктеріне сәйкес шетелдік білім беру, ғылым және мәдениет ұйымдарымен, халықаралық ұйымдармен және қорлармен тікелей байланыстар орнатуға, ынтымақтастық туралы екі жақтан және көп жақты шарттар жасасуға құқығы бар.

      9. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдарының қызметі:

      1) Қазақстан Республикасының білім беру саласындағы, сондай-ақ рұқсаттар мен хабарламалар туралы заңнамасын бұзған жағдайда білім беру қызметімен айналысуға арналған лицензиясын және (немесе) лицензияға қосымшасын қайтарып алу және айыру туралы уәкілетті органның шешімі күшіне енген;

      2) қолданыстағы халықаралық аккредиттеу туралы, оның ішінде білім беру бағдарламаларына арналған сертификаты болмаған;

      3) олардың құрылуына негіз болған халықаралық шарттарда немесе келісімдерде көзделген талаптарды бұзған;

      4) құрылтайшы (құрылтайшылар) бастама көтерген жағдайларда уәкілетті органның шешімімен тоқтатылады.

      Уәкілетті орган Қазақстан Республикасындағы халықаралық немесе шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдарының қызметін тоқтату туралы шешімді Қазақстан Республикасындағы халықаралық немесе шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары білім алушыларының құқықтары мен мүдделерін, оның ішінде олардың басқа оқу орындарына ауысуын қамтамасыз ету міндеттемелерін ескере отырып қабылдайды.

3-тарау. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдарының ынтымақтастығының нысандары

      10. Қазақстан Республикасындағы халықаралық және шетелдік оқу орындары және (немесе) олардың филиалдары өз қызметін Қазақстан Республикасының аумағында бірлескен білім беру бағдарламалары, қос дипломды бағдарламалар және стратегиялық әріптестік нысандарында жүзеге асырады.

      Қос дипломды бағдарламаларды іске асыру әріптес жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының білім беру бағдарламаларының сәйкестігін және екі білім туралы құжаттың берілуін көздейді.

      Бірлескен білім беру бағдарламасы Қазақстандық жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымымен шетелдік оқу орнымен бірлесіп әзірленеді және бір білім туралы құжат беріледі.

      Қос дипломды бағдарламалар мен бірлескен білім беру бағдарламалары тараптардың бағдарламалардың мақсаттары мен мазмұнын айқындау, оқу процесін ұйымдастыру, дәреже беру немесе біліктілік тағайындау бойынша ортақ міндеттемелер қабылдауымен сипатталады.

      Стратегиялық әріптестік шетелдік оқу орнының білікті профессорлық-оқытушылық құрамын тарту, шетелдік оқу орнының оқыту әдістемелерін енгізу, жергілікті оқытушыларды біліктілікті арттыру курстары, тағылымдамалар, семинарлар арқылы оқыту, өңірлік қажеттіліктерді ескере отырып бірлескен зерттеулер жүргізу, сондай-ақ пәнаралық, бірлескен және қос дипломды білім беру бағдарламаларын дамытуды қамтамасыз ету жолымен жоғары білім сапасын арттыруды көздейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады