ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 6-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Ірі қара мал етін Қазақстан Республикасының аумағынан әкетудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 29 желтоқсандағы № 503 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 37731 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Сандық шектеулерді (квоталарды) бөлу қағидаларында:
2-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"3) "цифрлық үкіметтің" веб-порталы (бұдан әрі – портал) – нормативтік құқықтық базаны қоса алғанда, барлық шоғырландырылған үкіметтік ақпаратқа және мемлекеттік көрсетілетін қызметтерге, табиғи монополиялар субъектілерінің желілеріне қосылуға техникалық шарттар беру жөніндегі көрсетілетін қызметтерге және электрондық нысанда көрсетілетін квазимемлекеттік сектор субъектілерінің көрсетілетін қызметтеріне қол жеткізудің бірыңғай терезесін білдіретін цифрлық жүйе;";
2-тармақтың 5) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
"5) оператор – мемлекеттік цифрлық жүйені сүйемелдеуді жүзеге асыратын заңды тұлға.";
7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"7. Бір тұлғаға арналған квота мөлшері бордақылау алаңының қуаттылығына байланысты мынадай мөлшерде белгіленеді:
бордақылау алаңының қуаттылығы 500 (бес жүз) басталғанда – 100 (жүз) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 1 000 (мың) басталғанда – 200 (екі жүз) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 2 000 (екі мың) басталғанда – 400 (екі жүз) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 3 000 (үш мың) басталғанда – 600 (алты жүз) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 4 000 (төрт мың) басталғанда – 800 (сегіз жүз) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 5 000 (бес мың) басталғанда – 1 000 (бір мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 10 000 (он мың) басталғанда – 2 000 (екі мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 15 000 (он бес мың) басталғанда – 3 000 (үш мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 20 000 (жиырма мың) басталғанда – 4 000 (төрт мың) тонна;
бордақылау алаңының қуаттылығы 50 000 (елу мың) басталғанда – 10 000 (он мың) тонна.";
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Квота ірі қара мал етіне, өздерінің бордақылау алаңдарындағы мал басын пайдаланатын ет өңдеу кәсіпорындарына, сондай-ақ қуаттылығы кемінде 5000 бас болатын, ет өңдеу кәсіпорнымен жасалған шарт негізінде қайта өңдеуді жүзеге асыратын бордақылау алаңдарына бөлінеді.";
11-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"11. Квота мынадай өлшемшарттарға сәйкес келетін жеке және/немесе заңды тұлғаларға (оның ішінде экспорттық компанияларға) бөлінеді:
1) сыртқы экономикалық келісімшарттарының болуы;
2) ірі қара малда құлақ сырғалары түрінде радиожелілік белгісі бар бірдейлендірудің болуы (RFID);
3) ауыл шаруашылығы жануарларын бірдейлендіру дерекқорында тіркелген, бордақылау ұзақтығы кемінде 4 (төрт) ай, жасы 12 (он екі) айдан кем емес ірі қара малдың болуы;
4) есепке алу нөмірі бар, бір мезгілдегі қуаттылығы:
өзінің ет өңдеу кәсіпорны бар субъектілер үшін – кемінде 500 (бес жүз) бас ірі қара мал;
өзінің ет өңдеу кәсіпорны бар немесе өңдеу шарты негізінде бөгде ет өңдеу кәсіпорындары арқылы экспортты жүзеге асыратын бордақылау алаңдары үшін – кемінде 5 000 (бес мың) бас ірі қара мал болатын өз бордақылау алаңының болуы;
5) бөлу сәтіндегі квота көлемін есептеу бір басқа орташа сойыс салмағы 200 (екі жүз) килограмм болып айқындалады;
6) бордақылау алаңдарына бордақылау алаңдарының белгіленген қуаттылығының 20 пайызынан аспайтын көлемде, жасы 18 айдан басталатын дайын контингентті қабылдауға жол беріледі.";
15-тармақтың екінші бөлігі мынадай редакцияда жазылсын:
"Лицензия иелері лицензияның қолданылу мерзімі өткеннен кейін күнтізбелік 15 күн ішінде "Е-лицензиялау" цифрлық жүйесі арқылы уәкілетті органға "Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларын бекіту туралы" Еуразиялық экономикалық комиссия кеңесінің 2023 жылғы 24 қарашадағы № 125 шешімімен бекітілген Үшінші елдермен саудада тарифтік емес реттеу шаралары қолданылатын тауарлардың бірыңғай тізбесіне енгізілген тауарлардың экспортына және (немесе) импортына лицензиялар мен рұқсаттар беру қағидаларына № 3 қосымшаға сәйкес нысан бойынша тауарлардың экспортына арналған лицензияның орындалуы туралы анықтаманы ұсынады.";
16-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"16. Ірі қара мал етін әкетуге арналған квоталар санын бөлу кезінде бордақылау алаңдары мен ет өңдеу кәсіпорындары туралы деректер, сондай-ақ ірі қара мал басының бар-жоғы жөніндегі деректер ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру дерекқоры және "e-Agriculture" агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесі" цифрлық жүйесі арқылы расталады.".
2. Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрлігі заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағын іске асыру жөніндегі шараларды қолдану туралы Еуразиялық экономикалық комиссияны хабардар етсін.
3. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитетімен өзара іс-қимыл жасай отырып, өз құзыреті шегінде заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың 1-тармағының орындалуын қамтамасыз ету жөнінде қажетті шаралар қабылдасын.
4. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Аграрлық азық-түлік нарықтары және ауыл шаруашылығы өнімін қайта өңдеу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
5. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
6. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізілетін төртінші, алтыншы, отыз екінші және отыз төртінші абзацтарды қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Сапаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Сауда және интеграция
министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика
министрлігі