Цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу жəне өтеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 39 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 13 сәуірде № 38405 тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы қаулы 01.05.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 4-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 4) тармақшасына, 6-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу жəне өтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төлем жүйелері және цифрлық қаржы технологиялары департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы 2026 жылғы 1 мамырдан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
Т. Сулейменов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қаржы нарығын реттеу

      және дамыту агенттігі

  Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің Төрағасы
2026 жылғы 10 сәуірдегі
№ 39 Қаулымен
бекітілген

Цифрлық қаржы активтерін шығару, оларды орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу жəне өтеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Цифрлық қаржы активтерін шығару, оларды орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу жəне өтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы цифрлық активтер туралы" Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Цифрлық активтер туралы заң) 4-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің 4) тармақшасына, 6-бабының 1-тармағы екінші бөлігінің екінші абзацына сәйкес әзірленді және онда базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын цифрлық қаржы активтерін шығару, орналастыру, айналымға (айналысқа) жіберу жəне өтеу тәртібі мен шарттары, стейблкоиндердің эмитенттеріне және стейблкоиндерді шығару туралы шешімге қойылатын талаптар, стейблкоиндердің инвесторларына қойылатын талаптар, цифрлық қаржы активтерімен мәмілелерді жүзеге асыру мақсаттары үшін тұлғаларды білікті инвесторлар деп танудың тәртібі мен шарттары және білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтерінің тізбесі айқындалады.

      2. Қағидаларда Цифрлық активтер туралы заңда және "Бағалы қағаздар рыногы туралы" Қазақстан Республикасының заңында көзделген ұғымдар, сондай-ақ мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) базалық активті бөлу – эмитенттің меншікті қаражатынан стейблкоиндердің базалық активі ретінде әрекет ететін ақшаны бөлек (бөлінген) сақтауды оларды жекелеген банктік шоттарға орналастыру арқылы қамтамасыз ету

      2) кредиттік рейтинг – халықаралық рейтингтік агенттіктер беретін, қаржы құралдары эмитентінің кредиттік тәуекел деңгейінің көрсеткіші;

      3) тәуелсіз рейтинг – халықаралық рейтингтік агенттіктер беретін, борыштық бағалы қағаздарды шығарған мемлекеттің кредиттік тәуекел деңгейінің көрсеткіші;

      4) шығару шарттары (white paper, уайт пейпер) – базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын цифрлық қаржы активінің эмитенті туралы мәліметтер және базалық активі ақша (стейблкоин) болып табылатын шығарылатын цифрлық қаржы активіне қатысты өзге де мәліметтер қамтылатын құжат.

2-тарау. Стейблкоиндердің эмитенттеріне қойылатын талаптар

      3. Cтейблкоин эмитенттері стейблкоиндерді шығару шарттарына сәйкес олардың айналысы (айналымы) кезеңінде стейблкоиндермен мына операцияларды жүзеге асырады:

      стейблкоиндерді шығару және бастапқы орналастыру (бастапқы сату);

      стейблкоиндерді өтеу және (немесе) мерзімінен бұрын ішінара және (немесе) толық өтеу;

      егер стейблкоин эмитенті цифрлық қаржы активтері платформасының операторына және (немесе) цифрлық активтердің сауда платформасының операторына эмитентпен жасалған шарт негізінде уәкілеттік берген болса, эмитентінің және (немесе) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторының стейблкоиндерді кері сатып алу;

      стейблкоиндерді сатып алу, сату, өзге активтерге, оның ішінде цифрлық активтерге айырбастау.

      Стейблкоиндерді шығару шарттарында оларды өтеу шарттары қамтылады.

      Стейблкоиндердің эмитенті стейблкоиндарді шығару жөніндегі базалық активтердің құнына қарай ұлттық валютада стейблкоиндерді кері сатып алуды және (немесе) өтеуді жүзеге асырады.

      Егер стейблкоиннің базалық активі шетел валютасында номирленген жағдайда, ұлттық валютадағы стейблкоинді кері сатып алу және (немесе) өтеу құны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2025 жылғы 26 қыркүйектегі № 56 бірлескен қаулысымен және "Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 29 қыркүйектегі № 544 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36983 болып тіркелген) белгіленген тәртіпке сәйкес айқындалған валюта айырбастаудың нарықтық бағамы бойынша есептеледі.

      Эмитенттің стейблкоиндерді кері сатып алғаны және (немесе) өтегені үшін комиссияларды ұстап қалуына рұқсат етілмейді.

      Стейблкоиндерді өтеуді стейблкоиндер эмитенті бастапқы орналастыру кезінде стейблкоиндердің құнына тең стейблкоиндерді ұстаушының банктік шотына ақша сомасын аудару жолымен жүзеге асырады.

      4. Эмитенттің стейблкоиннің базалық активін сақтауға арналған банктік шотын стейблкоиннің эмиссияланатын көлеміне баламалы стейблкоин номинирленген валютаға байланысты ұлттық немесе шетел валютасындағы ақша сомасымен толықтырғаннан кейін ғана стейблкоиндерді шығару жүзеге асырылады.

      5. Акционерлік қоғам не жауапкершілігі шектеулі серіктестік ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлғалар стейблкоиндердің эмитенттері болады.

      6. Стейблкоиндердің эмитенттері стейблкоиндерді шығару (minting, минтинг), олардың айналымы (айналысы) және өтелуі (burning, бҰрнинг) мақсаты үшін деректердің бөлінген тізілімінің (бөлінген деректер платформасының) технологияларын – блокчейн тәртібін (стандарт) және (немесе) кроссчейн тәртібін (стандарт) дербес таңдайды.

      Деректердің бөлінген тізілімі технологиясында (блокчейн) операциялардың ашықтығы мен жоғары қауіпсіздігінің тиісті деңгейін қамтамасыз ету үшін деректердің өзара байланысты блоктары тізбегінің, тұтастықты растаудың берілген алгоритмдерінің және шифрлау (криптография) құралдарының негізінде деректердің бөлінген платформасында жазбаларды (ақпараттың) өзгертпеу қасиеттері болуға тиіс.

      Стейблкоиндер эмитентінің стейблкоиндер шығарылымы, айналымы (айналысы) және өтелуі мақсатында бірнеше блокчейн тәртібін (стандарттарын) және (немесе) кроссчейн-тәртібін (стандарттарын) таңдауына рұқсат етіледі.

      Стейблкоиндер эмитенті әртүрлі блокчейн тәртібіндегі (стандарттарындағы) стейблкоиндер шығарылымы көлемінің шығару шарттарында (white paper, уайт пейпер) белгіленген стейблкоиндер шығарудың жиынтық көлеміне сәйкес келуін қамтамасыз етеді.

      Бірнеше блокчейн тәртіптерді пайдалана отырып, стейблкоиндер шығарылған жағдайда эмитент есепті синхрондауға, қосарланған шығарылымның алдын алуға және өтініштің жиынтық көлемінің осы Қағидалардың талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етуге толық жауапты болады, сондай-ақ цифрлық активтердің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымға шығарылған және айналыстағы стейблкоиндердің жиынтық көлемін есепке алу, салыстыру және бақылау үшін қажетті ақпараттың уақтылы, толық және дәйекті берілуін қамтамасыз етуге міндетті.

      7. Стейблкоин эмитенті стейблкоиндардың базалық активі ретіндегі ақшаны цифрлық қаржылық активтің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдағы жекелеген банктік шоттарға орналастыру арқылы оларды эмитенттің өз қаражатынан бөліп (бөліп шығарып) сақтауды қамтамасыз ете отырып, базалық активтерді бөлуді жүзеге асырады.

      Стейблкоиндердің базалық активі болатын ақшалар, сондай-ақ оларды инвестициялау есебінен алынған активтер, осы Қағидаларға сәйкес эмитенттің банкроттығы жағдайында оның конкурстық массасына қосылмайды және тиісті стейблкоиндерді ұстаушылардың талаптарын қоспағанда, эмитент кредиторларының талаптарын қанағаттандыруға өндіріп алынбайды.

      8. Стейблкоин эмитенттері үшін меншікті капиталдың ең аз мөлшері 200 000 000 (екі жүз миллион) теңге мөлшерінде белгіленеді.

      9. Эмитенттің стейблкоиндерді ұстаушыларға стейблкоиндерді шығару бойынша сыйақы төлеуіне рұқсат етілмейді.

      10. Эмитенттер бір валютаға (single-currency, сингл карэнси) байланыстыра отырып, стейблкоиндер шығаруды қамтамасыз етеді.

3-тарау. Стейблкоиндерді шығару туралы шешімге қойылатын талаптар

      11. Стейблкоиндер эмитенттері стейблкоиндер шығарылымын тіркегенге дейін эмитенттің стейблкоиндерді шығару туралы шешімі негізінде шығару шарттарын (white paper, уайт пейпер) дайындайды.

      12. Эмитенттің тиісті көлемдегі (шамадағы) бөлінген базалық активтері болмаса, стейблкоиндерді шығару туралы шешім қабылдауына рұқсат етілмейді.

      13. Стейблкоиндер эмитенті өзінің интернет-ресурсында стейблкоиндер шығарылымын тіркеу күніне дейін күнтізбелік 10 күн бұрын эмитенттің стейблкоиндер шығару туралы шешімінің көшірмесін және шығару шарттарын (white paper) жариялайды.

      Эмитент стейблкоиндер платформасы операторының цифрлық платформасында стейблкоиндерді шығарған жағдайда, осы эмитент (осы ұйым) цифрлық платформасында стейблкоиндерді шығару жүзеге асырылған стейблкоиндер платформасының операторы туралы мәліметтерді (стейблкоиндер платформасы операторының атауы және пошталық мекенжайы, сондай-ақ шығару жүзеге асырылған блокчейн хаттамасы немесе стандарты) ұсына отырып, стейблкоиндерді шығарған күннен бастап күнтізбелік он күн ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкін осындай шығарылым туралы жазбаша хабардар етеді.

      14. Шығару шарттарына (white paper, уайт пейпер) стейблкоиндердің эмитенті және оның қызметі, стейблкоиндер эмитентінің үлестес тұлғалары, эмитенттің шығарылуы және сатылуы (орналастыруы) болжанатын стейблкоиндерді шығару туралы шешімі, эмитент деректердің бөлінген тізілімі технологияларын пайдалануға болжанатын стейблкоиндерді орналастырудан алатын ақшаның шығарылым көлемі, шығарылымдағы стейблкоиндердің саны, базалық активтер, стейблкоиндерді орналастырудан түсетін ақшаны пайдаланудың нақты мақсаттары (бөлінген деректер платформасы), стейблкоиндер типі (түрі), оларды шығару, орналастыру, айналым (айналыс), өтеу рәсімі мен тәртібі туралы мәліметтер және инвестордың стейблкоиндерді сатып алу туралы шешіміне әсер етуі мүмкін басқа да ақпарат кіреді.

      15. Осы Қағидалардың 14-тармағында көрсетілген мәліметтерден бөлек шығару шарттарында (white paper, уайт пейпер) мынадай шарттардың мәліметтері қамтылады:

      стейблкоиндерді бастапқы орналастыру (бастапқы сату);

      стейблкоиндерді сатып алу, сату және айырбастау операцияларын қоса алғанда, стейблкоиндердің айналымы;

      стейблкоиндерді өтеу және (немесе) мерзімінен бұрын ішінара және (немесе) толық өтеу;

      стейблкоиндерді кері сатып алу;

      стейблкоиндерді пайдаланып жүргізілетін қолжетімді операциялардың түрлері.

      White paper тәуекелдерге, сондай-ақ оларды азайту шараларына арналған жеке бөлімді қамтуы тиіс, бірақ олармен шектелмейді:

      технологиялық ақаулар мен бөлінген тізілімнің осалдығы тәуекелдері;

      кілттер мен есептік деректерді бұзуды қоса алғанда, үшінші тұлғалардың алаяқтық әрекеттерінің тәуекелдері;

      цифрлық қаржы активтері платформалары операторларының қызметіне байланысты операциялық және құқықтық тәуекелдер;

      эмитенттің төлем қабілетсіздігімен байланысты тәуекелдер.

      16. Эмитенттің стейблкоиндерді шығару туралы шешімінде мыналар қамтылған:

      1) эмитент туралы мәліметтер, соның ішінде оның атауы, орналасқан жері, мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы деректері, бизнес-сәйкестендіру нөмірі және (немесе) ISO 17442 "Financial services - Legal Entity Identifier (LEI)" ("Файнаншл сервисез - Легал Энтити Айдэнтифайер (Лей)") халықаралық стандартына сәйкес Легал Энтити Айдэнтифайер (Legal Entity Identifier) коды (бар болса);

      2) орналастырылатын стейблкоиндердің саны және номиналдық құны туралы мәліметтер;

      3) стейблкоиндер шығару бойынша базалық активтің құны немесе шамасы туралы мәліметтер;

      4) стейблкоиндерді шығаруға арналған цифрлық қаржы активтер платформасының әлеуетті операторы (операторлары) туралы ақпарат;

      5) стейблкоиндердің базалық активін сақтау жөніндегі әлеуетті ұйым туралы ақпарат;

      6) соңғы тоқсанның соңындағы жағдай бойынша стейблкоиндер эмитентінің қаржылық есептілік деректері негізінде меншікті капиталдың мөлшері туралы мәліметтер;

      7) өзге де мәліметтер.

4-тарау. Базалық активтерге қойылатын талаптар

      17. Цифрлық қаржы активтерінің базалық активі болып табылатын ақша кастодиандық қызметке және сейфтік операцияларға лицензиясы бар цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымның (номиналды ұстаушының функцияларын жүзеге асыратын тұлға) клиенттерінің ақшасын есепке алуға арналған банк шоттарына орналастырылады.

      18. Стейблкоиндерді шығару кезінде базалық активтер тек ақшамен ғана қалыптастырылады.

      Стейблкоиндерді шығару алдын ала (ex-ante, экс-антэ) толық резервтеу қағидаты бойынша жүзеге асырылады: стейблкоиндерді шығару (mint, минт) базалық активтерді стейблкоиндерді шығару құнынан кемінде 100 (жүз) пайыз көлемінде нақты орналастырғаннан кейін ғана рұқсат етіледі.

      Стейблкоиндер шығарылғаннан кейін стейблкоиндердің базалық активі болып табылатын ақша эмитентіне пайдалануға жол беріледі, стейблкоиннің базалық активі болып табылатын стейблкоиндерді шығару құнынан 50 (елу) пайызға дейінгі мөлшерде оның эмитенті мынадай жоғары өтімді активтерге:

      1) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 139-бабының 6-тармағында белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және Қазақстан Республикасының Үкіметі эмитенттері болып табылатын, айналыс мерзімі 3 (үш) жылға дейінгі мемлекеттік эмиссиялық бағалы қағаздарға;

      2) Standard & Poors (Стандард энд Пурс) халықаралық рейтингтік агенттігінің немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс СҰвис) және Fitch (Фитч) халықаралық рейтингтік агенттіктерінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтерінің жіктеуіші бойынша Қазақстан Республикасының тәуелсіз рейтингі деңгейінен төмен емес тәуелсіз рейтингі бар шет мемлекеттер шығарған мемлекеттік бағалы қағаздарға инвестициялау үшін пайдалануы мүмкін Халықаралық рейтингтік агенттіктердің рейтингтік салыстырмалы кестесі Қағидаларға қосымшада келтірілген;

      3) Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдар.

      19. Эмитент осы Қағидалардың 18-тармағы үшінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген өтімділігі жоғары активтер бойынша алынған инвестициялық кірісті өз қалауы бойынша басқарады (қайта инвестициялайды).

      20. Стейблкоиндер эмитенті цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйыммен (ұйымдармен) бірлесіп, стейблкоиндердің базалық активтерінің бір бөлігін нарықтық құны (mark-to-market, марк-ту-маркет) бойынша пайдалану есебінен сатып алынған эмитенттің активтеріне апта сайын бағалау жүргізеді.

      Стейблкоиндер эмитенті цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйым растаған бағалау нәтижелерін өзінің интернет-ресурсында жариялайды.

      21. Құнына стейблкоин құны бекітілген валюталардың түрлері шығару шарттарында (white paper, уайт пейпер) белгіленетін шарттар бойынша және тәртіппен айқындалады.

      22. Цифрлық қаржы активтері платформасы операторының Қағидалардың 5-тарауында көзделген өз функцияларын жүзеге асыруын қамтамасыз ету үшін эмитент цифрлық қаржы активтері платформасының операторына цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымда сақтауда тұрған активтердің қалдығы (шамасы) және құны туралы мәліметтерді (деректерді) алуына келісім береді.

      23. Стейблкоиндердің айналымы (айналысы) кезеңінде эмитент цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымдарға хабарлай отырып, инвестициялар құрамын (құрылымын) Қағидалардың 18-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген өтімділігі жоғары активтерге өзгертуге жол беріледі.

      24. Шығару шарттарында (white paper, уайт пейпер) белгіленген стейблкоиндер айналымының (айналысының) мерзімі ішінде эмитент стейблкоиннің базалық активі болып табылатын ақшаны және стейблкоиннің базалық активінің бір бөлігін пайдалану нәтижесінде сатып алынған активтерді өз мүддесі үшін үшінші тұлғалардың пайдасына иеліктен шығармайды және ауыртпалық салмайды.

      Базалық актив қалдығының құны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарында және (немесе) стейблкон шығару шарттарында көзделген арақатынаста стейблкоиндер шығарылымының нақты көлеміне сәйкес келмейтіні анықталған жағдайда, стейблкоиндер эмитенті 5 (бес) жұмыс күнінен кешіктірмей базалық активтердің құнын стейблкоиндерді шығару көлеміне сәйкес келтіреді (осы Қағидалардың 18-тармағында белгіленген талаптарға сәйкес).

5-тарау. Стейблкоиндерді тіркеу тәртібі

      25. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы стейблкоиндер шығарылымын тіркейді және эмитент ұсынған құжаттардың Қағидалардың, Қазақстан Республикасының цифрлық активтер және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің талаптарына сәйкес келуі тұрғысынан қарастырылады.

      Бір white paper (уайт пейпер) шеңберінде цифрлық қаржы активтерін шығару цифрлық қаржы активтері платформасының бір операторының цифрлық платформасы арқылы жүзеге асырылады.

      26. Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы стейблкоиндер шығарылымын тіркеу шеңберінде әрбір шығарылымға бірегей тіркеу нөмірін береді. Цифрлық қаржы активтерінің шығарылымына бірегей тіркеу нөмірін беру тәртібі цифрлық қаржы активтері платформасы операторының ішкі құжаттарында айқындалады.

      27. Стейблкоиндер шығарылымын тіркеу шеңберінде цифрлық қаржы активтері платформасының операторы:

      1) cтейблкоиндер эмитенті Қағидалардың, Қазақстан Республикасының цифрлық активтер және бағалы қағаздар нарығы туралы заңнамасының, сондай-ақ Қазақстан Республикасының өзге де заңнамалық актілерінің талаптарын сақтаған жағдайда цифрлық қаржы активтерінің эмитентіне өзінің цифрлық платформасына қол жеткізуді ұсынуды;

      2) цифрлық қаржы активтері платформасы операторының цифрлық платформасына жазбаны орналастыру арқылы cтейблкоиндерді шығаруды жүзеге асырады.

      28. Стейблкоиндер шығарылымын тіркеу цифрлық қаржы активтері платформасының операторы базалық активтердің бар екеніне, олардың көлемінің шығару шарттарында (white paper) мәлімделген стейблкоиндер шығарудың көлеміне сәйкестігіне көз жеткізгеннен кейін ғана жүзеге асырылады

      Базалық актив қалдықтарының құны Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарында және (немесе) стейблкоин шығару шарттарында көзделген арақатынаста стейблкоиндер шығарудың нақты көлеміне сәйкес келмеген жағдайда, цифрлық қаржы активтері платформасының операторы стейблкоиндер шығарылымының көлеміне стейблкоин эмитенті базалық актив құнына сәйкес келтіргенге дейін стейблкоиндердің жаңа шығарылымын тіркеуге рұқсат етілмейді.

6-тарау. Стейблкоиндер эмитентінің цифрлық қаржы активтері платформасының операторымен және цифрлық активтердің сауда платформасының операторымен өзара іс-қимыл жасау тәртібі

      29. Стейблкоиндерді шығару және орналастыру (стейблкоиндерді бастапқы орналастыру), сондай-ақ эмитенттің стейблкоиндерді өтеуі және (немесе) мерзімінен бұрын ішінара және (немесе) толығымен өтеуі цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық қаржы активтері сауда платформасы операторының цифрлық платформасында жүзеге асырылады.

      30. Басқа цифрлық активтерге қоса стейблкоиндерді айырбастау цифрлық қаржы активтері платформасы операторының және (немесе) цифрлық активтер сауда платформасы операторының цифрлық платформаларында жүзеге асырылады.

      Стейблкоиндерді активтерге, оның ішінде басқа цифрлық активтерге айырбастау шарттары Цифрлық активтер туралы заңның 4-бабы 1-тармағы екінші бөлігінің 2) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы бекіткен Цифрлық қаржы активтері платформасы операторларының, цифрлық активтердің сауда платформасы операторларының қызметін жүзеге асыру қағидаларында, сондай-ақ шығару шарттарында (white paper, уайт пейпер) айқындалады.

      Стейблкоин эмитентінің цифрлық активтердің сауда платформасының операторымен өзара іс-қимылы Операторлардың қызметін жүзеге асыру Қағидаларының талаптары ескеріле отырып жүзеге асырылады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасының эмитенті мен операторы өздерінің қарауындағы функциялар мен бақылау шегінде рұқсатсыз операциялар, алаяқтық және теріс пайдаланушылық тәуекелдерінің алдын алу мен оларды басқару үшін жауапты болады.

      31. Стейблкоиндер эмитенті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне, цифрлық қаржы активінің базалық активін сақтау жөніндегі ұйымға және стейблкоин ұстаушыларына цифрлық қаржы активтері платформасының операторымен шарт бұзылған күннен бастап 3 (үш) күн ішінде цифрлық қаржы активтері платформасының операторын ауыстыру туралы хабарлайды.

7-тарау. Стейблкоиндердің инвесторларына қойылатын талаптар, цифрлық қаржы активтерімен мәмілелерді жүзеге асыру мақсаттары үшін тұлғаларды білікті инвесторлар деп танудың тәртібі мен шарттары

      32. Жеке және заңды тұлғалар, заңды тұлғалар құрмай шетелдік құрылымдар, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мен сақтандыру холдингтері стейблкоиндердің инвесторлары бола алады.

      Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары мен сақтандыру холдингтері Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген талаптарды және Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган белгілеген пруденциялық нормативтерді ескере отырып, стейблкоиндермен операцияларды жүзеге асырады.

      Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктері, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйымдар, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдары, сақтандыру холдингтері және заңды тұлғалар білікті инвесторлар болып танылады.

      33. Стейблкоиндермен жеке тұлғалардың операцияларына қызмет көрсету олардың біліктілігіне сәйкес жүзеге асырылады.

      Цифрлық қаржы активтері платформасының операторы цифрлық активтермен операциялар жасау үшін сұрақтар тізбесін (тестті) пайдалана отырып клиенттің білімін бағалау арқылы клиенттің біліктілігін анықтайды.

      34. Сұрақтар тізбесі (тест) сұрақтар негізінде жасалады, онда:

      1) клиенттің цифрлық активтермен жұмыс тәжірибесі мен өтілі;

      2) клиенттің түрлері мен атауларын көрсете отырып, цифрлық активтердің әмияндарын пайдалану өтілі;

      3) клиенттің операцияларды жүзеге асыруда практикалық өтілі бар цифрлық активтер базасындағы құралдардың түрлері;

      4) клиенттің цифрлық активтермен жасалатын операцияның қайта қалпына келмейтініне байланысты тәуекелдерді қабылдағаны туралы белгі;

      5) клиенттің цифрлық активтердің әмиянына қолжетімділікті жоғалтуға байланысты тәуекелдерді қабылдағаны туралы белгі;

      6) клиенттің цифрлық активтер бойынша мемлекеттік кепілдіктердің болмауына (немесе шектеулі болуына) байланысты тәуекелдерді қабылдағаны туралы белгі;

      7) клиенттің "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес күдікті деп таныған кезде цифрлық активтермен операцияларды тоқтата тұру ықтималдығына байланысты тәуекелдерді қабылдағаны туралы белгі қамтылады, бірақ олармен шектелмейді.

      Сұрақтар тізбесіне (тест) бір немесе бірнеше дұрыс жауап таңдалатын кемінде 10 (он) сұрақ кіреді.

      Қамтамасыз етілмеген цифрлық активтерді айырбастау операторы ең төменгі өту балын (сұрақтардың жалпы санынан пайызбен) белгілейді, одан төмен болғанда, клиент біліктілігі жеткіліксіз болып танылады.

      Ең төменгі өту балы 80 (сексен) пайыздан төмен болмауға тиіс.

      35. Клиенттің білімін қайта бағалау клиентке соңғы бағалаудан өткеннен кейін күнтізбелік 30 (отыз) күннен кейін қолжетімді болады.

8-тарау. Білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етілген цифрлық қаржы активтерінің тізбесі

      36. Келесі цифрлық қаржылық активтерді білікті инвесторлардың қаражаты есебінен ғана сатып алуға рұқсат етіледі:

      1) кредиттік рейтингі Standard & Poors (Стандард энд Пурс) халықаралық рейтингтік агенттіктің жіктемесі бойынша "В" деңгейінен немесе Moody's Investors Service (Мудис Инвесторс СҰвис) және Fitch (Фитч) халықаралық рейтингтік агенттіктердің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтерінен төмен банктер эмитенттері болатын цифрлық қаржы активтері;

      2) базалық активі ақша болатын, күнтізбелік 30 (отыз) күннен аз айналысының белгіленген мерзімі бар цифрлық қаржы активтері.

      37. Эмитенттері соңғы есепті жылғы қаржылық есептілігін не Қағидалардың 18-тармағы үшінші бөлігінің 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген базалық активтің және жоғары өтімді активтердің жай-күйі туралы мәліметтерді ашпаған стейблкоиндерді білікті инвесторлар деп танылмаған тұлғалардың сатып алуына рұқсат етілмейді.

  Цифрлық қаржы активтерін
шығару, оларды орналастыру,
айналымға (айналысқа) жіберу
жəне өтеу қағидаларына
қосымша

Халықаралық рейтингтік агенттіктер рейтингтерінің салыстырма кестесі

Шетел валютасындағы рейтингтер

Standard & Poors

Moody's Investors Service

Fitch

1.

ААА

Ааа

ААА

2.

АА+

Aa1

АА+

3.

АА

Аа2

АА

4.

АА-

Аа3

АА-

5.

А+

A1

А+

6.

А

А2

А

7.

А-

A3

А-

8.

ВВВ+

Baa1

ВВВ+

9.

ВВВ

Ваа2

ВВВ

10.

ВВВ-

Ваа3

ВВВ-

11.

ВВ+

Ba1

ВВ+

12.

ВВ

Ва2

BB

13.

ВВ-

Ва3

ВВ-

14.

В+

В1

В+

15.

В

В2

В

16.

В-

В3

В-


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады