"Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2026 жылғы 10 сәуірдегі № 128 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 10 сәуірде № 38394 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 255 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10871 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      аталған бұйрықпен бекітілген Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелеріне құқықтар беру қағидаларында:

      7-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "7. Арнайы есепке алуды республикалық маңызы бар қаланың, астананың, ауданның, облыстық маңызы бар, аудандық маңызы бар қаланың жергілікті атқарушы органдары, кенттердің, ауылдардың, ауылдық округтердің әкімдері (бұдан әрі – ЖАО) жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскесін алуға кезектілік тізімін (бұдан әрі – кезекте тұрғандардың тізімі) электрондық форматта жүргізу арқылы жүзеге асырады.

      Кезекте тұрғандардың тізімі ЖАО-ның автоматтандырылған жұмыс орнында оның деректерін жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрының цифрлық жүйесіне (бұдан әрі – ЖМБМК ЦЖ) интеграциялау жолымен азаматтардың өтініштерінің (өтінішхаттарының) арнайы есепке қойылуына қарай қалыптастырылады.";

      8-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. ЖАО "Қайтыс болған", "Тұрақты тұруға кеткен" мәртебелері бар кезекте тұрғандарды айқындау үшін интеграциялық өзара іс-қимыл арқылы "цифрлық үкіметтің" шлюзі/цифрлық үкіметтің сыртқы шлюзі арқылы "Жеке тұлғалар" мемлекеттік дерекқорына сұраным жібереді.

      Бұл ретте, "Қайтыс болған", "Тұрақты тұруға кеткен" мәртебелері бар кезекте тұрғандар автоматты түрде кезекте тұрғандар тізімінен шығарылады. ЖМБМК ЦЖ-да осы кезекте тұрғанның реттік нөмірі одан кейін тұрған жеке тұлғаға автоматты түрде беріледі, сондай-ақ келесі кезекте тұрғандардың реттік нөмірі осыған ұқсас өзгереді.";

      9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "9. Жеке тұрғын үй құрылысы үшін жер учаскелерін алған азаматтар, сондай-ақ ұсынылған жер учаскесінен жазбаша не электронды түрде бас тартқан азаматтар кезекте тұрғандар тізімінен шығарылады, ал ЖМБМК ЦЖ-да кезектіліктің реттік нөмірі автоматты түрде ауыстырылады.";

      10-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Азаматтарды кезекте тұрғандар тізіміне қалпына келтіруді ЖАО жеткілікті негіздер болған кезде және осы фактіні құжаттамалық растау (жер учаскесін алуға кезекке қою туралы хабарлама, сот шешімі) мүмкіндігі болған кезде ғана жүргізеді.

      Сот шешімі негізінде кезекте тұрғандар тізімінде азаматты қалпына келтіру туралы жазба ЖМБМК ЦЖ-да (/С) белгісі арқылы жүргізіледі.

      Жер учаскесін алуға кезекке қою туралы хабарламаның негізінде азаматты кезекте тұрғандар тізімінде қалпына келтіру туралы жазба азамат өтініш берген күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде ЖМБМК ЦЖ-да (/А) белгісі арқылы жүргізіледі.

      Азаматты кезекте тұрғандар тізімінде қалпына келтіру үшін азамат растайтын құжаттарды (жер учаскесін алуға кезекке қою туралы хабарлама, сот шешімі) қоса бере отырып, еркін нысанда ЖАО-ға өтінішпен жүгінеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Жер ресурстарын басқару комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады