ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 22 маусымдағы № 243-НҚ бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 32891 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесіне қойылатын талаптарды бекіту туралы";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесіне қойылатын талаптар бекітілсін";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың ақпараттық жүйесіне қойылатын талаптар осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес мынадай редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің Цифрлық трансформация және тауарларды таңбалау департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін оны Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Сауда және интеграция вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық ресми жариялануға жатады және 2026 жылғы 12 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Сауда және интеграция министрінің міндетін атқарушы |
А. Бижанова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесіне қойылатын талаптар
1. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесіне қойылатын функционалдық талаптар:
1) тауарларға таңбалау кодтарын беру арқылы сәйкестендіру құралдарымен таңбалауға жататын тауардың әрбір бірлігін бірегей сәйкестендіруді қамтамасыз ету.
Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесімен тауарға немесе тұтыну қаптамасына немесе айналымнан шығарылмаған материалдық тасығышқа жазылған кодты қайта сериялауға жол берілмейді;
2) тауарды таңбалау кодын рұқсатсыз генерациялаудан, көшіруден, жаппай көшіруден және қолдан жасаудың басқа да әдістерінен қорғауды қамтамасыз ету;
3) сәйкестендіру құралдарын, оның ішінде таңбалау кодтарының мәртебесін өзгерту жолымен автоматтандырылған есепке алуды қамтамасыз ету;
4) тауар қаптамасын агрегациялаудың барлық деңгейлерін сәйкестендіру құралдарының өзара байланысты есебін қамтамасыз ету (тұтыну, топтық, көлік);
5) салық төлеушілердің, сыртқы экономикалық қызметке қатысушылардың Қазақстан Республикасының салықтық және кедендік заңнамасын тиісінше орындауын қамтамасыз ету;
6) салықтық және кедендік әкімшілендіруді жүзеге асыру үшін салалық уәкілетті мемлекеттік органға мәліметтерді уақтылы және толық көлемде ұсынуды қамтамасыз ету;
7) анықталған бұзушылық туралы хабарлама жіберу мүмкіндігімен мобильді қосымша арқылы тауарларды таңбалау және тауарға салынған сәйкестендіру құралының түпнұсқалығын тексеру саласында қоғамдық бақылауды жүзеге асыруды қамтамасыз ету.
Тауарға салынған сәйкестендіру құралының түпнұсқалығын, тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесін тексеру кезінде тауар туралы ақпарат көрсетіледі, ол оны кем дегенде келесі мәліметтер жиынтығымен сипаттайды: сауда атауы, өндіруші, импорттаушы, өндіріс күні (егер көзделсе), тауардың жарамдылық мерзімі;
8) таңбалаудың цифрлық жүйесі нәтижелерінің түпнұсқалылығын және тауарлардың қадағалануын бағалау;
9) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесінде тауар айналымының барлық қатысушыларын тіркеуді және есепке алуды қамтамасыз ету;
10) таңбаланған тауарлар туралы мәліметтерді қамтитын тауар айналымына қатысушылар арасында олардың қадағалануын қамтамасыз ету мақсатында электрондық ілеспе құжаттарды қалыптастыру, өңдеу және алмасу;
11) хаттамалар мен электрондық өзара іс-қимыл интерфейстерін пайдалана отырып, цифрлық электрондық сервистер арқылы тауар айналымына қатысушылардың цифрлық жүйелерімен деректер алмасу;
12) Еуразиялық экономикалық одақтың интеграцияланған ақпараттық жүйесі арқылы трансшекаралық сауда шеңберінде Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттер арасында өткізілетін таңбаланған тауарлар туралы мәліметтерді беруді қамтамасыз ету;
13) таңбаланған тауарды өткізу туралы мәліметтерді алу бөлігінде Қазақстан Республикасының фискалдық деректерінің цифрлық жүйелерімен интеграциялауды қамтамасыз ету;
14) осындай тауарларды өндірушілер болып табылатын тауарлар айналымына қатысушылар үшін таңбаланған тауарлардың статистикалық және талдамалық ақпаратын қалыптастыру;
15) одан әрі талдау, болжау және шешімдер қабылдауды қолдау мақсатында талдамалық жүйелер үшін жинақталған деректерді құрастыру және ұсыну мүмкіндігін қатамасыз ету;
16) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесі Қазақстан Республикасының аумағында аккредиттелген куәландырушы орталықтардың электрондық цифрлық қолтаңбасын оларды сәйкестендіру және аутентификациялау, сондай-ақ тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесінде құжат айналымын қамтамасыз ету үшін пайдалану мүмкіндігін іске асырады;
17) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесі енгізілетін деректердің сапасын тексеру үшін автоматтандырылған форматтық-логикалық бақылау тетігін іске асырады;
18) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесі тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесінде пайдаланушы операцияларын орындауға арналған Веб-қосымшаны іске асырады;
19) пайдаланушылардың интерфейс тілін таңдау мүмкіндігін іске асыру үшін тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесімен қазақ және орыс тілдерін қолдау қамтамасыз етіледі;
20) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесімен анықтамалықтарды, тізілімдер мен сыныптауыштарды қоса алғанда, тауарларды таңбалаудың цифрлық жүйесіне қатысушылар пайдаланатын және тауарларды таңбалаудың цифрлық жүйесіндегі нормативтік-анықтамалық ақпараттың қадағалануының бірлігі қамтамасыз етіледі;
21) тауарлар туралы мәліметтерді сұрату кезінде тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесімен жауап беру уақыты 15 (он бес) секундтан аспайды;
22) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесі жүйені кемінде 1 (бір) миллион пайдаланушы бір мезгілде пайдалануды қамтамасыз етеді;
23) тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесі пайдаланушының компьютерінің күнін, уақытын, IP-мекенжайын көрсете отырып, цифрлық жүйе пайдаланушыларының іс-әрекеттерін тіркеуді қадағалау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
2. Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесінің мемлекеттік цифрлық ресурстармен интеграцияланатын өзара іс-қимылына қойылатын талаптар.
Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесі мемлекеттік цифрлық ресурстармен, оның ішінде "Цифрлық үкімет" шлюзі арқылы сыртқы цифрлық жүйелерден:
жеке кәсіпкерлер тізілімі;
ұлттық куәландырушы орталығының мәліметтерін бастапқы қабылдау және мерзімді өзектендіру бөлігінде интеграцияланатын өзара іс-қимылды іске асырады.
Тауарларды таңбалау мен қадағалаудың цифрлық жүйесі уәкілетті мемлекеттік органдардың мемлекеттік цифрлық ресурстарымен, оның ішінде "Цифрлық үкімет" шлюзі арқылы таңбаланған тауарлар туралы ақпаратты беру және (немесе) алу бөлігінде:
салықтық және кедендік әкімшілендіру мақсатында таңбаланған тауарлар туралы мәліметтерді алу үшін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің цифрлық жүйелерімен;
жекелеген тауар топтары бойынша салалық уәкілетті органдарды таңбалаудың және қадағалаудың цифрлық жүйелерімен (қажет болған жағдайда) интеграцияланатын өзара іс-қимылды іске асырады.
3. Деректердің қауіпсіздігі мен қорғалуына қойылатын талаптар "Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету саласындағы бірыңғай талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2016 жылғы 20 желтоқсандағы № 832 қаулысына сәйкес айқындалады.
