"Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі 43-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Көмірсутектер саласындағы жер қойнауының стратегиялық учаскелерінің тізбесін жүргізу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жер қойнауын пайдалану департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының энергетика вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің міндетін атқарушы |
Е. Акбаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі
| 2026 жылғы 31 наурыздағы № 132-н/қ бұйрығына қосымша |
Көмірсутектер саласындағы стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Көмірсутектер саласындағы стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексі (бұдан әрі – Кодекс) 43-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және көмірсутектер саласындағы стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу тәртібін айқындайды.
2. Көмірсутектер саласындағы стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесіне (бұдан әрі – Тізбе) Кодекстің 43-бабының 2-тармағында белгіленген мынадай өлшемшарттар біріне сәйкес келетін мынадай жер қойнауы учаскелері қосылуға тиіс:
1) көлемі елу миллион тоннадан астам мұнайдың немесе он бес миллиард текше метрден астам табиғи газдың геологиялық қорлары бар учаскелер.
Мұнайдың немесе табиғи газдың геологиялық қорларының болуы жер қойнауын пайдаланушы бекіткен және жер қойнауына мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысын алған көмірсутектердің геологиялық қорларын есептеу жөніндегі есеппен расталады;
2) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан учаскелер.
Егер жер қойнауы учаскесі аумағының барлық географиялық координаттары түбі мен жер қойнауы учаскесінің шегінде орналасса, ол Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан деп танылады, оның іргелес елдердің учаскелерімен кеңістіктік шекаралары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленген, ал құрлықпен кеңістіктік шекарасы Каспий теңізі суының максималды деңгейінің көтерілуі нәтижесінде түзілетін сызық бойынша өтеді.
2-тарау. Көмірсутектер саласындағы стратегиялық жер қойнауы учаскелерінің тізбесін жүргізу тәртібі
1-параграф. Көлемі елу миллион тоннадан астам мұнайдың немесе он бес миллиард текше метрден астам табиғи газдың геологиялық қорлары бар жер қойнауы учаскелері
3. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган көмірсутектердің геологиялық қорларын есептеу жөніндегі есепке мемлекеттік сараптаманың оң қорытындысы берілген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде құзыретті органды мыналар:
1) Тізбеге енгізілмеген жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутек кен орнының осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкестігі;
2) Тізбеге енгізілген жер қойнауы учаскесі бойынша көмірсутек кен орнының осы Қағидалардың 2-тармағының 1) тармақшасында көрсетілген өлшемшарттарға сәйкес келмеуі туралы хабардар етеді.
Хабарламаға көмірсутектердің геологиялық қорларын есептеу жөніндегі есептің көшірмесі қоса беріледі.
4. Жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның осы Қағидалардың 3-тармағына сәйкес жолданған хабарламасын алғаннан кейін, құзыретті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде Тізбеге өзгерістер енгізеді және оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілуі мен қабылдануын қамтамасыз етеді.
2-параграф. Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан жер қойнауы учаскелері
5. Құзыретті органның Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан жер қойнауы учаскесі шекараларының осы Қағидалардың 2-тармағы 2) тармақшасының талаптарына сәйкестігі туралы сұрау салу бойынша жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті орган осы сұрау салуды 1 (бір) ай ішінде қарастырады және қарау нәтижелері бойынша құзыретті органға мынадай қорытындылардың бірін жібереді:
1) жер қойнауы учаскесі аумағының барлық географиялық координаттарының түбі мен жер қойнауы учаскесінің шегінде орналасқан, оның іргелес елдердің учаскелерімен кеңістіктік шекаралары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленген, ал құрлықпен кеңістіктік шекарасы Каспий теңізі суының максималды деңгейінің көтерілуі нәтижесінде түзілетін сызық бойынша өтеді;
2) жер қойнауы учаскесі аумағы географиялық координаттарының бір бөлігі шектес елдердің учаскелерімен кеңістіктік шекаралары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленген түбі мен жер қойнауы учаскесінің шегінен тыс жерде орналасқан, ал құрлықпен кеңістіктік шекарасы Каспий теңізі суының ең жоғары деңгейде көтерілуі нәтижесінде түзілетін сызық бойынша өтеді.
6. Шектес елдердің учаскелерімен кеңістіктік шекаралары Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттармен белгіленген түбі мен жер қойнауы учаскесінің шекаралары өзгерген немесе Каспий теңізі суының ең жоғары деңгейде көтерілуі нәтижесінде түзілетін сызық бойынша өтетін құрлықпен кеңістіктік шекара өзгерген жағдайда, құзыретті орган жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органға Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан және Тізбеге енгізілген жер қойнауы учаскелері шекараларының осы Қағидалардың 2-тармағының 2) тармақшасындағы талаптарға сәйкестігі туралы сұрау салуды 5 (бес) жұмыс күні ішінде жібереді.
7. Жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті орган осы Қағидалардың 6-тармағына сәйкес жіберілген сұрау салуды 1 (бір) ай ішінде қарайды және қарау нәтижелері бойынша құзыретті органға өзінің мынадай:
1) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан және Тізбеге енгізілген, шекаралары осы Қағидалардың 2-тармағының 2) тармақшасындағы талаптарға сәйкес келмейтін жер қойнауы учаскелерінің бар екендігі туралы. Мұндай қорытындыға тиісті учаскелердің тізбесі қоса беріледі;
2) Каспий теңізінің қазақстандық секторында орналасқан және Тізбеге енгізілген, шекаралары осы Қағидалардың 2-тармағының 2) тармақшасындағы талаптарға сәйкес келмей қалған жер қойнауы учаскелерінің жоқ екендігі туралы қорытындысын жібереді.
8. Осы Қағидалардың 5-тармағының 1) тармақшасында немесе 7-тармағының 1) тармақшасында көзделген жер қойнауын зерделеу жөніндегі уәкілетті органның хабарламасын алғаннан кейін құзыретті орган 10 (он) жұмыс күні ішінде Тізбеге өзгерістер енгізеді және оның Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен келісілуін және қабылдануын қамтамасыз етеді.
