Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер алмасу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2026 жылғы 20 наурыздағы № 13 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 27 наурызда № 38209 болып тіркелді

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 59-бабының 3-тармағына, "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3-3-бабының 3-тармағына, "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 6-1-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер алмасу қағидалары бекітілсін.

      2. Мына:

      1) "Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 6 тамыздағы № 50 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34908 болып тіркелген);

      2) "Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтерді алмасу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2024 жылғы 6 тамыздағы № 50 қаулысына өзгерістер мен толықтыру енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Басқармасының 2025 жылғы 20 тамыздағы № 34 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36705 болып тіркелген) күші жойылды деп танылсын.

      3. Әлеуметтік жобалар және қаржылық сауаттылықты арттыру департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Заң департаментімен бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы қаулы мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Заң департаментіне осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген іс-шараның орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      4. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      5. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және дамыту
Агенттігінің Төрағасы
М. Абылкасымова

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Қорғаныс министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту Агенттігінің
Басқармасының
2026 жылғы 20 наурыздағы
№ 13 Қаулыға қосымша

Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер алмасу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер алмасу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 59-бабының 3-тармағына, "Микроқаржылық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 3-3-бабының 3-тармағына, "Коллекторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 6-1-бабы 2-тармағының үшінші бөлігіне сәйкес әзірленді және мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың арасында мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер, сондай-ақ оларды қызметтен шығару, оларда банктік қарыздың, микрокредиттің болуы не болмауы, банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер алмасу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар мен қысқартулар пайдаланылады:

      1) ЖРАЖ ИШ – Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің "Жұмылдыру ресурстарының автоматтандырылған жүйесінің интеграциялық шлюзі" ақпараттық жүйесі;

      2) ЖСН – жеке сәйкестендіру нөмірі;

      3) кредитор – екінші деңгейдегі банк, банк операцияларының жекелеген түрлерін жүзеге асыратын ұйым, микроқаржылық қызметті жүзеге асыратын ұйым, коллекторлық агенттік;

      4) кредитор сервисі – мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер және кредиттік бюроның мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілерге банктік қарыз шарттары, микрокредит беру туралы шарттар бойынша ұсынылған төлемді кейінге қалдыру туралы мәліметтерді бергені туралы мәліметтер алуға арналған сервис;

      5) кредиттік бюро сервисі – мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер және кредиторларға мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтердің берілгені туралы мәліметтер алуға арналған сервис.

2-тарау. Банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсыну үшін мәліметтер алмасу кезінде мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі

      3. Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілерге банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсыну үшін мәліметтер алмасу кезінде мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролар арасындағы өзара іс-қимыл мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ЖРАЖ ИШ кредиттік бюроларға сервис арқылы мерзімді әскери қызметке шақырылған әрбір әскери қызметші бойынша мынадай мәліметтер береді:

      ЖСН;

      тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басын куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      туған күні;

      әскер қызметке қатысты мәртебесі;

      облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрығының шығарылған күні;

      2) кредиттік бюро алынған мәліметтер негізінде мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшінің банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша қолданыстағы міндеттемелерінің бар-жоғын тексереді;

      3) кредиттік бюро кредиторларға мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілердің банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша міндеттемелері бар мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мынадай мәліметтер береді:

      ЖСН;

      әскери қызметке қатысты мәртебесі;

      облыстың (астананың, республикалық маңызы бар қаланың) қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрығының шығарылған күні;

      Кредитордың сервисі болмаған кезде кредитор кредиттік бюролардың сервисі арқылы осы тармақтың 3) тармақшасында көрсетілген мәліметтерді аптасына бір рет сұратады.

      4. Кредитор кредиттік бюроға "Қазақстан Республикасындағы кредиттік бюролар және кредиттік тарихты қалыптастыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Кредиттік бюролар туралы заң) 19-бабы 2-тармағының 8) тармақшасында белгіленген мерзімде банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемдерді кейінге қалдырудың ұсынылуы туралы мәліметтер береді.

      5. Кредиттік бюролар жылына екі рет 5 қаңтарға дейін және 5 шілдеге дейін қаржы нарығы мен қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті органға банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшілеріне берілген төлемдерді кейінге қалдыру туралы ақпаратты ұсынады.

3-тарау. Банктік қарыз және микрокредит шарттары бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды ұсынуды тоқтату және сыйақы есептеуді қайта бастау үшін мәліметтер алмасу кезінде мемлекеттік органдар мен кредиттік бюролардың өзара іс-қимыл жасау тәртібі

      6. Мерзімді әскери қызметтен, оның ішінде шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін шығарылған мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілерге банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды тоқтату және сыйақы есептеуді қайта бастау үшін мәліметтер ұсыну мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ЖРАЖ ИШ сервис арқылы мерзімді әскери қызметтен, оның ішінде шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін шығарылған әрбір әскери қызметші бойынша кредиттік бюроларға мынадай мәліметтерді береді:

      ЖСН;

      тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе);

      туған күні;

      әскери қызметке қатысының мәртебесі;

      шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін мерзімді әскери қызметтен шығарылумен байланысты әскери бөлімнің тізімдерінен алып тасталған күні не әскери бөлім командирінің (мекеме басшысының) мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісін жеке құрамның тізімдерінен алып тастау туралы бұйрығының шығарылған күні;

      2) алынған мәліметтер негізінде кредиттік бюро мерзімді әскери қызметтен, оның ішінде шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін шығарылған әскери қызметшіні банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемдерді кейінге қалдырудың болуы не болмауы тұрғысынан тексереді;

      3) кредиттік бюро осы тармақтың 2) тармақшасында көзделген мәліметтерді тексергеннен кейін банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды тоқтату және сыйақыны есептеуді қайта бастау үшін мерзімді әскери қызметтен, оның ішінде шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін шығарылған әскери қызметші туралы мынадай мәліметтерді кредиторларға жібереді:

      ЖСН;

      әскери қызметке қатысының мәртебесі;

      шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін мерзімді әскери қызметтен шығарылумен байланысты әскери бөлімнің тізімдерінен алып тасталған күні не әскери бөлім командирінің (мекеме басшысының) мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісін жеке құрамның тізімдерінен алып тастау туралы бұйрығының шығарылған күні.

      Кредитордың сервисі болмаған кезде кредитор кредиттік бюролардың сервисі арқылы аптасына бір рет мерзімді әскери қызметтен, оның ішінде шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін шығарылған әскери қызметшілер туралы мәліметтерді сұратады.

      7. Кредитор Кредиттік бюролар туралы заңның 19-бабы 2-тармағының 8) тармақшасында белгіленген мерзімде кредиттік бюроға мерзімді әскери қызметтен, оның ішінде шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі аяқталғанға дейін шығарылған әскери қызметшілерге банктік қарыз шарты, микрокредит беру туралы шарт бойынша төлемдерді кейінге қалдыруды тоқтату және сыйақы есептеуді қайта бастау туралы мәліметтерді береді.

4-тарау. Кредитордың мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтерді банктік қарыз, микрокредит берілгенге дейін алу тәртібі

      8. Кредиттік бюролар ЖРАЖ ИШ сервисі арқылы мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілер туралы мәліметтерді алған кезде мәліметтерді олардың кредиттік тарихына енгізеді, сондай-ақ олардың кредиттік есебінде облыстың (астана, республикалық маңызы бар қала) қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының мерзімді әскери қызметке шақыру туралы бұйрығының шығарылған күнін көрсете отырып, "мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісі" мәртебесін (бұдан әрі – мәртебе) көрсетеді.

      Он сегіз бен жиырма жеті жас аралығындағы жеке тұлғаға банктік қарыз, микрокредит беру туралы шешім қабылдағанға дейін кредитор кредиттік есепте оның мәртебесін тексереді.

      Мерзімді әскери қызметтің әскери қызметшісінің кредиттік есебінде мәртебе болған кезде кредитор оған банктік қарыздар, микрокредиттер бермейді.

      Кредиттік бюролар ЖРАЖ ИШ сервисі арқылы Қағидалардың 6-тармағының 1) тармақшасында көзделген, мерзімді әскери қызметтен, оның ішінде әскерге шақыру бойынша әскери қызмет мерзімі өткенге дейін шығарылған әскери қызметші туралы мәліметтерді алған кезде Қағидалардың 6-тармағы 1) тармақшасының бесінші және алтыншы абзацтарында көрсетілген мәліметтерді оның кредиттік тарихында, сондай-ақ кредиттік есепте көрсетеді.

      Мерзімді әскери қызметке шақырылған әскери қызметшілердің дербес деректерін жинау, өңдеу және пайдалану "Дербес деректер және оларды қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 8-бабына сәйкес Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігіне берілген келісімнің негізінде жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады