ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 12.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық жүйесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 18507 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған цифрлық жүйесін жүргізу қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
""Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабының 3-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса беріліп отырған Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған цифрлық жүйесін жүргізу қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған цифрлық жүйесін жүргізу қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің Мәдениет комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 12 шілдеден бастап күшіне енеді және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрінің міндетін атқарушы |
К. Искаков |
Келісілді
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған цифрлық жүйесін жүргізу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған цифрлық жүйесін жүргізу қағидалары "Кинематография туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі - Заң) 11-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және фильмдер мониторингінің бірыңғай автоматтандырылған цифрлық жүйесін (бұдан әрі - цифрлық жүйе) жүргізу тәртібін айқындайды.
2-тарау. Цифрлық жүйені жүргізу тәртібі
2. Цифрлық жүйе Қазақстан Республикасының аумағында фильмдерді жүйеге келтіру және есепке алу мақсатында кинематография саласындағы уәкілетті органмен жүргізіледі.
3. Фильмдерді жүйелеу электронды түрде автоматты режимде жүзеге асырылады және фильмдерді хронологиялық тәртіппен көрсету күніне сәйкес цифрлық жүйеге түсетін мәліметтерді реттеу мен орналастыруды қамтиды.
4. Фильмдерді көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын ұйым (бұдан әрі – фильмнің демонстраторы) фильмдерді есепке алуды жүргізеді және цифрлық жүйеге олар бойынша ақпарат береді.
5. Фильмдерді есепке алуды жүргізу мақсатында фильмнің демонстраторы мынадай деректемелерді көрсете отырып, цифрлық жүйеде тіркеуді жүзеге асырады:
1) фильм демонстраторының атауы;
2) фильм демонстраторының ұйымдық-құқықтық нысаны;
3) фильм демонстраторының бизнес сәйкестендіру нөмірі;
4) фильмнің демонстраторы орналасқан жерінің мекен-жайы;
5) фильм демонстраторының байланыс деректері (телефон/факс, электрондық мекен-жайы).
6. Фильмнің демонстраторы әрбір фильмді көрсетер алдында цифрлық жүйемен интеграцияланған бағдарламалық қамтамасыз етуге (бұдан әрі – бағдарламалық қамтамасыз ету) фильмнің атауын, көрсетілімнің басталу және аяқталу күнін қамтитын фильм туралы ақпаратты орналастырады.
7. Кейіннен әрбір сатылған билетке қатысты ақпарат нақты уақыт режимінде бағдарламалық қамтамасыз ету арқылы, фильм демонстраторының бақылау-кассалық машиналарынан деректерді беру және онлайн режимде сату жолымен цифрлық жүйеге беріледі.
8. Цифрлық жүйеге берілетін ақпарат мынадай мәліметтерді қамтиды:
1) фильм демонстраторының атауы;
2) фильмнің атауы;
3) сеанстың басталу күні мен уақыты;
4) кинозал атауы немесе нөмірі (бір кинозалдан артық болған жағдайда);
5) кинозалдағы қатардың және орынның нөмірі;
6) фильм билетінің құны;
7) билетке жеңілдіктер (болған жағдайда);
8) фильмнің прокаттау куәлігінің нөмірі;
9. Фильмнің демонстраторы цифрлық жүйеге оған байланысты емес мән-жайлар бойынша ақпарат беру мүмкін болмаған кезде ақпаратты ұсынбау себептерін көрсете отырып, уәкілетті органды жазбаша хабардар етеді.
Бұрын ұсынылмаған ақпарат оны беруге кедергі келтірген мән-жайлар жойылған сәттен бастап таяудағы сағат ішінде оны беруге кідіртілген себептерді көрсете отырып, цифрлық жүйеге жіберіледі.
10. Фильм демонстраторынан цифрлық жүйеге түсетін фильмдер бойынша ақпарат Заңның 12-бабының 5-тармағына сәйкес жүзеге асырылатын ұлттық фильмдерді прокаттау мен көрсетуден аударымдарды жасау көлемін анықтау кезінде пайдаланылады.
