БҰЙЫРАМЫН:
1."Міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 231 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10875 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптар осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Бухгалтерлік есеп, аудит және бағалау әдіснамасы департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеуді;
2) осы бұйрықты оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметті Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасының | |
| Қаржы министрі | М. Такиев |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі
| Қазақстан Реcпубликасының | |
| Қаржы министрі 2026 жылғы 13 наурыздағы № 182 бұйрығына қосымша Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы № 231 бұйрығымен бекітілген |
Міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптар
1. Осы міндетті аудит жүргізетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптар (бұдан әрі – Ең аз талаптар) "Аудиторлық қызмет туралы" Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – Заң) 7-бабының 1-2) тармақшасына сәйкес әзірленді және ұйымдарға міндетті аудит жүргізуге жіберілетін аудиторлық ұйымдарға қойылатын ең аз талаптарды белгілейді.
2. Ұйымдарға міндетті аудит жүргізу үшін аудиторлық қызметті жүзеге асыруға лицензиясы бар аудиторлық ұйым мынадай Ең аз талаптарға сәйкес келеді:
1) "4" немесе "5" бағасымен жүргізілген сапаны сыртқы бақылау нәтижелері бойынша аудиторлық ұйым мүшесі болып табылатын аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымның қорытындысының болуы;
2) аудиторлық қызметтер көрсетуге шартты жасаған күнге дейін соңғы 1 (бір) жыл ішінде Қазақстан Республикасының Әкiмшiлiк бұзушылықтар туралы кодексінің 247-бабына сәйкес аудиторлық қызмет туралы заңнаманы бұзғаны үшін салынатын әкiмшiлiк жазалардың болмауы;
3) аудиторлық ұйымның азаматтық-құқықтық жауапкершілігін сақтандыру шартының болуы;
4) аудитті бір ұйым, оның ішінде қаржы ұйымы 7 (жеті) жыл бойы үздіксіз жүзеге асырған жағдайда ротациялауға жатады.
Аудиторлық ұйымда "4" немесе "5" бағасымен жүргізілген сапаны сыртқы бақылау нәтижелері бойынша кәсіби кеңестің қорытындысы болған кезде аккредиттелген кәсіби аудиторлық ұйымның қорытындысы талап етілмейді.
3. Заңның 5-бабында көзделген жағдайларда ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың, жер қойнауын пайдаланушылардың міндетті аудитін жүргізу үшін осы Ең аз талаптардың 2-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында көзделген Ең азталаптарға сәйкестігінен басқа, аудиторлық ұйым мынадай Ең аз талаптарға сәйкес келеді:
1) аудиторлық ұйым басшысының аудиторлық қызметпен айналысу мерзімі кемінде 5 (бес) жыл;
2) кемінде 10 (он) аудит жүргізілген субьектілер бойынша халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкестігіне аудиторлық есептерінің болуы;
3) "4" немесе "5" бағасымен жүргізілген сыртқы сапаны бақылау нәтижелері бойынша кәсіби кеңестің қорытындысының болуы.
4. Заңның 5-бабында көзделген жағдайларда қаржы ұйымдарына (қызметін Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің қолма-қол шетел валютасымен айырбастау операцияларына арналған лицензиясы негізінде тек қана айырбастау пункттері арқылы жүзеге асыратын заңды тұлғаларды және банкноттарды, монеталарды және құндылықтарды инкассациялау айрықша қызметі болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда) міндетті аудит жүргізу үшін осы Ең аз талаптардың 2-тармағының 2), 3) және 4) тармақшаларында және 3-тармағында көзделген ең аз талаптарға сәйкестігінен басқа аудиторлық ұйым:
1) құрамында бухгалтерлік есеп және аудит саласында The Association of Chartered Certified Accountants (ACCA), The Chartered Institute of Management Accountants (CIMA), The Institute of Chartered Accountants in England and Wales (ICAEW), Certified Management Accountant (CMA), Certified Internal Auditor (CIA), Institute of Internal Auditors (IIA), Certified Financial Services Auditor (CFSA) бірінде толық біліктігі бар, не соңғы бес жылдың 3 (үш) жылы ішінде тиісті ұйымдардың аудиті саласында жұмыс тәжірибесімен бірге "аудитор" деген бiлiктiлiк куәлiгi бар топтың басшысы болып табылатын маманы бар;
2) құрамында бухгалтерлік есеп және аудит саласында The Association of Chartered Certified Accountants (ACCA), The Chartered Institute of Management Accountants (CIMA), The Institute of Chartered Accountants in England and Wales (ICAEW), "Certified Management Accountant (CMA), Certified Internal Auditor (CIA), Institute of Internal Auditors (IIA), Certified Financial Services Auditor (CFSA) бірінде толық біліктігі бар не соңғы бес жылдың 2 (екі) жылы ішінде тиісті ұйымдардың аудиті саласында жұмыс тәжірибесімен бірге "аудитор" біліктігі бар кемінде 2 (екі) маманы бар;
3) Заңға сәйкес аудит жүргізу және (немесе) басқа да қызметтер көрсету кезінде аудиттелетін қаржы ұйымы алдында өтелмеген қарызы жоқ;
4) Заңға сәйкес аудит жүргізу және (немесе) басқа да қызметтер көрсету кезінде құрамында аудиттелетін қаржы ұйымының алдында банктік қарыз шарты бойынша және (немесе) микрокредит шарты бойынша берешегі жоқ аудитор және (немесе) топ басшысы бар.
5. "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамының міндетті аудитін жүргізу үшін аудиторлық ұйым осы Ең аз талаптардың 2-тармағында, 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларында, 4-тармағында көзделген талаптарға сәйкес келеді.
