"Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 546 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2026 жылғы 28 ақпандағы № 50 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 2 наурызда № 38073 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз.

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 546 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12463 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Автомобиль көлiгi туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 13-бабының 23-9) тармақшасына сәйкес және "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау қағидаларында:

      1-тармақ мынадай мәтінде жазылсын:

      "1. Осы Автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау және "Тез бұзылатын тамақ өнімдерін халықаралық тасымалдау және осы тасымалдарға арналған арнайы көлік құралдары туралы келісімге сәйкес берілген куәлік" мемлекеттік қызметті көрсету қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Автомобиль көлігі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 13-бабының 23-9) тармақшасына және "Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы заң) 10-бабының 1) тармақшасына сәйкес әзірленген, автомобиль көлігімен жүктерді тасымалдау тәртібін айқындайды, ол мыналарды:

      1) жүктi жеткiзу мерзiмiн;

      2) жүктi автомобильмен тасымалдауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртiбiн;

      3) тауар-көлік жүкқұжатын және жолдама парағын қолдану тәртібін;

      4) жүк тиеу және түсiру пункттерiне қойылатын талаптарды;

      5) жүктердi автомобильмен тасымалдауға қабылдау, сондай-ақ жүктi межелi пунктiнде өңдеу, сақтау және беру тәртiбiн;

      6) тез бүлiнетiн жүктi өткiзу тәртiбiн;

      7) құндылығы жарияланған жүктерді тасымалдау тәртiбiн;

      8) жүктi таңбалау тәртiбiн;

      9) жүктi пломбалау тәртiбiн;

      10) актiлер жасау тәртiбiн;

      11) жүктi тасымалдау шарттарын өзгерту және бұзу тәртiбiн;

      12) жүктi ұстап қалу тәртiбiн;

      13) жүктiң жекелеген түрлерiн тасымалдау тәртібін;

      14) халықаралық қатынаста тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарын куәландыру тәртібін;

      15) тез бұзылатын жүктерді тасымалдайтын автокөлік құралдарына қойылатын талаптарды қамтиды.";

      4-тармақ мынадай мәтінде жазылсын:

      "4. Жүктерді, оның ішінде экспресс-жүктерді автомобильмен тасымалдау Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (бұдан әрі – ҚР АК), "Қазақстан Республикасындағы көлік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының, Заңның, "Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заң), осы Қағидалар мен шарттардың талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.

      Жүктерді, оның ішінде экспресс-жүктерді халықаралық тасымалдау халықаралық шарттардың, "Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің, Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы заңның, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 17 сәуірдегі № 460 бұйрығымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 11779 болып тіркелген) бекітілген Автомобиль көлігімен қауіпті жүктерді тасымалдау қағидаларының, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің міндетін атқарушының 2015 жылғы 27 наурыздағы № 353 бұйрығымен (Нормативтiк құқықтық актiлердi мемлекеттiк тiркеу тiзiлiмiнде № 11704 болып тіркелген) бекітілген Қазақстан Республикасының халықаралық қатынастағы автомобильмен тасымалдарында рұқсат беру жүйесін қолдану қағидаларының талаптарын сақтай отырып жүзеге асырылады.";

      27-тармақтың 5) тармақшасы мынадай мәтінде жазылсын:

      "5) тәуліктің кешкі және түнгі уақытында жарықтандыру Қазақстан Республикасының Құрылыс кодексінің 40-бабына сәйкес бекітілген сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерге сәйкес келуі және тиеу-түсіру жұмыстарын орындау кезінде қауіпсіздік талаптарына сай келуі тиіс;";

      389-1-тармақ мынадай мәтінде жазылсын:

      "389-1. Мемлекеттік қызметтер көрсету мәселелері бойынша шағымды қарауды жоғары тұрған әкімшілік орган, лауазымды адам, мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – шағымды қарайтын орган) жүргізеді.

      Шағым көрсетілетін қызметті берушіге және (немесе) шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адамға беріледі.

      Көрсетілетін қызметті беруші, шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған лауазымды адам шағым келіп түскен күннен бастап 3 (үш) жұмыс күнінен кешіктірмей оны және әкімшілік істі шағымды қарайтын органға жібереді.

      Бұл ретте шешіміне, әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалып отырған көрсетілетін қызметті беруші, лауазымды адам, егер ол 3 (үш) жұмыс күні ішінде шағымда көрсетілген талаптарды толық қанағаттандыратын шешім не өзге де әкімшілік әрекет қабылдаса, шағымды қарайтын органға шағым жібермеуге құқылы.

      Көрсетілетін қызметті берушінің атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы Мемлекеттік және әлеуметтік жауапкершілігі бар көрсетілетін қызметтер туралы заңның 25-бабының 2-тармағына сәйкес тіркелген күнінен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын бағалау және бақылау жөніндегі уәкілетті органның атына келіп түскен көрсетілетін қызметті алушының шағымы тіркелген күнінен бастап 15 (он бес) жұмыс күні ішінде қаралуға жатады.

      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, сотқа жүгінуге Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 91-бабының 5-тармағына сәйкес сотқа дейінгі тәртіппен шағым жасалғаннан кейін жол беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Автомобиль көлігі және көліктік бақылау комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Көлік вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық, 2026 жылғы 1 шілдеден бастап күшіне енетін осы бұйрықтың 1-тармағының 25 және 26 абзацтарын қоспағанда, алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Көлік министрі
Н. Сауранбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады