"Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 22-6-бабының 5-тармағына, "Қазақстан Республикасының Патент Заңы" Қазақстан Республикасы Заңының 36-2-бабының 5-тармағына, "Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 46-2-бабының 5-тармағына сәйкес, "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 15-2-бабының 5-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссия шешіміне шағымдарды қарау қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі | Е. Сарсембаев |
| Қазақстан Республикасы Әділет министрі 2026 жылғы 28 қаңтардағы № 96 Бұйрықпен бекітілген |
Патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссия шешіміне шағымдарды қарау қағидаларын бекіту туралы
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссия шешіміне шағымдарды қарау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Селекциялық жетістіктерді қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Қазақстан Республикасының Патент Заңы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Тауар белгілері, қызмет көрсету белгілері, географиялық нұсқамалар және тауарлар шығарылған жерлердің атаулары туралы" Қазақстан Республикасының Заңына, "Интегралдық микросхемалар топологияларын құқықтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Апелляциялық комиссия туралы ережеге (бұдан әрі – Ереже) сәйкес әзірленді және апелляциялық комиссияның (бұдан әрі – Комиссия) патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссия шешіміне шағымдарды қарау тәртібін айқындайды.
2. Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) апелляциялық комиссия – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағымдарды сотқа дейін қарау жөніндегі алқалы органы;
2) Комиссияның жұмыс органы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Зияткерлік меншік құқығы комитеті (бұдан әрі – Комитет);
3) мүдделі тұлға – құқықтары, бостандықтары немесе заңды мүдделері әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) қозғалатын немесе қозғалуы мүмкін тұлға;
4) өтініш беруші – әкімшілік рәсімді жүзеге асыру үшін уәкілетті органға, лауазымды тұлғаға шағым берген тұлға, сондай-ақ өзіне қатысты әкімшілік акт қабылданатын, әкімшілік әрекет (әрекетсіздік) жасалатын тұлға (әкімшілік актінің адресаты);
5) патенттік сенім білдірілген өкіл – Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес уәкілетті орган мен сараптама ұйымы алдында жеке және заңды тұлғалардың өкілдігіне құқық берілген Қазақстан Республикасының азаматы;
6) патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссия – Комитет жанынан құрылатын комиссия;
7) сараптама ұйымы – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Зияткерлік меншік құқығы комитетінің "Ұлттық зияткерлік меншік институты" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорны;
8) тараптар – өтініш беруші және мүдделі тұлға;
9) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасының Әділет министрлігі;
10) шағым – әкімшілік рәсімге қатысушының өзі немесе өзге де тұлғалардың әкімшілік актімен, әкімшілік әрекетпен (әрекетсіздікпен) бұзылған құқықтарын, бостандықтарын немесе заңды мүдделерін қалпына келтіруді немесе қорғауды талап етуді қамтитын өтініш нысаны.
3. Комиссия өз қызметінде Қазақстан Республикасының Конституциясын, Қазақстан Республикасының заңдары мен халықаралық шарттарын, өзге де нормативтік құқықтық актілерді, сондай-ақ Қағидалар мен Ережені басшылыққа алады.
4. Комиссияның міндеттері жеке және заңды тұлғалардың патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағымдарын қарау, сондай-ақ шағымдарды қарау кезінде заңдылық, әділдік, бейтараптық, объективтілік, жариялылық, ашықтық, айқындық қағидаттарының сақталуы болып табылады.
2-тарау. Патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағымдарды қарау тәртібі
5. Комиссияға жеке және заңды тұлғалардың патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешімдеріне шағымдары беріледі.
6. Шағым еркін жазбаша (қағаз немесе электрондық) нысанда қазақ немесе орыс тілдерінде уәкілетті органның кеңсесі арқылы беріледі. Шағымға қоса берілетін материалдар қазақ немесе орыс тілдерінде ұсынылады.
7. Шағымда мыналар көрсетіледі:
1) шағымды қарайтын органның атауы;
2) жеке тұлғаның тегі, аты, әкесінің аты (егер ол жеке басты куәландыратын құжатта көрсетілсе), жеке сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде), пошталық мекенжайы не заңды тұлғаның атауы, пошталық мекенжайы, бизнес-сәйкестендіру нөмірі (ол болған кезде);
3) жеке тұлғаның нақты тұратын мекенжайы және заңды тұлғаның орналасқан жері;
4) әкімшілік актісіне, әкімшілік әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағым жасалатын әкімшілік органның, лауазымды адамның атауы;
5) әкімшілік рәсімге қатысушы өз талаптарын және дәлелдерін негіздейтін мән-жайлар;
6) шағым беру күні;
7) әкімшілік рәсімге қатысушының қолы;
8) шағымға қоса берілетін құжаттардың тізбесі;
9) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген өзге де мәліметтер.
8. Шағым түскен күні Комиссияның жұмыс органы тіркейді және оған кіріс нөмірі беріледі. Өтініш беруші жұмыс уақыты аяқталғаннан кейін, демалыс және мереке күндері жүгінген кезде Қазақстан Республикасының еңбек заңнамасына сәйкес шағым құжаттарын қабылдау келесі жұмыс күні жүзеге асырылады.
9. Шағым түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасының зияткерлік меншік саласындағы заңдарында және Қағидаларда белгіленген шағымды ресімдеуге, мазмұнына және беру рәсіміне қойылатын талаптардың сақталуын тексеру жүзеге асырылады.
10. Қажетті материалдар болмаған жағдайда өтініш берушінің атына он жұмыс күні ішінде шағымды қарауға қабылдаудан бас тарту туралы хабарлама жіберіледі. Қайтаруға негіз болған мән-жайлар жойылғаннан кейін қайта берілген кезде өтініш берушінің шағымы жалпы тәртіппен қаралады.
11. Шағымды қарауға қабылдаудан бас тартылады, егер:
1) шағым Комиссияда қаралуға жатпайды;
2) шағымға қол қойылмаған не оған қол қоюға өкілеттігі жоқ адам қол қойған;
3) шағым белгіленген мерзімді бұза отырып берілген және көрсетілген мерзімді ұзарту және қалпына келтіру мүмкіндігі жоғалған;
4) өтініш беруші белгіленген мерзімде шағымды ресімдеуге, мазмұнына және рәсіміне қойылатын талаптарға қатысты кемшіліктерді жоймаған.
Көрсетілген мән-жайлар болған кезде өтініш берушіге он жұмыс күні ішінде шағымның қарауға қабылданбайтыны және берілмеген болып есептелетіні туралы хабарлама жіберіледі.
12. Мүдделі тұлғаға (патенттік сенім білдірілген өкілге) шағым қарауға қабылданғаннан кейін (мүдделі тұлға болған кезде) шағым мен материалдардың көшірмелері қоса берілген шағымның келіп түскені туралы хабарлама жіберіледі.
13. Өтiнiш берушi берiлген шағымды Комиссия шешiмдi жария еткенге дейiн қайтарып ала алады.
14. Шағымдарды Комиссия оларды қарауға қабылдаған күннен бастап жиырма жұмыс күні ішінде қарайды.
15. Комиссияның отырыстары күндізгі және (немесе) қашықтықтан форматында өткізіледі.
16. Шағымды қарауға тараптар және сараптама ұйымының өкілі (қажет болған жағдайда) қатысады.
Тараптар шағымды қарауға жеке өзі, сондай-ақ өз өкілі арқылы қатыса алады. Өкілдің өкілеттігі сенімхатпен расталады.
Уәкілетті органның және сараптама жасау ұйымының қызметкерлері көрсетілген адамдардың өкілі бола алмайды.
17. Комиссия отырыс өткізілетін күнді мынадай жағдайларда кейінге қалдырады:
1) шағымды оның қатысуынсыз қарау туралы өтініш берген жағдайды қоспағанда, тараптар келмеген;
2) өтініш берушінің қосымша дәлелдемелерді ұсыну үшін уақыт қажеттігі туралы өтінішхаты.
18. Шағымды мәні бойынша қарау төрағалық етушіден басталады.
19. Істі одан әрі қарау мынадай реттілікпен жүргізіледі:
1) хатшының шағымды қарау туралы сөзі;
2) шағым берген адамның және (немесе) оның өкілінің сөз сөйлеуі;
3) мүдделі тұлғаның және (немесе) оның өкілінің сөз сөйлеуі (бар болса);
4) сараптама ұйымы өкілінің сөз сөйлеуі (қажет болған жағдайда);
5) Комиссия мүшелерінің сұрақтарына тараптардың жауаптары.
20. Шағымды қарауға қатысатын тұлғалар:
1) іс материалдарымен танысады, олардан үзінді көшірме жасайды, тапсырыс береді және олардың көшірмелерін алады;
2) дәлелдемелер ұсынады;
3) дәлелдемелерді зерттеуге қатысады;
4) Комиссия қатысушыларына сұрақтар қояды;
5) өтініш білдіреді;
6) Комиссия мүшелеріне ауызша және жазбаша түсініктемелер береді;
7) шағымды қарау барысында туындайтын барлық мәселелер бойынша өз дәлелдері мен пайымдауларын білдіреді;
8) іске қатысатын басқа да адамдардың өтініштеріне, дәлелдері мен пайымдауларына қарсылық білдіреді.
21. Іске қатысушы адамдар өздеріне тиесілі барлық құқықтарды адал пайдаланады.
22. Комиссия шешім шығарады:
1) патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешіміне шағымды қанағаттандыру туралы;
2) патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешіміне шағымды қанағаттандырудан бас тарту туралы;
3) патенттік сенім білдірілген өкілдер қызметінің мәселелері жөніндегі комиссияның шешіміне шағымды ішінара қанағаттандыру туралы.
Комиссия өз бастамасы бойынша шағымның нысанасын немесе негізін өзгертпейді.
23. Комиссияның барлық мүшелері шағымды қарау кезінде тең құқықтарды пайдаланады. Комиссияның шешімі қатысып отырған мүшелер санының қарапайым көпшілік даусымен қабылданады; дауыстар тең болған жағдайда Төрағаның дауысы шешуші болып табылады.
Төрағалық етуші қабылданған шешімнің қарар бөлігін шағымды қарауға қатысушы адамдарға жария етеді.
24. Қабылданған шешім шағымды қарауға қатысқан адамдарға ол шығарылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде жіберіледі. Комиссияның шешімі жазбаша нысанда жазылады және кіріспе, сипаттау, уәждеу және қарар бөліктерінен тұрады.
Шешімге Комиссияның барлық мүшелері қол қояды.
25. Комиссия өтініш берушінің өтініші бойынша шағымды қараусыз қалдырады. Шағымды қараусыз қалдыру туралы шешім Комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді.
26. Комиссияның шешімі хаттамамен ресімделеді және сотқа шағым жасалуы мүмкін.
27. Комиссия шағымды қараусыз қалдырады, егер:
1) Комиссия отырысының өткізілетін уақыты мен күні туралы тиісінше хабардар етілген, шағымды оның қатысуынсыз қарау туралы мәлімдемеген өтініш беруші Комиссияның отырысына қайталама шақыру бойынша келмеген;
2) шағым берген адамның өз шағымын кері қайтарып алу туралы өтініші болса.
28. Шағымды қараусыз қалдыру туралы шешім Комиссия отырысының хаттамасында тіркеледі.
29. Техникалық себептер бойынша қолданудың мүмкін еместігін қоспағанда, Комиссияның әрбір отырысы барысында бейнетіркеу жүргізіледі.
30. Комиссия отырысы барысында бейнетіркеу құралдарын қолдану үздіксіз жүзеге асырылады. Отырысқа қатысушыларға үзіліс туралы немесе шешімді қабылдау үшін тараптардың кетуі туралы хабарлаған сәттен бастап және оны жариялаған сәтке дейін бейнетіркеу құралдарын тоқтату үзіліс болып табылмайды.
31. Комиссия отырыстарының барысын тіркеуді қамтамасыз ететін бейнетіркеу құралдарын қолдануды отырыстың хатшысы жүзеге асырады.
32. Комиссия отырысы басталар алдында хатшы отырыс барысын тіркеуді қамтамасыз ететін бейнетіркеу құралдарының жұмыс қабілеттілігін тексереді.
33. Бейнетіркеу құралдарын пайдалану мүмкін болмаған жағдайда хатшы бұл туралы хаттамада бейнетіркеуді пайдаланбаудың себептерін көрсете отырып, төрағаға баяндайды. Комиссия отырысы аяқталғаннан кейін хатшы бейнетіркеу құралдарының техникалық ақаулары туралы Әділет министрлігінің ақпараттық технологиялар жөніндегі қызметкеріне хабарлайды.
34. Объективті себептер бойынша бейнетіркеу құралдарын пайдаланудың мүмкін болмауы Комиссия отырысының жалғасуын жоққа шығармайды.
35. Хатшы отырысты бейнежазба құралдарымен бейнетіркеуді, сондай-ақ хаттамадан кейін тізімдемеде көрсете отырып, іс материалдарына қоса тіркелетін көшірмені материалдық (электрондық) жеткізгіште бір данада жазуды қамтамасыз етеді.
36. Отырыста бейнетіркеу құралдарын қолдану туралы Комиссия хаттамасында бейнежазбаны қамтитын файлдың атауы көрсетіледі.
37. Бейнежазбаны қамтитын материалдық (электрондық) жеткізгіш қаптамада хаттаманың нөмірі, Комиссия отырысының күні, сондай-ақ хатшының қолы көрсетіле отырып, қапталған түрде (конвертте) іс материалдарына қоса тіркеледі.
38. Отырыс барысын бейнежазба құралдарымен одан әрі тіркеу мүмкін болмаған кезде Комиссия қатысушыларына бұл туралы хабарланады.
39. Егер техникалық ақаулықтардың салдарынан бейнетіркеу құралдарын пайдалана отырып хаттамалау мүмкін болмаса не Комиссия отырысының бейнежазбасы іс жүзінде жүзеге асырылмағаны анықталса, акт жасалады.
40. Актіге Комиссия хатшысы, төрағасы және мүшелері қол қояды және Комиссия хаттамасына қоса тіркеледі.
41. Бейнежазбаны техникалық фрагменттеу немесе оның форматын өзгерту жағдайларын қоспағанда, отырыстың бейнежазбасын тоқтата тұруға немесе түзетуге жол берілмейді.
42. Комиссия отырысының іс материалдарына қоса тіркелген бейнежазба көшірмесінің сақталуын хатшы істі мұрағатқа бергенге дейін қамтамасыз етеді.
43. Істі қабылдаған кезде мұрағатшы іс материалдарына қоса тіркелген материалдық (электрондық) жеткізгіштегі отырыстың бейнежазбасы көшірмесінің болуын тексереді.
44. Комиссия отырыстарының бейнежазбалары кемінде 1 (бір) жыл сақталады.
