"Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 271 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2026 жылғы 8 қаңтардағы № 5 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2026 жылғы 9 қаңтарда № 37828 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2025 жылғы 30 мамырдағы № 271 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 36181 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Облыстың, республикалық маңызы бар қаланың, астананың жергілікті атқарушы органының ішкі нарықта айналысқа жіберу үшін бағалы қағаздар шығару қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бағалы қағаздарды эмитент сауда-саттықты ұйымдастырушы қағидаларында белгіленген аукционды өткізу, қосымша орналастыру, қайта ашу жолымен орналастырады.";

      16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "16. Эмитентке бағалы қағаздарды ішінара мерзімінен бұрын немесе толық мерзімінен бұрын өтеуге жол беріледі.

      Ішінара мерзімінен бұрын немесе толық мерзімінен бұрын өтеу бағалы қағаздарды ұстаушылармен (немесе олардың уәкілетті өкілдерімен) келісім бойынша жүзеге асырылады.

      17. Бағалы қағаздарды өтеу және оларға қызмет көрсету, сондай-ақ ішінара мерзімінен бұрын немесе толық мерзімінен бұрын өтеу тиісті жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.".

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік қарыз алу департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;

      3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
М. Такиев

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Ұлттық экономика министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады