"Алматы қаласында туристерді тасымалдау жөніндегі көлік қызметтерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы № 1/36 қаулысына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Алматы қаласы әкімдігінің 2025 жылғы 18 желтоқсандағы № 4/811 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 23 желтоқсанда № 37649 болып тіркелді

      Алматы қаласының әкімідігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Алматы қаласында туристерді тасымалдау жөніндегі көлік қызметтерін ұсыну қағидаларын бекіту туралы" Алматы қаласы әкімдігінің 2023 жылғы 26 қаңтардағы №1/36 қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеудің тізілімінде № 1712 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген қаулымен бекітілген Алматы қаласында туристерді тасымалдау жөніндегі көлік қызметтерін ұсыну қағидаларында:

      2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1) автобус – жүргізушінің орнын қоспағанда, сегізден астам отыратын орны бар, жолаушылар мен багажды тасымалдауға арналған автомобиль көлік құралы;

      2) автомобиль тасымалдаушысы (бұдан әрі – тасымалдаушы) – жолаушыларды, багажды, жүктерді және пошта жөнелтілімдерін тасымалдау бойынша кәсіпкерлік қызметті жүзеге асыратын, меншік құқығында немесе өзге де заңды негіздерде жеңіл көліктерді қоспағанда, автокөлік құралдарын иеленуші жеке немесе заңды тұлға;

      3) туристік агент – турагенттік қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      4) туристік көрсетілетін қызметтер – туристің саяхаты кезеңінде және осы саяхатқа байланысты ұсынылатын, оның қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін қажетті көрсетілетін қызметтер (орналастыру, тасымалдау, тамақтандыру, экскурсиялар, туризм нұсқаушыларының, гидтердің көрсететін қызметтері) және туристік қызмет көрсету шартында көзделген, сапар мақсатына қарай көрсетілетін басқа да қызметтер, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдар мен халықтың жүріп-тұруы шектеулі топтарын (инклюзивті туризмді) қоса алғанда, барлық туристер үшін туризм инфрақұрылымына тең (кедергісіз) қолжетімділікті қамтамасыз етуге бағытталған көрсетілетін қызметтер;

      5) туристік көлік – адамдарды, жүктерді немесе оған орнатылған жабдықтарды жолдармен туристік-экскурсиялық тасымалдауға арналған автобус және шағын автобус;

      6) туристік қызмет субъектілері – Қазақстан Республикасында жеке кәсіпкерлер немесе заңды тұлғалар ретінде қызметін жүзеге асыратын туроператорлар мен турагенттер, сондай-ақ туристік қызмет саласындағы қоғамдық бірлестіктер, ішкі және келу туризмін дамыту мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі құрған ұйым;

      7) туристік қызмет көрсетуге арналған шарт - өтемді туристік қызмет көрсету бойынша туристік қызметті жүзеге асыратын тұлға мен туристің арасындағы келісім;

      8) туристік қызмет – туристік қызметтер көрсету бойынша жеке немесе заңды тұлғалардың кәсіпкерлік қызметі;

      9) туристік маршрут – туристің қажеттіліктерін қанағаттандыруы үшін жүру жолы, оны туристік оператор әзірлейді және ол туристік қызмет объектілеріне баруы егжей-тегжейлі регламенттелген (пайдаланылатын көлік, тоқтайтын орындар, бару объектілері, түнейтін жерлер, шұғыл жағдайлардағы медициналық көмек және басқа да жағдайлар) осындай баруды қамтиды;

      10) туристік оператор (бұдан әрі – туроператор) – туристік операторлық қызметті, ішкі туризм, келу немесе шығу туризмі саласындағы туристік операторлық қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;

      11) туристік өнім – саяхат кезінде туристің қажеттіліктерін қанағаттандыру үшін жеткілікті барлық қажетті туристік қызметтер көрсету кешені;

      12) шағын автобус – дайындаушы зауыт көздеген жүргізушінің орнын қоспағанда, отыратын орны он алтыдан аспайтын, ерекше шағын кластағы автобус;

      13) шұғыл жедел қызметтерді шақыру құрылғысы (бұдан әрі – шақыру құрылғысы) – жұмыс істеп тұрған кемінде екі жаһандық навигациялық спутниктік жүйе сигналдарының көмегімен көлік құралының координаттарын, жылдамдығын және қозғалыс бағытын айқындауды, жол-көлік оқиғасы және өзге де төтенше жағдай кезінде көлік құралы туралы хабарлама беруді, сондай-ақ жылжымалы радиотелефон байланысы желілері арқылы жедел қызметтер екіжақты дауыс байланысын жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін құрылғы.".

      2. "Алматы қаласы Туризм басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы қаулыны Алматы қаласы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы қаулының орындалуын бақылау Алматы қаласы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Д. Сатыбалды
     
      "КЕЛІСІЛДІ"
      Қазақстан Республикасы
      Туризм және спорт министрлігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады