Ұлытау облыстық мәслихатының 2023 жылғы 18 мамырдағы № 2/20 "Ұлытау облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту туралы" шешіміне өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Ұлытау облыстық мәслихатының 2025 жылғы 3 шілдедегі № 27/263 шешімі. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 14 шілдеде № 36440 болып тіркелді

      Ұлытау облыстық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Ұлытау облыстық мәслихатының "Ұлытау облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларын бекіту туралы" 2023 жылғы 18 мамырдағы №2/20 шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №15-20 болып тіркелген) келесі өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген шешіммен бекітілген Ұлытау облысында жылу маусымына дайындық және оны өткізу қағидаларында:

      1-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "1. Осы Ұлытау облысында жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Электр энергетикасы туралы", "Жылу энергетикасы туралы" заңдарына, Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2014 жылғы 18 желтоқсандағы № 211 "Жылу энергиясын пайдалану қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (бұдан әрі – Жылу энергиясын пайдалану қағидалары) (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10234 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2017 жылғы 28 қыркүйектегі № 331 "Жылу желілері объектілерінің күзет аймақтарын және осындай аймақтардың шекараларында орналасқан жер учаскелерін пайдаланудың ерекше шарттарын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №15941 болып тіркелген), Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 29 сәуірдегі № 249 "Коммуналдық көрсетілетін қызметтердің тізбесін және коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсынудың үлгілік қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №20542 болып тіркелген) сәйкес әзірленді және Ұлытау облысында жылу беру маусымына дайындық және оны өткізу тәртібін анықтайды.";

      4-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "4. Қағидаларда қолданылатын негізгі ұғымдар:

      1) әзірлік паспорты – жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлігін растайтын, жыл сайын берілетін құжат;

      2) басқарушы компания – жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісін басқару жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      3) жылу өндіруші субъект – Қазақстан Республикасының "Жылу энергетикасы туралы" заңына сәйкес жылу энергиясын өндіру жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      4) жылу тасымалдаушы субъект – Қазақстан Республикасының "Жылу энергетикасы туралы" заңына сәйкес жылу энергиясын тасымалдау және (немесе) өткізу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын дара кәсіпкер немесе заңды тұлға;

      5) жылу тұтынатын қондырғылар – жылу энергиясын тұтынушының мұқтаждықтары үшін жылу энергиясын, жылу жеткізгішті пайдалануға арналған құрылғылар кешені;

      6) жылу энергиясын тұтынушы (бұдан әрі – тұтынушы) – жылу энергиясын өзі тұтыну және (немесе) қосалқы тұтынушыға одан әрі сату үшін сатып алатын жеке немесе заңды тұлға;

      7) жылумен жабдықтау – тұтынушыларды жылу энергиясымен, жылу жеткізгішпен қамтамасыз ету, оның ішінде жылу қуатын ұстап тұру;

      8) жылумен жабдықтау жүйесі – жылу жеткізгішті өндіруге, тасымалдауға және пайдалануға арналған қондырғылар кешені;

      9) жылумен жабдықтау сапасы – жылумен жабдықтау сипаттамаларының Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген термодинамикалық параметрлерге сәйкес келуі;

      10) жылумен жабдықтау субъектілері – жылу өндіруші және жылу тасымалдаушы субъектілер;

      11) кондоминиум объектісі – дара (бөлек) меншіктегі пәтерлерден, тұрғын емес үй-жайлардан, орынтұрақ орындарынан, қоймалардан және дара (бөлек) меншікте болмайтын және пәтерлердің, тұрғын емес үй-жайлардың, орынтұрақ орындарының, қоймалардың меншік иелеріне көппәтерлі тұрғын үй тұрған біртұтас бөлінбейтін жер учаскесін және (немесе) үй жанындағы жер учаскесін қоса алғанда, ортақ үлестік меншік құқығымен тиесілі ортақ мүліктен тұратын біртұтас мүліктік кешен;

      12) сервистік қызмет субъектісі – жасалған шарт негізінде кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күтіп-ұстау жөніндегі қызметтерді көрсететін жеке немесе заңды тұлға;

      13) теңгерімдік тиесілік және пайдалану жауапкершілігінің шекарасы – энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен тұтынушылар арасындағы, сондай-ақ тұтынушылар мен қосалқы тұтынушылар арасындағы жылу желісінің теңгерімдік тиесілігі бойынша анықталатын және тараптардың пайдалану жауапкершілігін белгілейтін жылу желісін бөлу нүктесі;

      14) энергия беруші ұйым – шарттар негізінде электр энергиясын беру жөніндегі қызметті көрсететін ұйым;

      15) энергиямен жабдықтаушы ұйым – сатып алынған электр энергиясын тұтынушыларға сатуды жүзеге асыратын ұйым.";

      5-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "5. Облыстың аумағында күзгі-қысқы жағдайлардағы энергетикалық кешенінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының және әлеуметтік саладағы объектілердің дайындығы жыл сайын жүзеге асырылады.";

      6-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "6. Ұлытау облысы аумағында жылу маусымына дайындық және оны өткізуін жалпы үйлестіруі жылу маусымына дайындық және оны өткізуді ұйымдастыру жөніндегі облыс жұмыс тобымен жүзеге асырылады.";

      7-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "7. Қалалар мен аудандар аумағында жылу маусымына дайындық және оны өткізуін үйлестіру жылу маусымына дайындық және оны өткізу жөніндегі қалалық және аудандық жұмыс топтарымен жүзеге асырылады.";

      8-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "8. Облыстың энергетикалық кешенінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың және әлеуметтік саладағы объектілерін жылу маусымына дайындау жөніндегі іс-шаралары келесі тәртіпте әзірленеді және жыл сайын ұсынылады:

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік саладағы кәсіпорындар мен ұйымдар жылу маусымы аяқталғаннан кейін тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың, әлеуметтік саладағы объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларын әзірлеп, қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына ағымдағы жылдың 1 наурызына дейін ұсынады;

      ұсынылған іс-шаралар негізінде қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары қалалар мен аудандардың тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың және әлеуметтік саладағы объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және тиісті қаулылармен бекітеді және жыл сайын ағымдағы жылдың 1 сәуіріне дейін "Ұлытау облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" мемлекеттік мекемесіне (бұдан әрі - Басқарма) ұсынады;

      жылу және электр энергиясын өндіретін кәсіпорындар іс-шаралар туралы ақпаратты Басқармаға қосымша ұсынады.

      Кәсіпорындар және қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары ұсынған іс-шаралардың негізінде, Басқарма облыстың энергетикалық кешенінің, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықтың және әлеуметтік саладағы объектілерін дайындау жөніндегі іс-шараларды әзірлейді және олар Ұлытау облысының әкімімен бекітіледі.";

      9-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "9. Жылу маусымына дайындық жөніндегі іс-шараларды орындау жөніндегі ақпарат ай сайын есепті кезеңнен кейінгі айдың 1 күніне дейін ерікті түрде беріледі:

      тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық пен әлеуметтік салаға кіретін кәсіпорындар мен ұйымдар қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдарына кәсіпорындар мен ұйымдар бойынша ақпарат түрінде;

      қалалар мен аудандардың жергілікті атқарушы органдары қалалар мен аудандар бойынша жиынтық ақпарат түрінде Басқармаға;

      жылу және электр энергиясын өндіретін кәсіпорындар Басқармаға қосымша ұсынады.";

      25-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:

      "25. Күзгі-қысқы кезеңде жылумен жабдықтау субъектілерінің әзірлігі әзірлік паспортын алу шартымен расталады.

      Күзгі-қысқы кезеңде барлық қуаттардағы және жылу желілеріндегі (магистралдық, орамішілік) жылыту қазандықтарының әзірлігі паспортын жергілікті атқарушы органдар Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 2 ақпандағы № 55 "Энергия өндіруші, энергия беруші ұйымдар мен жылу өндіруші, жылу тасымалдаушы субъектілердің күзгі-қысқы кезеңдегі жұмысқа әзірлік паспортын алу қағидаларын бекіту туралы" бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №10516 болып тіркелген) сәйкес береді.".

      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлытау облыстық мәслихатының төрағасы Б. Шингисов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады