БҰЙЫРАМЫН:
1. "Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау жөніндегі нұсқаулықты бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2014 жылғы 29 мамырдағы № 260 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9552 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау жөніндегі нұсқаулық осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Азаматтық қорғаныс және әскери бөлімдер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушы |
К. Турсынбаев |
Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау жөніндегі нұсқаулық
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті айқындау жөніндегі нұсқаулық (бұдан әрі – Нұсқаулық) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының халқын қорғауды қамтамасыз ету үшін азаматтық қорғау құралдарын жинақтаудағы қажеттілікті айқындайды.
2. Осы Нұсқаулықта мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) азаматтық қорғау құралдары – халықты қорғау және азаматтық қорғау күштерін жарақтандыру үшін қолданылатын материалдық-техникалық мүлік;
2) азаматтық қорғау саласындағы жеке қорғану құралдары (бұдан әрі - жеке қорғану құралдары) - адамды қазіргі заманғы зақымдау құралдарынан қорғауға, сондай-ақ адамдарға қоршаған ортаның қауіпті және зиянды факторларының әсерін алдын алуға немесе азайтуға, сондай-ақ зақымдаушы факторларды жоюға арналған бұйымдар;
3) радиостанция – бұл радиотолқындар арқылы ақпарат беруге және (немесе) оны қабылдауға арналған байланыс құралы;
4) жеке медициналық қорғау құралдары – бұл зақымдаудың алдын алу немесе зақымдау факторлары әсерін азайту және күрделенуінің профилактикасы мақсатында төтенше жағдайларда қолдануға арналған дәрі-дәрмектер, материалдар мен арнайы құралдар;
5) қосымша патрондар – ішінде химиялық заттары бар, іске қосылған кезде оттегіні бөліп, көміртегінің қос тотығы мен су буын жұтатын тыныс алу мүшелерін жеке қорғану құралдарының жиынтық бұйымдары;
6) радиациялық және химиялық барлау, дозиметриялық бақылау аспаптары – радиация деңгейін және жергілікті жерді, құрылыстарды, жабдықты, көлік пен басқа да объектілерді улағыш және күшті әсер ететін улы заттармен зақымдау дәрежесін анықтауға арналған аспаптар.
2-тарау. Азаматтық қорғау құралдарына қажеттілікті анықтау
3. Жеке қорғану құралдарын жинақтау бейбіт және соғыс уақытында қорғалуын қамтамасыз ету үшін:
ықтимал радиациялық, химиялық, бактериологиялық (биологиялық) ластануы (зақымдау) аймақтарының шекараларындағы аумақтарда тұратын және жұмыс істейтін халық үшін - жеке қорғану құралдары олардың жалпы санынан 100%, оның ішінде балалар үшін - 35% есебімен жүзеге асырылады.
4. Жеке қорғану құралдары запасының талап етілетін саны дәл өлшемді және ақаулықтары бар газқағарларды алмастыруды қамтамасыз ету үшін қажеттіліктен 5%-ға ұлғайтылады.
5. Халықты қорғауды қамтамасыз ету үшін:
сейсмикалық қауіпті өңірлер үшін он адамға бір алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы, басқа өңірлер үшін жиырма адамға бір алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасы есебінен жеке медициналық қорғау құралдарының;
халықтың жалпы санынан 40% есебімен күшті әсер ететін улы заттардан қорғау үшін жеке қорғау құралдарына қосымша патрондардың;
радиациялық және химиялық барлау, радиациялық және химиялық барлаудың әрбір аумақтық құралымына радиациялық және химиялық мониторингтеудің әрқайсысына бір-бірден есебімен дозиметриялық бақылау аспаптарының;
бір азаматтық қорғау құралымына (жасақ, команда, буын, бекет) кемінде екі бірлік тасымалданатын радиостанциялар есебімен байланыс құралдарының қорын жинақтау жүзеге асырылады.
6. Қорғау құралдарының қажетті санын есептеу кезінде екі және одан да көп радиациялық, химиялық немесе бактериологиялық (биологиялық) зақымдау аудандары бір-бірімен қабаттасқанда, есептеуге ең жоғары зақымдалған аудан алынады.
7. Жеке медициналық қорғау құралдары "Алғашқы көмек көрсетуге арналған дәрі қобдишасының құрамын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 8 қазандағы № ҚР ДСМ-118/2020 бұйрығына сәйкес жинақталады (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21399 болып тіркелген).
8. Жеке медициналық қорғау құралдарымен азаматтық қорғау медициналық құралымдарының әрбір мүшесі қамтамасыз етіледі.
9. Азаматтық қорғау құрылымдарының әрбір мүшесі жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етіледі.
10. Қордағы азаматтық қорғау құралдары сақтаудың шекті мерзімі өткеннен кейін немесе ұлттық стандарттарда белгіленген нормативтік көрсеткіштерге сәйкессіздіктер анықталған кезде жаңартылуға жатады.
Күнделікті қызметте пайдаланылатын азаматтық қорғау құралдары пайдалану мерзімі өткеннен кейін немесе ұлттық стандарттарда белгіленген нормативтік көрсеткіштерге сәйкессіздіктер анықталған жағдайда жаңартылуға жатады.
