ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.04.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
БҰЙЫРАМЫН:
1. "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу және филиалдар мен өкілдіктерді есептік тіркеу жөнінде мемлекеттік қызметтер көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Әділет министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 29 мамырдағы № 66 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20771 болып тіркелген) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу" мемлекеттік қызмет көрсету ережелері:
мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын:
"8-1. "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес қабылданатын тіркеуші органның ішкі бақылау қағидаларында көзделген жағдайларда коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік тіркеу, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік тіркеу құрылтайшының жеке қатысуымен жүзеге асырылады.
Құрылтайшының жеке қатысу қажеттілігі туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі.";
мынадай мазмұндағы 9-2 және 9-3-тармақтармен толықтырылсын:
"9-2. Жеке кәсіпкерлік субъектісіне жататын заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеуге электрондық өтініш берген кезде өтініште көрсетілетін заңды тұлғаның, филиалдың (өкілдіктің) орналасқан жері жылжымайтын мүлік иесінің (меншік иелерінің) келісімімен расталады.
9-3. Заңды тұлғаның орналасқан жері мекенжайының дұрыстығын тексеру ақпараттық жүйелерді интеграциялау арқылы автоматты режимде жүзеге асырылады.
Тексеру барысында "Мекенжай тіркелімі" ақпараттық жүйесінде мекенжайдың болуы және Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 22 желтоқсандағы № 783 және Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы № 1262 бірлескен бұйрығымен бекітілген Қазақстан Республикасының аумағындағы жылжымайтын мүлік объектілерін адрестеу қағидаларына сәйкес көрсетілетін объектінің санаты айқындалады (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12938 болып тіркелген)";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген "Заңды тұлғаларды мемлекеттік қайта тіркеу, олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік қайта тіркеу" мемлекеттік қызмет көрсету ережелері:
мынадай мазмұндағы 6-2-тармақпен толықтырылсын:
"6-2. "Қылмыстық жолмен алынған кiрiстердi заңдастыруға (жылыстатуға), терроризмді қаржыландыруға және жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" Заңға сәйкес қаржы мониторингі жөніндегі уәкілетті орган бекіткен талаптарға сәйкес қабылданатын тіркеуші органның ішкі бақылау қағидаларында көзделген жағдайларда коммерциялық ұйымдарға жататын заңды тұлғаларды мемлекеттік қайта тіркеу, сондай-ақ олардың филиалдары мен өкілдіктерін есептік қайта тіркеу құрылтайшының жеке қатысуымен жүзеге асырылады.
Құрылтайшының жеке қатысу қажеттілігі туралы хабарлама көрсетілетін қызметті алушының "электрондық үкімет" веб-порталындағы жеке кабинетіне жіберіледі.".
2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Тіркеу қызметі және заңгерлік қызметтер көрсетуді ұйымдастыру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Әділет вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 cәуірден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Әділет министрінің м.а. |
Б. Жакселекова |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
