"Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 24 шiлдедегi № 58 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2025 жылғы 18 қарашадағы № 148 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 20 қарашада № 37445 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2024 жылғы 24 шілдедегі № 58 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34803 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру қағидаларында:

      10-тармағы мынадай редакцияда жазылсын:

      "10. Медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру кезінде деректермен алмасу үшін электрондық нысанда Пул әкімшісінің интернет-платформасы (бұдан әрі – Интернет-платформа) қолданылады.";

      12 және 13-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "12. Ортақ сақтандыру шарты денсаулық сақтау субъектілерімен Интернет-платформада жеке кабинеті арқылы электрондық цифрлық қолтаңба құралдарын пайдалана отырып электрондық нысанда жасасады. Бұл ретте, мемлекеттік денсаулық сақтау субъектілері мен Пул әкімшісі арасында ортақ сақтандыру шарты оның Интернет-платформада жасасу кезеңінен кейін үш жұмыс күні ішінде бірыңғай сатып алу платформасында жасасады.

      Ортақ сақтандыру шарты жыл сайын мемлекеттік денсаулық сақтау субъектілерімен бір қаржылық жылға, мемлекеттік емес денсаулық сақтау субъектілерімен бір жылға жасасады, сақтандыру мерзімі ішінде қолданылады және алғашқы сақтандыру жағдайы басталғанда өз қолданысын тоқтатпайды.

      Ортақ сақтандыру шартының қолданылу барысында сақтандыру тәуекелінің өзгеруі мынадай мән-жайлар болып саналады:

      1) жұмыстан босатуды немесе жаңа персоналды жұмысқа қабылдауды қоса алғанда, Сақтандырылушының тізіміне кез-келген өзгерістер, сондай-ақ Сақтандырылушының медициналық қызметінің бейінін өзгеруі;

      2) медициналық қызметтің өзге де бейіндерінде қызметті жүзеге асыру.

      Ортақ сақтандыру шартына өзгерістер мен толықтырулар енгізілген кезде Сақтандырушы сақтандырудың аяқталмаған кезеңі үшін сақтандыру сыйлықақысын (жарнасын) қайта есептеуді жүзеге асырады және қосымша төлеуге немесе қайтаруға жататын сақтандыру сыйлықақысын (жарнасын) есептейді.

      Сақтанушы Сақтандырылушылар тізіміне енгізілген қосымша медицина қызметкерлері туралы Пул әкімшісін хабардар еткен немесе кейбір Сақтандырылушыларға қатысты тәуекелдің ұлғаюы туралы хабарлаған кезде сақтандыру қорғанысы Сақтанушы сақтандыру сыйлықақысын (жарнасын) төлеген күннен кейінгі күннің 00 сағат 00 минутынан бастап күшіне енеді.

      13. Денсаулық сақтау субъектілерімен электрондық нысанда ортақ сақтандыру шартын жасасуы, өзгертуі және бұзуы Интернет-платформада ақпарат алмасу жолымен жүргізіледі. Бұл ретте, мемлекеттік денсаулық сақтау субъектілерімен ортақ сақтандыру шартын жасасуы, өзгертуі және бұзуы бірыңғай сатып алу платформасында оның Интернет-платформада жасасу, өзгерту және бұзу кезеңінен кейін жүргізіледі.";

      18-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "18. Мемлекеттік денсаулық сақтау ұйымдары, жарғылық капиталына мемлекет жүз пайыз қатысатын заңды тұлғалар немесе дауыс беру акцияларының (қатысу үлестерінің) елу пайыздан астамы оған меншік құқығымен тиесілі оның еншілес ұйымдары үшін ортақ сақтандыру шарттары "Мемлекеттік сатып алу туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 16-бабы 3-тармағының 8) тармақшасына сәйкес жасасады.

      Бұл ретте сақтандыру сыйлықақысын (жарнасын) төлеу Сақтанушымен ортақ сақтандыру шартын жасасқан күннен және сақтандыру арқылы қорғау басталған күннен бастап 90 (тоқсан) күнтізбелік күн ішінде Пул әкімшісінің арнайы банктік шотына ақша аудару жолымен біржолғы төлеммен жүргізіледі.";

      24-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "24. Сақтандыру сыйлықақысын (жарнасын) Қағидалардың 18-тармағында көрсетілген Сақтанушыларды қоспағанда, Сақтанушы (Сақтандырылушы) Кодекстің 7-бабының 104-3) тармақшасына сәйкес ортақ сақтандыру шартына қол қойған күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде Пул әкімшісінің арнайы банктік шотына ақша аудару жолымен біржолғы төлеммен жүргізеді.".

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ғылым және адами ресурстар департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты ресми жариялағаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрі
А. Альназарова

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы нарығын реттеу және
дамыту агенттігі

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады