ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.07.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі.
"Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 6-4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасында көшіп келушілерді тіркеу қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 шілдеден бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға жатады.
|
Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі |
Е. Саденов |
| Қазақстан Республикасы ішкі істер министрі 2025 жылғы 17 қарашадағы № 923 бұйрығына қосымша |
Қазақстан Республикасында көшіп келушілерді тіркеу тәртібі
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Қазақстан Республикасында көшіп келушілерді тіркеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабының 6-4) тармақшасына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасында көшіп келушілерді тіркеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) көшіп келуші - Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;
2) көшіп келушіні тіркеу - Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының көшіп келушінің уақытша болатын жері мен мерзімі туралы мәліметтерді ақпараттық жүйеде белгілеуі;
3) көші-қон полициясының ақпараттық жүйесі (бұдан әрі – КҚП АЖ) – Ішкі істер министрлігінің ішкі және сыртқы көші-қон процестері дерекқорын қалыптастыру бойынша, сондай-ақ "электронды үкімет" шеңберінде құрылып жатқан басқа ақпараттық жүйелермен және деректер базаларымен интеграциялық қарым-қатынас процестерін автоматтандыратын ақпараттық жүйесі.
4) уақытша болатын (тұратын) жер - тұрғылықты жер болып табылмайтын және адам уақытша болатын (тұратын), мекенжайы бар ғимарат, үй-жай не тұрғынжай.
2-тарау. Қазақстан Республикасында көшіп келушілерді тіркеу тәртібі
3. Қазақстан Республикасына тоқсан тәулікке дейінгі мерзімге болу тәртібі белгіленген мемлекеттерден келетін көшіп келушілер, егер Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік шекарасын кесіп өткен күннен бастап күнтізбелік отызыншы күннен кешіктірмей Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркелуге жатады.
Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарында тіркеу үшін көшіп келуші КҚП АЖ-ға мынадай мәліметтерді енгізеді: тегі, аты, әкесінің аты (бар болса), туған күні, төлкұжат деректері, болуға (тұруға) орын ұсынатын адамның деректері, уақытша болатын (тұратын) мекенжайы.
Деректерді енгізгеннен кейін болуға (тұруға) орын ұсынатын адам мобильді қосымшада көшіп келушіні тіркелгені туралы хабарлама алып, оның болатын (тұратын) жері бойынша тіркелуіне келісім береді не тіркеуден бас тартады.
Болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу расталғаннан кейін көшіп келушінің КҚП АЖ жеке кабинетінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес тіркеу туралы анықтама қалыптастырылады.
4. Көшіп келушіні КҚП АЖ тіркеуден бас тартудың негіздері:
1) тіркеу үшін көшіп келуші ұсынған мәліметтердің дұрыс еместігін анықтау;
2) көшіп келушінің Қазақстан Республикасында болу мерзімін бұзуы;
3) болу (тұру) орнын ұсынған адамның өтініш берілген мекенжайы бойынша көшіп келушіні тіркеуден бас тартуы.
5. Көшіп келуші мекенжайын өз бетінше өзгерткен жағдайда бес жұмыс күні ішінде осы Қағидалардың 3-тармағында белгіленген тәртіпте жаңа болу (тұру) мекенжайы бойынша тіркеу жүргізіледі.
6. Жаңа болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу кезінде бұрынғы мекенжайынан шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.
7. Қазақстан Республикасында көшіп келушілерді болатын (тұратын) жері бойынша тіркеу тұрғын үйлерде, пәтерлерде, жатақханаларда, қонақ үйлерде, демалыс үйлерде, шипажайларда, сондай-ақ адамдардың тұруы үшін пайдаланатын ғимараттар мен үй-жайларда жүзеге асырылады.
| Қазақстан Республикасынында көшіп келушілерді тіркеу қағидаларына қосымша |
Қазақстан Республикасының Ішкі істер министрлігі | |
Тіркеу туралы анықтама | |
өтініш нөмері (генерируется системой порядковый номер) | |
тегі аты әкесінің аты (бар болса) | |
төлкұжаттың сериясы мен нөмері: | азаматтығы: гражданство: |
ҚР болатын (тұратын) мекенжайы: |
тұру мерзімі: |
Қабылдаушы тұлғаның ЖСН | |
Қабылдаушы адамның тегі аты әкесінің аты (бар болса) | |
QR - КОД | |
