БҰЙЫРАМЫН:
1. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Жануарлар дүниесін пайдаланушы жеке және заңды тұлғалармен жануарлар дүниесін пайдалануға жасасқан шарттарын уәкілетті органда тіркеу және оларды бұзу туралы ақпарат беру Ережесін бекіту туралы" 2010 жылғы 12 сәуірдегі № 250 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6225 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарлар дүниесін пайдаланушы жеке және заңды тұлғалармен жануарлар дүниесін пайдалануға жасасқан шарттарын уәкілетті органда тіркеу және оларды бұзу туралы ақпарат беру ережесінде:
2-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"2. Жануарлар дүниесін пайдаланушылары мен жеке және заңды тұлғалар арасындағы жануарлар дүниесін пайдалану шарттарын (бұдан әрі – шарт) тіркеуді аңшылық алқаптар орналасқан жері бойынша жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – инспекция) жүргізеді.".
9-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"9. Егер жануарлар дүниесін пайдалану шартын осы Ережеде бекітілген мерзімде тіркеу жүргізілмесе, жануарлар дүниесін пайдаланушы уәкілетті органға жазбаша түрде шағым жібере алады.
Қабылданған шағым есепке алу және шағымдар журналында тіркеліп, Қазақстан Республикасының Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің (бұдан әрі – ӘРПК) 73-бабына сәйкес тыңдау тәртібін көздей отырып, ӘРПК 13-тарауында белгіленген мерзімдерде қаралады.
Шағымды қарастыру нәтижелері туралы өтініш берушіге жазбаша түрде хабарланады.
Уәкілетті органның шешімімен келіспеген жағдайда, пайдаланушы берілген шешімге жоғарғы тұрған органға немесе сотқа шағымдануына болады.".
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің міндетін атқарушының "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесін тікелей қорғауды жүзеге асыратын айырым белгілері бар (погондарсыз) нысанды киім киіп жүруге құқығы бар, жұмыскерлерінің тізбесін бекіту туралы" 2015 жылғы 25 ақпандағы № 18-04/128 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10546 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асыратын уәкілетті органның ведомствосы мен оның аумақтық бөлімшелерінің лауазымды адамдарының, сондай-ақ мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың жануарлар дүниесін тікелей қорғауды жүзеге асыратын айырым белгілері бар (погондарсыз) нысанды киім киіп жүруге құқығы бар жұмыскерлерінің тізбесінде:
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетінің (бұдан әрі – Комитет) төрағасы – Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі бас мемлекеттік инспекторы.".
3. Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынылуын қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрінің м.а. |
Н. Шарбиев |
"келісілді"
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрлігі
