ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 717-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Мыналар:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес арнаулы мобильді қосымша чегінің мазмұны бекітілсін.
2. Осы бұйрыққа 3-қосымшаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің кейбір бұйрықтарының күші жойылды деп танылсын.
3. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті Қазақстан Республикасының заңнамаcында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын;
3) осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
|
Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушы |
Е. Биржанов |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Жасанды интеллект және
цифрлық даму министрлігі
| Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 30 қазандағы № 647 бұйрығына 1-қосымша |
Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану қағидалары
1-бөлім. Жалпы ережелер
1. Осы Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Салық кодексінің (бұдан әрі – Салық кодексі) 717-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) авторландыру – жүйеде пайдаланушының есепке алу деректерін тексеру және оның белгіленген қауіпсіздік саясатына сәйкес ақпараттық ресурстарға қол жеткізу құқықтарын айқындау процесі;
2) арнаулы мобильді қосымша (бұдан әрі – мобильді қосымша) – арнаулы салық режимін (бұдан әрі – АСР) қолдану кезінде салықтық міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындаудың оңайлатылған тәртібін қолдану, салық төлеушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы арқылы куәландырылған электрондық құжат негізінде дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебіне қою (осындай тіркеу есебінен шығару) мақсаттары үшін мемлекеттік кірістер органы әзірленген мобильді қосымша;
3) пайдаланушы – нақты функцияны және (немесе) тапсырманы орындау үшін мобильді қосымшаны пайдалана отырып, АСР бойынша қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген жеке тұлғалар, сондай-ақ АСР қолданатын дара кәсіпкерлер.
Осы Қағидаларда пайдаланылатын өзге де ұғымдар Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қолданылады.
2-бөлім. Арнаулы салық режимін қолдану кезінде салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсаттары үшін арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану тәртібі
3. АСР бойынша қызметті жүзеге асыруға ниет білдірген жеке тұлғалар, сондай-ақ АСР қолданатын дара кәсіпкерлер мобильді қосымшаны пайдаланушылары ретінде тіркелу үшін:
1) мобильді қосымшаны жүктеп алады;
2) оны пайдаланушы ретінде авторландырудан өтеді;
3) қызмет түрін және салық режимін таңдайды.
4. Мобильді қосымша мынадай негізгі құрамдас бөліктерді қолдану арқылы салықтық міндеттемелер мен әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау үшін пайдаланылады:
1) дара кәсiпкер ретiнде тiркеу есебіне қою және осындай тіркеу есебінен шығару.
Дара кәсiпкер ретiнде тiркеу есебіне қоюды жеке тұлғалар мобильдi қосымшада тiркелген кезде дара кәсiпкер ретiнде қызметтiң басталуы туралы хабарламаға деректерді енгiзу арқылы жүзеге асырады.
Дара кәсіпкер ретінде тіркеу есебінен шығару үшін пайдаланушы Салық кодексінің 74 және 76-баптарына сәйкес дара кәсіпкер ретінде қызметін тоқтату туралы салықтық өтініш және кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыру орны бойынша мемлекеттiк кiрiстер органына таратудың салықтық есептiлiгін береді.
Бұл ретте мобильді қосымшада камералдық бақылау жүргізбей оңайлатылған тәртіппен дара кәсіпкердің кәсіпкерлік қызметін тоқтатуға келісімін көрсету мүмкіндігі көзделген;
2) мобильді қосымшаның чегі бойынша кірістерді есепке алу.
Мобильді қосымшада пайдаланушының кірісі мобильді қосымшаның чектері, фискалдық деректер операторларынан алынған бақылау-касса машинасының чектері бойынша, сондай-ақ банк шоттарына аударылған сомалар (банк құпиясын ашуға келісім және екінші деңгейдегі банктердің ақпараттық жүйелерімен интеграция болған кезде) немесе қолмен енгізу жолымен енгізілген сома бойынша автоматты түрде қалыптастырылады;
3) салық және әлеуметтік төлем сомаларын автоматтандырылған есептеу.
Мобильді қосымша Салық кодексінің 720-бабының 1-тармағында және 726-бабында белгіленген тиісті мөлшерлемелерді қолдану арқылы осы тармақшаның бірінші бөлігінде көрсетілген кіріс негізінде пайдаланушы төлеуге жататын салық және әлеуметтік аударымдар сомасын автоматтандырылған есептеуді қамтамасыз етеді.
Есептелген міндеттеме сомалары қарау, түзету және төлемді жүзеге асыру үшін көрсетіледі;
4) қызметкерлерді есепке алу.
Қызметкерлердi есепке алуды дара кәсiпкердiң жұмыскерлерi және азаматтық-құқықтық шарттар бойынша дара кәсiпкер кіріс төлейтiн жеке тұлғалар туралы мәлiметтер енгiзу арқылы жүргiзедi;
5) дара кәсіпкердің салықтық есептілікті ұсынуы.
Салықтық есептілік мынадай құрамдас бөліктерден тұрады:
оңайлатылған салықтық декларацияны автоматты түрде алдын ала беру;
салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру (қайта бастау).
Оңайлатылған декларацияны автоматты түрде алдын ала беру мемлекеттік кірістер органының ақпараттық жүйелерінде бар деректер негізінде алдын ала қалыптастыруды, пайдаланушының деректерді тексеруін және толықтыруын, сондай-ақ мемлекеттік кірістер органына оңайлатылған декларацияны ұсынуды қамтамасыз етеді.
Дара кәсіпкердің салықтық есептілікті ұсынуды тоқтата тұру (қайта бастау) Салық кодексінің 117-бабына сәйкес салықтық өтініш жолдау және салықтық есептілікті табыс ету мүмкіндігін көздейді.
| Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 30 қазандағы № 647 бұйрығына 2-қосымша |
Арнаулы мобильді қосымша чегінің мазмұны
1. Салық төлеушінің атауы.
2. Салық төлеушінің жеке сәйкестендіру нөмірі.
3. Арнаулы мобильді қосымша чегінің реттік нөмірі.
4. Тауарлар өткізілген, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген тұлғаның (заңды тұлғаның, дара кәсіпкердің) атауы, оның бизнес-сәйкестендіру нөмірі, жеке сәйкестендіру нөмірі.
Осы тармақта көрсетілген ақпарат белгілі бір шығыстарға шегерімдерді растау мақсатында тауарлар өткізілген, жұмыстар орындалған, қызметтер көрсетілген дара кәсіпкердің, заңды тұлғаның талап етуі бойынша толтырылады.
5. Өткізілетін тауарлар, орындалған жұмыстар, көрсетілген қызметтер үшін төлем жасау күні мен уақыты.
6. Өткізілетін тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің атауы.
7. Өткізілетін тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің құны (өлшем бірлігі үшін).
8. Өткізілетін тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің көлемі (олардың өлшем бірліктерімен).
9. Өткізілетін тауарлардың, орындалған жұмыстардың, көрсетілген қызметтердің жалпы құны.
10. Арнаулы мобильді қосымшаның чегі туралы ақпаратты кодталған түрде қамтитын штрих-код.
Бұл ретте штрих-код деп функционалдық мақсаты бойынша біріктірілген тауарлар тобы түсініледі.
| Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің міндетін атқарушы 2025 жылғы 30 қазандағы № 647 бұйрығына 3-қосымша |
Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің күші жойылған кейбір бұйрықтарының тізбесі
1. "Арнаулы салық режимдерін қолдану кезінде салықтық міндеттемелерді және әлеуметтік төлемдер бойынша міндеттемелерді орындау мақсатында арнаулы мобильді қосымшаны пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2021 жылғы 27 қазандағы № 1109 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 24949 тіркелген).
2. "Интернет-платформаларды пайдалана отырып қызмет көрсететін тұлғаларды салықтық әкімшілендірудің өзге тәртібін қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру мерзімі мен қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қаржы министрінің 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 33 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31705 тіркелген).
3. "Интернет-платформаларды пайдалана отырып қызмет көрсететін тұлғаларды салықтық әкімшілендірудің өзге тәртібін қолдану жөніндегі пилоттық жобаны іске асыру мерзімі мен қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қаржы министрінің 2023 жылғы 17 қаңтардағы № 33 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы"" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2024 жылғы 14 наурыздағы № 141 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 34151 тіркелген).
