БҰЙЫРАМЫН:
1. "Балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрінің 2020 жылғы 29 қаңтардағы № 25 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 19962 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:
тақырып мынадай редакцияда жазылсын:
"Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу қағидаларын бекіту туралы";
кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:
"Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 36) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";
1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"1. Қоса берілген Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу қағидалары бекітілсін.";
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
|
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Сапаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы мониторинг агенттігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Цифрлық даму, инновациялар және
аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі
Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-1-бабының 36) тармақшасына сәйкес әзірленді және балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
1) аквашаруашылық субъектілері – аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызметті жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғалар;
2) аквашаруашылық объектілері – аквашаруашылық субъектілері көбейтетін және (немесе) күтіп-ұстайтын, өсіретін балықтар, су моллюскалары және шаян тәрізділер;
3) балық аулау объектілерін алып қою квотасы (бұдан әрі – алып қою квотасы) – балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері (бұдан әрі – аумақтық бөлімше) белгілейтін балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алып қою лимитінің бөлігі;
4) балықтың қайда ауланғаны туралы анықтама – балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган белгілеген, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға арналған рұқсат негізінде балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде ауланған балық ресурстары мен басқа да су жануарларының шығу тегін растайтын құжат;
5) балықтар мен басқа да су жануарларының мемлекеттік мониторингі (бұдан әрі – балықтар мен басқа да су жануарларының мониторингі) – заңсыз ауланған балықтар мен басқа да су жануарларын уақтылы анықтау және олардың өткізілуін болғызбау мақсатында ауланған, сатып алынған, жасанды жолмен өсірілген балық немесе басқа да су жануарлары, оларды көтерме саудада өткізу, экспорттау және импорттау туралы ақпаратты жинауды және уақтылы өңдеуді қамтамасыз ететін жүйе;
6) балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесі – заңсыз ауланған балықтар мен басқа да су жануарларын уақтылы анықтау және олардың өткізілуін болғызбау мақсатында ауланған, сатып алынған, жасанды жолмен өсірілген балық немесе басқа да су жануарлары, оларды көтерме және бөлшек саудада өткізу, экспорттау және импорттау туралы ақпаратты жинауға және өңдеуге арналған ақпараттық жүйе;
7) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алып қою лимиті – балықтар мен басқа да су жануарларының табиғи өсімі мен саны сақталатын оларды алып қоюдың жол берілетін шекті көлемі;
8) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға арналған рұқсат – жеке және заңды тұлғаларға балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға, сондай-ақ ауланған балықтар мен басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын, оның ішінде балық аулау олжаларын әкетуге және өткізуге құқық беретін, белгіленген нысандағы құжат;
9) балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
10) балық шаруашылығы субъектісі – қызметінің негізгі бағыты балық шаруашылығын жүргізу болып табылатын жеке және заңды тұлға;
11) жеке кабинет – пайдаланушының қажетті функционалға қол жеткізуін қамтитын, тек авторландырылған пайдаланушыға ғана қолжетімді балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесінің бөлімі;
12) оператор – балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесін сүйемелдеуді жүзеге асыратын тұлға;
13) электрондық цифрлық қолтаңба (бұдан әрі – ЭЦҚ) – электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық символдар жиынтығы.
2-тарау. Балықтар мен басқа да су жануарларына мониторингтеу тәртібі
3. Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингі осы Қағидаларға сәйкес уәкілетті орган жергілікті атқарушы органмен және Балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілер қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығымен бірлесіп жүзеге асырады.
Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингі балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесін пайдалана отырып, жүзеге асырылады.
Жергілікті атқарушы органдар балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде жануарлар дүниесін пайдалануға берілген рұқсаттардың журналын жүргізеді.
Жергілікті атқарушы органдарға есеп беретін ветеринариялық қызметтердің қызметкерлері тиісті облыстың әкімшілік шекаралары шегінде балықтарды және басқа да су жануарларын өткізу, тасымалдау үшін өтініш берушінің өтініші бойынша белгіленген мерзімдерде балық және басқа да су жануарлары мониторингінің ақпараттық жүйесінде балықтың қайда ауланғаны туралы анықтама берілгені туралы мәліметтер болған кезде ғана ветеринариялық анықтама береді.
4. Балық шаруашылығы субъектілері, аквашаруашылық субъектілері, уәкілетті органның, оның ішінде оның ведомствосының және аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті атқарушы органдардың, қаржы мониторингі жөніндегі мемлекеттік органның қызметкерлерінің балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесінде жұмыс істеуге арналған жеке кабинеттері болады.
Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесіне қолжетімділікті оператор "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес уәкілетті органның мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді дамыту және агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру саласындағы функцияларды жүзеге асыратын құрылымдық бөлімшесінің хаты негізінде ұсынады.
Балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингтеудің ақпараттық жүйесінде жұмыс істеу үшін жеке кабинетте авторландырылу үшін ЭЦҚ немесе логинді (бизнес-сәйкестендіру нөмірі/жеке сәйкестендіру нөмірі)/ құпиясөзді) пайдалану қажет.
5. Балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингтеудің ақпараттық жүйесіне уәкілетті органның ведомствосы Заңның 29-бабы 1-тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекіткен балық ресурстары мен басқа да су жануарларын алып қою лимиттерінің көлемі туралы ақпаратты енгізуді тиісті бұйрық бекітілген немесе өзгертілген күннен бастап бес жұмыс күні ішінде, сондай-ақ аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты қызметтің қуаттылығы туралы ақпаратты – аквашаруашылық субъектілері тізіліміне енгізілген күннен бастап жүзеге асырады.
6. Балық шаруашылығы субъектісі пайдалану түріне қарай және аквашаруашылық субъектісі шаруашылық қызмет түріне қарай өндірілген, сатып алынған немесе өткізілген күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесіне өндірілген, сатып алынған, жасанды жолмен өсірілген балық немесе басқа да су жануарлары, оларды көтерме және бөлшек саудада өткізу, экспорт және импорт көлемдері туралы ақпаратты енгізуді жүзеге асырады.
7. Балық шаруашылығы субъектісі балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесінде балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулауды есепке алу журналын (кәсіпшілік журналын) Заңның 27 бабы 2-тармағы, 14-тармақшасына сәйкес жүргізеді.
Аквашаруашылық субъектісі балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесінде осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша өсірілген аквашаруашылық объектілері бойынша мәліметтерді толтырады.
8. Көтерме және (немесе) бөлшек сауданы жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлғаларға балықтар мен басқа да су жануарларын өткізу кезінде өткізуші тұлға бір мезгілде сатып алушыға "Балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтама нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі орынбасарының – Ауыл шаруашылығы министрінің 2016 жылғы 8 шілдедегі № 304 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 14117 болып тіркелген) бұйрығына сәйкес балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтаманы береді.
9. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға берілген рұқсаттар және балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтамалар бойынша мәліметтер рұқсаттар мен хабарламалардың мемлекеттік ақпараттық жүйесінен балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесіне келіп түседі.
Балықтың қайдан ауланғаны туралы берілген анықтамалар бойынша мәліметтер балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингтеудің ақпараттық жүйесінен "e-Agriculture" агроөнеркәсіптік кешен салаларын басқарудың бірыңғай автоматтандырылған жүйесіне (бұдан әрі – ББАЖ) келіп түседі.
Балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтамаларда көрсетілген көлемдерді ветеринариялық анықтамалар мен ветеринариялық сертификаттарды ресімдеу кезінде ұсынылған деректермен автоматты түрде салыстыру балықтар мен басқа да су жануарлары мониторингтеудің ақпараттық жүйесі мен ББАЖ ақпараттық өзара іс-қимылы арқылы жүзеге асырылады. Мәлімделген ауланған көлемдердің сәйкессіздігі немесе асып кетуі анықталған жағдайда, ББАЖ балықтар мен басқа да су жануарларын бақылау жүйесімен автоматты түрде салыстырып тексереді.
Берілген ветеринариялық анықтамалар, ветеринариялық сертификаттар бойынша мәліметтер ББАЖ-дан балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесіне келіп түседі.
Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесі мен ақпараттық жүйелердің ақпараттық өзара іс-қимылы "Ақпараттандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-бабына сәйкес жүзеге асырылады.
10. Аумақтық бөлімшелер Балық аулаушылар және балық шаруашылығы субъектілер қоғамдық бірлестіктерінің республикалық қауымдастығымен бірлесіп тоқсан сайын балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеудің ақпараттық жүйесінде балық шаруашылығы субъектілері/аквашаруашылық субъектілері енгізген өндірілген, сатып алынған, жасанды жолмен өсірілген, экспортталған және импортталған балық немесе басқа да су жануарлары туралы, сондай-ақ оларды көтерме және бөлшек саудада өткізу туралы ақпаратты салыстырып тексеруді жүзеге асырады.
Салыстырып тексеру балық ресурстарын және басқа да су жануарларын пайдалануға берілген рұқсаттар, балықтың қайдан ауланғаны туралы анықтамалар, ветеринариялық анықтамалар, ветеринариялық сертификаттар, балық ресурстарын және басқа да су жануарларын алып қою лимиттері және алып қою квоталары негізінде жүзеге асырылады.
11. Уәкілетті орган және жергілікті атқарушы органдар балық шаруашылығы субъектілері/аквашаруашылық субъектілері енгізген өндірілген, сатып алынған, жасанды жолмен өсірілген, экспортталған және импортталған балық немесе басқа да су жануарлары туралы, сондай-ақ оларды көтерме және бөлшек саудада өткізу туралы ақпараттың негізінде тоқсан сайын ұсынылған мәліметтерге талдау және жинақтап қорытындылау жүргізеді.
| Балықтар мен басқа да су жануарларын мониторингтеу қағидаларына |
|
| қосымша |
Нысан
Өсірілген аквашаруашылық объектілері бойынша мәліметтер
№ | Аквашаруашылық субъектісінің атауы | Жеке сәйкестендіру нөмірі/бизнес- сәйкестендіру нөмірі | Экономикалық қызмет түрлері жалпы жіктеуішінен коды мен атауы | Орналасқан мекенжайы | Дара кәсіпкер ретінде тіркелген/заңды тұлға ретінде мемлекеттік тіркелген күні | Жүзеге асырылатын қызмет түрі | Аквашаруашылық объектісі (түрлер бойынша) | Сумен жабдықтау көзі және тұтынылатын су көлемі (текше метр) | Жоба қуаттылығы (түрлер бойынша/тонна) | Іс жүзінде өсірілгені түрлер бойынша (тонна) | Өткізілгені (тонна) |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 | 8 | 9 | 10 | 11 | 12 |
Кестнің жалғасы
Өсірілген аквашаруашылық объектілері құртшабақтарының көлемі (жас топтары бойынша), дана | Өткізілген аквашаруашылық объектілерінің құртшабақтары, дана |
Өсірілген аналық балық үйірінің көлемі | Өткізілген аналық балық үйірі (дана) | Жұмсалған азық (тонна/теңге) | Азық пен азық өндірушінің түрі және шығу тегі |
13 | 14 | 15 | 16 | 17 | 18 |
