"Балық шаруашылығын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 18-05/290 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің м.а. 2025 жылғы 10 қазандағы № 363 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 13 қазанда № 37109 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Балық шаруашылығын жүргізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 31 наурыздағы № 18-05/290 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10946 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабының 26) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Балық шаруашылығын жүргізу қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
міндетін атқарушы
А. Султанов

  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің міндетін атқарушы
2025 жылғы 10 қазандағы
№ 363 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы
министрінің
2015 жылғы 31 наурыздағы
№ 18-05/290 бұйрығымен
бекітілген

Балық шаруашылығын жүргізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Балық шаруашылығын жүргізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-1-бабының 26) тармақшасына сәйкес әзірленді және балық шаруашылығын жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – балық ресурстары және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз құзыреттері шегінде ведомствоаралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) балық шаруашылығы – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғаумен, өсімін молайтумен, балық аулаумен, сондай-ақ қайта өңдеумен және өткізумен байланысты шаруашылық қызмет түрі;

      3) балық шаруашылығы субъектісі – қызметінің негізгі бағыты балық шаруашылығын жүргізу болып табылатын жеке және заңды тұлға.

2-тарау. Балық шаруашылығын жүргізу тәртібі

      3. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп бере отырып, балық шаруашылығын жүргізу құқығы Қазақстан Республикасының азаматтары мен заңды тұлғаларына уәкілетті орган ведомствосының немесе оның аумақтық бөлімшесінің балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін бекітіп беру туралы шешімі негізінде, сондай-ақ уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі мен жануарлар дүниесін пайдаланушы арасында жасалған балық шаруашылығын жүргізуге арналған шарт негізінде беріледі.

      4. Балық шаруашылығын жүргізу кезінде мыналар жүргізіледі:

      1) балық ресурстары мен басқа да су жануарларын биологиялық тұрғыдан негізделген және тұрақты пайдалану;

      2) балық шаруашылығы су айдындарының өнімділігін сақтау, балықтар мен басқа да су жануарларын көбейтудің, көші-қон жолдары мен олардың шоғырланған орындарының оңтайлы жағдайларын қамтамасыз ету;

      3) балық ресурстарының өсімін молайту;

      4) әрбір балық шаруашылығы су айдынында және (немесе) учаскесінде, кемеде (балық аулайтын және көлік), балық қабылдау пунктінде, бригадада немесе звенода "Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі № 310 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі туралы ереженің (бұдан әрі – Ереже) 15-тармағы 508-89) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін нысанға сәйкес балық ресурстары мен басқа да су жануарларын аулауды есепке алу журналын (кәсіптік журнал) жүргізу;

      5) балық шаруашылығы субъектілерінің қорықшылық қызметтерді құруы және күтіп-ұстауы есебінен бекітіліп берілген су айдындарын және (немесе) учаскелерін және сирек кездесетін және жойылып кету қаупі төнген түрлерді қоса алғанда, жануарлар дүниесі объектілерін қорғауды қамтамасыз ету.

      5. Балық шаруашылығын жүргізу бағыттарына мыналар жатады:

      1) кәсіптік балық аулау – балық ресурстары мен басқа да су жануарларын бір мезгілде көп мөлшерде аулауға мүмкіндік беретін аулау құралдарын қолдану арқылы тіршілік ету ортасынан алуды қамтамасыз ететін кешенді үдеріс;

      2) әуесқой (спорттық) балық аулау – балық ресурстары мен басқа да су жануарларын спорттық және эстетикалық қажеттіліктерді қанағаттандыру, спорттық жарыстар өткізу, сондай-ақ жеке тұтыну үшін бірлі-жарым аулауға мүмкіндік беретін балық аулау құралдарымен (кәсіптік емес аулау) жүзеге асырылатын аулау;

      3) оқшауланған балық шаруашылығы су айдындарының ихтиофаунасын толық немесе ішінара ауыстыру арқылы онда балықты көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты көл-тауар шаруашылық қызметі;

      4) балықтарды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің акваториясында орналасқан арнаулы құрылғыларда (тор қоршамаларда) жартылай ерікті бақыланатын жағдайларда көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты тор қоршама шаруашылық қызметі;

      5) балық өсіру тоғандарын және (немесе) балық өсіру бассейндерін пайдалана отырып, аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты тоған шаруашылық қызметі;

      6) балық өсіру бассейндерін пайдаланып және тұйықталған сумен жабдықтауқондырғысын қолдана отырып, аквашаруашылық объектілерін көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты индустриялық шаруашылық қызметі;

      7) аквашаруашылық объектілерін ұрықтандыру, уылдырығын инкубациялау арқылы олардың құртшабақтарын алу, сондай-ақ қолдан жасалған жағдайларда аквашаруашылық объектілерінің құртшабақтарын өсіру мақсатында оларды көбейтуге және (немесе) күтіп-ұстауға, өсіруге байланысты өсімді молайту шаруашылық қызметі.

      6. Бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін және балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғауды балық шаруашылығы субъектілері мыналар арқылы жүзеге асырады:

      1) балық шаруашылығын, балық ресурстары мен басқа да су жануарларын қорғау режимі туралы, қорғау режимін және Қазақстан Республикасының жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы заңнамасын бұзғаны үшін жауапкершілік туралы ақпарат беретін аншлагтар, плакаттар орнату;

      2) қорықшылық қызметтің бекітіліп берілген балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде қорғау қызметін ұйымдастыруы;

      3) санитариялық-эпидемияға қарсы (профилактикалық) іс-шараларды жүргізу;

      4) жергілікті халық арасында жануарлар дүниесіне ұқыпты қарауды насихаттау.

      7. Балық шаруашылығы субъектісі Ереженің 15-тармағының 508-84) тармақшасына сәйкес уәкілетті орган бекітетін балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарының үлгілік нысанына сәйкес балық шаруашылығы субъектілерін дамыту жоспарын әзірлейді және бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады