"Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 7-НҚ нормативтік қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Жоғары аудиторлық палатасының 2025 жылғы 10 қазандағы № 11-НҚ нормативтік қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 13 қазанда № 37105 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасының Жоғары аудиторлық палатасы (бұдан әрі – Жоғары аудиторлық палата) ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларын бекіту туралы" Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің 2015 жылғы 28 қарашадағы № 7-НҚ нормативтік қаулысына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 12459 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:

      аталған нормативтік қаулымен бекітілген Мемлекеттік аудиттің және қаржылық бақылаудың бірыңғай дерекқорын қалыптастыру мен жүргізу және оның деректерін пайдалану қағидаларында:

      5-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "5. Бірыңғай дерекқорға деректер беруді мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, сондай-ақ мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдар (бұдан әрі – ақпарат жеткізушілер) жүзеге асырады.";

      8 және 9-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "8. Бірыңғай дерекқор мынадай ақпаратты қамтиды:

      1) тәуекелдерді басқару жүйесіне енгізілген мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері;

      2) мемлекеттік аудит объектілерінің тиісті жылға арналған тізбелері;

      3) осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша аудит объектісіндегі аудиторлық іс-шараның нәтижелері бойынша материалдар тізімдемесін қоса бере отырып, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының аудит бағдарламасы, мемлекеттік аудит (мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің аудиторлық есебі, қаржылық есептілік бойынша аудиторлық есеп, аудиторлық қорытынды, ішкі аудит нәтижелері туралы есеп) және сараптамалық-талдау іс-шараларының нәтижелері, жоспардан тыс аудит жүргізу туралы хабарламалар;

      4) квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудиттің нәтижелері (аудиторлық қорытынды);

      5) жоғары тұрған бюджеттің бюджеттік бағдарламалары әкімшісінің төмен тұрған бюджеттерге нысаналы даму трансферттерін немесе кредиттерді беруге бағытталған бюджеттік бағдарламалары (кіші бағдарламалары), бюджеттік бағдарламаларға (кіші бағдарламаларға) сәйкес бөлінген нысаналы трансферттерді пайдалану есебінен қол жеткізілген түпкілікті нәтижелер туралы есептер;

      6) міндеттемелер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары, түсетін түсімдер мен төлемдер бойынша қаржыландырудың жиынтық жоспары;

      7) бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің міндеттемелері мен төлемдері бойынша қаржыландыру жоспарлары;

      8) мемлекеттік мекемелердің міндеттемелері мен төлемдері бойынша жеке қаржыландыру жоспарлары;

      9) жария мүдделі ұйымдардың жарияланатын қаржылық есептілігін қоспағанда, Қазақстан Республикасының бюджет заңнамасында, бухгалтерлік есеп және қаржылық есептілік туралы заңнамасында көзделген, бекітілген қаржылық есептілік, оған тиісті қосымшалар;

      10) сыртқы мемлекеттік аудит және қаржылық бақылаудың нормативтік құқықтық актілері және әдіснамалық құжаттары;

      11) бюджет заңнамасында белгіленген түрлер және нысандар бойынша бюджеттік есептілік;

      12) Жоғары аудиторлық палата жүргізген мемлекеттік аудитті танудың қорытындылары;

      13) мемлекет бақылайтын акционерлік қоғамдардың және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің, мемлекеттік кәсіпорындардың даму жоспарлары, олардың орындалуы бойынша есептер;

      14) акционері мемлекет болып табылатын ұлттық басқарушы холдингтердің, ұлттық холдингтердің, ұлттық компаниялардың іс-шаралар жоспарлары, олардың орындалуы бойынша есептер;

      15) республикалық бюджеттік инвестициялық жобалардың және нысаналы даму трансферттері мен республикалық бюджеттен берілетін кредиттердің есебінен іске асырылатын жобалардың іске асырылуын мониторингілеу бойынша есептер;

      16) "Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 20-бабының 6) тармақшасына сәйкес жасалатын мемлекеттік-жекешелік әріптестік жобасының іске асырылуын мониторингілеу бойынша ақпарат;

      17) жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін камералдық тәртіппен бағалау нәтижелері;

      18) республикалық бюджетті алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалау нәтижелері;

      19) "Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы" ЖШС-ның зерттеулер нәтижелері;

      20) орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелері;

      21) республикалық және жергілікті бюджеттердің атқарылуы туралы талдамалық есеп;

      22) республикалық бюджеттен облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың бюджеттеріне бөлінген ағымдағы нысаналы трансферттердің, нысаналы даму трансферттерінің іске асырылуы туралы талдамалық есеп.

      9. Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпарат бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті орган Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің интеграцияланған ақпараттық жүйелерінен осы Қағидалардың 8-тармағының 5), 6), 7), 8) және 11) тармақшалары бойынша – ақпарат жүйеде қалыптастырылған күннен бастап он бес жұмыс күні ішінде Бірыңғай дерекқорда орналастырылады.

      Осы Қағидалардың 8-тармағында көрсетілген ақпаратты мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері Бірыңғай дерекқорға мынадай тәртіппен енгізіледі:

      1) Жоғары аудиторлық палата осы Қағидалардың 8-тармағының 1) тармақшасы бойынша – қалыптастырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағының 3) және 10) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен кейінгі он жұмыс күні ішінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағының 12) тармақшасы бойынша – тиісті қорытынды бекітілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағының 15) және 16) тармақшалары бойынша – уәкілетті органдарға сұрау салу бойынша;

      осы Қағидалардың 8-тармағының 17) тармақшасы бойынша – Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы жыл қорытындысы бойынша мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының қызметін камералдық тәртіппен бағалау нәтижелерін бекіткеннен кейін он жұмыс күні ішінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағының 18) және 20) тармақшалары бойынша – Жоғары аудиторлық палатаның Төрағасы республикалық бюджетті алдын ала, ағымдағы және кейіннен бағалау және орталық мемлекеттік органдар мен жергілікті атқарушы органдар қызметінің тиімділігін бағалау нәтижелерін бекіткеннен кейін он жұмыс күні ішінде;

      осы Қағидалардың 8-тармағының 19) тармақшасы бойынша – "Зерттеулер, талдау және тиімділікті бағалау орталығы" ЖШС-ның зерттеулер нәтижелері бойынша есептерін Жоғары аудиторлық палата қабылдағаннан кейін бес жұмыс күні ішінде;

      2) тексеру комиссиялары осы Қағидалардың 8-тармағының 1) тармақшасы бойынша – қалыптастырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағының 2) және 3) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде;

      3) ішкі мемлекеттік аудит жөніндегі уәкілетті орган өзінің аумақтық бөлімшелері мен ішкі аудит қызметтері бөлінісінде топтастыра отырып осы Қағидалардың 8-тармағының 1) тармақшасы бойынша – қалыптастырылғаннан кейін он жұмыс күні ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағының 2) және 3) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен кейін он жұмыс күні ішінде;

      4) бюджеттік жоспарлау жөніндегі уәкілетті осы Қағидалардың 8-тармағының 21) және 22) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде;

      5) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілері ЖАП ИАЖ-ның "МАжҚБ объектісінің кабинеті" модулі арқылы осы Қағидалардың 8-тармағының 4) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағының 9) тармақшасы бойынша – бекітілгеннен кейін он бес жұмыс күні ішінде, осы Қағидалардың 8-тармағының 13) және 14) тармақшалары бойынша – бекітілгеннен (нақтыланғаннан) кейін он жұмыс күні ішінде ұсынады.";

      13, 14, 15, 16 және 17-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "13. Жоғары аудиторлық палатаның Бірыңғай дерекқорды әкімшілендіруі:

      1) мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдарының, мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау объектілерінің, квазимемлекеттік сектор субъектілеріне арнайы мақсаттағы аудитті жүзеге асыратын аудиторлық ұйымдардың деректерді Бірыңғай дерекқорға уақытылы енгізуін тоқсан сайынғы негізде үйлестіруді және мониторингтеуді;

      2) Бірыңғай дерекқордың дамуын, соның ішінде Бірыңғай дерекқордың "электрондық үкімет" жүйесімен және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерімен интеграциясын қамтамасыз етуді қамтиды.

      14. Ақпаратты жеткізушілер Бірыңғай дерекқорды қалыптастыру үшін ұсынылатын деректердің анықтығы мен толықтығын қамтамасыз етеді.

      15. Бірыңғай дерекқорды пайдаланушылар – мемлекеттік аудит және қаржылық бақылау органдары.

      16. Бірыңғай дерекқорды пайдаланушыларға Бірыңғай дерекқорға қол жеткізудің мынадай:

      - осы Қағидалардың 3-тармағының 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген органдарға – толық қол жеткізу;

      - осы Қағидалардың 3-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген органдарға – тиісті әкімшілік-аумақтық бірліктің жергілікті бюджетінің деректері бойынша;

      - осы Қағидалардың 3-тармағының 4) және 5) тармақшаларында көрсетілген органдарға – тиісті мемлекеттік органның, жергілікті атқарушы органның немесе орталық мемлекеттік органның ведомствосының деректері бойынша деңгейлер ұсынылады.

      17. Мемлекеттік ақпараттық жүйелердің жұмыс істеу сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін электрондық ақпараттық ресурстарды сақтау, өңдеу және беру үшін пайдаланылатын техникалық құралдар техникалық реттеу және ақпараттандыру саласындағы заңнама талаптарына сәйкес келеді.";

      18-тармақ алынып тасталсын.

      2. Жоғары аудиторлық палатаның Жоспарлау және сертификаттау департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы нормативтік қаулының Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы нормативтік қаулының Жоғары аудиторлық палатаның интернет-ресурсына орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы нормативтік қаулының орындалуын бақылау Жоғары аудиторлық палатаның аппарат басшысына жүктелсін.

      4. Осы нормативтік қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Жоғары аудиторлық палатасының Төрағасы
А. Смаилов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады