Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2025 жылғы 30 қыркүйектегі № 340 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 2 қазанда № 37035 болып тіркелді

      "Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 9-1-бабы 22) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы министрі
А. Сапаров

  Қазақстан Республикасының
Ауыл шаруашылығы
министрі
2025 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 340 бұйрығымен
бекітілген

Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу қағидалары "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-1-бабының 22) тармақшасына сәйкес әзірленді және балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды (бұдан әрі – шектеулер мен тыйым салулар) белгілеу тәртібін айқындайды.

      2. Шектеулер мен тыйым салулар балық ресурстарын және басқа да су жануарларын сақтау және өсімін молайту мақсатында белгіленеді.

      3. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) биологиялық негiздеме – жануарлар дүниесiн пайдалануға, жануарлар дүниесi объектілерінің жол берілетін аулау мөлшерін анықтауға, сондай-ақ жануарлар дүниесiнiң объектiлерi мен олардың мекендеу ортасына ықпал етуге қабілетті қызметке арналған ғылыми негiзделген қорытынды.

      4. Шектеулер мен тыйым салулар Заңның 14-бабының 2-тармағында көрсетілген негіздер бойынша белгіленеді.

      5. Шектеулер мен тыйым салулар былайша белгіленеді:

      1) пайдалану орындары бойынша: Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында, өңіраралық, бассейндік деңгейде, жекелеген әкімшілік-аумақтық бірліктердің немесе олардың бөліктерінің шекараларында, сондай-ақ балық шаруашылығы су айдындарында және (немесе) учаскелерінде;

      2) пайдалану мерзімдері бойынша: тұрақты негізде (қолданылу мерзімдерін көрсетпей), белгілі бір мерзімге не бұрын белгіленген мерзімдерді ауыстыра отырып;

      3) балық ресурстарын және басқа да су жануарларын аулау құралдарының әдістерін, тәсілдері мен түрлерін, олардың бөліктері мен дериваттарын қолдану бойынша;

      4) балық ресурстарының және басқа да су жануарларының түрлері бойынша (балық ресурстары объектілерін және басқа да су жануарларын алып қою нормаларын өзгерту қажет болған кезде);

      5) балық ресурстары және жануарлар дүниесi объектілерін, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдаланушылар санын шектеу бойынша;

      6) заңсыз, хабарлаусыз, реттеусіз кәсіпшілікке, сондай-ақ су биологиялық ресурстарынан дайындалған өнімнің заңсыз айналымына қарсы күрес бойынша шаралары бойынша белгіленеді.

2-тарау. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салуларды белгілеу тәртібі

      6. Шектеулер мен тыйым салулар балықтар мен басқа да су жануарларының мекендеу ортасының (таралу салаларының) географиялық, климаттық ерекшеліктерін ескере отырып енгізіледі.

      7. Уәкілетті органның ведомствосы жануарлар дүниесі объектілеріне, олардың мекендеу ортасына мониторинг жүргізу және ғылыми зерттеулерді орындау үшін "Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 25 шiлдедегi № 335 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33182 болып тіркелген) айқындалған тәртіппен аккредиттелген және акредиттеудің тиісті саласымен аккредиттеу аттестаты бар ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерімен шарт жасасады.

      8. Балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласындағы ғылыми зерттеулер жыл сайын жергілікті маңызы бар резервтік су айдындарында және халықаралық және республикалық маңызы бар су айдындарында бюджет қаражаты және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған басқа да көздер есебінен жүзеге асырылады.

      9. Жүргізілген зерттеулердің нәтижелері биологиялық негіздеме түрінде уәкілетті органның ведомстволарына күнтізбелік жылдың аяғынан кешіктірілмей ұсынылады.

      10. Уәкілетті органның ведомствосы күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде ғылыми ұйымдардың биологиялық негіздемесін қарайды.

      11. Заңның 14-бабының 2-тармағында көзделген негіздер болған кезде және биологиялық негіздеме негізінде уәкілетті орган Заңның 9-1-бабының 28) тармақшасына сәйкес балық ресурстарын және басқа да су жануарларын, олардың бөліктері мен дериваттарын пайдалануға шектеулер мен тыйым салулар енгізу туралы шешім қабылдайды, оларды пайдалану орындары мен мерзімдерін белгілейді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады