"Педагогтік қайта даярлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 110 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2025 жылғы 16 қыркүйектегі № 451 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 19 қыркүйекте № 36884 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Педагогтік қайта даярлау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2020 жылғы 17 наурыздағы № 110 бұйрығына (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 20147 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      осы бұйрықпен бекітілген Педагогикалық қайта даярлау қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртiппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелуін және оны ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары білім министрі
С. Нурбек

 

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қорғаныс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Оқу-ағарту министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Ғылым және жоғары
білім министрі
2025 жылғы 16 қыркүйектегі
№ 451
бұйрығына қосымша
  Қазақстан Республикасы
Білім және ғылым министрінің
2020 жылғы 17 наурыздағы
№ 110 бұйрығына
қосымша

Педагогтік қайта даярлау қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Педагогтік қайта даярлау қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Педагог мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 10-бабының 2-тармағына сәйкес әзірленді және тиісті бейін бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін педагогикалық білімі жоқ тұлғаларды педагогикалық қайта даярлау тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      дуальды оқыту – кәсіпорынның (ұйымның), оқу орнының және білім алушының тең жауапкершілігі кезінде білім беру ұйымындағы оқытуды білім алушыларға жұмыс орындарын ұсынып және өтемақы төлемін төлей отырып, кәсіпорындағы (ұйымдағы) өндірістік оқыту мен кәсіптік практиканың міндетті кезеңдерімен ұштастыратын кадрлар даярлау нысаны.

      3. Тиісті бейін/бағыт бойынша педагогтің кәсіби қызметін жүзеге асыру үшін:

      1) педагогикалық білімі жоқ, кәсіптік білімі бар адамдар, оның ішінде офицерлік, аға немесе жоғары сержанттық құрамдар лауазымдарында әскери қызмет өткергендер (әскери қызметке қайта кіру құқығынсыз теріс себептермен әскери қызметтен босатылған азаматтарды қоспағанда);

      2) басқа мамандануға тиісті бағыт шеңберінде "Арнайы педагогика" бағыты бойынша педагогикалық білімі бар адамдар жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының (бұдан әрі – ЖЖОКБҰ) базасында педагогикалық қайта даярлаудан өтеді.

      Офицерлік, аға немесе жоғары сержанттық құрамдар лауазымдарында әскери қызмет өткерген, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар және еңбек сіңірген жылдары кемінде он жыл болған әскери қызметтен босатылатын немесе босатылған адамдар (әскери қызметке қайта кіру құқығынсыз теріс себептермен жұмыстан шығарылған адамдарды қоспағанда) әскери оқу орындарында бастапқы әскери дайындық бойынша педагогикалық қайта даярлаудан өтеусіз негізде өтеді.

2-тарау. Педагогтік қайта даярлау тәртібі

      4. Педагогикалық қайта даярлау білімі жоқ, тиісті бейін бойынша педагогтің кәсіптік қызметіне алғаш рет кірісетін адамдар үшін Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 13 қазандағы № 569 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17565 болып тіркелген) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлау бағыттарының сыныптауышына сәйкес "Педагогикалық ғылымдар" даярлау бағыты бойынша білім беру қызметін жүргізуге "Рұқсаттар және хабарламалар туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес лицензиясы бар ЖЖООББҰ-ның базасында қайта даярлау курстары (бұдан әрі – курстар) өткізіледі.

      5. Курстар дуальды оқыту элементтерін пайдалана отырып, күндізгі оқыту нысаны бойынша жүргізіледі.

      6. ЖЖОКБҰ-да басшының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен қабылдау комиссиясы құрылады.

      Қабылдау комиссияның қызметі туралы ережені, оның құрамын білім беру ұйымы дербес айқындайды.

      7. Педагогикалық қайта даярлау курсына түсетін адамдар ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясының хатшысына мынадай құжаттарды тапсырады:

      1) еркін нысанда ЖЖОКБҰ басшысының атына өтініш;

      2) Жоғары білім туралы немесе жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттың көшірмесін;

      3) 3x4 сантиметр көлеміндегі екі фотосурет;

      4) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қаңтардағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 болып тіркелген) бекітілген 075/У нысанындағы медициналық анықтама;

      Сонымен қатар, осы тармақта көрсетілген құжаттардың көшірмелерімен бірге салыстырып тексеру үшін олардың түпнұсқалары ұсынылады. Жеке басын растау үшін курсқа түсетін адамның жеке басын куәландырылатын құжат ұсынылады. Салыстырып тексеру жүргізілгеннен кейін түпнұсқалар қайтарылады.

      Осы тармақта көрсетілген құжаттар толық ұсынылмаған жағдайда ЖЖОКБҰ-ның қабылдау комиссиясының хатшысы құжаттарды қайтарады

      Құжаттардың толық топтамасы ЖЖОКБҰ белгілеген құжаттарды қабылдау мерзімі аяқталғанға дейін ұсынылады.

      8. Педагогикалық білімі жоқ, тиісті бейін бойынша педагогтің кәсіби қызметіне алғаш рет кірісетін кәсіптік білімі бар адамдар Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 31 қазандағы № 600 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17650 болып тіркелген) Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімнің білім беру бағдарламаларын iске асыратын бiлiм беру ұйымдарына оқуға қабылдаудың үлгілік қағидаларына сәйкес ЖЖОКБҰ базасында педагогикалық қайта даярлаудан өту үшін арнайы емтихан (бұдан әрі - арнайы емтихан) тапсырады.

      Педагогикалық қайта даярлаудың арнайы емтиханын өткізудің бағдарламасын, мерзімін, нысанын және ұйымдастырылуын ЖЖОКБҰ дербес айқындайды.

      9. Адамдар арнайы емтихан тапсырған жағдайда тиісті бейін бойынша курсқа қабылданады.

      10. Курсқа қабылданған адамдармен ЖЖОКБҰ педагогикалық қайта даярлау бойынша білім беру қызметтерін ұсыну туралы шарт жасасады.

      11. Педагогикалық қайта даярлаудың білім беру бағдарламасын ЖЖОКБҰ "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 43-1-бабы 2-тармағының 1) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрінің 2025 жылғы 24 ақпандағы № 31 бұйрығымен бекітілген Білім беру ұйымдарының педагогтеріне арналған кәсіптік стандарттарына сәйкес білім беру жүйесі мен жұмыс берушілердің қажеттіліктерін ескере отырып дербес әзірлейді және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2022 жылғы 12 қазандағы № 106 бұйрығымен бекітілген Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында іске асыратын білім беру бағдарламаларының тізілімін жүргізу қағидаларына, сондай-ақ білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізу мен одан алып тастау негіздеріне сәйкес (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 30139 болып тіркелген) білім беру бағдарламаларының тізіліміне енгізіледі.

      Әскери қызметтен шығарылған адамдарға арналған педагогикалық қайта даярлаудың білім беру бағдарламаларын білім, ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органдардың келісімі бойынша Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әзірлейді және бекітеді.

      12. Қорытынды аттестаттауды өткізу нысандары мен рәсімін ЖЖОКБҰ дербес айқындайды.

      13. Білім беру бағдарламасын игеру және қорытынды аттестаттауды сәтті тапсыру кезінде педагогикалық қайта даярлау бойыгша оқытудан өткен адамдарға, Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 10 ақпандағы № 47 бұйрығымен бекітілген "Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы құжаттардың түрлерін, білім туралы мемлекеттік үлгідегі құжаттардың нысандарын және оларды есепке алу мен беру қағидаларын, жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім туралы өзіндік үлгідегі құжаттардың мазмұнына қойылатын негізгі талаптарды және оларды есепке алу мен беру қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 31894 болып тіркелген) қосымшаға сәйкес нысан бойынша ЖЖОКБҰ-ны педагогикалық қайта даярлау туралы мерзімсіз сертификаты (бұдан әрі - Сертификат) беріледі.

      Сертификаттың нөмірі мен QR кодтары Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2018 жылғы 30 қазандағы № 595 бұйрығымен бекітілген Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдары қызметінің үлгілік қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 17657 болып тіркелген) сәйкес ғылым және жоғары білім беру саласындағы уәкілетті орган ұсанатын арнайы сервисте жасалады.

  Педагогтік қайта даярлау
қағидаларына
қосымша
  Нысан

Сертификат

      _______________________________________________________ берілді. Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда)

      Ол 20__ жылғы "___" _______ мен 20__ жылғы "___" _______ аралығында

            ________________________________________________________________

            (жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымының атауы)

      ______________академиялық кредит көлемінде бейіні _____________________________________

      ___________________________білім беру бағдарламасы бойынша педагогтік қайта даярлау курсынан өтті.

      ________________________________________________________________

      Ректор _______ Тегі, аты, әкесінің аты (ол болған жағдайда) (қолы)

      Мөрдің орны

      (жеке кәсіпкерлерлік субъектілері болып табылатын тұлғаларды қоспағанда)

      Берілген күні 20__ жыл "___" _______

      Тіркеу нөмірі: 20__ жыл "___" _______ № ___

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады