"Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 23 ақпандағы № 61 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 15 қыркүйектегі № 396 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 17 қыркүйекте № 36856 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтары базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің міндетін атқарушының 2022 жылғы 23 ақпандағы № 61 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 26917 болып тіркелген) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      тақырып мынадай редакцияда жазылсын:

      "Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидаларын бекіту туралы";

      кіріспе мынадай редакцияда жазылсын:

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1-тармағының 77) тармақшасын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:";

      1-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:

      "1. Қоса беріліп отырған Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары бекітілсін.";

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Медициналық-психологиялық қызмет басқармасы Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ч. Аринов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Денсаулық сақтау министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ішкі істер министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
2025 жылғы 15 қыркүйектегі
№ 396 Бұйрыққа қосымша
Қазақстан Республикасы
Төтенше жағдайлар министрінің
міндетін атқарушының
2022 жылғы 23 ақпандағы
№ 61 бұйрығымен
бекітілген

Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық және психологиялық оңалту қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 1-тармағының 77) тармақшасына сәйкес әзірленді және медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық және психологиялық оңалту тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда пайдаланылатын негізгі терминдер мен ұғымдар:

      1) азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық оңалту – ағзаның бұзылған және (немесе) жоғалған функцияларын сақтау, ішінара немесе толық қалпына келтіруге бағытталған медициналық қызметтер кешені;

      2) азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілерге және жұмысшыларына психологиялық оңалту – психологиялық денсаулықты сақтау мен қолдауға бағытталған іс-шаралар кешені;

      3) медициналық-әлеуметтік көмек – бұл тізбесін денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті орган айқындайтын әлеуметтік мәні бар аурулармен ауыратын адамдарға көрсетілетін медициналық және әлеуметтік-психологиялық көмек;

      4) психологиялық көмек – мыналарға:

      психикалық және соматикалық денсаулықты қолдауға, психикалық дамуды оңтайландыруға, өмір сүруге бейімдеуге және өмір сүру сапасын арттыруға, оның ішінде адамның өз мүмкіндіктерін жандандыру арқылы арттыруға ықпал ететін, адамға психологиялық проблемалардың алдын алуға, оларды шешуге, өмірлік қиын және дағдарысты жағдайлар мен олардың салдарын еңсеруге жәрдемдесуге;

      адамдарға психологиялық проблемалардың себептері, олардың алдын алу және оларды шешу тәсілдері туралы ақпарат беруге;

      тұлғаны дамытуға, оның өзін-өзі жетілдіруіне және өзін-өзі танытуына бағытталған іс-шаралар кешені;

      5) санаторийлік-курорттық емдеу – адамдардың санаторийлік-курорттық ұйымда уақытша болу жағдайында жүргізілетін медициналық оңалту түрі.

      3. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін санаторийлік-курорттық емделуге жіберу үшін жалпы қарсы көрсетілімдер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21381 тіркелген) бекітілген Медицинадық оңалту көрсету қағидаларының 21-тармағына сәйкес айқындалады.

      4. Санаторийлік-курорттық емделуге арналған құқықтар мен жеңілдіктер қызметтен шекті жасқа толуына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты шығарылған, қызметінің жалпы ұзақтығы жиырма және одан көп жылды құрайтын азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне және әскери қызметшілеріне қолданылады. Жолдаманың қажеттілігі туралы шешімді тіркелген жері бойынша медициналық ұйым немесе ішкі істер органдарының санаторийлік-іріктеу комиссиясы қабылдайды.

      Санаторийлік-курорттық емделуге арналған құқықтар мен жеңілдіктер, егер Қазақстан Республикасының заңдарында өзгеше көзделмесе, жасына, денсаулық жағдайына немесе штаттардың қысқартылуына байланысты жұмыстан шығарылған, азаматтық қорғау органдарындағы жалпы жұмыс ұзақтығы жиырма және одан көп жылды құрайтын азаматтық қорғау органдарының жұмыскерлеріне қолданылады. Жолдаманың қажеттілігі туралы шешімді тіркелген жері бойынша медициналық ұйым қабылдайды.

      Осы Қағидалардың тармағында көрсетілген адамдарды санаторийлік-курорттық емдеуге жіберу тәртібі осы Қағидалардың 14, 15, 16, 17, 18, 19, 20 және 21-тармағына сәйкес айқындалады.

2-тарау. Медициналық мекемелер мен оңалту орталықтарының базасында азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық және психологиялық оңалту тәртібі

      5. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық оңалту негізгі ауруды емдеу кезінде, сондай-ақ жіті жай-күйлерден, хирургиялық араласулар мен жарақаттардан кейін, созылмалы аурулар және (немесе) тыныс-тіршілігі шектелген, функциялары мен құрылымдары бұзылған қызметкерлердің жай-күйі кезінде оңалту әлеуетін ескере отырып жүзеге асырылады.

      6. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін медициналық оңалтуды "Қазақстан Республикасы ішкі істер органдарының әскери-медициналық (медициналық) бөліністерінде әскери-медициналық (медициналық) қамтамасыз ету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2020 жылғы 16 қарашадағы № 781 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21664 болып тіркелген) сәйкес ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары көрсетеді.

      7. Азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің қызметін өткеру орнында немесе тұрғылықты жерінде ішкі істер органдарының медициналық ұйымдары немесе оларда тиісті бөлімшелер, мамандар не арнаулы жабдық болмаған кезде медициналық көрсетілімдер бойынша азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне медициналық көмекті денсаулық сақтау субъектілері:

      1) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбесін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысына сәйкес;

      2) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысына сәйкес.

      8. Тізбесін Қазақстан Республикасы Президентінің Әкімшілігімен келісу бойынша Қазақстан Республикасы Президентінің Іс басқармасы бекітетін азаматтық қорғау органдары қызметкерлерінің, әскери қызметшілерінің және жұмыскерлерінің жекелеген санаттарына медициналық көмек, оның ішінде медициналық оналту Қазақстан Республикасы Президенті Іс басқармасының медициналық ұйымдарында көрсетіледі.

      9. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін медициналық оңалту бойынша медициналық көмек көрсету тәртібі "Медициналық оңалту көрсету қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 7 қазандағы № ҚР ДСМ-116/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21381 болып тіркелген) айқындалған.

      10. Азаматтық қорғау органдарындағы психологиялық оңалту жөніндегі негізгі іс-шаралар: психологиялық консультация (әңгімелесу), психологиялық тренинг және психокоррекциялық іс-шаралар болып табылады.

      11. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін психологиялық оңалту жөніндегі іс-шараларды азаматтық қорғау саласындағы уәкілетті органның шұғыл медициналық және психологиялық көмек қызметі және азаматтық қорғау органдарының аумақтық және ведомстволық бағынысты ұйымдарының психологтары жүргізеді.

      12. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерінде, әскери қызметшісінде немесе жұмыскерінде психикалық, жүріс-тұрыстық бұзылыстар (аурулар) анықталған жағдайда психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсететін денсаулық сақтау ұйымдарында "Қазақстан Республикасы халқына психикалық денсаулық саласында медициналық-әлеуметтік көмек көрсетуді ұйымдастыру стандартын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 30 қарашадағы № ҚР ДСМ-224/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркелу тізілімінде № 21712 болып тіркелген) сәйкес жүзеге асырылады.

      13. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілері мен жұмыскерлері медициналық көрсетілімдері болған кезде бюджет қаражаты есебінен санаторийлік-курорттық емделуге жіберіледі.

      14. Осы Қағидаларға 1-қосымшада айқындалған медициналық көрсетілімдер санаторийлік-курорттық емдеуге жіберу үшін негіз болып табылады.

      15. Осы қағидаларға қосымшада көрсетілген медициналық көрсетілімдер (профилактикалық медициналық қарап-тексеру нәтижелері, стационарлық немесе амбулаторлық емделу, медициналық куәландыру, сондай-ақ динамикалық бақылау деректері бойынша анықталған) болған жағдайда Азаматтық қорғау органдарының қызметкеріне, әскери қызметшісіне немесе жұмыскеріне:

      1) азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері үшін ішкі істер органдарының санаторийлік-іріктеу комиссиясымен;

      2) азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілері үшін тіркелген жері бойынша медициналық ұйыммен "Денсаулық сақтау саласындағы есептік құжаттаманың нысандарын, сондай-ақ оларды толтыру жөніндегі нұсқаулықтарды бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің міндетін атқарушының 2020 жылғы 30 қазандағы № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21579 тіркелген) (бұдан әрі – № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығы) 068/у нысаны бойынша жолдама алу үшін анықтама беріледі.

      16. Санаторийлік-курорттық ем алуға жолдама алу үшін азаматтық қорғау органдарының қызметкерлері, әскери қызметшілері және жұмыскерлері азаматтық қорғау органдарының аумақтық органының немесе ведомстволық бағынысты ұйымының бастығына (басшысына) № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген 068/е нысандағы анықтаманы ұсынады.

      Азаматтық қорғау органдарының аумақтық органының немесе ведомстволық бағынысты ұйымының бастығы (басшысы) анықтама алған күннен бастап 20 (жиырма) күнтізбелік күн ішінде азаматтық қорғау органдарының қызметкерін, әскери қызметшісін немесе жұмыскерін санаторийлік-курорттық емделуге жіберудің жоспарланған күні туралы хабардар етеді.

      17. Санаторийлік-курорттық емделуге жіберуді азаматтық қорғау органдарының аумақтық органының немесе ведомстволық бағынысты ұйымының бастығы (басшысы) жүргізеді, бұл ретте азаматтық қорғау органдарының қызметкеріне, әскери қызметшісіне немесе жұмыскеріне осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша санаторийлік-курорттық емделуге жолдама санаторийлік-курорттық ем алу күнінен кемінде 20 (жиырма) күнтізбелік күн бұрын беріледі.

      18. Осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес нысан бойынша жолдама ұсынылған кезде, санаторийлік-курорттық емделуге жіберілгенге дейінгі 20 (жиырма) күнтізбелік күн ішінде қызметкерге, әскери қызметшіге не азаматтық қорғау органдарының қызметкеріне тіркелген жері бойынша медициналық ұйымнан немесе ішкі істер органдарының медициналық ұйымынан № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген 069/у нысаны бойынша санаторийлік-курорттық карта беріледі.

      19. Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлерін, әскери қызметшілерін және жұмыскерлерін бюджет қаражаты есебінен санаторийлік-курорттық емдеумен қамтамасыз ету Қазақстан Республикасының мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес азаматтық қорғау органдарының аумақтық органдары мен ведомстволық бағынысты ұйымдары қызметті сатып алу жолымен жүзеге асырылады.

      20. Азаматтық қорғау органдарының бюджет қаражаты есебінен санаторийлік-курорттық емделу 10 тәулікке созылатын, күнтізбелік жылда 1 реттен аспайтын мерзімде ұсынылады.

      21. Санаторийлік-курорттық емдеу қызметін көрсеткеннен кейін санаторийлік-курорттық ұйым азаматтық қорғау органдарының қызметкеріне, әскери қызметшісіне немесе жұмыскеріне № ҚР ДСМ-175/2020 бұйрығымен бекітілген № 047/е нысаны бойынша оңалту картасына 6-қосымша парақты ұсынады. Азаматтық қорғау органдарының қызметкері, әскери қызметшісі немесе жұмыскері жұмыс орнына келген соң қызмет көрсету фактісін растау үшін осы қосымша парақты жұмыс берушіге ұсынады.

  Медициналық мекемелер мен
  оңалту орталықтарының
базасында азаматтық қорғау
органдарының қызметкерлерін,
әскери қызметшілерін және
медициналық және
психологиялық оңалту
қағидаларына
1-қосымша

Азаматтық қорғау органдарының қызметкерлеріне, әскери қызметшілеріне және жұмыскерлеріне санаторийлік-курорттық емдеуді ұсынуға арналған медициналық көрсетілімдер

      1. Қан, қантүзу мүшелерінің аурулары және мынадай иммундық тетікке әкелетін жеке бұзушылықтар:

      емделуден ұзақ оң нәтижесі бар гемолитикалық анемия;

      тамақтанумен байланысты, емделудің оң нәтижесі жеткіліксіз болған кездегі орташа, ауыр дәрежедегі анемия (темір тапшылығы, В12 дәруменінің тапшылығы, фолий тапшылығы және басқа);

      тромбозсыз, геморрагикалық белгілерінсіз ұзақ уақыт оң нәтижелі емделуден кейінгі тромбоцитопатия, коагулопатия;

      толық терапия курсы аяқталғаннан кейінгі жүйелі емес қан ауруларынан кейінгі жай-күй;

      спленэктомиядан кейінгі жай-күй;

      ремиссия сатысындағы қан ұюының бұзылуы, пурпуре және басқа да геморрагикалық жай-күй (Виллебранд, Шенлейн-Геноха және басқа аурулар).

      2. Эндокринді жүйенің аурулары, тамақтану мен зат алмасудың бұзылуы:

      I – II дәрежелі эутиреоидты зоб;

      диффузды уытты зобтың жеңіл емделетін түрлері;

      клиникалық-гормоналдық компенсация кезінде эндокринді безге медициналық процедуралардан кейінгі жай-күй;

      бір тәулік ішінде гликемия 8,9 ммоль/литрден аспайтын және (немесе) гликозилденген гемоглобин 7,5 процентке тең немесе одан аз 2-дәрежелі қант диабеті, кеш асқыну болмаған кезде;

      қалқанша безінің функциясы бұзылмаған созылмалы фиброзды және аутоиммунды тиреоидит.

      3. Психикалық және мінез-құлықтың бұзылуы:

      невротикалық бұзылудан кейінгі немесе жіті соматикалық аурулар нәтижесінде пайда болатын астеникалық бұзылу.

      4. Жүйке жүйесінің аурулары:

      кене шаққаннан, тұмаудан, вакцинациядан, энцефалиттің ревматикалық және тағы басқа да нысандарынан кейінгі қалдық белгілері, астензияның, вегативті-тамыр тұрақсыздығының шамалы белгілерімен және жеке тұрақты шашыраңқы органикалық белгілермен орталық жүйке жүйесі зақымдануының салдары мен қалдық белгілері;

      І сатылы дисциркуляторлы энцефалопатия;

      функцияларының бұзылуынсыз орталық жүйке жүйесі тарапынан тұрақсыз ошақты симптомдармен болатын ми қан айналымының сирек өтпелі бұзылуы (мидың тразиторлық ишемиялары, гипертониялық церебралды криздер);

      ми қан айналымы жеткіліксіздігінің алғашқы белгілері;

      жиі емес бас сақинасы ұстамаларының әр түрлері;

      бас немесе жұлын-ми жарақатының жеке салдары;

      жеке бассүйек-ми жүйкесінің, жүйке тамырлары мен талшықтарының алғашқы және қайта зақымдануы, полиневропатия және басқа да перифериялық жүйке жүйесінің зақымдануы (қол-аяқ буындары функциясының сирек асқынуы, орташа (шамалы) бұзылуы немесе қалдық белгілері);

      бассүйек-ми және перифериялық жүйке жарақатының салдары (қол-аяқ буындары функциясының сирек асқынуы, шамалы бұзылуы не қалдық белгілері);

      жіті инфекциялық, паразиттік және басқа да аурудан, уытты зақымданудан және жүйке жүйесінің жарақатынан, сондай-ақ бас немесе жұлын миы тамырларының жіті ауруынан кейінгі 2 айдан аспағандағы жай-күйі.

      5. Көз және оның қосалқы аппаратының аурулары:

      көздің ішкі қысымының қалыпты деңгейімен бастапқы сатыдағы алғашқы глаукома (окулист қорытындысымен);

      ауыр жарақатқа, контузияға және көздің күюіне байланысты реконструктивті операциялардан кейінгі жай-күйі;

      оптикалық реконструктивті операциядан кейінгі, бір айдан бұрынғы жай-күй;

      жарақаттану этиологиясымен торқабықтың ажырауы (жыртылуы), торқабықтың дистрофикалық сипаттағы аурулары, үдемелі емес және қалпына келген көру функциясы кезіндегі көру жүйкесінің жиі атрофиясы.

      6. Құлақ пен емізік тәрізді өсінді аурулары:

      операциядан кейінгі қуыстың толық эпидермизациясы 6 және одан да көп ай бұрын жасалған радикалды операциядан кейінгі жай-күй;

      кемінде 1 метрден сыбырлап сөйлеуді қабылдау кезінде естудің тұрақты төмендеуі;

      алынған барожарақат салдары.

      7. Қан айналымы жүйесінің аурулары:

      СЖӘ I ФС-дан жоғары емес кезіндегі ревматикалық емес миокардит болғаннан кейін жіті белгілер аяқталғаннан кейінгі тұрақты ремиссия сатысындағы жай-күй;

      сәтті абляциядан кейін (радиожиілік және басқа) операциядан кейінгі таяудағы 2 жылдағы жай-күй;

      жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылмаған I ФС-тан жоғары емес СЖЖ, елеулі дене белсенділігі кезіндегі сирек ұстамалармен тұрақты стенокардия;

      I ФС-дан жоғары емес СЖЖ коронарлық ангиопластика (стентирования) болғаннан кейін жай-күй;

      жүрек ырғағы мен өткізгіштігі бұзылуы байқалмайтын клиникалық манифестік жүрек-қан тамырлары және бүйрек аурулары (3-дәрежелі және одан жоғары СБА) болмаған кездегі І – ІІ дәрежелі артериалық гипертензия жай-күйі;

      ІІ сатыдағы (жоғары емес) созылмалы геморрой, сондай-ақ операциядан кейінгі алдағы 2 жылдағы геморройды хиругиялық емдегеннен кейінгі жай-күй;

      І сатыдағы аяқ қан тамырларының жойылатын эндартерииті, тромбангииті, атеросклерозы;

      С2-С3 (СЕАР бойынша жіктеме) тамырдың созылмалы ауруы;

      II дәрежеден жоғары емес терінің қалыңдауы;

      қан айналымының бұзылуынсыз магистральдық және перифериялық тамырларға операция жасалғаннан кейінгі (операциядан кейінгі таяудағы 2 жылдағы) жай-күй;

      8. Тыныс алу ағзаларының аурулары:

      жоғарғы тыныс алу жолдары тіндерінің дистрофиясы белгілерінсіз, жиі асқынуларсыз мұрын маңы қуыстарының созылмалы іріңсіз аурулары (катаралды, серозды, вазомоторлы және синуситтердің басқа да іріңсіз түрлері), сондай-ақ үстіңгі жақ қуыстарының гиперпластикалық синуситі мен қуысы;

      ремиссия сатысындағы респираторлық аллергиясы айқын көрінетін поллиноз;

      І дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігімен бронхоэктазсыз ремиссия сатысындағы созылмалы бронхит;

      жеңіл персистелген және интермиттелген бронх демікпесі;

      І дәрежелі тыныс алу жеткіліксіздігімен ауыр және асқынған немесе созылмалы өтетін пневмонияға шалдыққаннан кейінгі (жазылғаннан кейінгі 1 жылдағы) жай-күй;

      І дәрежеден жоғары емес тыныс алу жеткіліксіздігімен операциядан кейін бекіген тыртық ауруына (жарақатына, жаралануына) байланысты бронх-өкпе аппаратындағы операциядан кейінгі (операциядан кейінгі таяудағы 2 жылдағы) жай-күй;

      9. Ас қорыту ағзаларының аурулары:

      асқынудан тыс ІІІ сатыдан жоғары емес гастроэзфагельді рефлюкстік ауру;

      асқынудан тыс созылмалы қайталанатын ерекшеленбейтін ойық жаралы колит;

      асқынудан тыс өтетін созылмалы парапроктит;

      асқазан немесе ұлтабар жарасының ауруы, асқазан моторы функциясының бұзылуынсыз ауру ремиссиясының немесе асқынудың басылуы сатысында, қан кетуге, пенетрацияға және малигнацияға бейімділігі;

      ремиссия сатысындағы жиі асқынатын созылмалы гастрит;

      ремиссия сатысында стационарлық емделуді қажет етпейтін жиі асқынатын созылмалы холецистит;

      хирургиялық араласуды қажет етпейтін нысандардан басқа, асқынбаған өт жолы-тас ауруы (көптеген немесе ірі жалғыз конкременттер, өт жолының обтурациясы);

      асқынбаған компенсациялық сатысындағы созылмалы панкреатит;

      бауырдың функциясы бұзылмаған және (немесе) оның шамалы белсенділігімен созылмалы гепатит;

      қалдық белгілері бар жіті вирустық гепатит болғаннан кейінгі жай-күй;

      айқын функционалдық бұзылусыз, операциядан кейін тыртығы бекіген (операциядан кейінгі алғашқы 2 жыл) ауруы (жарақаты, жаралуы) бойынша іш қуысы ағзаларындағы операциядан кейінгі жай-күй.

      10. Тері және тер асты шелмайының аурулары:

      стационарлық және регрессивтік дәрежедегі таралған псориаз;

      қайталанатын шектеулі нысанды асқынудан тыс экзема мен псориаз;

      қайталанатын асқынудан тыс бөртпе және (немесе) эритема.

      11. Сүйек-бұлшықет жүйесінің және дәнекер тіннің аурулары:

      инфекциялық артропия, қабынған полиартропия және ремиссия сатысындағы қабынған спондилопия (сирек өршуі);

      секвестрлі қуыстардың, секвестрлердің болмауымен сирек асқынумен остеомиелит;

      ірі буындардың тұрақсыздығы мен буынның таюы;

      ірі буындардың остеоартрозы;

      әртүрлі жердегі созылмалы синовит және бурсит, тендовагинит, кезең-кезеңімен асқынатын және қайталанатын синовит;

      бұлшықет, сіңірдің, фасцилердің қабыну аурулары және әртүрлі жердегі нейромиозит;

      кезең-кезеңімен асқынатын бұлшықеттің зақымдануы (инфекциялық, уытты және жарақаттанудан болған);

      қайталанған неврологиялық бұзылуымен және оларсыз омыртқа остеохондрозы (алдыңғы 2 жылда асқыну болған жағдайда);

      жергілікті және байқалған синдроммен болатын омыртқа қозғалысының күрт шектеулерінсіз спондилез, спондилартроз, аралық артроз;

      омыртқа сынығының салдары;

      баяу консалидациялантын кеуде және аяқ сүйектері сынығының салдары;

      жарақаттан кейінгі аяқ деформациясы бойынша хирургиялық оперциялардан кейінгі жай-күй;

      жарақаттан кейінгі (күюден кейінгі), оның ішінде реконструктивті операцияларынан кейін контрактура.

      12. Несеп-жыныс жүйесінің аурулары:

      бүйректің жіті гломерулярлы ауруынан (тубулоинтерстициалды) кейінгі (жазылғаннан кейінгі 2 жылдағы) жай-күй;

      функциялардың шамалы бұзылуымен немесе бұзылуынсыз созылмалы бүйрек ауруы;

      асқынусыз созылмалы пиелонефрит;

      несеп-тас ауруы;

      ремиссия сатысындағы созылмалы простатит, орхоэпидидимит (өткен 2 жылда асқыну болған кезде);

      конкременттерді алғаннан кейін 3 айдан ерте емес несеп-тас ауруларын операциямен емдегеннен кейінгі жай-күй;

      ремиссия сатысындағы шамалы (қалыпты) клиникалық белгілерімен әйел жыныс ағзаларының қабынып аурулары (алдыңғы 2 жылда асқынуы болған кезде);

      ремиссия сатысындағы клининалық белгілерімен эндометриоз (І – ІІІ дәрежеде) (алдыңғы 2 жылда асқынуы болған кезде);

      овариалдық-менструациялық функцияның бұзылуы (аменорея, меноррагия, гипоменорея, альгодисменорея);

      бедеулік (диагноз қойылғаннан кейінгі алғашқы 3 жыл);

      әйел жыныс ағзасының ауруларын хирургиялық емдеуден кейінгі (оперциядан кейінгі алғашқы 2 жылдағы) жай-күй.

      13. Өзге де көрсеткіштер:

      дәрілік заттармен, зымыран отынының компоненттерімен, басқа да уытты заттармен улану салдары;

      электрлік-магниттік өрістің, лазерлік және (немесе) иондаушы сәулеленудің жіті немесе созылмалы әсері;

      ұшу факторларының теріс әсер ету салдары (ұшқыштар, штурмандар және ұшу экипажының мүшелері үшін);

      қызметтік міндеттерін атқару кезінде алған мертігулер (жаралану, контузия алу, жарақаттану).

  Медициналық мекемелер мен
  оңалту орталықтарының
базасында азаматтық қорғау
органдарының қызметкерлерін,
әскери қызметшілерін және
медициналық және
психологиялық оңалту
қағидаларына
2-қосымша
  нысан

      аумақтық органның немесе

      ведомстволық бағынысты ұйымның

      шығыс құжаттамасының мөртабаны

Санаторийлік-курорттық емдеуге жолдама

      1. _____________________________________________________ жіберіледі.

      (санаторийлік-курорттық ұйымның атауы мен мекенжайын көрсету)

      ____________________________________________________________________

      2. Тегі, аты, әкесінің аты (бар болса) ____________________________________

      ____________________________________________________________________

      3. Жеке сәйкестендіру нөмірі ___________________________________________

      4. Атағы (бар болса) __________________________________________________

      5. Туған күні_________________________________________________________

      6. Азаматтық қорғау органдарында еңбек сіңірген жылдары (жұмыстан шығарылған

      адамдар үшін) ____________________________________________

      7. Аумақтық органның немесе ведомстволық бағынысты ұйымның атауы

      ____________________________________________________________________

      8. Санаторийлік-курорттық емдеуге арналған көрсетілімдер_________________

      ____________________________________________________________________

      ____________________________________________________________________

      9. Санаторийге кіретін күн _____________________________________________

      Бастық (басшы) ______________________________________________________

      (атағы, қолы, тегі және атының бірінші әріптері)

      М.О.

      (аумақтық органның

      немесе ведомстволық бағынысты

      ұйымның елтаңбалық мөрі)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады