ЗҚАИ-ның ескертпесі!
Осы бұйрық 01.01.2026 ж. бастап қолданысқа енгізіледі
Қазақстан Республикасы Салық кодексінің 9-бабының 4) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының қоса беріліп отырған тізбесі бекітілсін.
2. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:
1) "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы №42 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №16458 болып тіркелген);
2) "Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалар санаттарының тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 42 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2022 жылғы 27 қазандағы № 76 бұйрығы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №30334 болып тіркелген).
3. Әлеуметтік саланы, құқық қорғау және арнаулы органдарды дамыту департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны алғаш ресми жариялағаннан кейін Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика вице-министріне жүктелсін.
5. Осы бұйрық 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі |
С. Жумангарин |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасының
Еңбек және халықты әлеуметтік
қорғау министрлігі
Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Ұлттық экономика министрі 2025 жылғы 15 қыркүйектегі № 89 бұйрығымен бекітілген |
Әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалардың жекелеген санаттарының тізбесі
Әлеуметтік қолдауға құқығы бар жеке тұлғалардың жекелеген санаттарына жеке табыс салығы осындай беру күніне:
1) арнаулы мемлекеттік жәрдемақы алушы;
2) мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақыларды алушы;
3) арнаулы әлеуметтік көрсетілетін қызметтерді алушылар;
4) зейнетақы төлемдерін алатын мүгедектігі бар адамдар;
5) он сегіз жасқа толмаған жетім бала және (немесе) ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала;
6) мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алушы;
7) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 23 қыркүйектегі №ҚР ДСМ-108/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21263 болып тіркелген) бекітілген әлеуметтік мәні бар аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;
8) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрі міндетін атқарушысының 2020 жылғы 28 қазандағы №ҚР ДСМ-162/2020 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №21537 болып тіркелген) бекітілген айналадағылар үшін қауіп төндіретін аурулар тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;
9) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 желтоқсандағы №1033 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №12733 болып тіркелген) бекітілген екі айдан астам еңбекке уақытша жарамсыздық мерзімі белгіленген аурулардың тізбесіне кіретін ауруы бар тұлға;
10) Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 16 ақпандағы №ҚР ДСМ-14 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №26830 болып тіркелген) бекітілген кейбір созылмалы аурулардың ауыр түрлерінің тізіміне кіретін ауруы бар тұлға болып табылатын жеке тұлғалар жатады.