"Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 74 бұйрығына өзгеріс енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 28 тамыздағы № 164 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 2 қыркүйекте № 36772 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Спорттық іс-шараларды өткізу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 4 қарашадағы № 74 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 9930 болып тіркелген) мынадай өзгеріс енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес жаңа редакцияда жазылсын.

      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты күшіне енгеннен кейін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы бұйрықта 2-тармағының 1) және 2) тармақшалары орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
Е. Мырзабосынов

  Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
2025 жылғы 28 тамыздағы
№ 164 бұйрығына қосымша
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт
министрінің
2014 жылғы 4 қарашадағы
№ 74 бұйрығымен бекітілген

Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Спорттық іс-шараларды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) спорттық іс-шараларды өткізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) дене шынықтыру-спорт ұйымы – негізгі қызмет түрі ретінде дене шынықтыру мен спорт саласындағы қызметтi жүзеге асыратын заңды тұлға;

      2) дене шынықтыру және спорт саласындағы уәкілетті орган – дене шынықтыру мен спорт саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган (бұдан әрі – уәкілетті орган);

      3) Қазақстан Республикасының чемпионаты – тиісті облыстан, республикалық маңызы бар қаладан, астанадан спортшылардың (командалардың) қатысуымен өткізілетін спорт түрлері бойынша республикалық спорттық жарыс;

      4) облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар – тиісті жергілікті атқарушы органдардың спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай өңірлік күнтізбесіне енгізілген жарыстар;

      5) оқу-жаттығу жиыны – спортшылардың спорттық шеберлігін және оқу-жаттығу процесінің сапасын арттыру мақсатында ұйымдастырылған орталықтандырылған іс-шара;

      6) республикалық спорттық жарыстар – уәкілетті органның спорттық-бұқаралық іс-шараларының бірыңғай республикалық күнтізбесіне енгізілген жарыстар;

      7) спорттық жарыс – бекітілген ереже (регламент) бойынша өткізілетін сайыстың үздік қатысушысын анықтау мақсатында спорт түрі (түрлері) бойынша спортшылар немесе командалар арасындағы сайыс;

      8) спорттық жарыстарға қатысушылар – спортшылар, жаттықтырушылар, спорттық төрешілер, спорттық дәрігерлер, спорттық массаж жасаушылар, спорт саласындағы мамандар, командалардың басшылары мен өкілдері немесе спортшылар тобы, Қазақстан Республикасы Ұлттық олимпиада комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық паралимпиада комитеті, Қазақстан Республикасы Ұлттық сурдлимпиада комитетінің өкілдері, дене шынықтыру-спорт ұйымдардың басшылары және дене шынықтыру және спорт саласындағы өзге де мамандар, сондай-ақ спорттық жарысқа қатысатын жылқылар, иттер және құстар (бұдан әрі – Қатысушылар);

      9) спорттық іс-шара – спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен өткізілетін спорттық жарыс, оқу-жаттығу жиыны;

      10) халықаралық спорттық жарыстар – шетелдік спортшылар (командалар) қатысатын спортшылар (командалар) арасындағы спорт түрi бойынша өтетін сайыстар.

2-тарау. Спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру мен спорт саласындағы мамандардың қатысуымен спорттық жарыстарды өткізу тәртібі

      3. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық спорттық жарыстар халықаралық спорт ұйымдарының және уәкілетті органның шешімі бойынша өткізіледі. Бұл жарыстар спорттық-бұқаралық іс-шаралардың республикалық күнтізбесіне енгізіледі.

      4. Халықаралық спорттық жарыстар ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары әзірлейтін және уәкілетті орган бекітетін спорттық жарыстар туралы ережелерге (регламенттерге) сәйкес өткізіледі.

      Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін халықаралық спорттық жарыстар туралы ережелер (регламенттер) халықаралық спорттық ұйымдардың (бар болған жағдайда) талаптарына сәйкес ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары уәкілетті органмен келісу арқылы әзірлеп, бекітетін, спорт түрлері бойынша ережелердің негізінде әзірленеді.

      5. Ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары халықаралық спорттық жарыстар ережелерін (регламенттерін) уәкілетті органға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын жібереді.

      6. Халықаралық спорттық жарыстардың ережесі (регламенті) уәкілетті органда 14 (он төрт) жұмыс күн ішінде қаралады және қарау нәтижесі бойынша бекіту шешімі қабылданады немесе ескертулер болған жағдайда 3 (үш) жұмыс күні ішінде жою үшін қайтарылады. Ескертулер белгіленген мерзім ішінде жойылған жағдайда уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде халықаралық спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) бекітеді.

      7. Қазақстан Республикасының аумағында халықаралық спорттық жарыстарды өткізуге өтінімдерді ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары халықаралық спорт федерацияларына уәкілетті органның келісімі бойынша оларды өткізудің болжамды күніне дейін кемінде 6 (алты) ай бұрын береді.

      8. Халықаралық жарыстарға қатысушылардың сандық құрамын спорттық жарыстар ережесінің (регламентінің) негізінде уәкілетті орган анықтайды.

      Халықаралық олимпиада комитетінің (бұдан әрі – ХОК), Халықаралық паралимпиада комитетінің (бұдан әрі – ХПК) немесе Саңыраулардың халықаралық спорт комитетінің (бұдан әрі – СХСК) талаптары бойынша ХОК, ХПК, СХСК өткізетін немесе соның қолдауымен өтетін спорттық жарыстардың делегация құрамына Қазақстан Республикасының Ұлттық олимпиада комитетінің, Қазақстан Республикасының Ұлттық паралимпиада комитетінің немесе Қазақстан Республикасының Ұлттық сурдлимпиада комитетінің өкілдері, соның ішінде халықаралық дәрежедегі төрешілер енгізіледі.

      9. Республикалық спорттық жарыстар уәкілетті органның шешімі және спорт түрлері бойынша ұлттық аккредиттелген спорт федерацияларының келісімімен спорттық-бұқаралық іс-шаралардың республикалық күнтізбесіне сәйкес өткізіледі.

      Республикалық спорттық жарыстар уәкілетті орган бекіткен республикалық спорттық жарыстар туралы ережелерге (регламенттерге) сәйкес өткізіледі.

      Қазақстан Республикасының аумағында өткізілетін республикалық спорттық жарыстар туралы ережелер (регламенттер) халықаралық спорттық ұйымдардың (бар болған жағдайда) талаптарына сәйкес ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары уәкілетті органмен келісу арқылы әзірлеп, бекітетін, спорт түрлері бойынша ережелердің негізінде әзірленеді.

      10. Ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары республикалық спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) уәкілетті органға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын жібереді.

      Спорттық жарыстардың ережесі (регламенті) уәкілетті органда 14 (он төрт) жұмыс күн ішінде қаралады және қарау нәтижесі бойынша бекіту шешімі қабылданады немесе ескертулер болған жағдайда 3 (үш) жұмыс күні ішінде жою үшін қайтарылады.

      Ескертулер белгіленген мерзім ішінде жойылған жағдайда уәкілетті орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде республикалық спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) бекітеді.

      11. Ұлттық аккредиттелген спорт федерацияларымен өткізілетін спорттық жарыстар туралы ережелерді (регламенттерді) ұлттық аккредиттелген спорт федерациялары әзірлейді және бекітеді.

      12. Спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының чемпионаттарына тиісті облыстан, республикалық маңызы бар қаладан, астанадан Қазақстан Республикасының азаматтары болып табылатын спортшылар қатысады.

      13. Ойын спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының чемпионаттарына спортшылар уәкілетті органмен бекітілген ережелердің (регламенттердің) талаптарына сәйкес қатысады.

      14. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар жергілікті атқарушы органдардың шешімі бойынша және спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай өңірлік күнтізбесіне сәйкес жергілікті аккредиттелген спорт федерацияларымен келісімімен өткізіледі.

      15. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстар жергілікті атқарушы органның келісімімен аккредиттелген спорт федерациялары өткізеді.

      16. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережелерін (регламенттерін) аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары әзірлейді және жергілікті атқарушы орган бекітеді.

      Жергілікті аккредиттелген спорт федерациялары спорттық жарыстар ережесін (регламентін) облыстық, қалалық және аудандық атқарушы органдарға жарыстың өткізілу күніне дейін кемінде 2 (екі) ай бұрын жібереді.

      17. Облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережелері (регламенті) жергілікті атқарушы органда 14 (он төрт) жұмыс күн ішінде қаралады және қарау нәтижесі бойынша бекіту туралы шешім қабылданады немесе ескертулер болған жағдайда 3 (үш) жұмыс күні ішінде жою үшін қайтарылады.

      Ескертулер белгіленген мерзім ішінде жойылған жағдайда жергілікті атқарушы орган 3 (үш) жұмыс күні ішінде облыстық, қалалық және аудандық спорттық жарыстардың ережесін (регламентін) бекітеді.

      18. Спорттық жарыстардың ережесі (регламенті) мынадай бөлімдерді қамтиды:

      1) спорттық жарыстардың атауы, спорттық жарыстың өткізілу орны мен күні, спорттық жарыстарға қатысушылардың келу және қайту күндері;

      2) қатысушы ұйымдар, спорттық жарысқа қатысушылардың сандық құрамы;

      3) медициналық-санитарлық және допингке қарсы қамтамасыз ету;

      4) спорттық жарысқа қатысу үшін өтінімдер берудің тәртібі мен мерзімі, қаржыландыру шарттары;

      5) спорттық жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлерді марапаттау тәртібі;

      6) наразылық көрсету тәртібі және оны қарау.

      19. Спорт түрлері бойынша ұлттық аккредиттелген спорттық федерация спорттық жарыстың ережесіне (регламентіне) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу бойынша ұсынысты спорттық жарыс басталғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын уәкілетті органға жібереді.

      Уәкілетті орган өзгерістер және (немесе) толықтырулар бойынша ұсынысты осы Қағидалардың 6 және 10-тармақтарында белгіленген тәртіппен қарастырады.

      Спорт түрлері бойынша аккредиттелген жергілікті спорт федерациялары спорттық жарыстың ережесіне (регламентіне) өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу бойынша ұсынысты спорттық жарыс басталғанға дейін кемінде 30 (отыз) күнтізбелік күн бұрын жергілікті атқарушы органға жібереді.

      Жергілікті атқарушы орган енгізілген ұсыныстарды осы Қағидалардың 17-тармағында белгіленген тәртіппен қарастырады.

3-тарау. Спортшылардың, жаттықтырушылардың және дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандардың қатысуымен оқу-жаттығу жиындарын өткізу тәртібі

      20. Оқу-жаттығу жиындары спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық және өңірлік күнтізбесіне сәйкес өткізіледі.

      21. Республикалық және халықаралық жарыстарға даярлау бойынша оқу-жаттығу жиындары Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 14 мамырдағы № 179 бұйрығымен бекітілген Жарыстар түрлерінің, оқу-жаттығу жиындарының және олардың сыныптамаларының тізбесіне (Нормативтік құқықтық актілері мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11437 болып тіркелген) сәйкес өткізіледі.

      22. Оқу-жаттығу жиындарын өткізетін дене шынықтыру-спорт ұйымдары:

      1) теориялық және тәжірибелік сабақтардың, тәрбие жұмыстарының, спортшыларды даярлаудың жеке жоспарларын, кешенді ғылыми топ жұмысының жоспарларын, медициналық қамтамасыз етудің және қауіпсіздікті сақтау шараларының жоспарын бекітеді;

      2) оқу-жаттығу процесін өткізудің сапасын, спортшының техникалық және тактикалық шеберлігін жетілдіруді, тәрбие жұмысын ұйымдастыруды, тәртіпті сақтауды, мүліктің сақталуын қадағалайды;

      3) білікті жаттықтырушыларды, дәрігерлерді, массаж жасаушыларды, сондай-ақ басқа да қажетті қызмет көрсетуші персоналдарды бөледі;

      4) Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 22 қарашадағы № 107 бұйрығымен бекітілген Оқу-жаттығу процесі мен спорттық іс-шаралар кезеңінде спортшыларды, оның ішінде барлық санаттағы әскери қызметшілерді және құқық қорғау және арнаулы мемлекеттік органдардың қызметкерлерін тамақтандыру және фармакологиялық қамтамасыз ету нормативтерінің әдістемесіне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10005 болып тіркелген) сәйкес тамақпен, іссапар шығыстарымен, медико-биологиялық және қалпына келтіру құралдарымен және әдістерімен қамтамасыз етеді;

      5) оқу-жаттығу жиындарын тиісті спорт ғимараттарында өткізуді қамтамасыз етеді;

      6) қажетті спорт мүкәммалдармен және жабдықтармен қамтамасыз етеді;

      7) спортшылардың және оқу-жаттығу жиындарына басқа қатысушылардың жеке тізімдерін бекітеді;

      8) санитарлық-гигиеналық нормалардың, сондай-ақ өрт қауіпсіздігін, техникалық пайдаланудың ережелерін сақталуын және оқу-жаттығу жиынындағы спортшылардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді;

      9) спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасының ұлттық командаларын республикалық және халықаралық спорттық жарыстарға даярлау кезінде спортшының өмірі мен денсаулығын сақтандыруды жүзеге асырады.

      23. Спорттық-бұқаралық іс-шаралардың бірыңғай республикалық және өңірлік күнтізбесі негізінде дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесін жасайды.

      Дене шынықтыру-спорт ұйымдарының спорттық-бұқаралық іс-шаралар күнтізбесі негізінде олар ағымдағы жылға арналған спорттық іс-шаралардың қаржылық күнтізбесін әзірлейді.

      24. Жалпы дене даярлығы, техникалық-тактикалық даярлық, арнайы дене даярлығы, спортшыларға тексеру жүргізу бойынша оқу-жаттығу жиындары, қалпына келтіру жиындары спорт түрлері бойынша Қазақстан Республикасы ұлттық командаларының спорттық жарыстарына даярлау бойынша арнайы оқу-жаттығу жиындарына жатады.

      25. Спорттық жарыстар мен оқу-жаттығу жиындарын өткізетін дене шынықтыру-спорт ұйымдары спорттық іс-шаралардың қаржылық күнтізбесіне және республикалық, өңірлік күнтізбесіне сәйкес әрбір спорттық іс-шараны жеке өткізу үшін Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жаттықтырушы баянаты негізінде сметаны бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады