"Жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 40-бабының 1-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін қалыптастыру қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Балық шаруашылығы комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оның Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі |
А. Сапаров |
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Қаржы министрлігі
"КЕЛІСІЛДІ"
Қазақстан Республикасы
Су ресурстары және
ирригация министрлігі
Қазақстан Республикасының Ауыл шаруашылығы министрі 2025 жылғы 25 тамыздағы № 258 бұйрығымен бекітілген |
Балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін қалыптастыру қағидалары мен мерзімдері
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін қалыптастыру қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 40-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін ( бұдан әрі – тізім) қалыптастыру тәртібін және мерзімдерін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) балық шаруашылығы саласындағы уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) – балық ресурстарын және басқа да су жануарларын қорғау, өсімін молайту және пайдалану саласында басшылықты, сондай-ақ өз өкілеттіктері шегінде салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;
2) су ресурстарын қорғау және пайдалануды реттеу жөніндегі бассейндік су инспекциялары (бұдан әрі – бассейндік су инспекциясы) – Қазақстан Республикасының Су кодексінде және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген құзырет шеңберінде су шаруашылығы бассейндері шегінде су қорын қорғау және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын су қорын қорғау және пайдалану саласындағы уәкілетті орган ведомствосының өңіраралық бөлімшелері.
2-тарау. Балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін қалыптастыру тәртібі мен мерзімдері
3. Осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша Балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін уәкілетті орган жыл сайын, 1 сәуірден кешіктірмей Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 18-04/120 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10537 болып тіркелген) бекітілген халықаралық және республикалық маңызы бар балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесі және Заңның 10-бабы 2-тармағының 3-1) тармақшасына сәйкес жергілікті атқарушы органдар бекітетін балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізбесі (бұдан әрі – тізбе) және балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттау негізінде қалыптастырады.
4. Тізім бассейндік су инспекциясына келісу үшін жіберіледі.
Бассейндік су инспекциясы тізімді келіп түскен күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде қарайды және келіседі немесе бас тарту себептерін көрсете отырып, келісуден бас тартады.
Тізімді келісуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
1) пайдалануға болатын су ресурстарының немесе жерасты суларының бекітілген қорларының болмауы;
2) балық шаруашылығы су айдынының реттелмеген құқықтық мәртебесі.
Бассейндік су инспекциясы бас тартқан жағдайда, балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын тиісті балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері тізімнен шығарылуға тиіс.
5. Бассейндік су инспекциясының келісімін алған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде уәкілетті орган ведомствосы/уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшесі басшысының шешімімен тізім бекітіледі.
6. Тізім бекітілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде уәкілетті органның интернет-ресурсында ашық қолжетімділікте орналастырылады.
7. Тізбеге жаңа балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері енгізілген және балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін паспорттау жүргізілген жағдайда, осы Қағидалардың 3, 4, 5 және 6-тармақтарында көзделген тәртіппен бассейндік су инспекциясымен келісу бойынша тізімге өзгерістер енгізуге жол беріледі.
Балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімін қалыптастыру қағидалары мен мерзімдеріне қосымша |
Нысан
Балық шаруашылығын жүргізу үшін конкурсқа шығарылатын резервтік балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің тізімі
№ | Балық шаруашылығы су айдынының және (немесе) учаскесінің атауы | Координаттары көрсетілген орналасқан жері | Ауданы, гектар | Жүргізу мақсаты (кәсіпшілік, әуесқойлық (спорттық)) | Жауапты аумақтық бөлімше | Тізімге енгізілген күн |
1 | 2 | 3 | 4 | 5 | 6 | 7 |