Белгіленген нормалар мен қағидалар жоқ объектілерді өртке қарсы қорғау ерекшелігін көрсететін арнаулы техникалық шарттарды келісу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 22 тамыздағы № 351 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 25 тамызда № 36681 болып тіркелді

      ЗҚАИ-ның ескертпесі!
      Осы бұйрық 25.08.2025 ж. бастап қолданысқа енгізіледі

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 91) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Белгіленген нормалар мен қағидалар жоқ объектілерді өртке қарсы қорғау ерекшелігін көрсететін арнаулы техникалық шарттарды келісу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) Осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Төтенше жағдайлар вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық 2025 жылғы 25 тамыздан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс.

      Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
Ч. Аринов

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Ұлттық экономика министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Төтенше жағдайлар министрі
2025 жылғы 22 тамыздағы
№ 351 бұйрығына қосымша

Белгіленген нормалар мен қағидалар жоқ объектілерді өртке қарсы қорғау ерекшелігін көрсететін арнаулы техникалық шарттарды келісу қағидалары

1 тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Белгіленген нормалар мен қағидалар жоқ объектілерді өртке қарсы қорғау ерекшелігін көрсететін арнаулы техникалық шарттарды келісу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабы 1-тармағының 91) тармақшасына сәйкес әзірленді және белгіленген нормалар мен қағидалар жоқ объектілерді өртке қарсы қорғау ерекшелігін көрсететін арнаулы техникалық шарттарды келісу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) объектілерді өртке қарсы қорғау ерекшелігін көрсететін арнаулы техникалық шарттар – берілген габариттер, есептелген қуаты, технологиялық процестер, функционалдық мақсаты бойынша ерекше параметрлері (сипаттамалары, қасиеттері) бойынша, сондай-ақ өзге де ерекше жағдайлар бойынша Қазақстан Республикасында мемлекеттік немесе мемлекетаралық нормативтер жоқ нақты объектіні жобалау мен салудың өртке қарсы нормаларын белгілейтін нормативтік құжат (бұдан әрі – АТШ);

      2) әзірлеуші – АТШ әзірлеуді жүзеге асыратын және Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрінің 2023 жылғы 25 шілдедегі № 335 бұйрығымен бекітілген Ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектілерін аккредиттеу қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33182 болып тіркелген, бұдан әрі – Аккредиттеу қағидалары) сәйкес ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісі ретінде аккредиттелген ұйым;

      3) тапсырыс беруші – АТШ әзірлеуді ұйымдастыруды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға.

      3. АТШ құрамы мен мазмұны осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ресімделеді.

      4. АТШ-да көзделмеген өрт қауіпсіздігі талаптары сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы қолданыстағы мемлекеттік нормативтердің ережелеріне сәйкес қабылданады.

2 тарау. АТШ қарау және келісу тәртібі

      5. АТШ келісу рәсімін осы Қағидаларға сәйкес Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өртке қарсы қызмет комитеті (бұдан әрі – уәкілетті органның ведомствосы) жүзеге асырады.

      6. Тапсырыс беруші басшының немесе оған қол қоюға өкілеттігі бар адамның электрондық цифрлық қолтаңбасымен куәландырылған АТШ-ны "Documentolog" электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы уәкілетті органның ведомствосына қарауға және келісуге жолдайды.

      7. АТШ-ға pdf түрлі-түсті форматында қалыптастырылатын электрондық түрдегі мынадай құжаттар қоса беріледі:

      1) ерікті нысанда толтырылған АТШ әзірлеу қажеттігі және объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қабылданған жобалық шешімдер туралы ақпаратты қамтитын түсіндірме жазба;

      2) тапсырыс берушінің басшысы немесе оған қол қоюға өкілеттігі бар адам куәландырған АТШ-ны әзірлеуге арналған техникалық тапсырманың көшірмесі;

      3) бас жоспарды, эвакуациялау жолдарын, өрттен қорғау жүйелерін және өртке қарсы тосқауылдарды орналастыруды көрсете отырып, қабаттық жоспарларды қоса алғанда, объектінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты қабылданған техникалық шешімдердің графикалық бейнесін қамтитын сызбалар жиынтығы;

      4) стандарттау жөніндегі құжаттардың талаптарына сәйкес адамдардың жеке легі қозғалысының математикалық моделі және адамдар легі қозғалысының имитациялық-стохастикалық моделі тәсілдері бойынша орындалған адамдарды үй-жайлар мен ғимараттардан эвакуациялаудың есептік уақытын ескере отырып, объектідегі өрт тәуекелін бағалау жөніндегі есептің нәтижелері;

      5) Қазақстан Республикасы мен Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес өрт қауіптілігі көрсеткіштерін растайтын, АТШ-да көзделген құрылыс материалдары мен бұйымдарына сынақ нәтижелерінің көшірмелері.

      АТШ шеңберінде қолдануға көзделетін, Қазақстан Республикасы аумағында бұрын пайдаланылмаған (оның ішінде инновациялық немесе жаңа) құрылыс материалдарына техникалық реттеу саласындағы заңнаманың талаптарына сәйкес өрт қауіптілігі көрсеткіштерін растайтын құжаттар жиынтығы міндетті түрде қоса беріледі;

      6) "Өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарына қойылатын талаптар туралы" Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламентіне (ЕАЭО ТР 043/2017) сәйкес АТШ-да қолданылатын өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және өрт сөндіру құралдарының сәйкестігін бағалауды растайтын құжаттар жиынтығы;

      7) Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 17 тамыздағы № 405 бұйрығымен бекітілген "Өрт қауіпсіздігіне қойылатын жалпы талаптар" техникалық регламентінде (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде №24045 болып тіркелген) көрсетілген мәндерден асатын көлем мен қабаттылық кезінде ғимараттарды сыртқы өрт сөндіруге арналған су шығысының есебі;

      8) құрылыс материалдарының өрт қауіптілігі көрсеткіштерін айқындау бойынша сынақтар жүргізу үшін меншік құқығында немесе өзге де заңды негізде аккредиттелген сынақ зертханасына құжаттардың көшірмелері;

      9) Аккредиттеу қағидаларына сәйкес АТШ әзірлеген ғылыми және (немесе) ғылыми-техникалық қызмет субъектісін аккредиттеу туралы куәліктің көшірмесі.

      8. Қосымша атқарушылық құжаттаманы ұсыну қажеттілігі қабылданған жобалық шешімдердің ерекшелігін және АТШ объектісінің құрылысын жүзеге асыру ерекшеліктерін ескере отырып айқындалады.

      9. "Қызметтік пайдалану үшін" немесе "құпия" деген белгісі бар АТШ уәкілетті органның ведомствосына келісуге заңнамада белгіленген тәртіппен ұсынылады.

      10. АТШ қарауды уәкілетті органның ведомствосы ол тіркелген күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде жүзеге асырады.

      11. Осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттардың толық топтамасы ұсынылған, олар заңнама талаптарына сәйкес болған, сондай-ақ АТШ қорғау объектісінің өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкестігі айқындалған жағдайда, АТШ келісу туралы шешім қабылданады.

      12. АТШ-ны келісуден бас тарту туралы шешім мынадай:

      1) осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген құжаттар топтамасы толық ұсынылмаған;

      2) осы Қағидалардың 7-тармағында көрсетілген ұсынылған құжаттардың және (немесе) олардағы деректердің (мәліметтердің) нақты еместігі анықталған;

      3) АТШ қорғау объектісі өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес келмеген жағдайларда қабылданады.

      13. АТШ қарау нәтижелері бойынша уәкілетті органның ведомствосы оны келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім қабылдайды.

      АТШ келісу немесе келісуден бас тарту туралы шешім жазбаша жауаппен ресімделеді, онда келісуден бас тартылған жағдайда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету бөлігінде ұсыныстар мен ескертулер көрсетіледі.

      14. Тапсырыс беруші уәкілетті орган ведомствосының бұрын берілген шешімін қоса бере отырып, ескертулер мен ұсыныстарды жойғаннан кейін АТШ қайта келісуге жолданады.

      Осы Қағидалардың 12-тармағында көрсетілген бұрын берілген ескертулер мен ұсыныстар бойынша АТШ-ны қайта қарау уәкілетті органның ведомствосында тіркелген күнінен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде жүзеге асырылады.

      15. АТШ-ға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ оны қайта өңдеу белгіленген тәртіппен қайта келісілуге жатады.

      Қайта өңделген АТШ-да бұрын келісілген АТШ-ның күші жойылды деп тану туралы көрсетіледі.

      16. АТШ-ға өзгерістер мен толықтырулар бұрын келісілген АТШ-ның мазмұнына өзгерістер мен толықтыруларды келісу туралы уәкілетті орган ведомствосының хатының нөмірі мен күнін көрсете отырып енгізіледі.

  Белгіленген нормалар мен
қағидалар жоқ объектілерді
өртке қарсы қорғау ерекшелігін
көрсететін арнаулы техникалық
шарттарды келісу қағидаларына
1-қосымша

Белгіленген нормалар мен ережелер жоқ объектілерді өртке қарсы қорғаудың ерекшелігін көрсететін арнайы техникалық шарттардың құрамы мен мазмұны

      1. АТШ құрылымы, жазылуы және рәсімделуі осы Қағидаларға, Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2017 жылғы 22 желтоқсандағы № 890 бұйрығымен бекітілген Сәулет, қала құрылысы және құрылыс саласындағы мемлекеттік нормативтерді әзiрлеу, келiсу, бекiту, тiркеу және қолданысқа енгiзу (қолданылуын тоқтату, күшiн жою) қағидаларына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16270 болып тіркелген), "Құрылысқа арналған жобалау-сметалық құжаттамаларын әзірлеу, келісу, бекіту тәртібі және құрамы" ҚР ҚН 1.02-03-2022, сондай-ақ "Ұлттық стандарттардың және стандарттау жөніндегі ұсынымдардың құрылуына, жазылуына, рәсімделуіне және мазмұнына қойылатын жалпы талаптар" ҚР СТ 1.5-2019 сәйкес жүргізіледі.

      2. АТШ-ны тапсырыс берушінің басшысы немесе оған қол қоюға өкілеттігі бар адам бекітеді, оған әзірлеуші ұйымның басшысы мен лауазымды адамдары (орындаушылары) қол қояды.

      3. АТШ мәтіні қысқа, нақты және әртүрлі түсіндіруге жол бермейтін, логикалық дәйекті және қолдану үшін жеткілікті болуы керек.

      4. АТШ-да мынадай құрылымдық элементтер қамтылады:

      1) титулдық парағы;

      2) мазмұны;

      3) негізгі ережелер;

      4) қолдану саласы;

      5) нормативтік сілтемелер;

      6) терминдер мен анықтамалар;

      7) белгілер мен қысқартулар;

      8) АТШ объектісінің мақсаты және жалпы сипаттамасы;

      9) АТШ объектісінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар;

      10) ұйымдастырушылық және режимдік іс-шаралар;

      11) қосымшалар.

      5. АТШ құрылымдық элементтерінің тізбесін сту объектісінің ерекшелігін ескере отырып нақтылауға жол беріледі.

      6. АТШ құрылымдық элементтері әрбір элементті жаңа парақтан бастап, осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес орналастырылады.

      7. Титулдық парақ (мұқаба) осы Қағидаларға 2-қосымшада келтірілген нысан бойынша ресімделеді.

      8. "АТШ объектісінің мақсаты және жалпы сипаттамасы" құрылымдық элементінде мынадай деректер келтіріледі:

      1) АТШ объектісінің құрамы;

      2) негізгі техникалық-экономикалық көрсеткіштер;

      3) АТШ объектісінің құрылымына кіретін әртүрлі функционалдық элементтердің саны мен орналасуы (оның ішінде жерасты және жерүсті қабаттары үй-жайларының саны мен құрамы, құрылыс конструкцияларының, инженерлік жабдық пен құрылыс материалдарының өрт-техникалық сипаттамалары).

      9. "АТШ объектісінің өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар" құрылымдық элементі мыналарды қамтитын өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі іс-шаралар кешенін айқындайды:

      1) өрт қауіпсіздігінің жалпы ережелері;

      2) бас жоспарға қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптары;

      3) көлемдік-жоспарлау және конструктивтік шешімдерге қойылатын талаптар;

      4) құрылыс материалдарына, конструкцияларына және бұйымдарына қойылатын талаптар;

      5) инженерлік жүйелер мен жабдықтарға қойылатын талаптар;

      6) өртті жою кезінде өртке қарсы қызмет бөлімшелерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі талаптар;

      7) адамдарды эвакуациялау жолдарына қойылатын талаптар;

      8) автоматты өрт дабылы жүйесіне қойылатын талаптар;

      9) эвакуацияны хабарлау және басқару жүйесіне қойылатын талаптар;

      10) автоматты өрт сөндіру қондырғыларына қойылатын талаптар;

      11) жылыту, желдету, ауаны баптау және түтіннен қорғау жүйелеріне қойылатын талаптар;

      12) сыртқы өртке қарсы су құбырына қойылатын талаптар;

      13) ішкі өртке қарсы су құбырына қойылатын талаптар;

      14) электр жабдығына, электр қондырғыларына және найзағайдан қорғау құралдарына қойылатын өрт қауіпсіздігі талаптары;

      15) өрттен қорғауды басқарудың автоматтандырылған жүйесіне қойылатын талаптар;

      16) үй-жайлардың жарылыс өрт қауіпті және өрт қауіптілігін санаттауға қойылатын талаптар.

      10. "Ұйымдастырушылық және режимдік іс-шаралар" құрылымдық элементінде объектінің өмірлік циклінің барлық кезеңдерінде, оның ішінде құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізу кезеңінде іске асырылуы тиіс өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөніндегі ұйымдастырушылық-техникалық іс-шаралар көрсетіледі.

      11. "Қосымша" құрылымдық элементі осы Қағидалардың 7-тармағында келтірілген құжаттардың қосымшасын көздейді.

  Белгіленген нормалар мен
қағидалар жоқ объектілерді
өртке қарсы қорғау ерекшелігін
көрсететін арнаулы техникалық
шарттарды келісу қағидаларына
2-қосымша

      Нысан

  "БЕКІТЕМІН"
  __________________________
  ұйымның атауы
  __________________________
  лауазымы ________________
  ________________
  қолы аты-жөні
  "___" __________ 20__ж.

Объектіні өртке қарсы қорғау ерекшелігін көрсететін арнаулы техникалық шарттар ____________________________________________________________ АТШ объектісінің атауы, мекенжайы

  ӘЗІРЛЕУШІ
  __________________________
  ұйымның атауы
  _________________________
  лауазымы
  _________________________

      қолы аты-жөні

  "___" ________________ 20__ж.

      тапсырыс берушінің орналасқан жері

АТШ әзірлеушілерінің тізімі

      Әзірлеуші ұйымның басшысы

      ________________________ ___________ ____________________

      лауазымы қолы аты-жөні

      Әзірлеуші ұйымның орындаушылары туралы мәліметтер

      ________________________ ___________ ____________________

      лауазымы, ұйымның атауы қолы аты-жөні

      ________________________ ___________ ____________________

      лауазымы, ұйымның атауы қолы аты-жөні

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады