БҰЙЫРАМЫН:
1. "Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2016 жылғы 29 қаңтардағы № 122 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 13418 болып тіркелген) мынадай өзгерістер мен толықтыру енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Еңбек нарығының қажеттіліктерін ескере отырып, жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарының дайындық бөлімшелеріне мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру қағидаларында:
6-тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"6. Ғылым және жоғары білім, мәдениет, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар (бұдан әрі – уәкілетті органдар), сондай-ақ, облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органдары (бұдан әрі – ЖАО) жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруды осы Қағидаларда көзделген тәртіпке сәйкес жүзеге асырады.
Бұл ретте ЖАО өңірлік кәсіпкерлер палаталарының және мүдделі ұйымдардың ұсыныстарын ескере отырып, тиісті қаржы жылына жергілікті бюджеттерде көзделген бюджет қаражатының көлемі шегінде жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастырады.";
мынадай мазмұндағы 6-1-тармақпен толықтырылсын:
"6-1. Оператор жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылған ЖЖОКБҰ-ны қаржыландыруды әкімшісі ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті орган болып табылатын тиісті бюджеттік бағдарламаларда көзделген қаражат шегінде жүзеге асырады.";
8, 9 және 10-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:
"8. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін уәкілетті органдар және ЖАО конкурстық негізде ЖЖОКБҰ тізбесін қалыптастырады, онда конкурс қорытындысы бойынша жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылады.
Конкурс өткізу туралы шешім бірінші басшының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен және әкімнің немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның шешімімен, оны өткізу мерзімдері көрсетіле отырып ресімделеді. Конкурсты өткізу мерзімдерін ұзарту туралы шешімді уәкілетті органдар және ЖАО дербес қабылдайды.
9. Конкурс өткізу туралы хабарландыру уәкілетті органдардың және ЖАО-ның ресми интернет-ресурстарында жарияланады.
ЖЖОКБҰ-ның конкурстық өтінімдерін Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша қабылдау (бұдан әрі – конкурстық өтінім) хабарландыру жарияланған күннен бастап 10 (он) жұмыс күні ішінде жүзеге асырылады.
10. Конкурсты өткізу үшін бірінші басшының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен және әкімнің немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның шешімімен бекітілетін, кемінде 5 мүшеден және төрағадан тұратын Жоғары және (немесе) жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру ұйымдарында кадрлар даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрылады.
Ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның Комиссиясы ғылым және жоғары білім саласындағы уәкілетті органның, мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, Қазақстан Республикасының Ұлттық Кәсіпкерлер палатасының, салалық қауымдастықтардың, Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары қауымдастығының қызметкерлері қатарынан қалыптастырылады. Тізбені қалыптастыру жөніндегі комиссия мүшелерінің ішінен көпшілік дауыспен төраға сайланады. Комиссия құрамының саны оның төрағасын қоса алғанда тақ болып табылады.
Мәдениет, денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органдар мен ЖАО Комиссияның құрамын айқындауды дербес жүзеге асырады.".
2. Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және оны Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының ғылым және жоғары білім вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрі |
С. Нурбек |