Көлік саласындағы зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Көлік министрінің 2025 жылғы 16 шiлдедегi № 217 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 21 шiлдеде № 36483 болып тіркелді

      Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабы 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Көлік саласындағы зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Күштері жойылды деп танылсын:

      1) "Көлік саласындағы зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 26 сәуірдегі № 232 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 27872 болып тіркелген);

      2) "Индустрия және инфрақұрылымдық даму саласындағы зерттеулердің, консалтингтік көрсетілетін қызметтердің және мемлекеттік тапсырманың құнын айқындау қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрінің 2022 жылғы 26 сәуірдегі № 232 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасы Көлік министрінің міндетін атқарушының 2023 жылғы 15 қарашадағы № 76 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 33660 болып тіркелген).

      3. Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің Қаржы және корпоративтік басқару департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің интернет-ресурсында ресми жарияланғаннан кейін орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Көлік министрлігінің аппарат басшысына жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
Көлік министрі
Н. Сауранбаев

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасы

      Қаржы министрлігі

  Қазақстан Республикасының
Көлік министрі
2025 жылғы 16 шілдедегі
№ 217 Бұйрықпен
бекітілген

Көлік саласындағы зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидалары

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көлік саласындағы зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Бюджет кодексінің 14-бабының 2-тармағының екінші бөлігіне сәйкес әзірленді және зерттеулер жүргізудің және консалтингтік қызметтер көрсетудің құнын белгілеу тәртібін айқындайды.

2-тарау. Көлік саласындағы зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу тәртібі

      2. Зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнын белгілеу кезінде орындаушының негіздеуші құжаттармен расталған тікелей және жанама (әкімшілік) шығыстары (орындаушының штат кестесі, есептеулер, шарттардың көшірмелері, кемінде 3 (үш) баға ұсынысы) ескеріледі.

      3. Зерттеулердің және консалтингтік көрсетілетін қызметтердің құнына ықтимал шығындарға арналған резервтерді қалыптастыру жөніндегі шығыстар, өткен кезеңдердегі өзге де борыштар мен залалдарды жабу жөніндегі шығыстар, ақпараттық ілгерілету жөніндегі шығыстар (жарнама), демеушілік көмек, айыппұлдар, өсімпұлдар мен тұрақсыздық айыбы, сондай-ақ сыйлықақы төлемдеріне, мастер-класстар өткізуге және өкілдік шығыстарға арналған шығыстар енгізілмейді.

      4. Тікелей шығыстарға мыналар жатады:

      1) зерттеулерді, консалтингтік көрсетілетін қызметтерді тікелей жүзеге асыратын персоналдың еңбекақысы;

      2) зерттеулерді, консалтингтік көрсетілетін қызметтерді тікелей жүзеге асыратын персоналға салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар;

      3) зерттеу жүргізетін, консалтингтік қызмет көрсететін персоналдың іссапар шығыстары;

      4) сарапшыларды тарту;

      5) байланыс қызметтері;

      6) үй-жайларды жалға алу;

      7) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін тікелей пайдаланылатын ақпараттық дерекқорларға қол жеткізу және жазылу;

      8) коммуналдық қызметтер;

      9) зерттеулер бойынша материалдарды жариялауға арналған шығыстар;

      10) зерттеу жүргізу, консалтингтік қызмет көрсету үшін тікелей пайдаланылатын аударма қызметтер.

      5. Жанама (әкімшілік) шығыстарға мыналар жатады:

      1) әкімшілік – басқару персоналының еңбек ақысы;

      2) зерттеу жүргізуді, консалтингтік қызмет көрсетуді тікелей жүзеге асыратын персоналға төлемдерден басқа салықтар және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер, сондай-ақ әлеуметтік аударымдар;

      3) міндетті сақтандыру түрлері;

      4) өзге де шығыстар (режимдік объектілерді күзету қызметтері, полиграфиялық және типографиялық шығыстар, курьерлік қызметтер және өзгелер).

      6. Шығыстарды тиімді жоспарлауды қамтамасыз ету мақсатында әкімшілік шығыстар мемлекеттік тапсырманы орындауға бөлінген тиісті қаржы жылына арналған бюджет қаражаты сомасының 20 (жиырма) пайызынан аспайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады