"Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға "Үздік" номинациясындағы атақтарды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының 2014 жылғы 28 маусымдағы № 297 бұйрығына өзгерістер енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің 2025 жылғы 27 маусымдағы № 104 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2025 жылғы 2 шiлдеде № 36388 болып тіркелді

      БҰЙЫРАМЫН:

      1. "Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға "Үздік" номинациясындағы атақтарды беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Спорт және дене шынықтыру істері агенттігі төрағасының 2014 жылғы 28 маусымдағы № 297 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде тіркелген № 9680) мынадай өзгерістер енгізілсін:

      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Спортшыларға, жаттықтырушыларға, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандарға және дене шынықтыру-спорттық ұйымдарға "Үздік" номинациясындағы атақтарды беру қағидаларында:

      6 және 7-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "6. "Үздік" номинация атағына үміткер (бұдан әрі - үміткер) спортшылар, жаттықтырушылар, дене шынықтыру және спорт саласындағы мамандар және дене шынықтыру-спорттық ұйымдар (бұдан әрі - ДШСҰ) Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне (бұдан әрі – Комитет) мынадай құжаттарды ұсынады:

      1) осы Қағидалардың 11-тармағының 1), 2), 10), 12) және 13) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      үміткердің өтініші;

      үміткерге атақ беру ұсынысын негіздей отырып, Қазақстан Республикасының спорт түрі (түрлері) бойынша аккредиттелген спорт федерациясының (болған жағдайда) ұсынысы, Қазақстан Республикасының спорт түрі (түрлері) бойынша аккредиттелген спорт федерациясы болмаған жағдайда дене шынықтыру және спорт саласындағы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі – ЖАО) тиісті бөлімшелерінің ұсынысы;

      атақ беруге үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      атақ беруге үміткердің өмірбаяны;

      ресми халықаралық және республикалық жарыстардың хаттамасынан үзінді;

      2) осы Қағидалардың 11-тармағының 3) және 4) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      Конкурсқа қатысу үшін ДШСҰ өтініші;

      ДШСҰ есептік жылғы спорттық жетістіктері (дене шынықтыру және спорт саласында сапалы және сандық жетістіктері (көрсеткіштері) туралы есебі;

      3) осы Қағидалардың 11-тармағының 5) және 7) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      Конкурсқа қатысу үшін ЖАО өтініші;

      осы Қағидалардың 17-тармағында көрсетілген көрсеткіштерді есепке ала отырып, ЖАО-ның ұсынысы;

      4) осы Қағидалардың 11-тармағының 6), 8), және 11) тармақшаларында көрсетілген номинациялар үшін:

      үміткердің өтініші;

      үміткерді атақ беруге ұсыну туралы ЖАО отырысының хаттамасынан үзінді;

      атақ беруге үміткердің өмірбаяны;

      5) осы Қағидалардың 11-тармағының 9) тармақшасында көрсетілген номинациялар үшін:

      үміткердің өтініші;

      үміткерге атақ беру ұсынысын негіздей отырып, Қазақстан Республикасының спорт түрі (түрлері) бойынша аккредиттелген спорт федерациясының (болған жағдайда) ұсынысы, Қазақстан Республикасының спорт түрі (түрлері) бойынша аккредиттелген спорт федерациясы болмаған жағдайда дене шынықтыру және спорт саласындағы облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың жергілікті атқарушы органы тиісті бөлімшелерінің ұсынысы;

      атақ беруге үміткердің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;

      атақ беруге үміткердің өмірбаяны.

      7. Конкурсты Комитет "Үздік" номинациясындағы атаққа үміткер емес Комитет қызметкерлері, жетекші спортшылар, жаттықтырушылар, масс-медиа мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері қатарынан құрылған Комиссия өткізеді. Комиссия дауыс беру құқығы бар мүшелерден тұрады. Комиссия төрағасы Комиссия мүшелері қатарынан тағайындалады.

      Осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес ұсынылған құжаттарды қарайды және Конкурстың жеңімпазы туралы шешім қабылдайды.";

      11 және 12-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "11. Конкурс мынадай номинациялар бойынша өткізіледі:

      1) "Жылдың үздік спортшысы";

      2) "Жылдың үздік жаттықтырушысы";

      3) "Жылдың үздік аккредиттелген спорт федерациясы";

      4) "Жылдың үздік спорт ұйымы";

      5) "Үздік спорттық өңір" (облыстардың, республикалық маңызы бар қалалар, астананың дене шынықтыру және спорт басқармалары);

      6) "Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорттан нұсқаушы";

      7) "Аудандық үздік дене шынықтыру және спорт бөлімі";

      8) "Жылдың үздік ауыл жаттықтырушысы";

      9) "Дене шынықтыру және спорт саласындағы үздік маман";

      10) "Жылдың үздік балалар жаттықтырушысы";

      11) "Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері";

      12) "Спортта үздік серпін";

      13) "Жасөспірім жастағы, юниор және жас құрамындағы спортшы".

      12. "Жылдың үздік спортшысы" атағы олимпиадалық, паралимпиадалық және сурдлимпиадалық спорт түрлерінен ресми халықаралық және республикалық жарыстарда жоғары нәтиже көрсеткен үздік спортшыларға беріледі.";

      20-тармақтың орыс тіліндегі мәтініне өзгеріс енгізілді, қазақ тіліндегі мәтіні өзгермейді;

      20-2, 20-3, 20-4-тармақтар мынадай редакцияда жазылсын:

      "20-2. "Ауылдық жердегі үздік дене шынықтыру және спорт әдіскері" номинациясындағы атақ әдіскерге мынадай көрсеткіштерді ескере отырып беріледі:

      1) спортты насихаттауға және спортқа айналысуға тартуға бағытталған (мерзімді баспасөз басылымдарында – тұрақты атауы, ағымдағы нөмірі бар және үш айда кемінде бір рет шығарылатын газет, журнал, альманах, бюллетень, олардың қосымшалары) және әлеуметтік желілерде спорттық мақалалар жариялау;

      2) дене шынықтыру және спорт саласындағы қызметті жүзеге асыратын қазіргі заманғы білім беру жүйесіне сәйкес кәсіби имиджді қалыптастыруға ықпал ететін республикалық конференцияларға қатысу;

      3) жұмыс тәжірибесіне енгізілген ғылыми әзірлемелерінің болуы.

      20-3. "Спортта үздік серпін" номинациясындағы атақ Қазақстан Республикасының спорт түрлері бойынша ұлттық команда құрамына енгізілген әлем рекордшыларына, халықаралық спорттық жарыстың чемпиондары мен жүлдегерлеріне беріледі.

      20-4. "Жасөспірім жастағы, юниор және жас құрамындағы спортшы" номинациясындағы атақ республикалық және халықаралық спорттық жарыстарда жоғары спорттық нәтижелерге қолжеткізген Қазақстан Республикасының спорт түрлері бойынша ұлттық команда құрамына енгізілген жасөспірім жастағы, юниор және жас спортшыларға беріледі.".

      2. Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Спорт және дене шынықтыру істері комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) үш жұмыс күні ішінде осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;

      3) осы тармақта көзделген іс-шаралар орындалғаннан кейін үш жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсің.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрінің жетекшілік ететін орынбасарына жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
туризм және спорт министрі
Е. Мырзабосынов

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады