"Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабы 30) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған:
1) осы бұйрыққа 1-қосымшаға сәйкес жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарын, кәсіби шеберлік конкурстарын және спорттық жарыстарды іріктеу қағидалары;
2) осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарын, кәсіби шеберлік конкурстарын және спорттық жарыстарды іріктеу өлшемшарттары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Орта білім беру комитеті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:
1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;
2) осы бұйрықты ресми жарияланғаннан кейін Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды;
3) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Заң департаментіне осы тармақтың 1) және 2) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі |
Г. Бейсембаев |
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2025 жылғы 30 мамырдағы № 131 бұйрығына 1-қосымша |
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың іріктеу қағидалары
1-тарау. Жалпы ережелер
1. Осы Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың іріктеу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) "Білім туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 30) тармақшасына сәйкес әзірленді және жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың (бұдан әрі – іс-шаралар) іріктеу тәртібін айқындайды.
2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
1) Сараптамалық кеңес – іс-шараларды "Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстардың), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 7 желтоқсандағы № 514 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7355 болып тіркелген) Тізбеге енгізу мәселелерін қараcтыратын білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы жанындағы консультативтік-кеңесші орган;
2) ұйымдастырушы – іс-шараларды ұйымдастыруды және өткізуді жүзеге асыратын субъект.
2-тарау. Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарының (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстарының және спорттық жарыстардың іріктеу тәртібі
3. Іс-шараларды іріктеудің басталғаны туралы хабарландыру білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады.
4. Ұйымдастырушылардан іс-шараларды іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау екі жылда бір рет жүргізіледі.
5. Ұйымдастырушылар іс-шараларды іріктеуге қатысу үшін білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосына мынадай құжаттарды қағаз және/немесе электрондық нысандарда ұсынады:
1) осы Қағидалардағы қосымшаға сәйкес нысан бойынша өтініш;
2) нотариалды куәландырылған (ұйымдастырушының жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі, мемлекеттік тіркеу туралы анықтама, жарғының көшірмесі, іс-шараларды өткізуге авторлық құқық көшірмесі);
3) ұйымдастырушының басшысы бекіткен іс-шараларды өткізу туралы ережелері мен шарттары;
4) прокторинг, бейнетіркеу жүйесінің болуы туралы мәліметтер (онлайн бейнетрансляция);
5) іс-шаралар нәтижесі бойынша берілетін құжаттар мен сертификаттарда QR (Кюар) кодтың болуы;
6) өткізілген іс-шаралар туралы ақпаратты қамтитын материалдар мен интернет-ресурстарға сілтемелер, іс-шараларды қауіпсіз өткізу жағдайларымен, барлық қатысушыларға іс-шараларға тегін қолжетімділік пен қатысуды қамтамасыз ету;
7) бағалау критерийлерін ескере отырып, соңғы үш жылдың мысалдары мен тапсырмалары бар база;
8) іс-шараның тұрақтылығы мен өткізілуінің кезеңділігі (кемінде 3 жыл) туралы, қатысушылардың, ата-аналардың, ғылыми және педагогикалық, шығармашылық жұртшылықтың пікірлері қоса берілген өткізілетін іс-шаралардың ауқымдылығы (өңірлік деңгейден бастап республикалық, халықаралық деңгейге дейін), жаппай болуы (әртүрлі жастағы қатысушылардың қамтылуы), жариялылығы (ұйымдастырушылар мен серіктестер), қазылар алқасының сапалы және кәсіби құрамын қамтамасыз ету, оның қызметінің объективтілігі мен ашықтығын мына параметрлер негізінде қамтамасыз ету: қазылар алқасының мүшелерінің кәсіби біліктілігі мен тәжірибесінің болуы (ғылыми дәрежесі, практикалық тәжірибесі), мүдделер қақтығысының жоқтығы, хаттамаларды жүргізу, қорытындыларды жариялау, апелляция жүйесінің болуы және қатысушылардың төрелік шешімнің ашықтығы туралы пікірлері туралы талдамалық анықтама;
9) зияткерлік меншік құқықтарының сақталуын (антиплагиат) растайтын құжат;
10) қатысушыларды психологиялық қолдау және сүйемелдеу жұмыс жоспары;
11) білім беру саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйелеріне кіріктірілген сервистер арқылы деректерді бере отырып, іс-шараларды өткізуді және оның қорытындыларын қалыптастыруды автоматтандыруға арналған ақпараттық жүйеге сілтеме.
6. Осы Қағидалардың 5-тармағына сәйкес білім беру саласындағы уәкілетті органға ұсынылатын құжаттарға ұйымдастырушының басшысы қол қояды.
Ұсынылған құжаттарды қарау нәтижелері бойынша ұйымдастырушыға құжаттарды қабылдау және іріктеуге қатысуға рұқсат беру туралы немесе құжаттарды қабылдаудан дәлелді бас тарту туралы жазбаша хабарлама 2 (екі) жұмыс күні ішінде жіберіледі.
7. Құжаттар толық пакеті ұсынылмаған жағдайда және/немесе ұсынылған құжаттардың осы Қағидалардың 5-тармағында көрсетілген талаптарға сәйкес келмеуі жағдайында білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің 63-бабына сәйкес құжаттарды қайтарады.
Қайтарылу себептері жойылған кезде ұйымдастырушы құжаттарды осы Қағидалардың 5-бабына сәйкес қайта ұсынады.
Құжаттарды қайта ұсыну құжаттардың қайтарылған күнінен бастап 10 (он) жұмыс күнінен кешіктірілмей жүзеге асырылуы тиіс. Қайта ұсынылған құжаттарды қарау олар қайта тіркелген күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде жүргізіледі.
8. Ұйымдастырушы құжаттардың толық топтамасын ұсынған кезде білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы құжаттарды қабылдайды және Сараптамалық кеңестің қарауына жібереді.
9. Сараптамалық кеңес құрамына білім беру, спорт және туризм, мәдениет және ақпарат салаларындағы уәкілетті органдардың, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының, "Атамекен" Қазақстан Республикасының Ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатарынан, кемінде 11 адам кіріп, олардың арасынан төраға тағайындалады. Сараптамалық кеңестің құрамы білім беру саласындағы уәкілетті орган басшысының бұйрығымен екі жыл мерзімге бекітіледі.
Сараптамалық кеңестің жұмысын ұйымдастыруды, отырыстарын өткізуге дайындауды, тиісті құжаттарды, материалдарды дайындауды және Сараптамалық кеңестің отырысынан кейін хаттаманы рәсімдеуді және оған қол қоюды Сараптамалық кеңестің хатшысы жүзеге асырады.
Хатшы Сараптамалық кеңестің мүшесі болып табылмайды.
10. Ұйымдастырушының құжаттары оның мүшелерінің кемінде үштен екісі қатысатын Сараптамалық кеңестің отырысында қаралады.
11. Сараптамалық кеңестің құжаттарды қарау мерзімі іс-шараларды іріктеуге қатысу үшін құжаттарды қабылдау ресми аяқталған күннен бастап күнтізбелік 30 (отыз) күнді құрайды.
12. Сараптамалық кеңес ұйымдастырушының құжаттарын іс-шараларды іріктеу өлшемшарттарына сәйкестігі тұрғысынан қарастырады.
13. Құжаттардың жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар (ғылыми жарыстар) конкурстарының, орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстары мен спорттық жарыстардың іріктеу критерийлеріне сәйкестігін қарастыру нәтижелері бойынша осы бұйрыққа 2-қосымшаға сәйкес 23-25 балл жинаған ұйымдастырушыны жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар (ғылыми жарыстар) конкурстарының, орындаушылар конкурстарының, кәсіби шеберлік конкурстары мен спорттық жарыстардың Тізбесіне енгізу туралы шешімді Сараптамалық кеңес қабылдайды.
Сараптамалық кеңестің шешімі хаттамамен рәсімделіп, сараптамалық кеңестің төрағасы мен хатшысы қол қояды.
Хаттама Сараптамалық кеңестің отырысынан кейін кешіктірілмей 3 (үш) жұмыс күні ішінде рәсімделеді.
14. Білім беру саласындағы уәкілетті органның ведомствосы Сараптамалық кеңестің хаттамалық шешімі негізінде шараны Іс-шаралар тізбесіне енгізеді.
15. Сараптамалық кеңестің қабылдаған шешімі туралы хабарлама тиісті хаттама рәсімделген күннен бастап кешіктірілмей 5 (бес) жұмыс күні ішінде мемлекеттік органдардың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесі арқылы ұйымдастырушыға жіберіледі.
Ұйымдастырушының мемлекеттік органдардың бірыңғай электрондық құжат айналымы жүйесіне қолжетімділігі болмаған жағдайда, Сараптамалық кеңестің қабылдаған шешімі туралы хабарлама ұйымдастырушының электрондық поштасына жазбаша түрде немесе көрсетілген пошталық мекенжайға пошта арқылы жолданады.
16. Ұйымдастырушы қызметті тоқтату туралы берілген өтініш негізінде Іс-шаралар тізбесінен шығарылады.
17. Ұйымдастырушыны Іс-шаралар тізбесінен шығару Сараптамалық кеңестің хаттамалық шешімі негізінде жүргізіледі.
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарын, кәсіби шеберлік конкурстарын және спорттық жарыстарды іріктеуге қатысуға өтініш
Жалпы білім беретін пәндер бойынша халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарын, кәсіби шеберлік конкурстарын және спорттық жарыстарды іріктеу үшін мен ұсынған құжаттарды қарауды сұраймын
1) _______________________________________________________________
2) _______________________________________________________________
3) _______________________________________________________________
…
"___" ____________20___ жыл. Өтініш берушінің қолы_________________
Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрі 2025 жылғы 30 мамырдағы № 131 бұйрығына 2-қосымша |
Жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық және халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар конкурстарын (ғылыми жарыстарды), орындаушылар конкурстарын, кәсіби шеберлік конкурстарын және спорттық жарыстарды іріктеу өлшемшарттары
№ | Критерии | Баллы |
1 |
Академиялық мәдениет қағидаларын сақтау: | 3 |
2 |
Іс-шараны өткізу моделін құру принципі: | 4 |
3 |
Іс-шараны қамтамасыз ету шарттары: | 7 |
4 |
Іс-шараны өткізу шарттары: | 10 |
5 |
Даму және ақпараттық орта: | 1 |
Жиынтығы: | 25 | |
Өту балы: | 23 және одан жоғары |